• Тұлға
  • 08 Қараша, 2012

Қазақтың Қабдені

Қабден Байдосов Қазақстанның еркін күрес тарихындағы айтулы тұлға. Республика балуан­дарынан шыққан бірінші КСРО спорт шебері. Ұзақ жыл еркін күрестен Қазақстан құрамасын баптаған білікті бапкер. «Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз» деген атақты жырымен бүкіл қазақтың рухын көтерген Ақтамберді жыраудың ұрпағы. Кеңес Одағы Спорт комитетінің арнайы жолдамасымен Кубаның ұлттық құрамасын жаттықтырған майталман жаттықтырушы. Ең бастысы елін, жерін сүйген үлкен жүректі азамат.

Қабден Рахманқұлұлы Семей өңіріндегі Жарма ауданында дү­ние­ге келді. Жастайынан мал жайлап, шаңғы теуіп өскен Қабден қара күшке бай болды. Тумысынан балуан күреске бейім бала ауылдаста­­­ры­на дес бермейтін. Табиғатынан на­мыс­­­қой еді. Балалық шағы екінші дүние­жү­зі­лік соғыспен тұспа-тұс келген Қабден­ді өмірдің өзі шыңдады. Бұға­насы қатпай жатып таң бозынан шал­ғымен шөп шапты, қамбаға өгізбен бидай тасыды. Әлі есімде, сегізінші класқа аяқ басқан жылы досы Керімхан екеуі шөп маялаушылар қатарына қосыл­ды. Үлкендер бес-алтаудан бірігіп, күні бойы алты мая үйсе, түбіт мұрты енді ғана тебіндей бастаған Қабден мен Керімхан ересектерді таңғалдырып, жоталы алты маяны еңсеріп тастайтын. Ол кездің балалары үлкендердің шаруасын атқара беретін. Бір жолы әкесі алтыншы сыныптағы Қабденге үйге келген қонақтарды он алты шақырым жердегі ауылға жеткізіп салуды тапсырды. Қыс қақап тұр. Әкесі қонақтарды атшанаға отырғызып, делбені Қабденнің қолына ұстатты. Бұлар көрші ауылға қиналмай-ақ жетті. Үй иелері қас қарая бастағанынан қауіптеніп, кішкентай Қабденге «жолға ертең таңертең шығасың» дейді. Қара бала өз дегенінен қайтпай, келген ізіне түседі. Қырсыққанда қайтар жолда жел маңдайдан қарсы соғып, боран тұрады. Айнала ақ түтек. Біраз жүрген соң жасөспірім Қабден шанамен мынадай долы боранда үйге жете алмасын сезіп, атты доғарып жіберіп, салт мініп алады. Содан ұйытқи соққан боранға қарсы аттың тізгінін бос қоя береді. Жол үстінде дәл осы бағытта баласымен бірге далада үсіп өлген әйел тағдыры есіне түсіп, қатты қорқады. Әлден уақытта Алланың бұйрығымен аты үйге адаспай алып келеді. Алматы дене шынықтыру инсти­ту­тының шаңғы факультетіне оқуға түс­кен Қабден Байдосов көп ұзамай жас жаттықтырушы Петр Филиппович Матущактың қол астына еркін күрес тобына ауысады. Қазақстан спортының тарихындағы белгілі тұлғаның балуандық жолы осылай басталады. 1957 жылы Петр Матущак баптаған Қазақстан құрамасы «Буревестник» ерікті спорт қоғамы Орталық кеңесінің біріншілігіне қатысу үшін Мәскеуге аттанды. Бұл қазақстандық балуандардың алғашқы ірі жарысы болатын. Қазақстан құрамасы Мәскеуге ұту үшін емес, үйреніп, шыңдалу үшін барған еді. Күрес залында инешаншар орын жоқ. Одақтас республикалар командалары сапында небір мықты жігіттер келіпті. Көпшілігінің омырауында КСРО спорт шеберінің күміс жетоны жарқырайды. Біздің командада спорт шебері жоқ. Сондықтан біздің балуан­дар спорт шеберлеріне қызыға әрі қауіптене қарайды. Қабден Байдосов 62 келі салмақ­та кілемге шығады. Қарсыластары кілең мықтылар. Жарыс басталды. Жаттығу залында қыздырынып жатқан жігіттердің бірі қасындағы балуаннан «Бірінші айналымда кіммен күресесің?» деп сұрады. «Қайдағы бір қазақ көрінеді, – деді екінші балуан маң­ғаздана сөйлеп. – Шыққан бетте таза жығамын. Оларда еркін күрес жоқ. Күресіп жарытпас». Оны екіншісі қостай жөнелді: «Екінші айналымнан кейін ол қазақты үйіне қайтарамыз. Сенен кейін менімен шығады». Байдосовтың қасында тұрған Петр Матущак «Естідің бе?» дегенді ұқтырып, шәкіртіне қарады. Жанары ұшқын атқан Қабден жай ғана күлімсіреді де қойды. Әлгінде мұны менсінбей сөйлеген армян балуаны, спорт шебері Испарянды бірінші разрядты ­Байдо­сов шыға сала тоқтамастан екі рет көте­ріп алып, кілемге оңдырмай ұр­ды. Испарянның кеудесі басылып қалды. Төреші Байдосовтың қолын көтерді. Матущак шәкіртінің қолын қыса берген. Қабден ұстазының құлағына: «Оларға «Қайдағы бір қазақты» көрсетемін» деп сыбырлап үлгерді. Екінші кезекте Байдосов Олим­пиаданың күміс жүлдегері, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, бакулік Рашид Мамедбековтің жауырынын кілемге жапсырды. Қабденнің Олимпиада жүлдегерінен басым түскені күрес мамандары үшін күтпеген жағдай болды. Қазақ балуаны осы жарыста төрт спорт шеберін, бірнеше бірінші разрядты балуандарды жығып, «Буревестник» ерікті спорт қоғамы Орталық кеңесінің жеңімпазы әрі Қазақстан балуандарының арасынан бірінші болып КСРО спорт шебері атанды. Бұл сол кез үшін нағыз сенсация болатын. Бір ғажабы, сол жарыста бұған дейін атағы шықпаған қазақ балуандары командалық есепте бас жүлдені жеңіп алды. Бұл жас бапкер Петр Матущак пен жас балуан Қабден Байдосовтың одақтық аренадағы тырнақалды жеңісі еді. Ал Қабденнің күреспен шыңдап шұғылдана бастағанына бір жарым жыл ғана болған. Осы жерде Қазақстан күресіне көп еңбек сіңірген майталман жат­тықтырушы Петр Матущактың ес­телігін келтіре кетейік. «Біз бақытты едік. Жеңіске жол аштық! Бірінші спорт шеберіне қол жеткіздік. Яғни таңдаған бағытымыз дұрыс. Бұл Қа­зақстанда еркін күрестің дамуының бастамасы еді. Енді бізді республика жаттықтырушылары мойындайтын болады. Біз таңдаған жаттығу методикасы ең озық тәсіл болуы мүмкін... Спорттың қай саласын алсаңыз да, әрдайым көшбасшылары, тыңнан түрен тартқан серкелері болады. Қабден Байдосов Қазақстанның еркін күрес балуандары арасындағы тұңғыш КСРО спорт шебері, Орталық Азия мен Қазақстанның және «Буревестник» қоғамы Орталық кеңесінің алғашқы чемпионы, республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы әрі Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағын алған бірінші еркін күрес маманы». Мәскеудегі жеңіспен оралған Байдосов жаттығуға бірінші болып келіп, күрес залынан ең соңынан шығатын. Жаттығу жиындарында күніне үш мәрте жаттығып жүрді. Петр Матущак шәкіртінің зорықпауына қатты мән берді. Осындай жанкешті еңбектің арқасында Қабден қазақ балуандарынан бірінші болып КСРО құрамасына қабылданды. Ол құрамада Балаев, Мирзоев, Суранов, Тенков, Мучегян, Кирокосян, Рубашвили сынды мықтылармен бір сапта жүрді. Ешқайсысынан кем түскен жоқ. Ол аяқтан ілгенде, қарсыластары тыпыр ете алмай қалатын. Байдосов жұлқып қалғанда немесе иықпен қаққанда қандай күшті балуанның өзін тәлтіректетіп жіберетін. «Ал Қабденнің жамбасына іліккен спортшының құты­лып шығуы екіталай еді» дейді оның күрескенін көргендер. Қара күш жағынан онымен тең келетін балуан өте сирек болатын. Байдосов қарсыласын үнемі тықсырып, атойлап жүріп жеңуді қалайтын. Ол 1956 жылы КСРО халықтарының спартакиадасында, 1957 жылы Одақ чемпио­натында алтыншы орынға ие болды. Қазақстанда еркін күрестің алғашқы секциясы 1955 жылы құрылғанын ескерсек, айналасы бір-екі жылда республика балуандарының арасынан бірінші болып Одақтағы мойны озық алтылықтың қатарына ену Байдосовтың маңдайына жазылған екен. Егер төрешілер әділ болғанда Байдосовтың Одақ чемпионаттарынан талай медаль алуы мүмкін еді. Бірақ ол кезде қазақтың ұл-қыздарына қиянат жасау Мәскеу үшін үйреншікті жағдай болатын. Мысалы, Қабден Байдосов әлем чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегері Владимир Рубашвилимен үш мәрте белдесіп, үшеуінде де тең түсті. Кезекті әлем чемпионаты қарсаңындағы жаттығу жиынында КСРО ұлттық құрамасындағы әріптестерінен басым болған Байдосовты жаттықтырушылар инс­титуттағы емтиханыңды тапсыр, чемпионатқа үлгересің, оқу қымбат деп, еріксіз Алматыға жібереді. ­Бай­­досов Алматыға келеді. Сөйтіп, өз салмағында озық тұрған қазақ балуаны әлем чемпионатына бара алмайды. Осы жағдайларды терең ек­шеп, жан-­­жақты ойланған Байдосов 26 жасында жаттықтырушылық қызмет­­­­ке ауысады. Ол балуан кезінде аз қия­­нат көрген жоқ. Бірақ төрешіге ­неме­се қарсыластың жаттықтырушы­сы­­на реніш білдіріп, ешқашан дөрекі мі­нез көрсеткен емес. Қарсыластарын да сыйлай білді. Ол күресіп жүріп, жаттықтырушылар алқасы мен балуан­дар арасында мықты дәнекер болды. Себебі ол ақылды адам болатын. Онымен бапкерлер де, спорт­шылар да санасты. Ол команданың нағыз серкесі еді. Кілемдегі жаттығуда, кросс жүгіргенде немесе футбол ойнағанда жанын салатын. Ондай кезде арқаланып, ширығып, көптің алдында жүретін. Жастар оны үлгі тұтты, оған еліктеді. Қабден болса, жәрдем сұрап келген адамға шамасы жеткенше көмектесті. Ешкімнің көңілін қалдырғысы келмеді. Сонымен сегіз жыл балуандық жолды қуып, сегіз жылда бір жаттығудан қалмаған Қабден Рахманқұлұлы рес­публика құрамасына бапкер болуы да заңдылық еді. – Қабден жаттықтырушылық жұмысқа керемет құлшыныспен кі­ріс­ті, – деп жазады өз естелігінде оның ұстазы, КСРО-ның еңбек сіңір­­­ген жаттықтырушысы Петр Ма­тущак. – Сол кезеңде бапкерлік­тің қыр-сырын Байдосовтан артық білетін маман жоқ еді. Ол құраманың аға жаттықтырушысы қызметіне қызыққан жоқ. Есесіне еркін күрес­тің жаңа техникалық элементтерін іздеді, жаттықтырушылық жұмысын творчестволық ізденіспен бастады. Қабден Рахманқұлұлы үздіксіз ізденіс үстіндегі жаттықтырушының ғана жастарды баптауға хақысы бар екенін жан жүрегімен түсінді. Осы жолда бар бейнетке төзді. Ерен еңбектің арқасында ол күрес саласындағы ірі тұлғаға айналды. Міне, құрметті оқырман, Қа­зақ елінде еркін және грек-рим күресінің негізін қалаушылардың бірі, іскер ұйымдастырушы, мықты жаттықтырушы, әрі осы саланың білгір журналисі, үлкен ғалымы Петр Филиппович Матущак Қабден ­Бай­досов туралы осылай дейді. Байдосовтың бапкерлікке ке­луімен ұлттық құраманың қуаты артып, спортшылардың техникалық-тактикалық мүмкіндіктері ұлғайды. Қабден Рахманқұлұлының көмегімен талай балуан өзінің ұтымды жолын, оңтайлы әдісін тапты. Байдосовтың білім-білігіне тәнті болған балуандар жаттығуға құлшына кірісті. Ол оқу-жаттығу жиындарында спортшыларды жалықтырмау үшін тың жаттығулар мен жаңа ойын түрлерін ойлап тапты. Ал әдіс-тәсілдерді талдап, пысықтау кезінде атақты балуандарды мысалға келтіретін. Мысалы, әлем чемпионы Владимир Синявскийдің Олимпиада чемпионы Имам Хабибиді Тегеранда өзінің оңтайлы әдісі – cол қолмен қолтықтың астынан мойнынан орап, оң қолмен қарсыластың сол аяғынан қапсырған бойда алып ұрғанын кілем үстінде қолмен қойғандай қылып көрсететін. Спортшыларға бір жағы қызықты тарих, екінші жағынан тамаша талдау. Яғни Байдосов кілемде­гі жаттығу кезінде күрес пен осы салаға қатысты тартымды оқиғаларды шебер ұштастырып отырған. Бұл жаттығу процесінің қызықты әрі пайдалы болуы үшін өте маңызды және спортшылардың ой-өрісінің өсуіне ықпал етеді. Бапкер Байдосов шәкірттерінің қарсыластарын әбден зерттеуге тырысатын. Сосын жаттығу процесін қарсыластың күшті және әлсіз жақтарын талдауға құратын. Шәкірттерін ақылмен күресуге тәрбиелейтін. «Жаттығу шабытпен, көтеріңкі көңіл күймен өтуі керек. Ықылассыз, көңілсіз жаттығу – уақытты босқа өлтіру, – дейді Қабден Байдосов. – Сосын бапкер мен спортшы арасында шынайы сыйластық пен сенім болуы керек. Егер спортшы ұстазына сенбесе, онда нәтиже күтуге болмайды. Адал әрі шын жанашыр бапкерге шәкірті сенеді. Сенген соң сыйлайды. Сыйлаған соң сөзін жерге тастамайды. Осындай сыйластық орнаған жерде ғана береке, нәтиже болады». Байдосов 1962-1971 жылдар ара­лығында ұлттық құраманың екінші жаттықтырушысы болды. Еркін күрестің беделді мамандарының айтуынша, бас жаттықтырушы Петр Матущактың тұсында жаттығу процесіне негізінен Қабден Рах­манқұлұлы жауап беріпті. Яғни бас жаттықтырушы Матущак Байдосов­қа толық сенген. Ал 1971 жылдың күзінде Петр Матущак бас жаттықты­рушы қызметінен өз еркімен босап, құраманың тізгіні Қабден Байдосовтың қолына тиді. Ол бұл қызметті 1974 жылға дейін атқарды. Байдосовтың төл шәкірттері – Асқантай Иманқұлов, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, жастар арасында Кеңес Одағының екі дүркін жеңімпазы, Жұмабек Жарқынбаев – Қазақстан чемпионы, Одақтың жастар біріншілігінің үздігі. КСРО жасөспірімдер біріншілігінде топ жарған Қалқаман Нығметуллаев пен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Қайдар Қарпықов Байдосовтың маңдай терін талай жарыста өтеді. Сонымен бірге Ғ.Сабыров, Қ.Исмағұлов, Т.Қасымбеков, Г.Бреусов, Ж.Ізбасаров, А.Әлиманов секілді Қабден ағадан тәлім алған жігіттер Қазақстан құрамасының сапында ел намысын қорғады. Енді Қазақстанның еркін күрес балуандарының 1962-1975 жылдар аралығындағы басты нәтижелеріне қысқаша тоқталып көрейік. КСРО халықтары спартакиа­дасының жеңімпаздары: Әбілсейіт Айханов(1963), Алексей Семкин (1963),Петр Суриков (1971). КСРО чемпиондары: Амангелді Ғабсаттаров(1962), Петр Су­риков (1971), Аманжол Бұғыбаев (1973), Федор Баумбах (1974), Александр Иванов (1974). КСРО халықтары спартакиада­сының жүлдегерлері: Г.Мұсаев, Р.Нұрманов, А. Иванов. КСРО чемпионатының жүлде­герлері: Ә.Айханов, А.Бұғыбаев(екі рет), С.Әбдікәрімов, А.Иванов (үш рет), С.Мұқашев, А.Мыцик, П.Суриков (екі рет), Ф.Баумбах, Р.Нұрманов, А.Поляков. П. Суриков 1973 жылы Еуропа чемпионы атанса, 1975 жылы ол құрлық чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Осы жылы Ф.Баумбах Еуропа чем­пионатының қола жүлдегері атанды. Осы жерде ерекше атап өтетін жағдай А.Ғабсаттаров Қазақстан балуандарынан шыққан бірінші КСРО чемпионы, ал Ә.Айханов пен А.Семкин КСРО халықтарының спартакиадасында алғаш топ жарған саңлақтар. Бұл жүлделерге қоса А.Айханов Кеңес Одағы чемпионаттарында төрт рет 4 орынға ие болса, П.Суриков екі рет, А.Ғабсаттаров бір мәрте осындай нәтиже көрсетті. Бас-аяғы бір мүшел уақыт ішінде Еуропаның бір, Кеңес Одағының бес чемпионын, КСРО спарта­киа­дасының үш жеңімпазын және ондаған жүлдегерлерді баптаған жат­тықтырушылар алқасының ерен еңбегі ерекше атауға тұрарлық. Өкінішке қарай, Мәскеудегі спорт басшылары осы кезеңде біздің бірде-бір балуанымызды әлем чемпионатына жіберген жоқ. Қазақ спортшылары Еуропа чемпионатына да бара алмады. Осы жерде баса назар аударатын жағдай, КСРО еркін күрес құрамасы әлемдегі ең үздік командалардың бірі еді. Кеңес Одағының кемі үш спортшысы табысты жағдайда алты балуаны бір әлем чемпионатынан алтын жүлдемен оралғанын ескерсек, Одақта күрестің бұл түрінің қандай деңгейде дамығанын байыптауға болады. Нақты дерекке жүгінсек, 1972, 1976 жылдардағы екі жазғы Олимпиадада КСРО еркін күрес шеберлері 10 алтын медальді жеңіп алды. Ал республиканың күрес тарихына үңілсек, Қабден Байдосов ұлттық құраманы баптаған жылдар Қазақстан еркін күресінің ең табыс­ты кезеңі екен. 1975, 1979 жылдары Қазақстан еркін күрес құрамасы әлемдегі аса беделді АҚШ балуандарын бетпе-бет бәсекеде тізе бүктірді. 1979 жылғы жекпе-жекке біздің құраманы Байдосов бастап шықты. 1972, 1976 жылдардағы жазғы екі Олимпиадада 4 алтын, 5 күміс, 3 қола медальға ие болған әлем чемпионаттарында үнемі мықтылар сапындағы америкалықтарды ұту сол тұста Қазақстан балуандары­ның қаншалықты күшті болғанын көрсетеді. 1972 жылы бас бапкер Қабден Байдосов бастаған Қазақстан құрама­сы Кубадағы халықаралық жарысқа қатысты. Біздің елден барған 6 ­ба­лу­­­­ан – 5 алтын, 1 күміс медальға ие болды. Кубаның күрес федера­ция­сы­ның президенті Альберто Арбе­­су біздің жігіттердің техника­лық ше­берлігіне,табандылығы мен төзімділігіне тәнті болды. Болгар құ­ра­масының жаттықтырушысы Ан­гел Васильевке қазақ балуандары­­ның сан қырлы әдіс тәсілдері, такти­ка­­лық және моральдік дайындығы ерек­ше ұнаған екен. Куба спортының басшылары Қабден Байдосовты өздеріне жаттықтырушылық қызметке ша­қырды. Байдосов қарсы ­болған ­жоқ. Бірақ Қазақстан Спорт коми­­те­ті­нің төрағасы Аманша Ақбаев Қабден­нің орнына құрамаға Петр Матущак бас жаттықтырушы болып орал­са ғана ке­­лісетінін айтты. Ақыры 1974 жылы КСРО Спорт комитеті Қабден Байдосовты Одақтағы таң­дау­лы күрес маманының бірі ретінде Куба­­ға жіберді. Қабден Рахманқұлұлы­­ның Бостандық аралындағы еңбегі жеміс­ті болды. Куба балуандары әуелі Панамерика ойындарында көзге түссе, одан кейін әлем чемпионаттарын­да мықтылар қатарына қосылды. Байдосов бұған дейін ешкім мойында­маған Куба күресін жаңа белеске көтерді. Ұзамай осы елдің қос балуаны – Барбаро Морган мен Луис Окана Куба тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Қабден Байдосовтың жаттығуына ел басшысы Фидель Кастро арнайы келеді. Байдосов қашанғы әдетінше білекті сыбанып, балуандарды баптап жатқан. Алыстан келген қонақтың қара терге малшынып спортшылар­дың арасында жүргені Фидель Кастро­ға қатты әсер етеді. «Мына кісі өз ісіне шын берілген, нағыз кәсіби маман екен, – дейді Кастро көпшіліктің алдында. – Куба жаттықтырушылары дәл осылай жұмыс істесе, бізден де мықты ­балу­андар шығады». Байдосов Кубада үш жыл жұмыс істеп, елге абыроймен оралды. 1980 жылы Мәскеу олимпиада­сында Жақсылық Үшкемпіров алғашқы белдесуге әлемнің екі дүркін чемпионы, румын Константин Александрумен шыққанда Қабден Байдосов қазақ балуанына секундант болды. Одақ пен Қазақстан спортының басшылары аса жауапты сәтте Жақсылықтың қасына Байдосовты жай жіберген жоқ. Басшылар Қабден ағаның небір қысталаңнан сүрінбей өткен сұңғыла маман екенін білгендіктен Жақсылықты оған сеніп тапсырды. Байдосов сенім үдесінен шыға білді. Үшкемпіров осы белдесуден кейін аяғын баса алмай жатып қалады. Сол сәтте Қабден бапкер оның қасына ешкімді жолатпай, ­балу­ан­ды орамалмен ораған күйі көтеріп алып, киім ауыстыратын бөлмеге апа­рып жатқызады. «Уайымдамаңдар, үш сағаттан кейін есін жияды» дейді Қабден Байдосов сенімді үнмен. Солай деп, Жақсылықтың қасы­нан екі елі ұзамай, күзетіп отырады. Үш сағат шамасында Жақсылық ұйқыдан тұрады. Байдосов балуан­ның аузына жарты кесе қымызды тоса қояды. «Тартып жібер. Бұдан артық сұрасаң да бермеймін» дейді. Қымыздың ашқылтым иісі кеңсірігін жа­­рған Үшкемпіров дем алмай жұ­тып жібереді. Сол мезет Жақсылық­тың көзі шырадай жанып, маңдайынан суық тер бұрқ ете қалады. Әрі қарай біз­дің балуан қамшы салдырмайды. Міне, білікті бапкер осындай болады. Қабден Байдосов Қазақстан еркін күресінің алтын бастауында тұрды. Өмір бақи қарапайым қалпынан айныған жоқ. Соңында қалың қолдай шәкірттері бар. Шәкірттері ол кісіні «Біздің әкеміз» деп еске алады. Ұстаз үшін бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін.

Темірхан Досмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы

4513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы