• Тіл
  • 15 Қараша, 2012

Жұмыла әрекет ететін шақ

Тәуелсіздіктің 21 жылын тойлағалы отырған Қазақстан атты мемлекетіміздің жерінің де, елінің де атам заманнан бергі түпкілікті егесі – қазақ халқы екеніне ешкімнің таласы болмас. Сондықтан да еліміздің атадан қалған асыл мұрасына, бабадан қалған барша мирасына егелік етіп, «өз үйім – өлең төсегім» деп жантаятын да, керек десе шалқаятын да біздер – қазақтар емес пе? Бірақ осы жиырма бір жыл бойы жантаюын жантайып жатқан шығармыз, ал шалқая алмай жүргеніміз анық қой. Әртүрлі себептермен келіп, елімізде ондаған жылдар бойы тұрып жатқан немесе соңғы жылдары келген басқа ұлт өкілдерінің бәрінің дерлік өз атажұрты, отаны бар.  Баяғыда Жиренше шешен өзінің тар лашығына келіп көсілгенде, аяғы сыртқа шығып жатқандағы жан рақатына, ханның бас уәзірі болып хан сарайында көрген сый-сияпатын да, қошеметін де теңгермей: «Ой-қой, менің өз үйім – кең сарайдай боз үйім!» деген екен. Міне, әрбір қазақтың тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, осы Жиренше сияқты: «Ой-қой, менің атадан қалған қайран кең-байтақ жерім-ай, ешкімге есесін жібермеген қайран тілім-ай!» деп жеріне де, тіліне де қауышудың рақатын сезініп, барынша көсілуіне болатын еді ғой. Соңғы санақтан бергі өскенін қоса есептегенде еліміздегі халықтың 70 пайыздайы қазақтар екен, ал солар өз ана тіліне, ата-баба­мыздан мирас болып қалған жеріне, оның асты-үсті байлықтарына толық демей-ақ қояйық, сол сандық үлесіне (70%) сай қожа­лық етіп отыр ма? Біз ана тілімізді әңгіме еткенде, бабалардан бізге мирас болып қалған ұлтық құндылықтарымыз бен жеріміздің байлығын бірімен-бірі тығыз байланыстағы құндылықтар болғасын әдейі айтып отырмыз. Бірінен айырылсақ, екіншісінен де айырылатынымыз анық. Бұл, әрине, өзінше арнайы талқылайтын тақырып. Әзірше тіл мәселесін қаузай түсейік. Биыл қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына, дардай жігіт жасы – 23 жылды толтырғанын тойлап жатырмыз. 23-ке келген адамның өсу жолына ой жүгіртсек: 3-ке дейін тілі шығып, 6-7 жасында оқу-білімге ден қойып, 17-18-де жоғары оқу орнына түсіп, немесе әйтеуір бір мамандық алып, 22-23-те елге қызмет етуге дап-дайын азамат болып шығады екен. Ал біздің ана тіліміз елге еркін қызмет ететін осы 23-ке толған азаматтық жасында мемлекеттік мәртебесіне көтеріле алмағаны сол, оның көп салаларда екінші кезекте қалып отырғанына, сөйлеген сөз­деріміздің шұбарланған күйінде қалып, ел­ді мекендердің аттары мен ғимараттарымыздың маңдайша жазуларының басым бөлігінің басқа тілдерде жазулы екендігіне және Аста­намызда орналасқан Үкімет пен министр­ліктердегілердің тілді меңгеру деңгейі әлі де бастауыш сынып оқушысының дәрежесінде қалып отырғанына куә болып отырмыз. Сөйтіп отырып, кейбір жоғарғы биліктегі басшы­лардың осы мәселелерге бейжай қарай алмай, әрекет етуге шақырған қоғам белсен­ділерін қолдаудың орнына, жұртты жайба­рақаттыққа шақыратынына қайран қаласың. Біз ұзақ жылдар бойы ана тіліміз бен ұлттық құндылықтарымыздың есесін жіберіп алған халықпыз. Сондықтан да ендігі жайбарақаттығымыздың ині келмейді. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев 2011 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге байланысты: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мем­лекеттік тілді білетін қазақстандықтар­дың санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деген тапсырмасы бекерден-бекер берілмеген шығар. Қазіргі кезде ана тілімізге байланысты ел арасында мынандай екі түрлі көзқарас бар: Жоғарыдағылар: Заң бар, бағдарлама жасал­ды, қаржы ­бөлініп жатыр. Енді сендерге не керек? Неге тіл, тіл деп зарлай бересіңдер? – дейді. Төмендегілер: Заң осал, декларативті. Бағ­­­дарлама нақты емес жалпылама. Жоғары­да­ғылардың ана тіліне ықыласы шынайы емес, егер олар қазақша сөйлеуді өздерінен бас­та­­са, баяғыда тіліміз төрге шығар еді дейді. Осы екі көзқараста да шындық бар деп ойлаймын. Осындай әрі-сәрі жағдайдың бұрынғы Мәскеуге бағынған кеңес кезеңінде емес, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымыз­дың 21 жылын тойлағалы отырған кезеңде болып отырғаны «Жиырма бір жыл» деп айта салу оңай. Бірақ 21 жыл – бұл 21 күн емес, 21 жыл – бұл 20 апта емес, 21 жыл – бұл 21 ай емес қой! Бұл – 7665 күн, 1022 – апта, 255,5 ай емес пе?! Осы мезгілде өз ана тілі түгілі, жер бетіндегі барлық халықтың тілдерін үйреніп алуға болатын еді ғой. Кеңес кезінде толық емес 4 жылда немесе 1447 күнде, яғни 46,5 ай­да барлық бес қаруын асынған, әскер күші де көп неміс фашистерін Мәскеуден Берлиндегі бункеріндегі көріне апарып тығып едік. Ал біз бейбітшіліктің жайма-шуақ кезінде, тәуелсіз елімізде өмір сүріп отырып, өз ана тілімізді төрге шығаруымызға 21 жыл әлі аз деп әрі-сәрі жағдайда отырғанымыз мынау. Тіліміздің осындай жағдайында, осылай бір-бірімізге өкпелеп жүре береміз бе? Әлде төмендегі біздер, қолдан келетін іс-қимылға көшіп, тілімізге егелік жасап, жоғарыдағыларға: Біз өз тарапымыздан істейтінімізді істеп болдық, енді сендердің жайбарақаттықтарыңа не жорық деп, оларға ықпал ету үшін әрекет етеміз бе? Ешкім сырттан келіп, тілімізді төрге шығармайтыны анық болған соң, меніңше осы жолды ұстанға­нымыз дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан да Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын қайта жандандырып, соның төңірегіне топтасып, қауымдасуымыз керек сияқты. Қайсыбір жоғарыдан бастал­ған керемет идея, егер төмендегі көпші­лік­тің қолдауына сүйенбесе, оның іске асуы екіталай екені белгілі. Оны іске асырудың бірден-бір кілтипаны – ол барлық мекемелердегі тіл жанашырларының басын біріктіретін Қоғамның бастауыш ұйымдарын құрудан бастау. «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымдарын жаппай құру керек дейтініміз – бұл қазақ елі болып ұйысу үшін қауымдасуымыздың шарты деп ұғынуымыз керек. Ұйым – тілімізге арашашы болудың, оны тірілтудің, дамытудың, сөйте жүріп, еліміздің біртұтас ел болуының ұйытқысы болып, осы істі батыл жүргізіп, баянды етуде көпшілікке сүйенуі үшін керек. Қоғамның Қызылорда облыстық филиа­лы «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымда­рын, меншік нысандарына қарамастан, облыстағы бүкіл ұжымдарда құруды пәрменді түрде жүргізіп келеді. Алдымен, облыс тұрғындарына қызмет ететін коммуналдық (су, жылу, жарық, қоқыс, т.б.), байланыс, банк, зейнетақы мен сақтандыру қорлары, жұмыс күштері көп шоғырланған мұнай, теміржол компания­ларының басшыларында болып, оларға ісқағаздарын жүргізуде қазақ тіліне басымдық беруге, Қоғамның бастауыш ұйымдарын құруға атсалысуларын сұрап, хат жазудан бастадық. Ондағы мақсатымыз, егер осы мекемелердің басшылары мен қызметкерлері ұлтжандылықтың үлгісін танытып, ісқағаздарын қазақ тіліне көшіруді өздері бастаса, оларға келетін тұрғындар мен клиенттерінің біртіндеп қазақшаланатыны да сөзсіз ғой дегендік еді. «Біз бәріміз де қазақпыз, ісқағаздарымыз қазақ тіліне көшкен бізге «Қазақ тілі» қоғамына мүше болудың керегі не» дейтіндер де болды. Оларға: «Жалғыз ағаш орман болмайды», «Төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген қағидаларды басшылыққа ала отырып, ең бірінші сол тілді меңгергендер бірігуіміз керек дедік. Біз көп болған үстіне көп бола түссек, алда тұрған кедергілерді же­ңу, ана тілімізге, ұлттық дәстүрімізге мұрнын шүйіргендерді орнына қою мүмкіндігіміз ар­та түседі. «Көп қорқытады, терең батырады» дегендей, Президентімізге де, әкімдерімізге де арқа сүйер осындай мықты, қауымдасқан, намысшыл ұлттық ұйым керек деп ойлаймыз. Шынтуайтына келгенде, қазақ ұлты болып ұйысуымыз үшін, әрқайсысымыз әр бұрышта дара-дара болып жүргеннен бір ұйымға топ­тасып, жабыла іске кірісуіміз керек екенін өмір көрсетіп отырғанын түсіндірдік. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, соңғы екі жылда облыста 1000-ға жуық, Қы­зылорда қаласы бойынша 200-ден аса бас­тауыш ұйымдары құрылды. Жарнапұлдан жиналған алғашқы қаржыға көшелер мен мекемелердің көрнекті жерлеріне азамат­тарымыздың намысын оятатын тақырыптар бойынша билбордтар мен плакаттар жасатып іліп қойдық. Осы үрдіс аудандық филиалдарда да жалғасын табуда. Соның арқасында, ана тіліне арашашы болатын ұйым келді деген қоғамдық пікір қалыптасып, бізді қолдаушылар саны күннен-күнге көбеюде. Қоғамның қажеттілігін көпшілігі мойындап, үлкен бетбұрыс басталды деуге болады. Белсенді қолдаушылар мүмкіндіктері мен ұлтжандылығына байланысты әртүрлі мөлшерде демеушілік жасауда. Мұнан да басқа қаржы көздерін іздестіріп: «Азаматтық альянс» қауымдастығының облыстық филиалы мен «Игілік» корпоративтік қорынан 550 мың теңгелік жобаны ұтып алдық. Облыс әкімдігі біздің әрбір бастамамызға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Олар өздері бас болып әкімшілік аппаратында ­бастау­ыш ұйымын құрып, жарнапұл төлеуді қол­ға алғасын, қала, аудан әкімдіктері мен басқар­ма, департамент басшылары да осы үрдісті жалғастырып, біздің жұмысымызға үлкен сер­піліс бергенін ризашылықпен айтуымыз керек. Облыстық ішкі саясат басқармасы, жер­гілікті БАҚ өкілдері қазақ тілін дәріптеу, біздің ұйымды қолдау мәселесінде жоғары ­сая­­си түсіністік деңгейін көрсетуде. Облыс­тық тілдерді дамыту басқармасымен қарым-қаты­насымыз «Илегеніміз бір пұшпақтың терісі» деген қағидаға сай, сенікі, менікі жоқ, біте қай­насып жұмыс істеудеміз. Нәтижесінде құ­рылған бастауыш ұйымдары тұрақты түрде ай сайын: 30, 50, 100 теңге мөлшерінде жар­напұл төлеуде. Ірі-ірі кәсіпорындарды басқа­ра­тын ұлтжанды басшылар демеушілік жасауда. Мұндай нәтижеге жету үшін, біраз күресуге тура келді. Хатымызды жауапсыз қалдырған 53 мемлекеттік органдардың тізімін «Тәртіптік кеңеске», 63 үкіметтік емес ұйымдардың тізімін прокуратураға жіберіп, оларға шара көруді талап еттік. Солардың ішінде ірі компаниялар мен банк фи­­лиалдарының басшыларының кабинеті­­не «Қоғам ТВ» тілшілерін алып барып, «судың да сұрауы бар» дегенді есіне салып, сұхбат алдық, ол телеарна арқылы жұртқа жария етілді. Осындай рейдтерден кейін олардың да, басқалардың да көзқарастары өзгергенін айтуым керек. Қай мәселеде де жариялылық пен ашықтық өз нәтижесін беретіні анық. Республикалық «Ана тілі», «Қазақ елі», «Жас қазақ үні», «Төртінші билік», облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт ақшамы», «Халық» газеттерінде көлемді мақалалар мен сұхбаттар жариялап, облыстағы екі телеарнадан да бірнеше мәрте сұхбат бердік, тіл мәселесі талқыланатын мінбердің бәріне де көтерілуге тырыстық. Ондаған ұжымдардың шақыруы бойынша олардың жиналыстарына қаты­сып, Қоғам­ның мақсаты жайлы түсіндірме бер­дік. Сөйтіп, тілімізді төрге шығарудың жолын­да заң аясындағы тәсілдердің бәрін қолда­­нып әрекет етуді Қоғамның басты мақсаты етіп ­от­­ыр­­мыз. Біз осындай жұмыстарымызбен қатар, ата-бабамыздан мұра болып бізге жеткен ана ті­­ліміздің ешқашан ешкімге есесін жіберме­­ген тіл екенін әрі бай әрі мағыналы, терең еке­нін де көпшіліктің санасына жеткізіп отыруды қолға алдық. Былтыр «Тіл мәдениеті және шешендік өнерді дәріптеу» атты облыстық байқау өткізіп, оған барлық аудан филиалдары өз жеңімпаздарын алып келіп, бас бәйгеге 50 мың, 1,2,3 орындарға сәйкесінше 40,30,20 мың теңгеден, басқа қатысушыларға 5 мың теңгеден сыйақы, облыстық филиалдың Дип­ломдары мен Алғыс хаттарын бердік. Биылдың өзінде, ақпан айында №233 мектепте ондаған мектептердің мұғалімдері қатысқан: «Алаш ұранды идеялар» атты бай­­қау өткіздік. Жүлделі орын алғандар мораль­дық, материалдық тұрғыда марапатталды. Наурыз айында қазақ халқының ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 115 жыл толуын республикада бірінші болып атап өтіп, «М.О.Әуезов шығармашылығындағы азаттық идеясы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция, сәуір айында Қоғамның республикалық көшпелі семинарын, тамыз айында Қоғамның аудандық филиал басшыларымен облыстық, қала деңгейінде бас­тауыш ұйым төрағаларымен семинарларды өткізуге мүмкіндік алғанымыз да осындай игілікті істердің нәтижесі. Облыстың елді мекендерінде орналасқан ғимараттардың маңдайшалары мен көрнекі ақпараттарының шет тілдерінде жазылған атау­ларын ұлттық менталитетімізге, қазақ тілінің нормаларына сәйкестендіруді талап етіп, сол нысандардың иелеріне бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Ашық хат жарияладық. Осы бағыттағы жұмыстарды онан әрі жандандыру және орын алған кемшіліктерді әшкерелеу мақсатында Қызылорда қаласында «Қазақстан-Қызылорда» телекорпорациясымен бірлесіп, «Тіл сақшысы» ат­ты рейд ұйымдастырылып, оны әр аптаның бейсен­бісінде жүргізуді қолға алдық. Біздің бұл бас­тамаларымызға ұлтжанды кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдері мен жалпы жұртшылық қызу қолдау көрсетіп, ұсыныс-пікірлерін теледидар мен газеттер арқылы білдіруде. Ісіміз оң нәтиже беруде. Осы бастаманы жалғасты­ру үшін келесі жылдан бастап, «Тіл сақшы­сы» атты өз газетімізді шығармақшымыз. Кеше ғана өңірімізде орналасқан әрі көп жұ­­­мыс қолы шоғырланған ең ірі деген 4 мұ­­най компаниясының шетелдік басшыларымен үш ­жақты (Облыс әкімдігі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамның облыстық филиалы мен әл­гі компаниялар) мемлекеттік тілді кеңінен қолданудағы өзара іс-қимыл мен әріптестік жайлы Меморандумға қол қою үрдісін бастадық. Меморандумның баптарына бұл компанияларда «Қазақ тілі» қоғамының бас­тауыш ұйымдарын құруға мүмкіншілік жасалу керектігі жөнінде арнайы бап кіргіздік. Бұл үрдіс басқа компаниялармен де жалғасын табады деп отырмыз. Қазақ тілінің қуаты күшті екенін және оның тұғыры мықты болу үшін ел болып іс-қимылға көшуіміз керек дер едім. Сәдуақас Аңсатов, «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның облыстағы өкілі

2983 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы