• Тұлға
  • 15 Қараша, 2012

Мәдениет жанашыры

Ақтөбе облысында осыдан үш жыл бұрын облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметіне Сара Нұрқатова тағайындалды. Енді ол кісі атқарып келген мәдениет басқармасының басшылығын кім қабылдап алар екен? Әр тұстан әрқилы пікірлер айтылуы заңдылық қой. Сөйтсе де көпшілік көңілінде Нәзира Табылдинова тұрды.  1993 жылдан облыс орталығындағы «Алақай» қуыршақ театрының директоры Нәзира Сәрсембайқызы өзінің ұйымдастырушылық қабілетін, принцип­тілігі мен талап қойғыштығын көрсете білді. Өнер ұжымы – Қазақстан қуыршақ театрлары республикалық фестивалінің лауреаты, халықаралық фестивальдардың тоғыз мәрте дипломанты атанды. Директор бастамасымен 2004 жылғы қыркүйек айында ­театр базасында республикадағы және шетелдердегі қуыршақ театрларының фестивалі өткізілді. Әрине, оның бұл еңбегі уақытында лайықты бағаланды. Іскер, жаңашыл басшы қазіргі күнде облыстың мәдени-бұқаралық өміріне жетекшілік ете жүріп, көптеген игі істердің ұйытқысы болуда. Соңғы үш жылда мәдениет мекемелерінің саны 33-ке артты, дәлірек айтсақ, 241 кітапхана, 205 мәдени-демалыс мекемелері, 3 кәсіби театр, филармония, пла­нетарий, тарих, этнография және археология, «Әлия» патриоттық тәрбие беру орта­лықтары, басқа да мекемелер жұмыс істейді. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыста мәдени және тарихи 100 ескерткіш республикалық тізімге енгізі­ліп, төлқұжаты жасалынды. Алға қаласын­да Кердері Әубәкірге, Қарғалы ауданында Шәмші Қалдаяқовқа және Ақтөбенің өзінде Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан жерлестерімізге ескерткіштер орнатылды. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали бастаған экспедиция Кіші жүз ханы Әбілқайыр жерленген өңірге қатысты зерттеу жұмыстарын аяқтады. Ырғыз ауданындағы Жаныс бидің, Байғанин ауданында Індібайдың тамдарын реставрациялауға, қасиетті орын – Қызылұйықтың ғылыми-зерттеу жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Келешекте туристер мекеніне айнал­ғалы тұрған Ойыл ауданында «Ұлы Жібек жолында жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» этнофестивалі өткізіліп, ол жергілікті тұрғындар мен қатысушылар көңілінде ұзақ уақыт ұмытылмастай әсер қалдырды. Белгілі өнертанушы, күйші Ә.Райым­бергенов, жыршы Ұ.Байбосынова, Башқұртстан республикасының халық ар­тисі, қурайшы Ишмурат Ильбаков, ұйғырдың «Нава» фольклорлық ансамблі, республиканың бірқатар аймақтары мен облыс аудандарынан келген өнер ұжымдары екі күн бойы ежелгі Ойыл даласын ән мен күйге бөледі. Қазақша күрес, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту, сияқты ұлттық спорт түрлері жанкүйер қауымға жаңа есімдерді мәлім етті. Жалпы мәдени шаралар жылдың он екі айында бір толастамайды, біріне бірі жа­л­­ғасып жатады. Нәзира Сәрсембай­қызы осы­ның бәрінде ұстамды қалпынан тан­бай жұртшылықтың көңілінен шығып жүрге­ні. Келешекте Ақтөбенің жоғары оқу орындарында батыстың әншілік, жыршы­лық дәстүрлерін алға апаратын бөлім ашу ойын­да бар. Жәдігерлер жүз мыңнан аса­тын об­лыстық тарихи-өлкетану мұражайына, Тахауи Ахтанов атындағы музыкалық-драма театрына жаңа, көрікті ғимараттар салынғанын тездетіп көргісі келеді. Таяу­да алғаш рет аталып өтілген Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің күніне орай өзінің кәсіби шеберлігімен көзге түскен бір топ адамның марапатталғанына шын көңілімен қуанды. Өзін жарнамалауды ұнатпайтын ­Табылдинова бізбен әңгімесін облыстағы кітапханалардың жай-күйі туралы қысқаша дерекпен қорытындылады. Соңғы үш жылда кітапханаларға 210,1 мың дана жаңа әдебиет сатып алынып, кітап қоры төрт миллион 68 мыңнан асты, оның ішінде мемлекеттік тілдегілер үлесі айтарлықтай қомақты. Ал электронды кітапхана қызметін пайдаланушылар саны үшжарым мыңға жетті. Кәсіби мереке қарсаңында Галина Ткаченко, Тойдық Ақкөжеева, Гүлжайнар Артықбаева және басқа кітапханашылар еңбегі лайықты бағаға ие болды. Айтпақшы, облыстағы мәдени мекемелер ұжымдарының 2009-2011 жылдар аралығында ақылы қызмет көрсету арқы­лы 229,7 миллион теңге табыс тапқанын атап көрсеткен жөн. Басқарма бастығы биылға межеленген 101,7 миллион теңге табыстың орындалатынына сенімді. Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, журналист АҚТӨБЕ

3049 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы