• Тіл
  • 10 Қаңтар, 2013

Намысыңды қамшыла

111Қазір қоғамда «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы талқылану үстінде. Жолдауда еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік өміріне қатысты көп мәселелер қамтылған. Біз олардың ішінде қазақ тілі – мемлекеттік тіл жайына байланысты айтылған тұжырымдарға назар аударып көрелік. Сөзіміздің басында мынаны атап көрсеткен дұрыс. Мемлекет қазақ тілінің қоғамдағы орнын жақсы біледі. Бұған дәлел Жолдаудағы мына сөздер: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «ең басты құндылығымыз – туған тіліміз», «тілге деген көзқарас – елге деген көзқарас».Тіліміз жөнінде осыдан артық айту мүмкін бе? Әрине, әсірелеп, көркемдеп бұдан да керемет етіп әспеттеуге болар. Бірақ негізгі ой, басты түсінік осы емес пе? Демек, мемлекеттің қазақ тілі жөніндегі көзқарасы дұрыс. Ал енді қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілу үшін, жаппай қолданыс тіліне айналу үшін не істелу керек? Осы жерде Жолдаудағы мына сөздермен келіспеске шарамыз жоқ. «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бас­тауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін». Расында да қазақ тілі ең алдымен қазаққа қажет. Басқаларға, мәселен, орысқа, неміске, қытайға... қазақ тілінің керегі шамалы. Тоқетерін айтқанда, керегі де жоқ. Әр ұлт, әр халық өз тілінің көгеріп, өркен жайғанын қалайды. Өйткені тіл жай ұсақ-түйек нәрсе емес. Тіл болса ғана ұлт, халық, ел, мемлекет болады.

Тіл болмаса ше? Онда құлдық өмір кешесің. Шамалы уақыт қазақ боларсың. Бара-бара ұлтың орыс не қытай... Солай болып кетуден сақтасы! Тілінен айрылған Сібір халықтарын көріп отырған жоқпыз ба? Аянышты-ақ. Аты-жөндеріне дейін орысқа айналып кеткен. Оларға жеке ел, мемлекет болу орындалмас арман болып қала беретін шығар. Бақытсыздық деген сол. Қазақ қазақпен қазақша сөйлемесе – бұл үлкен қасірет. Осылай кете беретін болса мұның аяғы жақсылыққа апармайды. Егер қазіргі күні «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөз айтылып жатса, онда бізде әлі де болса ұлттық сананың өз деңгейінде болмағандығы. Саналы, намысшыл, аршыл қазақ өз топырағында, өз жерінде жүріп басқа тілде өмір сүрмейді. Өз тілінде ғұмыр кешеді. Тіл де Құдайдың пендесіне берген сыйы, несібесі. Ал Жаратқанның дегеніне көнбей, оған қарсылық көрсетіп, кеудесінен ары итерсе, ондайлардың көсегелері көгеріп кетуі қиын. Сондықтан ұлттық идеологиямыз күшті болу керек. Батысқа еліктегішпіз. Олардан нені алып, нені алмау керектігін ажырата алмай жатамыз. Ата-бабаларымыздың соңдарына қалдырған өсиет-нақылдарын ұрпақ бойы­на сіңіре алмай жүрміз. «Ағаң келсе – ардақтап атын байлағандай, қонағың келсе – құрметтеп жайлағандай тындырымды ісің болғанға не жетсін» (Әйтеке би), «Атадан ұл туса игі – ата жолын қуса игі, өзіне келер ұятты өзі біліп тұрса игі» (Төле би), «Өркенің өссін десең кекшіл болма – кесапаты тиер. Өзгеге қиянат жасар өршіл болма – қанатың күйер. Басына іс түскен пендеге күлме – қайғысы көшер, жанашыры жоққа жәрдемші бол – абыройың өсер. Бүгін сағы сынды деп жақсыларды басынба, қиын-қыстау күн туса сол табылар қасыңнан» (Қазыбек би) деген сөздер қандай ғажап! Тұнып тұрған ақыл, тұнып тұрған даналық. Бабаларымыздың осы айтқандары әйгілетіп насихаттайтын Батыс философтарының пәлсапасынан несі кем? Қайта оларыңды он орап кетер. Үлкенге құрметіміз бөлек еді. Қыз бала тәрбиесіне баса мән беретін ел едік. Осы ерекшеліктірімізге сызат түсіріп алып жүрген секілдіміз. Мұның барлығы ұлттық тәрбиеміздің кемшілігінен. Ұлттық тәрбие ұлт тілі арқылы берілетіні белгілі. Демек, ұлт тілі – қазақ тілінің еңсесі түспей, кеудесін асқақ ұстауы, өмірде қолданыс табуы сол тілдің иесі, тірегі, бірден-бір жанашыры – қазақтың өзіне тікелей байланысты. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Заң жүзінде осылай бекітілді. Олай болса тіл тағдыры мемлекетке де байланысты. Мемлекетке де жауапкершілік жүктеледі. Сөз жоқ, бұл бағытта мемлекеттің атқарып жатқан оң істері баршылық. Ең үлкен табыс – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғандығы. Бұл күнде мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Алайда тіл мәселесіне қатысты мемлекеттің атқарар жұмыстары шаш етектен. Бұл жөнінде Жолдауда да айтылады. «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз», «Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз» деген сөздер осыны аңғартады. Мемлекет осылай дегенде, алдымен 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңына» өзгертулер енгізуді қолға алса жөн болар еді. Осы Заңда қазақ тілінен орыс тілі де бір елі қалмай, көп артықшылықтарға ие болып тұр. Басқасына тоқталмай-ақ қоялық, Заңның бесінші бабындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөздер орыс тілінің де құқы мемлекеттік тіл дәрежесінде екендігін соқырға таяқ ұстатқандай байқатып тұр емес пе? Осылай жазылғаннан кейін біз қалай орысшаға емешесі құрып тұрғандарды қазақ тілінде сөйлеуге бет бұрғыза аламыз? Қазір жұрт сауатты. «Біз Заңда қалай жазылған, солай өмір сүріп жатырмыз» десе не дейміз? Оған бірдеңе деп жауап қайтару да қиын. Өйткені уәж орынды. Енді аталған Заңнан басқа да мысалдар келтірейік: «Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады, қажет болған жағдайда... оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін» (9-бап), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесінде, ұйымдарында, меншік нысанына қарамастан, статистикалық – есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргізу мемлекеттік тілде және орыс тілінде қамтамасыз етіледі» (10-бап), «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, сондай-ақ әскери және әскерилендірілген құрамалардың барлық түрінде, мемлекеттік бақылау мен қадағалау, азаматтарды құқықтық қорғау ұйымдарында және құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілдің және орыс тілінің қолданылуы қамтамасыз етіледі» (12-бап), ... осылай жалғаса береді. Көрдіңіз бе, мемлекеттік тіл жүрген жерде орыс тілі де қабаттасып қалмай келеді. Мына бапқа зер салайық: «Мемлекеттік ұйымдардың, олардың құрылымдық бөлімшелерінің атаулары мемлекеттік тілде және орыс тілінде беріледі» (19-бап). Осы талапты өзгертетін-ақ кез келді. Астана қаласынан белгілі, мұндағы бірқатар министрліктердің, мемлекеттік мекемелердің атаулары бір ғана тілде – мемлекеттік тілде жазылған. Ешқандай ерсілігі жоқ, халықтың бәріне түсінікті. Осылай болу керек-ақ. Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, облыс, қала, аудан әкімдіктерінің, мәслихаттарының атаулары қосарланып екі тілде жазылады. Бір тілде жазылса да адамдар соларды адаспай тауып алар еді. Оларды айтпағанда мекемелердің, кәсіпорындардың атауларын бір ғана тілде – мемлекеттік тілде жазатын уақыт келді емес пе? Қоғамдық көліктердегі хабарландырулар, жолаушыларға берілетін билеттердің мәтіндері... бір тілде – мемлекеттік тілде айтылып, жазылып жатса, осыны заң жүзінде бекітіп алсақ несі айып? Кім бұған шамдануы мүмкін. Жалпы, мемлекеттік тіл өз елінде, өз жерінде үстем болуы тиіс. Мәселен, мемлекеттік мекемеде ісқағаздары мемлекеттік тілде әзірленіп, жиналыс-жиындар мемлекеттік тілде өтетін болса. Мұның қандай өрескелдігі бар? Мемлекеттік қызметшіні алайық. Қызметкер мемлекеттік қызметші деген мәртебеге ие болды ма? Ол міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі тиіс. Әйтпесе, аулақ жүрсін. Міне, осындай жағдайларда ғана мемлекеттік тілдің ерекшелігі, артықшылығы білінеді. Осындай жағдайларда ғана жұртшылықтың қазақ тілін үйреніп, меңгеруге деген ынта-ықыластары артады. Үлгі-өнегені ең алдымен халыққа жөн-жоба, бағыт-бағдар беріп отырған Үкіметтің, Парламенттің өзі көрсеткені абзал. Мемлекеттің тілді білмейтін адамның Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты не министрі болуына моральдық хақысы жоқ. Ондай жоғары қызметтерді елшіл, мемлекетшіл азаматтардың атқарғаны жөн. Елшілдік, мемлекетшілдік ұлтты сүюден, ұлттың тілін, ұлттық қасиеттерді қастер тұтудан, құрметтеуден басталса керек. Осындай отандастарымызға ғана мемлекеттік маңызы зор қызметтердің тізгінін сеніп тапсыруға болар. Бәрі де Тіл туралы Заңнан шығып жатыр ғой. Осы заңдағы 6-бап «Мемлекеттің тіл жөніндегі қамқорлығы» деп аталады. Бапта мынандай жолдар бар: «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жөнінде қамқорлық жасайды». Біздіңше осындағы «дамыту үшін» деген артықтау. Мысалы, орыс тілін Ресейден артық дамыта алмайтынымыз анық. Қытай тілін Қытайдағыдай... Көтере алмайтын шоқпарды белімізге қыстыруға ұмтылатынымыз несі? Тілді оқытып-үйретуге жағдай жасасақ та мұның өзі аз қамқорлық емес қой. Бір сөзбен айтқанда, 1997 жылы қабылданған Тіл туралы Заңға көптеген өзгерістер, толықтырулар қажет-ақ. Одан бері де он алты жылға жуық уақыт өтті. Көп нәрсе өзгерді. Тіпті 2030 жылға дейінгі қабылданған Стратегиялық бағдарламамызды да мезгілінен бұрын, қазірдің өзінде орындап отырған жоқпыз ба? Уақыт жүйрік деген осы. Соңғы қабылданған Тіл туралы Заңдағы бүгінгі уақыттың талаптарына сай келмейтін тұжырымдардан кейін «Мемлекеттік тіл туралы заң қажет» деген қоғамдық пікірдің айтылуы да тегіннен-тегін емес. Жолдаудан нені аңғардық? Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде қазақтың өзіне де, мемлекетке де жүктелер жауапкершілік зор. Екіжақтап – қазақтың өзі әрі мемлекет болып, жұмыла, табандылықпен кіріссек тіліміздің тұғырында нық тұрарына еш күмән жоқ. Ел болуымыз да түптің түбінде ана тіліміздің жай-күйіне байланысты болып тұр ғой. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деп ашығын айтты. Ендеше, намысқа қамшы басалық.

Нұрперзент Домбай

6305 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5670

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5395

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3136

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2524

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2483

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2461

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2194

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2179

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы