• Ақпарат
  • 08 Қараша, 2012

«Жас Отанның» ІІ съезі: Буырқанған бұла күш

Асылы, жастарға қатысты әрбір ұғымды болашақпен батыл байланыстыра беруге болады. Өйткені жастар шын мәнінде еліміздің ертеңі. Олар кез келген игі бастамаға қолдау көрсетуге әзір және сол биіктен көрініп келеді. Алаш арыстарының бірі Мағжан ақын: «Мен жастарға сенемін» деп жастарға ұлағатты сөзін арнады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жастарына үлкен сенім артып, олардың білімді, дені сау, ойлы, ақылды азамат болуын ерекше мақсат етіп қойып отыр. Елбасының жастарға қарата айтқан мына бір сөзі бар: «Ағартушы Ахмет Байтұрсынов «Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады» деген. Ұлы сөз! Егемен еліміздің тұлымды ұлы, бұрымды қызы деп сендер үшін барлық жағдай жасалды.Ертеңгі күні қадірлі Қазақстаным деген қасиетті ұғым әрқайсыңның кеуделеріңде атой салып жатуы тиіс». Бұл жастарға деген Елбасының үлкен сенімі. «Отан» дейтін ұғым әрбір жас азамат үшін бәрінен қымбат болуға тиіс екенін меңзейтін ұлағатты пікір еліміздің жастарына қанат бітірері сөзсіз. Біздің жас­тар Отанын шын сүйетін патриот азаматтар екеніне дау жоқ. Олар соған лайық азаматтар. Дәлел ретінде жастардың қатысуымен және белсене араласуымен елімізде көп игі істер тындырылғанын және алдағы уақытта да жүйелі түрде орындала берерін ерекше айтуға болады. Өйткені сол сенімнің үдесінен шығып келе жатқан «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының «Жас Отан» жас­тар қанаты жастардың тілегін, мұң-мұқтажын, іс-жоспарларын назардан тыс қалдырған емес. «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты Елбасының қойған міндеттері мен тапсырмаларын іске асыруда жүйелі жұмыс жүргізіп, еліміздегі жастар ұйымдарының көшбасшысына айналды. Енді, міне, алдымызда «Жас Отан» жастар қанатының ІІ республикалық съезі келе жатыр. Қазір «жасотандықтар» бұған қызу дайындық үстінде. Осы ретте «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арман Халбеков «Жас Отан» жас­тар қанатының ІІ республикалық съезінен көптеген жақсы идеялар мен ұсыныстар күтетінін айтты. – Еліміздің жастары мемлекетіміз үшін қызмет етуге қашанда әзір. Білім, ғылым, спорт, мәдениет, өнер салаларында жетістіктерге жетіп жүрген жастарымыз аз емес. Бізге, жастарға, ең маңыздысы жаңа идеялардың көптігі керек. Ол идеялар ел жастарының ынтымағын, бірлігін нығайтуға жұмыс істеп, жастардың патриоттық тәрбиесін, өз-өздеріне деген сенімдерін күшейтуге бағытталуы керек. Алдағы II съездің маңызы жоғары болары анық, өйткені аталмыш съезге Елбасы, «Нұр Отан» ХДП төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі стратегиялық жұмыс жос­пары қабылданады деп ойлаймын. Аталған жобаға еліміздің әртүрлі аймақтарынан жастар мәселелеріне қатысты ең үздік тың ұсыныстар мен идеялар іріктелінеді деген ой бар. Бұған «Жас Отан» Жастар қанатының Алматы қалалық филиалы да өз ұсыныстарын жіберген болатын. Ұсыныстардың қатарында еліміздегі еріктілер мәселесін нақты бір арнаға қою, яғни заң қабылдау, жаңа заман жастарының сұраныстарына сай жастарды ақпараттық технологияларды еркін меңгерулеріне барынша жағдай жасау мәселелері, жастардың әр саланың локомотиві болуы үшін «Жас көшбасшылар мектебі» жобасы бар. Сондықтан да «Жас Отан» ЖҚ-ның II съезінде еліміздегі жастар саясатының жаңа бастаулары мен көкжиектері айқындалады деген сенім мол, – дейді Арман Халбеков. Дәуіржан Төлебаев

3100 рет

көрсетілді

43

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы