• Ақпарат
  • 15 Қараша, 2012

«Тілдарын – 2012» шын жүйріктерді анықтады

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту, «Тілдердің үштұғырлығы» жобасын іске асыру, үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу мақсатында Қызылорда қаласында «Тілдарын – 2012» республикалық олимпиадасы болып өтті. Олимпиадаға еліміздің барлық облыстары мен Алматы, Астана қалаларынан облыстық, қалалық деңгей­де өткізілген байқаулардың жеңімпаздары, барлығы 15 та­лапкер қатысып, өз білімдерін ортаға салды. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Е.Уәйіс «Тілдарын – 2012» республикалық олимпиадасына қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі. Олимпиадаға қатысушылар берілген тақырыпқа сай «Тұсаукесер», «Мәтінге ілеспе аударма» жасау, «Эссе» жазу тапсырмалары бойынша сынға түсті. Қатысушылардың біліктілігі мен қабілетін Қорқытата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті­нің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Аман Абасилов бастаған қазылар алқасы бағалады. Байқау сарапшылары олимпиаданың қорытындысын шығару кезінде тілдерді меңгеру деңгейіне, жазу сауаттылығы мен дұрыс дыбысталуына, жауаптың дәлдігіне, мазмұндылығы мен ерекшелігіне, тіл шеберлігі мен сөздік қорының байлығына назар аударды. Республикалық байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Ажар Әбенова (Алматы қаласы) иеленді. І орынды Лаура Байтоқаева (Қызылорда қаласы, №2 дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі) жеңіп алса, Әйгерім Қожахметова (Солтүстік Қазақстан облысы) ІІ орынды, Зәмзәгүл Сағадиева (Астана қаласы) ІІІ орындарды өзара бөлісті. Ынталандыру сыйлығын Жанна Жауқарова (Алматы облысы), Мөлдір Көжекбаева (Атырау облысы), Меруерт Егізбаева (Маңғыстау облысы) және Мөлдір Әмербекова (Оңтүстік Қазақстан облысы) иеленді. Байқау жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің дипломдарымен, алғыс хаттарымен және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды. С.ӘБДІҚАДЫРҰЛЫ ҚЫЗЫЛОРДА

2830 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы