• Қоғам
  • 10 Қаңтар, 2013

Әлем таныған Қазақ Елі

Кенесары-555Еліміз жаңарып, қуаты артып, үлкен қиыншылықтарға ұшырамай дамып келеді. Қоғамдағы өзгерістер өте жылдам. Адамның санасындағы жаңашылдық технологияны және қоршаған ортаны мүлдем өзгертіп жіберді. Осындай тарихи уақытта қандай мемлекет болмасын өзінің дамуы мен өмір сүру жолдарын, мүмкіндіктерін және алдағы болашағын анықтап алуға ұмтылады. Қазақстан халқына осы тарихи міндетті шешіп берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы. Биылғы Жолдаудың ең басты ерекшелігі – оның халықты болашақта шешілетін мемлекеттік міндеттерге бетбұрыс жасатуы.Жолдауда халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер көтерілді. Оның бірі – болашақта Қазақстан Республикасы, Қазақстан атауын Қазақ мемлекеті атауы­мен алмастыру. Елбасы қазақ халқының өзекжарды арманы болып келген проблеманы көтерді. Қазақстан Республикасы, Қазақстан атауларының да түп-тамыры қазақ ұлты екендігі, осы жердің тарихи иесі қазақ ұлты екендігі күдік тудырмайды. Бірақта осы атауларда қазақ ұлтының ғасырлар бойы бодан болғандығының белгісі, таңбасы әлі күнге дейін сақталып тұрғандай сезінетінбіз. Қазақстан көпэтникалық, көп халықтар отаны. Бұл елдің тарихи иесі, автохтонды қазақ этносы осы көптің біреуі ғана болатындай саяси психология мен саяси діл қалыптасып кеткен болатын. Кеңес Одағы заманында да Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Қазақстан деп аталатын. Ал Еуразияның бүгінгі Қазақстан тұрған және одан да кең географиялық аймағын мекендеген қазақ ұлтының шығу тегі б.з.д. ІІІ – 1 мың жылдықтардан бастау алып, протоқазақтар – сақ, үйсін, қаңлы, ғұн, сармат тайпаларының бірігуінен, кейінірек ХІV-ХV ғасырларға таман қазақ этносы болып бірегейленгенін де білеміз. Қазақ ұлтының этногенетикалық тегінің қалыптасуы мен нығаюы оның өмір сүру үшін жанкешті күресу үрдісімен қатарласа жүргендігі ақиқат. Қаншама тайпалар, қаншама мемлекеттер, одақтарға кезінде қазақ этносы кірді, олардан шықты, өзін сақтау үшін небір соғыстарды, қилы кезіңді бастан өткерді және аман шығудың мүмкіндігін жасай алды. Осы сансыз күрестер барысында Қазақ Елі, Қазақ хандығы, Қазақ жері деген атаулармен өзінің тарихын жалғастырып келді. Кеңес Одағы кезеңінде Қырғыз-қазақ автономиялық республикасы, одан кейін 1936 жылдан Қазақ Советтік Социалистік Республикасы болып аталды. Бұл атау тәуелсіздік алғанға дейін 1991 жылы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңға дейін елдің ресми атауы болды. Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуы, әлемдік қауымдастыққа танылуы Қазақстан Рес­публикасы деген атаумен жүзеге асты. Тәуелсіздікті енді ғана алып, өтпелі даму кезеңіне түскен Қазақстан үшін Қазақстан Рес­публикасы атауы дұрыс болды. Себебі тәуелсіз дамудың бастапқы кезеңде ел халқының тең жарымынан астамы басқа халықтардың, ұлыстар мен диаспоралардың өкілдері болатын. Ол кезде ел атауын Қазақия немесе Қазақ Республикасы деп атасақ, қазақстандықтардың көпшілігі дұрыс түсінбей, ұлттық мүдделердің кемсітілуі ретінде қабылдаған болар еді. Сондықтан Елбасы бастаған басқарушы элита халық үйренген Қазақстан атауын сақтап, оған қосымша Қазақстан Республикасы деген ресми атауды таңдады. Бұл атау ел халқын топтас­тыратын, сол кездегі этносаяси шындыққа жауап беретін мемлекеттік атау болды. Мемлекеттің Қазақстан Республикасы болуы ел халқын ымыраластырды, яғни автохтонды этноспен тең тұрған басқа халықтардың саяси, этникалық және әлеуметтік-рухани мүдделерін теңестіруді көздеді. Алайда қазіргі кезеңде елдегі ­этноахуал мүлдем өзгеруде. Елдің эволюциялық дамуы біртіндеп қазақ ұлтын сан жағынан да, сапа жағынан да, рухани және саяси ықпал жағынан да бірінші орынға шығарды. Осындай жағдайда қазақ ұлтының тарихи талаптарын, этникалық мұраттары мен құндылықтарын шешу мәселесі бірінші кезекке шықты. Демократиялық қоғам талаптары осыны қалайды. Себебі ел халқының басым көпшілігі қазақтар. Қазақстанда моноұлттық этникалық құрылым қалыптасуда. Осы құрылымға мемлекеттің ресми атауы да сәйкес болуы заман талабына, қоғамдық даму талабына айналды. Қазақстанның Қазақ мемлекетіне айналуы бейбіт эволюциямен, ел халқының келісімімен, демократиялық мемлекет талаптарына сәйкес іске асырылатын маңызды саяси шешім болатыны анық. Қазақ ұлты Қазақстан халқымен бірге өз мемлекетінің ресми атауына ешқандай реніш білдірмей тарихи тағдыр, саяси-әлеуметтік шындықтардың нәтижесі ретінде Қазақстан Республикасы атауын қабылдады. Барлық қазақстандықтар өздерін Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде сезініп бірегейленді. Мемлекетіміздің рухани ­топтасуын нығайта түскен қазақстандық патриотизм сезімі де қалыптаса бастады. Мемлекеттің жеткен жетістіктері де қомақты. Еліміз бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына енуіне 1 ғана саты қалды. Алайда өмір, қоғамдық қатынастар өзгеруі тым жылдам. Бүгінгі шешімдер мен талаптардың ертеңгі күнге жауап беруге қабілетті болатындары көп емес. Қалыптасқан, дамыған мемлекеттердің өздері үнемі жаңаруды, жаңғыруды бастарынан өткізуді қалайды. Олай болмаса қандай қуатты ел болмасын өзгерген қоғам мен жаңа ортаның талаптарына, әлемдік қауіп-қатерлерге жауап бере алмайды. Президенттің биылғы Жолдауы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы осындай өміршеңдіктердің міндеттері мен мұраттарын шешуге бағытталған. Жолдауда алдағы 35-40 жылда елімізде болатын әлеуметтік-этникалық өзгерістерге сай келетін жаңа ұсыныстар күн тәртібіне қойылған. Бұл ұсыныстар сөз жоқ, Қазақстан қоғамының табиғи дамуынан туатын жаңалықтарға сәйкес айтылып отыр. Президент мемлекеттік тілдің дамуымен байланысты ел халқының психологиясында, саяси дүниетанымында болатын өзгерістерді есепке алуға шақырды. Елбасы «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деген ойды айшықтады. Президент Қазақ мемлекеті мәселесін айтқанда елдің этникалық картасындағы өзгерістерді есепке алып отыр. 21 жылда елдегі қазақтардың үлес салмағы 41 пайыздан 65 пайызға өсіп, яғни 24 пайызға артқан. Саны 6,8 миллион адамнан 11 миллион адамға көтерілген. Қысқа ғана мерзімде қазақ ұлтының осыншама өсімі оның тарихында болған емес. Халқымыздың демографиялық жаңғыруы оған тәуелсіздік сыйлаған бақыт. Бұл өсімнің 824 мыңын оралман бауырлар құраса, қалған 3 миллиондайы табиғи өсім. Алдағы 30-35 жылда қазіргі демографиялық ахуал ептеп әлсірегенімен, негізінен сақталады деген болжам бар. Олай болса, 20 жылда елдегі қазақ ұлтының үлес салмағының 65 пайыздан 85 пайызға дейін артатындығы күдік тудырмайды. Шетелдерде шашылып жүрген қандастарымызды елге қайтару жұмыстарын белсенді жүргізсек, қазақтардың үлес салмағы бұл межеден де асып түспек. Демек, алдағы уақытта Қазақстанның этникалық бет бейнесі түбегейлі өзгеріп, ол моноұлттық сипат алатыны анық. Елбасы осы өзгерістерді есептей келе, Қазақстанды Қазақ мемлекеті деп атауды ұсынып отыр. Осымен қатар табиғи, сандық өсім ұлттық тілдің және тарихи сананың жаңғыруымен қос-қабат жүріп отыруы керек. Елбасы алдағы уақытта осыншама өскен қазақ ұлтының өкілдері ана тілін сақтап, түгел дерлік қазақ тілінде сөйлесе, Қазақстанның қазіргі ұлттық бейнесі де жаңа сапалық деңгейге көтеріледі деген ойды айтты. Ел халқының басым көпшілігін құрайтын қазақтар тас түйін болып өзінің мемлекеттік тіліне көшсе, онымен бірге тұратын барлық басқа халықтардың өкілдері де мемлекеттік тілге көшер еді. Қазақ ұлтының бүгінгі тарихи миссиясы осы шараны іске асыру. Барлық қазақ ана тілінде сөйлеп, мемлекеттік тілді қоғамдық қатынастардың барлық саласында пайдалануға енгізуге міндетті. Осылай болғанда Қазақстан Республикасы Қазақ мемлекеті деп аталатын болады. Мәселені дұрыс қою оны дұрыс шешудің бастамасы. Мәселе бүгін өте дұрыс қойылып отыр. Оны шешуге бүкіл қазақ халқы бір кісідей, біртұтас ұжымдай жұмылуы керек. Сонда ғана осы тарихи шараны басқа қазақстандықтар қолдайды. Ал қазақ өз мәселеге немқұрайды қараса, басқа халықтар өкілдері қазақ мәселесін шешіп бере алмайды. Абай ұлағат еткен «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» болатын сыни кезең өз жалғасын ана тілі мәселесінен де тауып отыр. «Ана тілі – ардың ісі» екендігін білмей отырған қазақтар да жеткілікті екендігін білеміз. Осының барлығын есепке ала келе Елбасы өз халқын тәуелсіздік берген тарихи мүмкіндікті толықтай пайдалануға шақырды. Демек, Қазақстанның Қазақ мемлекетіне айналуына сана да, саяси мәдениет те, рухани таңдау да әрбір қазақ азаматының өзгеріске дайын болуына байланысты. Ол дүниетанымдық өзгерістің мән-мағынасы елде қазақ тілінің толыққанды басым тілге айналуында. Қазақ мемлекетінде ақпараттық кеңістік, білім, мәдениет, шаруашылық пен қаржы жүйелері қазақ тілінде толыққанды сөйлейді. Басқа мемлекеттермен қарым-қатынастар сол елдерге және өзімізге ыңғайлы тілдерде жүргізілетін болады. Ашық қоғам азаматтары ретінде қазақтар қазіргі дамыған мемлекеттердің өкілдеріндей өз ана тілімен қатар әлем халықтарының бірнеше тілдерін пайдалана алатын болады. Қазіргі заманның талабы осындай. Ол – мемлекеттік тілдің толыққанды өмір сүруі және оның әлем халықтарының тілдерімен тығыз қарым-қатынаста болуы. Бұл ретте Қазақстан үшін де, Қазақ мемлекеті үшін де ағылшын, орыс, қытай тілдерінің өзіндік маңызы болады. Әлемдік басым тілдерді пайдалана отырып, Қазақстанның өз ішіндегі барлық істерде, шараларда, жүйелерде қазақ тілі негізгі пайдалану құралына айналады. Бұлай болуы үшін, әрине, біршама уақыт керек, мемлекеттік тілді кеңседе, шаруашылықта, білімде, саудада, ақпаратта, т.б. салаларда жұмыс істеудің тұрақты шаралары керек. Әзірше Қазақстанда мемлекеттік тілді енгізуде баяулық бар. Билік аппараттарында отырған орыс тілді элита мен орыс тілді бизнес элитасының санасы мен ниетін өзгерту жолындағы шаралар жеткіліксіз. Көп кешіктірмей Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлер түгелдей, меншік иелігіне қарамай, мекеме басшылары да мемлекеттік тілді білуі керек деген талапты заңдастыратын уақыт келді. Барлық деңгейдегі әкімдер, министрлер, вице-министрлер, мемлекеттік тілді білуі керек деген талапты бүгін енгізсек те толық құқығымыз бар. Себебі ел халқының басым бөлігінің сөйлейтін тілі мемлекеттік тіл. Алдағы уақытта мемлекеттік тілді білуді елдегі барлық мамандық иелеріне міндеттеуді сатылап енгізе бастауды іске асыру қажет. Ең алдымен мектеп мұғалімдері, дәрігерлер, балабақша қызметкерлері, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мемлекеттік тілді білуі міндеттеліп заңдастырылғаны дұрыс. Осылай болғанда ел халқы 2025 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгеретін болады. Халықтың басым көпшілігінің мем­лекеттік тілде сөйлеп, қызмет етуі, өмір сүруі елдегі диаспоралар мен басқа ұлыстар өкілдерінің қазақ тіліне деген көзқарасын мүлдем өзгертеді. Қазақстандағы өзбек, ұйғыр диаспораларының өкілдерінің қазақ тілі арқылы қазақ ұлтына сіңісу үрдісі күшейеді. Славян халықтарының жастары да мемлекеттік тілді меңгеруді күшейте түсуде. Осындай тілдік ахуал жағдайында қазақ халқы өз құшағын басқа ұлттарға кең ашып, оларды өз қатарына неғұрлым көптеп енгізуге мүдделі болғаны дұрыс. Сандық дамудың міндетті түрде сапалық дамуға ұласатынын Елбасы көрегендікпен болжап отырғанын осы Жолдаудан анық байқаймыз. Елдің қуаты мен қаржысы артқан сайын шетелдегі Ота­нын сағынып жүрген қандастарымызды елге оралту шараларын да жылдамдата түсуіміз қажет. Оралмандар мемлекеттік тілдің қуатын арттыра түсетін әлеуметтік фактор екендігі ақиқат. Қазақстанның болашағын мемлекеттік тіл ашып соның нәтижесінде Қазақстан атауы Қазақ мемлекеті атауына айналатын күн алыс емес. Алайда мемлекеттік тілдің толық салтанат құруын Қазақстан Республикасының Қазақ мемлекетіне айналуын қаламайтын күштер елімізде жеткілікті. Ондай топтар Қазақстанның ұлттық келбет пен болмысынан айырылған бейұлтты мемлекет болғанын қалайды. Олар үшін елде мемлекеттік тіл емес, оның орнына орыс пен ағылшын тілдерінің ғана қалғаны қолайлы. Мәдениет пен рухани өмірде Батыстың бұқаралық мәдениетінің үстем болғанын жақсы деп бағалайды. Қазақстан олар үшін ұлттық мазмұннан, ұлттық құндылықтары мен тілінен айырылған, толықтай батыстық қоғам стандарттарына көшкен ел болғаны жақсы. Мұндай әлеуметтік пиғылдың артында әлемдік трансұлттық корпорациялардың саяси-экономикалық мүдделері тұр. Ұлттық сананың жандануынан, ұлттық мүдделердің қорғалуынан әлемдік трансұлттық топтар қорқады. Себебі олардың үшінші дүние халықтарын тонауына, басқа елдердің шикізаттарын соруына ұлттық мүдделердің қорғалуы ғана бөгет бола алады. Ал ұлттық мүдделер мен ұлттық сананың жандануы, батыл өмір сүруі ұлттық тілден басталатыны белгілі. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында қазақ тілінің болашағына ерекше мән берілуі оның ұлттық өмірдің барлық бағыттарын жандандыратын функционалдық қызметіне байланысты. Қазақстанда басым державалардың мүдделері тоғысуда. Ресей, Қытай, АҚШ, Еуроодақ, Ислам елдері әрқайсысы Қазақстанды өзінің саяси-экономикалық ықпал аумағында ұстағысы келеді. Қазіргі Қазақстанның рухани-ақпараттық және шаруашылық кеңістігінде бұрыннан келе жатқан Ресей Федерациясының ықпалы басым. Қазақтың саяси және бизнес элитасының қомақты бөлшегі Ресейге бүйрегі бұрып тұратыны жасырын емес. Міне, өкінішке орай, осы билігі, байлығы және білімі бар ықпалды топ өкілдері мемлекеттік тіл мен қазақтың этникалық құндылықтарының Қазақстанда толықтай басым болуына мүдделік танытып отырған жоқ. Олар мемлекеттік тілдің толыққанды дамуына көптеген бөгеттер де жасап отыр. Маргиналданған, дүбәраланған топтар қазақтың қандай да болмасын ұлттық құндылықтарын қолдамайды. Осы саяси топтар кейінгі жылдарда қазақ ұлты мен қазақ тілінің жаңаша дамуына бөгет болатын «қазақстандық ұлт» идеясын уағыздаумен болды. Қазақстандық ұлттың ішінде қазақ ұлты көптің бірі болуға тиісті еді. Қазақ балабақшаларын, мектептері мен жоғары білімін дамытуды ұлттық эгоизм ретінде бағалап, орыс тілін жақтаушылар өршеленді. Мемлекеттік тілді дамыту саясаты басқа ұлттық тілдердің жарасымды, үйлескен дамуын қалайтынын көрмеуге тырысты. БАҚ-тағы орыс ақпараттық кеңістігінің басым болуын қуаттаушылар да белсенділік танытты. Маргиналдар қазақтың ұлттық мүдделерін қайтсе де тұншықтыруды, өрістетпеуді қалайды. Осы мақсатта олардың істеп жатқан әрекеттері өте жымысқы. Қайтсек қазақтың ұлттық санасын өсірмейміз дейтін әрекеттер мен тәсілдер байқалып қалады. Қазақтың өскенін, өркендегенін, қуатты күшке айналғандығын қаламайтындар өз ойларына, қара ниеттеріне қамалып қалатындығы ақиқат. Алла қолдаған қазақ ұлты барлық қиыншылықтарды жеңіп, өркениеттің әлемдік жолына шықты. Қазақстан Республикасының Қазақ мемлекеті болатын күні де алыс емес.

Сайын Борбасов, саяси ғылымдардың докторы, профессор, ҚазҰАУ-дың О.Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбие беру институтының директоры

22460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5666

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5393

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3134

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2522

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2481

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2459

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2192

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2177

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы