• Тұлға
  • 10 Қаңтар, 2013

«Әкеміз кітап оқуымызды қалайтын»

MustafinaС.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті ректорының кеңесшісі, «Тағзым» қоғамы және университеттің этика кеңесінің төрайымы, профессор Жанар Мұстафина әңгімесін медицина ғылымын дамыту төңірегінде бастады. – Басты мақсатымыз ХХІ ғасырдағы медицина тәжірибесінің әрі денсаулық сақтаудың талаптарына сай болатын ертеңгі күннің беделді дәрігерлерін дайындау. Қазірдің өзінде ҚазҰлттық Медицина университетінің алыс және жақын шетелдерде 42 ЖОО-серіктестері бар, олардың қатарында Ресейдің, Украинаның, Қырғызстанның, Жапонияның, Германияның, Син­гапурдың, Австрияның жоғары оқу орындары бар. Биылғы жылы еліміздегі медициналық оқу орындарының тарихында өз дәрістерінің курсымен КазҰМУ-ға әлемнің 40 елінен 100 визитинг-профессорлардың келуі де маңызды оқиға болды. Медицина университетінің 81 жылдық мерекелік және қызметтік іс-шараларына қатысу үшін 32 делегация келді, олардың 24-і – шетелден ат терлетіп келгендер. Олар – Жапониядан, Германиядан, Израильден, Түркиядан, Ресейден, Украинадан, Армениядан, Тәжікстаннан, Белоруссиядан, Қырғызстаннан және Литвадан келген әріптестеріміз. Жоғарыкәсіптік дәрігерлердің ұстаханасы – ҚазҰМУ – 60 мыңнан астам медицина қызметкерлерін даярлап шығарды. Оның түлектері арасында КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының 28 лауреаты, 82 еңбегі сіңген қайраткер, 30 еңбегі сіңген дәрігер, өзге елдердің және Қазақстан Рспубликасы ҰҒА-ның шамамен 30 академигі бар. Бүгінгі таңда университетте 11 мың студент білім алуда, оның ішінде әлемнің 17 елінен келген болашақ медицина қызметкерлері де бар.

– ҚазМҰУ-да «Даңқ» залы, «Тағзым» қоғамдық ұйымы, Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-патриоттық тәрбие орталығы, тарихи мұражай, Ар-намыс кодексінің этикалық кеңесі, «Жаңалық» атты мемориалдық кешен жұмыс жасайтынынан хабардармыз. Сондай-ақ оқу орнында өтіп жататын сан алуан тақырыптардағы мәдени кештердің басы-қасында жүретініңізді де білеміз. Таяуда өткен сондай мазмұнды шаралардың бірлі-екісін тілге тиек ете отырсаңыз? – Таяуда «Мемлекеттік тіл – менің тілім» фестивалі, «Қазақтың Қадыры еді» дейтін ақынды еске алу кеші болып өтті. Сондай-ақ көрнекті қоғам қайраткері Д.Қонаевтың 100 жылдығына байланысты ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Осындай басқосулар болашақ дәрігерлердің кәсіби біліміне қоса рухани байлығының толығуына, мәдениетке деген құштарлықты арттыруға көмегін тигізетіні ақиқат. – Елімізге еңбек сіңірген ғалым, офтальмолог-дәрігер, қоғам қайраткері екеніңізді білеміз. Көп жылдар бойы Қазақтың көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында еңбек еттіңіз. – Кіші ғылыми қызметкерліктен басталған еңбек жолым институт директоры лауазымына дейін ұласты ғой. Керемет жүйемен, нәзік те ғаламат есеппен жұмыс істейтін адамның көру мүшесінің патологиясын анықтауға, емдеуге және сауықтыруға қызмет еттім. Қара шаңырақ көз аурулары инс­титутына шетел ғалымдары жиі келетін-ді. Әлемдік озық тәжірибені үйренуге мүмкіндік мол болды. Ғылыми конференциялар жиі ұйымдастырылатын. Мәскеу, Одесса, Ленинград клиникаларымен ұдайы кадр алмасып жататынбыз. Әрине, бастапқыда жұмыс барысында біршама кедергілерге жолықтық. Республика бойынша елді мекендерге жиі-жиі жолға шығушы едік. Пойызбен, автокөліктермен, атпен, арбамен де жүріп отырып шалғай ауылдарға барып, тұрғындардың көздерін тексеретінбіз. Алпысыншы жылдары халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайлары нашар еді. Жылжымалы амбулаториялармен жиі сапар шектік, халыққа офтальмологиялық көмек көрсеттік. Әрине, еңбек еткен жылдарымда мол тәжірибе жинақтадым. Әсіресе мыс қорыту өндірісінде жұмыс істейтін адамдардың көз ауруларының себептерін зерттедім. Глаукома ауруын анықтау және одан зағип болып қалмау әдістерін жетілдірдім. Қазақстанда көз мик­рохирургиясы ұйымдастырылды. Оқу-әдістемелік және ғылыми-өндірістік «Офтальмология» бірлестігі құрылды. 300-ге жуық ғылыми мақалаларым бар. 40-тан астам монографиялық еңбектерім оқулықтарға енді. Елуге жақын автор ретінде тапқан жаңалықтарым жүзеге асуда. 20 ғылым кандидаттары мен докторларын тәрбиелеген жайымыз бар. Әлемге танымал озық ойлы дәрігерлер туралы студенттерге арнап тәрбие сағаттарын көп өткіземіз. Дәрігерлік қызметті адал атқара жүріп, елінің азаттығы, тыныштығы, денсаулығы үшін күрескен азаматтар қаншама? Соларды тану арқылы жастардың көкірегінде сәуле тұтанады емес пе? Аға ұрпақтың жарқын ісіне деген құрмет студенттерді ізетті­лікке, имандылыққа тәрбиелейтіні сөзсіз. Ал медицина ғылымы күн сайын жаңарып, дамып жатады. Еуропалық білімге ықпалдасудың жаңа белестері мен мүмкіндіктері ашылуда. Сондықтан да білім мен ғылымның әлемдік үлгісіне сәйкес келетін медицина кадрларын дайындаудың маңызы зор болып отыр. – Қазақ әдебиетінің алып­тарының бірі, жазушы Ғабиден Мұстафиннің қызы екеніңіздің өзі студенттерге жақсы әсер береді деген ойдамын. Олай болса, өскен ортаңыз туралы мәлімет бере кетсеңіз. – Біз әлем классиктерінің шығармаларын оқып өскен ұрпақпыз. Әкеміз бізге кітап оқуды мұраға қалдырды. Әкемнің «Ана тілін білмейтін адам қолы жоқ шолақ адам» дейтін даналық сөзі бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ деп ойлаймын. Соңғы жылдары өзім қазақ әдебиетін тереңдеп оқуға баса көңіл бөліп келемін. Анамыз Зейне өте кеңпейіл адам болды. Біздер үшеу едік. Қайрат – Қарағандыда, мен Ресейдің Новосібірінде, Майя – Алматыда дүниеге келгенбіз. Ағам Қайрат газет-журналдарда фототілші болып еңбек етіп жүріп өмірден озды. Ағамның Жанат, Айжан дейтін қыздары бүгінде өсіп-өніп, еңбекке араласты. Майя шетел тілдері инс­титутын бітірді. Француз тілінің тілмашы болып қызмет атқарды, қазір еңбек демалысында. Майяның балалары туралы айтсам, Сәуле тарихшы, дизайнер. Тоғжан дейтін қызы Астанада тұрады. Үш немересі Ғабиден, Әлімжан, Арлан өсіп келеді. Мен Молотов атындағы Алматы мед­институтын 1960 жылы бітірдім. Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы, ғалым-энергетик Марат Рамазанұлы Құрманғалиев екеуміз отыз жыл отбасылық өмір сүрдік. Өкінішке орай, есіл ер өмірден озды. Қызым Мәдина жоғары дәрежелі дәрігер. Республикадағы беделді аурухананың көз хирургиясы бөлімін басқарады. Ұлым Аман менеджер-экономист мамандығы бойын­ша жұмыс істейді. Кәрім есімді немерем, Айрис деген жиенім бар. Айрис сөзін қазақшаға аударғанда «нұрлы қабық» деген мағынаны білдіреді екен. Ал нұрлы қабық көз қарашығының бірден-бір айнасы екені баршаға түсінікті ғой. – Әңгімеңізге рақмет. Салтанат ҚАЖЫКЕН

3269 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5822

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5488

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3226

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2612

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2573

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2552

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2285

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2267

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы