• Қоғам
  • 10 Қаңтар, 2013

Тепсе темір үзетін жігіттер көше бойында неге тұр?

жумысшыҚазіргі қос бүйірден нарық қысқан заманда екі қолға бір күрек ұстап, бойдағы бұла күшіңді нәпақа табу жолында сарп етпесең жан-жақтан қысқан қиындықтарға шыдай алмай қалуың да ғажап емес. Егер бас ауырып балтырың сыздай қалса ше? Емделуге қалтаның жұтаңдығы қолбайлау. Мұндайда тығырықтан шығудың қандай амалы бар екенін бағамдай алмай, тағы да сол аңтарылған кейіппен орта жолда қаларың анық. Жұмыссыздық мәселесі бойынша баспасөз беттерінде көтерілген тақырыптар аз емес. Базарға бара қалсаңыз ала дорба арқалаған немесе арба сүйреген соқталдай қазақ жігіттері. Бәрінің де жүзінен «бүгінгі нәпақамды қалай табамын, құлықсыз тірлік бағыты бүгін қайда бұрар екен» деген ой ұшқыны тұрады. Осыны ойлап келе жатып, қаланың қақ ортасындағы жұмыссыздар үйірсек келетін көшеге де жетіп қалыппын. Негізгі көздегенім осында жалданып жұмыс істейтіндермен араласып, олардың хал-жағдайларымен танысу. Мұндай жағдайға неге түскендерін білу. Көше бойын жағалай, топ-тобымен тұрған жігіттермен емін-еркін араласып, олардың үйіріне ену мен ойлағандай қиынға соқпады. Ендігі мақсат әлденелерді түртпектеп сұрап алып, олардың өз арасында қалыптасқан әдеттеріне бой үйретіп, негізгі жұмысқа кірісу. Тек бір саусағын ішіне бүккен журналист екенімді біліп қалмаса болғаны. Алда-жалда «Қайдан жүрсің? Нет­кен жансың?» деп сұрай қалса, «Жұмыстан қысқарып қалып едім, әйелім де жұмыссыз, ақша табу керек» деген жалған сөзім де даяр. Қыстың қақаған суығында дірдектеп тұрып, алдағы сағаттардан үміт күткен мұндағылардың тағдыры дәл «менің тағдырыма» ұқсас. Барлығы да жұмыссыздықтың қамытын киіп, осы жерге амалсыз келгендер.

Қалыптасқан әдет бойынша көше бойында ерсілі-қарсылы сапырылысқан көліктерді жіті бақылап тұру керек. Әлдебіреу жол жиегіне келіп тоқтай қалса, соған қарай тұра ұмтылып, қиыннан қиыстырған сөзіңменен «клиентті» баурап алуың керек. Жұмыстың негізгі ережелерінің бірін лезде үйреніп алдық. Іске сәт! – «Сені Асхатпен таныстырып қою керек, осындағылардың барлығына жауапты адам сол» деп қалды менің мүләйім кейпімнен қулық аңғармаған жігіттер. Байқасам, бұл жерге келе қалып, жұмыс істей беремін деген ойың әп-сәтте жүзеге аспайтын көрінеді. Жалпақ жұртқа елеусіз болғанымен, мұндағылардың өз арасында сақтауға тиіс ережелері бар. Кейде дау тудыратын, тіпті жаға жыртысатын жайттар да аз болмайды. – Бірде жалдап алған жігі­тімізден зиян шеккен бір ағамыз келіп, әңгіртаяқ орнатқаны бар, – дейді Еркін есімді жігіт. Сөйтсек, біздің арамыздан алып кеткен әлгі жігіт өзіне тиесілі жұмысын аяқтаған соң, сол үйдің заттарын ұрлап кетіпті. Қабағы түксиіп, ұры жігітті іздеп келіп тұрған адам «Ол жігітті тауып беріңдер, ­сазайын беремін. Әйтпесе өздерің бәлеге қаласыңдар» деп қаһар көрсеткені бар. Несібесін әрең тауып жүргендерге осындай мәселелерді орынды шешіп отыратын біреу керек-ақ. Мұндайда өз араларынан суырылып шыққан Асхат деген жігітке арқа сүйейтін көрінеді. Кейде тұрақты мекен-жайы жоқ, құжаттары дұрыс емес адамдар немесе шетелдерден келген қандастарымыз түрлі қиындықтарға ұшырап жатады екен. Олар жұмыс берушінің ғана емес, сондай-ақ тәртіп сақшыларының да құқайын көреді. «Кейде сол форма киген құқық қорғаушыларды алыстан байқай қалсақ, үй-үйді айналып қашып кетеміз. Күнімізді әрең көріп жүргенде олар бізді ұстап алып, қай-қайдағы жұмыстарға жегіп қоятыны бар». Кейін келе мұндайды болдырмау үшін доқ көрсетушілердің сұраған ақшасын уақытымен беріп отыратын болыпты. Мұндай істерге де Асхатты алға шығарады. Осындағы жұмыс іздеп келгендер алдымен міндетті түрде Асхаттың алдынан өтіп, «батасын» алып кететін көрінеді. Өкінішке орай,аты шулы азаматымыз кезекті жалдамалы жұмысына кетіп, онымен кездесудің сәті түспеді. Менің хал-жағдайымды естіп, аяушылық білдірген еңгезердей бір жігіт «Алдағы уақытта сыр­лас-мұңдастарың осылар болсын» дегендей, негізгі топтан оқшауырақта тұрған жігіттерге апарып қосты. «Тек ісіңе адал бол, бұл жердің негізгі ере­желерін бұзба» деп кетті. Ендігі серіктеріммен де бірқатар әңгіменің басын қайырдық. Арамыздағы ең жасымыз он бесте екен. Мектептегі демалыс уақытын пайдаланып, осында жұмыс істеуге келіпті. – Әкем қайтыс болған. Қазір анам және бір қарындасыммен қаланың сырт жағында бір бөлмені жалдап тұрып жатырмыз. Бір жылдан бері анам сырқаттанып қалып, үйде нан табар ешкім болмаған соң амалсыз осы жерде жүрмін. Демалыс күндері бір уақыт осы жерге келіп, азын-аулақ пұл тауып кетемін, – деді Хамзат есімді жігіт. Әңгіме барысында осы жердің дөкейлерімен де ым-жымы жарасып жүргенін жасырмады. Ыбырай: – Осы жерді тұрақты жұмыс орныма айналдырғаныма үш жылдан асып барады. Есектің артын тазаласаң да мал тап дейді ғой. Осы жердің қара жұмысына бойым үйреніп те қалыпты. Шіліңгір ыстықта да, шыңылтыр аязда да осы жерден табыламын. Осыдан біраз бұрын тұрақты жұмысым болған. Дағдарыс келді дегенде сол жұмыстан қысқарып қалдым. Әйелім, екі баламмен пәтер жалдап тұратынбыз. Жұмыссыз қалған соң басыма қара бұлт үйірілді. Бара-бара сіңірі шыққан кедейге айнала бастадық та, соның салдарынан шаңырақ та шайқалып, ажырасып кеттім. Жұмыссыздықтан бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Жұмыспен қамту орталықтарына да бас сұқтым. Олар жұмыс тауып берді. Бірақ ол жұмыстан тапқан айлығым шайлығыма жетпеген соң, ақырғы келген жерім осы болды. Ауылға, ағайын-туыстың арасына қайтып барайын десем, ұят жібермейді. Ендігі мақсатым, осы жерден тиын-тебен құрастырып, қайтадан үйленіп алмақпын. Ақан: – Әйелім, екі балам бар. Қалаға жақын маңдағы ауылда тұрамын. Қарақалпақстаннан көшіп келгеніме де екі жылдан асыпты. Келгелі бері жұмыссыз жүрмін. Туған жерімде алған мамандығым бойынша жұмыс табылмады. Енді жасым қырықтан асқанда тұрақты жұмыстан күдер үзгендеймін. Осы жерде күніне табатын екі-үш мың теңге бала-шаға асырауға жетіп жатыр. Қара жұмысқа салынбаймын дегенмен қоя ма. Жұмыссыз үйде жатқаннан гөрі осы жерде бір уақыт тұрып кеткенім жақсы. Үйдегі бала-шағаның көздері жәудіреп күтіп отырғанын ойлағанда бойыма қайтадан күш-жігер жинап, шаршамауға тырысамын. Жұмыс қолын іздеп жүргендер келгенше жігіттердің біразымен әңгімелесіп, олардың жай-күйімен танысқандай болдым. Барлығы да тірліктің тауқыметімен амалсыз осында жүргендер. Өңменімнен өткен аязда дірдектеп, бір байбатша мінген көліктің тоқтай қалуын тілеп тұрғанда кеш болып қалғанын байқамай қалыппыз. Бүгінгі күн бекерге өткен тәрізді. Жанымдағы жігіттердің айтуын­ша кейде апталап, кейде айлап жұмыс болмай қалады. Оған налуға тіпті болмайды. Ертеңгі күнге сенім арту керек. Келесі күні түске таянғанда жанымызға бір көлік келіп тоқтады. Арамыздағы күбір-күбір әңгімені жайына қалдырып, барлығымыз жапа-тармағай соған қарай ұмтылдық. Әлгі машинаның иесі біздің сөзімізге тіпті құлақ асқан да жоқ. Әлдекіммен келіскендей болды да, арамыздан біреуімізді ғана алып кетті. Көліктің артынан: «Оңбаған! Нарықты бұзғаны несі» деген әлдекімдердің айғайын естіп қалдық. Сұрай келе түсінгенім, жалдануға кеткен әлгі жігіт осы жерге жақында келген студент болып шықты. Ауласының қарын күрейтін арзан жұмыс күшін іздеп келген адамның 1000 теңге деген бағасына оңай келісе кеткен көрінеді. Ал болмашы ақша үшін көрінгенге ілесіп кете беру мұндағы сауданың құнын түсіреді. Студенттер бұл жерде уақытша ғана тұрып, арзанға жалданады да, оқулары басталғанда тайып тұрады екен. Осыны түсіндіріп болған соң, жиналғандар әлгі студентті енді бұл жерге келтірмеудің амалын істеу керек деп шешті. Әлдебір қалталы азаматтың көзіне түсе қояр ма екенбіз деп тұрғанда біраздан соң жұмыскер іздеген тағы бір адам келді. Шамасы бұл да арзанқол жұмыс күшін іздеп жүрген сыңайлы. «Ал, кәне, кім одан да арзанға істей алады?» деп сұрап қояды арасында. Бірақ бағаны ешкім де төмендеткісі жоқ. Арада болған ызы-шуға толы саудаласудан соң, Бақтияр есімді жігіттің жүзіне күлкі үйіріліп, «Жігіттер, кеттік!» деп, біз жаққа қарай қол бұлғады. Сөйтсек, үш жігіттен құралған біздің топ әлгі «аукционда» жеңіске жетіпті. Қожайынның айтуынша, қаланың сырт жағындағы жер үйге құбыр жеткізіп беруге тиіс екенбіз. Келісілген баға – әрқайсысымызға бес мың теңге. – Мынау – су жүретін негізгі ор­талық құбыр. Осы жерден бастап, ана жолды кесіп өтіп, үйдің іргесіне дейін қазып, үйге су тартып бересіңдер. Тереңірек қазыңдар, – деп негізгі жұмыспен таныстырып болған соң қожайынымыз кететінін айтты. Оның айтқанына көнбеске амал жоқ. Қақаған аяз болса да, әйтеуір біреудің назарына іліккенімізге шүкіршілік еттік те, белді бекем буып жұмысқа кірісіп кеттік. Алайда атқарылатын жұмыс оңай емес көрінді. Бас-аяғы жиырма метрдей жердің алдымен тоңын бұзып, тереңдігін бір жарым метр етіп қазу бір күнде бітетін шаруа емес тәрізді. «Қорықпа, мұның да бір амалы табылады, – деп басу айтып қойды бастығымыз Бақтияр. – Сен өзің ештеңеге ебің жоқ жігіт сияқты екенсің. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегенді білмеуші ме едің? Ондайды білмесең қазірден бастап менің айтқанымды мақұлдап, Дастан екеумізге арқа сүйей бер. Осыдан былайғы шаруалар біздікі, алаң болма». Бұл сөздерінде астарлы мағына жатқандай сезілді. Тәуекел деп іске кірістік. Бірақ «Қыруар жұмысты қиындықсыз еңсеруге қандай қулық керек екен?» деген сауал көкейімнен кетпей қойды. Көп істің басын қайырып, түс ауа бергенда Бақтияр мен ­Дастан үйдің қожайынымен шарттасып, қол алысқандай болды. Содан соң Бақтиярдың айтуымен заттарымызды жиыстырып кетуге әзірлендік. Сөз арасында қожайынға «Жұмыстың негізгі бөлігін еңсеріп тастадық. Қалғаны түк те қиын емес. Ертең түске дейін-ақ бітіре саламыз ғой» деп қояды. Байқасам, қожайынға жердің тоңы қалың екендігін, қазір үшеумізде де құжат дайындауға қатысты шаруалар шығып тұрғанын, қалған жұмысты ертең келіп істейтіндігін айтып, келісілген ақшаның жартысын алыпты. Үй иесімен қоштасқан соң жылдам басып, аялдамаға қарай беттедік. «Үйдің қожайыны аңғалдау екен, біздің өтірігімізге иланып, ертең келетінімізге имандай сеніп қалды. Бірақ ертең келмейміз. Осыны біліп қой. Бас-аяғы үш-ақ сағат жұмыс істеп, ақшаны қалтаға бассаң, керемет емес пе?» деп қулықтарының жүзеге асқанына мәз болып келеді жолдастарым. Кейде біреуден жәбір көріп, кейде біреуді қулықпен алдап кетуден тайынбайтын бұлардың тірліктерін көріп жаның ашиды. Қалай дегенмен де біздің қоғамымызға жат әрекет. Әрине, олар еріккеннен көше бойында тұрған жоқ. Олардың да шаңырақтарына шаттық ұялап, жайлы тұрмыс кешкісі келері анық. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмей жатыр.

Исатай ҚОРҒАНБАЕВ АЛМАТЫ

4212 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5815

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5482

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3220

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2606

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2567

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2546

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2279

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2261

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы