• Білім және ғылым
  • 15 Қараша, 2012

Алматыда атауын өзгертетін көше көп...

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мәжіліс залында «Ономастиканың өзекті мәселелері» атты конференция болып өтті. Конференцияға тіл ғалымдары, сала мамандары қатысты. Жиынды ашқан Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахетов ономастика саласының өзекті мәселелеріне тоқталды. «Қазіргі кездегі ономастика мәселесі мемлекетіміздегі ұлттық тіл саясатының басты бағыттарының бірі ретінде ғылыми, тарихи-мәдени маңызы зор салалардың бірі. Талай ғасырлық тарихы бар ұлттық ономастикамыз кезінде Ресейдің отарлау саясатының тарихи-мәдени санаға әсер ететін құралына айналды. Верный бекінісі салынған кезден бастау алып, кеңестік кезеңде революция мен азамат соғысының көсемдері мен батырларының есімдерімен елді мекендер мен көшелеріміз көптеп аталып кетті.Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде негізінен қаладағы орталық көшелердің атаулары қазақшаланып, олар тарихи тұлғаларымыз бен батыр бабаларымыздың есімімен атала бастады. Тарихымыздағы бұрын бұрмаланып келген атауларды қайта жаңғырту қолға алынып, бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар аз емес» деп атап өткен Мамай Қаниұлы әрі қарай Алматы қаласындағы ономас­тика мәселесінің түйткілді тұстарын баян етті. – Бүгінгі таңда Алматы қаласында ірілі-ұсақты 2000-ға жуық көше бар. Олардың 165-нің атауы қайталанады, 800-дей көшенің атауы тарихи тұрғыдан ескірген, яғни қазіргі заман талабына сай келмейді. Ал атаусыз көшелер қалаға жаңадан қосылған елді мекендер мен салынып жатқан ықшамаудандарда көптеп кездеседі. Оларды қайта атау мен ат беру үшін есепке алып, аумағын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Сонымен қатар Алматыда атауын әлі де болса қайта қарайтын жүздеген көшелер бар. Бірақ бұл орайда да ойласатын мәселелер шаш етектен. Мәселен, қаладағы атауы ескірген, өзгертуге сұранып тұрған көшелердің саны 800-ге жуық. Олардың көпшілігі Адыгейс­кая, Байкалская, Орловская, Абхазская, Амурская, Шахтерс­кая, Заводская, Клеверная, Томская, т.б. Бұндай көшелер қаламыздың шеткері аймақтарында орналасқандықтан, қалтарыстағы шағын немесе тұйық, шолақ көшелерге көрнекті қайраткерлердің атын беру лайықсыз. Ал өздерінің аталарына ат сұрап жүрген ағайындар да осындай көшелерден ат-тондарын ала қашады. Бәрі де орталықтағы үлкен көшелерге көз тігеді. Сондықтан бұл көшелерге еліміздегі жер-су немесе тағылымды шартты атаулар қоюды ойлас­тырудамыз. Бірақ соған ат ойластыруда қалың жұртшылық та, зиялы орта да белсенділік таныта қоймайды, – деді. Ол бұған қосымша қазіргі таңда ономастика саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасындағы ономастика мәсе­лелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы дайындалып Парламенттің қарауын­да жатқанын айтып өтті. Конференцияда күн тәртібіндегі мәселеге орай баяндама жасаған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титуты Ономастика бөлімінің меңгерушісі Қыздархан Құрмашқызы ономастика саласының лингвистикалық ахуалына тоқталды. Ол аталған салада негізгі үш мәселені тілге тиек етті: Ұлттандыру үдері­сін және тәуелсіз Қазақстанның егемендік жолындағы дамуын мазмұндайтын ­атаулар, қаланың тілдік ландшафтын, яғни бет-бейнесін айқындайтын эргонимдік атаулар, қаладағы жарнама, билбордтардағы көрнекі тіл мәселесі. Ономастика маманы қала нысандарына ат қойғанда оның жалпы тілдік-эстетикалық концепциясы ескеріліп, мәдени-тарихи дамуына сай реттеліп отыруы тиіс екенін, бұл орайда республикамыздың қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени, тарихи маңызы жоғары Алматы және Астана қалаларының ономастикалық кеңістігіндегі тарихи атаулар көше, метрополитен, жаңа ықшамаудан, т.б.құрылыс кешендерінің өзге қала нысандарының атауларын реттестіруге, нормаландыруға арналған арнайы заң, ереже қажет екенін атап өтті. Конференция барысында сондай-ақ жарнаманың этикалық сипаттары, ономастикалық атауларды ағылшын тілін­де жазу мәселесі, ғаламтордағы есімдердің қолданымдық сипаты және өзге бірқатар мәселелер қозғалды. Мәселен, филология ғылымдарының кандидаты Жанат Исаева көшелердегі жарнамалардың жазылуына көңілі толмайтынын айтты. «Қаламыздағы жарнамалардың қазақша мәтініне көз салған кез келген сауатты адам шошы­натын жағдай орнап отыр. Жарнама мә­тін­деріндегі ең осал тұс сөздердің лексикалық мағынасынан ауытқу, ой дәлсіздігі. Дәл болмайтын себебі көбіне-көп жарнама мәтіндерінің қазақ тілінде даярланбай, орыс тілінен түрлі сапада аударылып беріледі. Көп ретте аудармашылар сөзбе-сөз, жолма-жол аудару тәсіліне жүгінеді де, қазақтың көңіліне қонымсыз, түсінігіне жат дүниені бере салады» деп қынжылыс білдірді. Сонымен ономастика саласын бір жү­­йеге келтіру, оған қатысты барлық түйткілді мәселелерді шешу бүгінгі таңда күн тәртібінде тұр. Ол үшін тиісті заң қабылданып, оны жүзеге асыратын білікті мамандар қажет. Өйткені ономастика саласының күнделікті өмірдегі мәселесінде бір-біріне қарама-қайшы келетін тұстары да аз емес. Дәуіржан Төлебаев

3565 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы