• Ақпарат
  • 10 Қаңтар, 2013

Рухты оятқан «қазақ»

Адамзат баласы қаласын мейлі қаламасын, жүзжылдықтар алмасуында, ғасырлар тоғысында соншама онжылдықтарда пісіп-жетілген, кемеріне толған оқиға-құбылыстардың сел-тасқынына душар болмақ. Бірі ғаламат зардабымен мәңгі тарих шежіресіне жазылар, бірі тіршілік дамуында естен кетпес секіріс қарқынымен, өзгеріс дүмпуімен дүние көшін алға сүйрер, қалай десек те, замана-уақыт өз сөзін айтпақ. Әрине, сол сәтте туған халқың, атажұртың көштен қалмай, көпке ілесіп келе жатса...

1904 ЖЫЛЫ дүниеден қазақтың қайталанбас қара шалдарының бірі һәм бірегейі ұлы Абай өтті. Сол тұста философ-ақынның аты мен даңқы озбыр орыстың бес аймақ-губернаторлығына қарайтын кигіз туырлықты қазақ жұртының тек шығыс облыстарына, өз төңірегіне ғана белгілі-тұғын. Бір шүкіршілігі, сол тұста Алаштың сөзін ұстап, көсем шығуға ұмтылған асыл текті Әлихандардың ақыл-кеңесімен Абайдың тағдыр кермесінен аман қалған ұрпақтары әке-ата мұраcын уақыт суытпай жинап-теріп, хатқа түсіріп үлгерді. Он тоғызыншы ғасырдың соңғы 50-60 жыл бедерінде қырда туғанымен қала-дуанда тұратын, басқа қалпақ, үстіне сюртук киген «қазақ оқығандары» атты саяси-әлеуметтік топ пайда болды. Олардың кейбірі интернатта оқып, тілмәш болған, халық үстінен күн көріп, нанын айырған аға буын «оқығандарға» ұқсамады және ұқсағысы да келмеді. Өйткені мешеу Ресейдің өзінде саяси қазан бұрқ-сарқ қайнап, ақпарат тасқы­ны белең ала бастап еді. Ілім-ғылымның кілті мен мәдениет-өнердің қаймағы Омбы мен Орынбордан, тіптен Мәскеу мен Петербордан да әріде, Еуропа елдерінде, замананың зырылдауық тегершігі іргеге қондырмаса да біршама жақындатқан Пруссия мен Аустрия, Франция мен Британия сияқты заманауи алпауыт «ақпатшалар» да барлығын ұққан, дара билікке ұмтылған кәнігі саясаткерлер, қағаз-қаламды қару мен кәсіп қылған жаңа буын қалыптаса бастады. Олар мал жиып, Қарабай болғысы келмеді, жұмыс бер, қызмет қылам деп, ояз-жандаралды да жағаламады. Ұлт жұмысы, жұрт намысы дегенді түсіне қоятын елі болмаса да, көп үстінен есеп айырып, енші-үлес бөліспесе де алтыбақан Алты Алашты ұйыстырам, өзім соған ұйытқы болам деп, ұйқы-күлкіден айырылды. Қазақтың ұзын-ырға тарихындағы хан мен сұлтан, батыр мен ер, би мен қазы сияқты сахара сахнасына қоғамдық қажеттіліктің өтеуіндей халқына қалтқысыз қызмет етпек ниеттегі «оқыған-тоқығандар», «оқыған азаматтар» ұлан-ғайыр да бүйрек-бүйрек бөлшектенген Ұлы Дала төсінің әр қиырынан тасқа шыққан шынардай шыңдалып шықты.

Заманында таңды талпыныс-арманмен атырып, түнді үкілі үміт-күдікпен батырған, бүгіндері баршамыз «Алаш арыстары» деп асқақтатқан асылдарымыз туралы сонау бір ауызға қақпақ қойылған заманның өзінде ұлы Мұхтар Әуезов: «Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, тәуір күндерінің бірі деп саналады» деп аһ ұра күрсінген еді... 1905 ЖЫЛ, МАУСЫМ АЙЫ. Қазақ оқығандары Қоянды жәрмеңкесінде базаршы көпке үгіт-насихат айтып, Ресей империясының Министрлер комитетінің төрағасына жазылған петицияға 13 мыңға жуық қыр қазағының қолын қойғызды. Отарлық езгіге түскен Дала өлкесі қазағының мұң-мұқтажы 11 баптан тұратын бұл үшбу «Қарқаралы петициясы» аталып кеткен тарихи талап-өтініште толық қамтылды деуге болады: «1. ...Ввиду изложенного необходимы: Свобода совести, организация особого для киргиз (бұл атауды «қазақ» деп оқып-түсіну қажеттігін көзі қарақты оқырман білеріне күмән жоқ. – Ғ.Ә.) Степного края выборнного духовного управления независимо от ведомств, установление явочного порядка постройки школ и мечетей и отмена цензуры на духовные книги на киргизском, татарском и арабском языках, передача метрических записи в органы духовного управления и установление законного порядка выдачи заграничных паспортов. 2. ...Ввиду изложенного необходима правильная постановка просветительного дела в киргизской степи, для чего нужны: Допущение в аульных школах преподования киргизской грамоты, преподавание в этих школах на языке детей и обязательное изучение государственного языка, восстановление упраздненных интернатов и пансиона при Омской гимназии, а также открытие пансиона для киргизских детей при Семипалатинской гимназии, увеличение числа существующих стипендий для поступления в профессиональные школы и высшие учебные заведения. 3. Для выяснения текущих нужд киргизского народа необходимо издание газет на киргизском языке, для чего требуется установление явочного порядка на издание газет без предварительной цензуры и на открытие типографии. 4. За последние 15 лет происходит колонизация Степного края. С каждым годом земли, находящегося в пользовании киргизов уменьшаются. Скотоводческое хозяйство по существу своему не может быть экстенсивным и требует обширных пастбищ для своего существования. Под переселенческие участки отнимаются лучшие угодья и пресноводное источники, поэтому необходимо признать земли, занимаемые киргизами, их собственностью. ...7. В волостных канцеляриях делопроизводство ведется на русском языке. Вследствие отсутствия контроля со стороны населения, последнее служит предметом эксплуатации писаря волостного управителя (волостного старшины). По особому распоряжению Степного генерал-губернатора приговоры и решения на чрезвычайных съездах народных судей пишутся на русском языке, что ведет к необычайную злоупотреблению писаря, вследствие отсутствия контроля судей и сторон. По штату действующего Степного положения полагаются переводчики киргизского языка в уездах и областях правления. Между тем, местная администрация должность переводчика замещает русскими чиновниками, не знающими киргизской грамоты, иногда языка, прибегая в случае надобности к услугам третьих лиц. Иные крестьянские начальники не принимают прошения на киргизском языке, что заставляет киргиз обращаться к подпольном адвокатам без всякой пользы своего дела. В интересах киргиз необходимы: Введение делопроизводство в волостных канцеляриях и в народных судах на киргизском языке, замещение должности переводчиков людьми, знающими киргизский язык и грамоту, восстановление нарушенных прав киргиз подавать прошения на своем родном языке. 8. Необходимым условием правильного отправления правосудия является знания судом языка народа, которому он служит. Между тем, в киргизской степи служат судьями и следователями русские, не знающие язык народа, а киргизы-юристы почему-то не назначаются в уезды с киргизским населением, отчего страдает дело правосудия в Степном крае. Поэтому необходимо, чтоб судьи знали киргизский язык и чтобы был введен суд присяжных в киргизской степи. ...10. На основании 17 ст. Степного положения Степной генерал-губернатор имеет право высылать киргиз в административном порядке. Так как от применения означенной статьи пострадала масса невинных лиц, то в интересах законности и права необходима отмена этой статьи с установлением законной ответственности за преступление перед судом. 11. Высочайшим Рескриптом 18 февраля текущего года царь наш с высоты Престола возвестил, что он созывает «достойнейших доверием народа облеченных людей» в русское законодательное собрание. Для защиты интересов и прав киргизского народа необходимо участие его депутатов в означенном законодательном собрании. Подлинная за подписями 12767 лиц». Иә, мұндай ауызбіршілік пен ұйымшылдықты, өзіне тиесілі заңды құқықты талап етіп, жұлынды-жұлынды мәселе көтерудегі нақтылық пен сауаттылықты қыр қазағынан жергілікті һәм жоғары билік иелері тіптен де күтпеп еді. Петицияның астана Петерборға жеткізілуі мен түсіндірілуі, артынша жүргізілген тергеуі мен тексерілуі, пайдасы мен зарар-зардабының өзі бір түйеге жүк, сондықтан тек тұжыра айтпағымыз: Бұл Махамбеттің жалаң қылышы не Мұраттың зар заманының ащы айқайы емес еді, Сырымның сырлы соғысы мен Кене ханның қанды жорығына да ұқсамайтын өзгеше бір аттаныс, баскөтеру, басбіріктіру-тұғын. Бұл көзі ашық, заң-законға жетік оқыған азаматтардың, ұлтын мәдени даму өріне сүйреген ағартушы гуманистердің, бай мен кедейді, бар мен жоқты тең көрген халықшылдардың, тіл мен дінді шырылдай қорғаған милләтшілдердің, конституциялық-демократиялық өзгерістерді аңсаған барша либерал күрескерлердің запыран-зары-тұғын. Бұл кешікпей Ресей империясын астан-кестен еткен, әлем біліп-көрмеген жаңа қоғамдық-саяси формация туғызған, жойқын төңкеріс-революциялар қарсаңындағы талай ұрпағы үйкүшік боп, аламандығын түгескен, аттан түскен қарусыз, қамсыз қыр қазағының қайтадан атқа қонбасқа амалы қалмаған бір алмағайып кезі еді... 1905 ЖЫЛ, ТАМЫЗ АЙЫ. «Халықтар түрмесі» атанған Ресей империясында ғасырлар бойы тоқтаусыз жүргізілген небір жауыз да жымысқы рухани отаршылдыққа төтеп беріп, өзіндік бет-бейнесін сақтап қалған бірден-бір ұлт – милләт болса, ол – татар-ноғайлар (қазақ ол жылдарда татар жұртын «ноғай» деп ныпсылайтын. – Ә.Ғ.). Рухы биік, діні берік, намысы жоғары бауырлас жұрт діні мен тілін шырылдай қорғап, мәдени һәм саяси тұрғыдан түркі-мұсылман жұртына көшбасшы, үлгі-өнеге тұтар шамшырақ қана болып қойған жоқ, әсіресе башқұрт, қазақ сияқты көшпелі тұрмыс-тіршілігінен қол үзбеген, капитал-қордан жұрдай қандастарына қомақты қаражат талап етілетін тың істердің бәрінде – молда ұстап, мектеп ашу, жоғары білім алу, кітап шығару, газет-журнал бастыру, ең ақыры депутаттыққа сайлануға кепіл болу сияқты рухани-діни шараларға сауапты демеушілік жасап, қалтасындағы соңғы теңгелерімен бөлісті. Оң қолымызды кеудеге қойып, ақиқатқа жүгінсек, бүгінгі Алашты аузынан тастамайтын ағайын ондаған, тіптен жүздеген татар милләтшілдерінің, діни қайраткерлерінің, түркі бірлігі жолынан таймаған ағартушы-күрескерлерінің есімі мен ерлікке пара-пар көшелі көсемдік істерін ауыздан тастамай, ұрпақтан-ұрпаққа мирас қылып отырса қандай оңды болар еді дегің келеді. Сондай асыл тұлғаның бірі – діни һәм саяси қайраткер, жазушы, көсемсөзші, баспагер, сүйегі қияндағы жапонның Токио қаласында қалған Абдрашид Ибрагимов (1857-1944) болатын. Сөз арасында оның жас кезінде Көкшетау қаласында, Ақмола облысында бала оқытқанын, өзінің Петерборда шығарып тұрған «Үлфәт» газетіне қосымша ретінде қазақ ғалымдары таба алмай жүрген «Серке» газетін шығармақ болғанын айта кеткен жөн. Алғашында осы А.Ибрагимов бастамашы болып, оны Қырымдағы И.Гаспринский, әзірбайжан Ә.Топчибаев, татар Ю.Акчурин, қазақ С.Жантөриндер жамыраса қолдап, бүкілресейлік мұсылмандар съезін өткізуге қол жеткізеді. Нижний Новгород қаласына Ресейдің барша аймақ-өлкелерінен жиналған түркі-мұсылман делегаттар жасырын түрде 15 тамызда «Густав Струбе» пароходының үстінде басқосып, бір жағадан бас шығарып, «Мұсылмандар одағын» («Иттифак әл-муслимин») құрады. Күллі түркі-мұсылманның ту ұстары Исмайыл Гаспралы төрағалық еткен бұл басқосуда Әли Топчибаев көптің көкейінде жүрген, өзінің бағдарламалық тарихи сөзін жария етеді: «Ей, мұсылман үмбеттері, қандас бауырлар, бүгін мен сондай бақыттымын. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл күн менің есімде мәңгілік қалады. Бұл күн күндердің күнінде күллі Ресей мұсылмандарының мерекесі болып аталып өтеріне сөз жоқ... Біз – бір тайпа-тармақтан, бір түп-тамырдан, бір діннен тараған түркінің ұрпақтарымыз. Біздің бабаларымыздың жері Мағырибтан Машриққа дейін созылып жатыр. Ата-бабаларымыз ержүрек те өр кеуделі еді... Бүгінде Қап тауларында, Қырым бауларында, Қазан даласында, біздің тарихи Отанымызда, өз туған топырағымызда бар құқымыздан айырылып отырмыз... Аллаға мың шүкір, қысым мен қуғынға қарамастан, бүгін біз тұнық судың үстінде бір-бірімізге жүрегімізді айқара ашып, бір-бірімізбен құшақтаса амандасып, бір-бірімізді көруге мүмкіндік алдық. Егер бүгін су үстінде сөз айтуға мүмкіндік алсақ, болашақта жұлдыздар арасынан орын тауып, мерекемізді сол жерде жалғастыратынымызға сеніміміз мол...» деп баяндамасын жалынды бастаған ол империя қол астындағы мұсылман жұртының хал-ахуалына, діни және құқықтық бостандығына, саяси-экономикалық және мәдени-ұлттық мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Бірге қимылдауға шақырып, әсіресе империя астанасында тұрақты жұмыс тобын құруды кідіртуге болмайтындығы айтылды. Аталмыш одақтың ІІ съезі 1906 жылдың қаңтарында Петерборда, ІІІ съезд осы жылдың тамызында тағы да Нижний Новгород қаласында өтті. Оның үшеуіне де С.Жантөрин мен Ш.Қосшығұлұлылар қатысып, Одақтың басшылық құрамына сайланды. У.Танашев, М.Оразаев, Ж.Алдоңғаровтардың да аталмыш съездерге қатысқаны, оның қаулы-қарарларын тілектестеріне, қыр қазағына жария еткені белгілі. Съезд Одақтың Орталық комитеті Бақыда (Баку) орнығады және патшалықтағы өзге де ұлттық құрылымдарындай Орынбор, Астрахан, Орал, Ташкент, Семей, Алматы (Верный), Петропавловск сияқты қазақ жұрты жиі қоныстанған өңірлердің басты қалаларында аймақтық (аудандық) бөлімдері болады деген шешім қабылданды. Бұл мұсылман съездеріне ерекше мән беріп, тоқталыңқырап жатқанымыздың өзіндік себебі бар. Кейін 1917 жылы Мәскеуде өткен V съезде күллі мұсылман жұртының жыртысын жыртқан «Ислам Кеңесі» («Шура-и ислам») құрылған болатын. Оның сапында Ж.Досмұхамедұлы, Ж.Ақбаев, У.Танашев, К.Тоғысов, М.Шоқай, Б.Мәмбетов сияқты Алаш қайраткерлері белсенді жұмыстар атқарды. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін түркі-мұсылман зиялыларының ынтымағы, бірлесе атқарған істері, Үлкен Түркістан үшін күрестері, Қоқан автономиясы, Бұқара Республикасы, басмашылардың қантөгіс қарсылық қозғалыстары қазақ жұртшылығына мейлінше аз насихатталып, көбінше біржақты, теріс пиғылда түсіндіріліп келеді... 1905 ЖЫЛ, ЖЕЛТОҚСАН. Алғаш рет алты Алаштың оқыған азаматтары Орал қаласында басқосып, бес қазақ облысының съезін өткізді. Дала өлкесінде тұңғыш партия құрылып, оған «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы» деген ат беріліп, бағдарлама қабылданды. Ж.Сейдалин, Б.Қаратаев, Х.Досмұхамедұлы, Ғ.Бердиев, М.Бақытгереев, Н.Ипмағамбетов сияқты болашақ ел қамын жеген ұлтшыл азаматтардың бұл съездегі белсенділігіне еш күмән болмаса, ал әртүрлі дереккөздерде аттары аталып жүрген Ә.Бөкейхан, Б.Сырттанов, М.Тынышбаев, М.Дулатұлылардың оған қатысқан-қатыспағанын дәлелдеу қажет-ақ. Алаштың бас көсемі Әлекең осы жылы қарашада кадеттің (Ресей конституциялық-демократиялық партиясы, сонымен бірге «Народная свобода» деп те аталады) мүшелігіне өтіп, 1906 жылы оның Орталық комитетінің құрамына енеді. Әрине, ол Дала өлкесінде кадет партиясының бөлімшесін ашуға мүдделі болатын. Біз оның 1917 жылы кадет партиясы қатарынан шыққанын жалаулатамыз да, жалпы қазақ үшін орталықтағы ол партияның қандай пайда келтіргенін айта бермейміз. Ал шындығында қазақ оқығандарының басым көпшілігі кадеттермен сыбайласа жүріп саяси сахнаға шықты, оның бағдарламасына сүйеніп, қазақтың ұлттық мүддесі тұрғысынан нақтылап, күшейтті. Әсіресе барша қазақ жері тек қазақтың меншігі болсын деген бап, талап кадеттердің Орталық комитетінен қолдау таппады. Кадеттер патшалық режімге барынша оппозицияда болса да Ресейдің құрамындағы бұратана халықтарға автономия беруге және діннің мемлекеттен бөлінуіне қарсы-тұғын. Десек те, мозаикадай түрленген Ресей саяси майданындағы оппозициялық партиялардың арасынан барынша халыққа жақын, либерал партия кадеттер болашақ Алаш қайраткерлерінің оң жамбасына келді, онымен бірлесе қимылдау, тәжірибе-тағылым алу өмірлік қажеттілік болды... 1906 ЖЫЛ, СӘУІР, ШІЛДЕ. Ресей І Мемлекеттік Думасында Ә.Бөкейхан, А.Бірімжанов, С.Жантөрин, А.Қалменов, Ш.Қосшығұлұлы, Б.Құлмановтар депутат болды. 1907 жыл, ақпан, маусым. Ресей ІІ Мемлекеттік Думасына Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, М.Тынышбаев, Ш.Қосшығұлұлы, Б.Құлманов, Т.Алдабергенов, Т.Нұрекеновтер депутат болып сайланды. ІІ Мемдума қуып таратылған 3 маусым жарлығына сәйкес енді бұратана халықтардан, соның ішінде қазақтардан да депутат сайланбайтын болды. Бірақ қазақ оқығандары І-ІV Думаның барлығында да «Мұсылмандар одағының» саясатын жүргізген Думаның Мұсылмандар фракциясының жұмысына белсене араласып, қазақтың мұң-мұқтажын биік мінберден көтеруге атсалысты. Депутат Б.Қаратаев тұңғыш рет Дума мінбесінен қазақтың зарын айтып, атажұрттың талан-таражға түскенін, жерден айырылған Алаш жұртының болашағы бұлдыр екенін айдай әлемге паш етті. Осы жылдары болашақ Алаш қайраткерлерінің әрекет-қимылдарын астыртын аңду күшейіп, қылмыстық іс қозғалу көбейді. Бұл Ресейдің атағы жер жарған құпия полициясы мен қылышынан қан тамған жандармериясының қазақ оқығандарын қоғамдық құрылысқа қауіпті жау деп танып, санатқа іліндіргені еді... Ж.Ақбаев 1905 жылдың соңында Семей түрмесіне қамалып, 1908 жылы Омбыға жер аударылуға үкім шығып, кейін Жетісу облысының Қапал қаласына аттандырылды. Ә.Бөкейхан 1906 жылы 3 айға Павлодар түрмесіне, 1908 жылдың басында тағы 3 айға Семей абақтысына жабылды, сол жылы Самара қаласына жер аударылып, 1917 жылға дейін атамекеннен шетте жүрді. Қарқаралы екі класты училищесінің меңгерушісі А.Байтұрсынұлы 1908 жылы Семей түрмесіне жабылып, 8 ай тергеусіз отырды, сот шешімімен 2 жыл қазақ жерінде тұру құқығынан айырылып, 1910 жылы наурызда жер аударылып Орынбор қаласына келді. М.Дулатұлы 1911 жылы ұсталып, Семей түрмесінде 19 ай қамауда жатты... Саяси қысымға қарсылығын білдірген елшілдік ұранды кітаптар жарық көріп, қалың бұқара арасына тарала бастады: Абайдың тұңғыш жинағы (Петербор, 1909) мен А.Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» (Петербор, 1909), М.Дулатұлының «Оян, қазағы» (Үфә, 1909), Ғ.Қараштың «Ойға алған пікірлерім» (Орынбор, 1910), А.Байтұрсынұлының «Масасы» (Орынбор, 1911), т.б. Қазақ даласының әр түкпірінен ұлттық газет-журнал шығарамыз деп талаптанушылар көбейді. Сергелдеңі мол «Серке» (Петербор, 1907) бірден тәркіленіп, шығуына тыйым салынса, «Қазақ газеті» (Тройцк, 1907) өз оралымсыздығынан бір-ақ санын шығарып, жабылып қалды. 1911 ЖЫЛ, «ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІ. Әуелгі 2 саны Бөкейлікте, Хан Ордасында дайындалып, Астарханда басылған, кейін Орал қаласында шығып тұрған бұл жаңа басылым шын мәнінде қазақ тілді газет-журналдардың төлбасы, тұңғыш ұлттық газет болатын. Ал «Қазақ» газеті (1913-1918) – тұңғыш жалпыұлттық басылым. Оның осыдан бір ғасыр бұрын атын «Қазақстан» қоюының өзі тарихи ерлік, қайталанбас факт болып табылады. Бас шығарушы-редакторы Елеусіз Бұйрин деп таңбаланғанымен газеттің идеялық жалаугері әрі бас жазушысы Ғұмар Қараш-тұғын. 1911 жылы 5 саны (наурыз-мамыр, қараша-желтоқсан), 1912 жылы басында 9 саны (қаңтар-мамыр) шыққан газет жылдың екінші жартысында тоқтап қалды. Әзірге 1913 жылы қаңтар және ақпан айларында тағы 2 саны шыққаны белгілі, оларда тоқтау себебі, қоштасу сөздері жазылмаған. Соған қарағанда одан да кейінде дүниеге келген бірді-екілі сандары болуы мүмкін. Бізге белгілісі – осы «Қазақстанның» басында болған азаматтар кейін Орал қаласында Күнбатыс Алашорданың органы есепті «Еркін қазақ» газетін ұйымдастырғаны... Қазақ Даласының басқа өңірлеріне қарағанда, Бөкейлікте жаңа ғасыр басында оқыған азаматтар қарасы анағұрлым мол-тұғын. Сол себепті де алғашқы жалпықазақ басқосуы 1905 жылы Орал қаласында өткізілді. Бірақ өкінішке орай, олардың арасынан Думаға депутат, көпке мәшһүр дінбасы, реформатор ақындар шыққанымен кәсіби саясаткер, көпке көсем болар тұлға әлі туа қоймаған еді. Жалпы «қазақ оқығандары» саяси-идеялық тұрғыдан іштей либерал-демократ «батысшыл» және діни-ағартушылық бағыттағы «түрікшіл» деп бөлінетін сияқты болып көрінетінімен оның аражігі айқындап, бір майданның екі қанатына бөле салу оңай шаруа емес. Әрі оларды бүгінгі күннің биігінен бірден саяси күреске араласпадың, партия, қозғалыс құрмадың, үстем билікке оппозиция болмадың деп жазғыруға тағы да еш құқымыз жоқ. Өйткені қай кезде де үркердей жарқырап көсем шыққан аздың артынан қалың топтың көзсіз еруі үшін, нұсқағанын орындауы үшін соған лайық хал-ахуал пісіп-жетілуі қажеттігін К.Маркс, В.И.Ленин сияқты көтеріліс теоретиктері мен практиктері түбіне жеткізе айтып және айтқандарын орындағандарына да заманымыз куә. Мұны еске алып жатқанымыз, өзімен құрдас «Айқап» журналына, сәл кейіндеу шыққан «Қазаққа» қарағанда «Қазақстанның» шығармашылық та, қаржылық та мүмкіндігі мол-тұғын. Ең бастысы – газетке жазушылардың, авторлардың басы біріге алмаған сияқты, әйтпесе Ғұмар Қараш, Шәңгерей ақын, Ғабдолғазиз Мұсағалиев (өткен ғасырдағы ең өнімді журналист, мұрасы бірнеше том боларына күмән жоқ), Елеусіз Бұйрин, Ахметқали Мамытов (Мәншүк батырдың әкесі), Ишанғали Бейсенұлы және басқалардың қалам-қуаты һәм ұлтшылдығы бір бастарынан артылып, әрқайсысы жеке-жеке басылым шығаруға жарарлық талантты тұлғалар. Басылымның ұраны – «Газетаның асыл мақсұды – кәсіп ету, ғылым үйрену турасында» делінді, сірә, мұндай ағартушылық бағыт қалың оқырманды селт еткізіп, қалың ұйқысынан оятуға шарасыз болды ма екен... Әйтпесе газетке сүйінші ретінде әзірбайжандық татар миллионер генерал З.Такиев 1000 сом, Шәңгерей ақын 500 сом бөлгенін ескерсек, газеттің демеушілерден де кенде болмағандығын көреміз. Көптен қолдау таппай, жазылушысы мардымсыз болғандықтан жабылды делініп келді...Газеттің 1912 жылғы соңғы сандары біршама өткірленіп, саяси сипат ала бастағаны көзге ұрып тұр. Орысшасы барынша азайып, қазақша бөлімінде ел тұрмысына қайшы келетін заң-закондар жобасы талданып, Махамбеттің ұранды өлеңі, тіптен Лена қырғыны, «Титаник» апаты сияқты ақпараттар жарияланды. Сондықтан патшалық темір цензураның қырына ілігіп, қысым көруін де жоққа шығаруға болмайды. Ал сол жылдарғы цензура, кейін бірінші жиһангерлік соғыс кезінде күшіне мінген «военная цензура» тіптен сұмдық-тұғын. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, милләтшіл-ұлтшылдығы мен азаттық аңсарлары кемерінен асып-төгілген ноғай (татар) ағайындардың бір ғасыр бойы бір басылымға зар болғанын айтсақ та жеткілікті. Ұлттық рухани езгіні ерте көріп, ерте есейген ноғай оқығандары 1808 жылдан бастап алғашқы газеталары – «Казанские известияны» екі тілде шығармақшы болып сабылды, бірақ 1810 жылдан ол тек орыс тілінде шығып тұрды. 1834 жылы проф. А.К.Казем-Бек, атақты М.Н.Мусин-Пушкиндер қолдаған «Бахрел-ахбар» («Мол хабар») атты татар газетін шығаруға рұқсат берілмегені өз алдына, оның бастамашылары қуғынға ұшырады. 1863-1895 жылдар аралығында ноғайдың оқығандары ондаған газет-журнал шығаруға («Пайда», «Таң жұлдызы», «Дәптер муждавар» («Жаңалықтар жинағы»), «Жаршы», «Қазан», «Апта», «Чишмя» («Бастау»), «Нұр», т.б. атаулы) пәрмен сұрап, жоғары жақтың есігін тоздырды. Кейбіріне рұқсат алынса да, бірақ жеме-жемге келгенде Баспа ісі жөніндегі бас басқарма «мемлекеттік тілге кедергі келтіреді, ұлттық сепаратизмге бастайды» деп, тіптен кейбіріне ашықтан-ашық «развитие национального духа путем печатного слова ... нельзя признавать полезным в государственном отношении» деп бір-ақ кесіп, тыйым салды. 1903-1904 жылдары «Жұлдыз» (И.Терегулов), «Қазан», «Хуррият», «Таң» газеттерін және «Жұлдыз» (Х.Максудов), «әл-Ғасыр әл-Жәдит» («Жаңа ғасыр») журналдарын шығаруға үзілді-кесілді қарсылық білдірілді. Тіптен өне-бойы монархиялық биліктің жаршысы болып келе жатқан орыс тілді «Казанский телеграф» газетінің жанынан ноғай тілінде қосымша ашуға да рұқсат берілмеді. Керісінше, Қазан қаласында жандармерияның агентурасы күшейтіліп, жаңадан Ерекше цензор бөлімі ашылды, ал Ішкі істер министрлігінің Полиция департаментінің 1900 жылғы 31 желтоқсанындағы Циркуляры бойынша әрбір оқыған ноғай зиялысына арнайы іс-досье ашылып, соңына астыртын тыңшы қойылды. Сол тұста қыр қазағына да талай қыр көрсеткен атышулы Н.И.Ильминский патша шенеуніктеріне ақылы ақыл-кеңесін беріп, құлақтарына сыбырлаудан танбады: «...фанатик без русского образования и языка сравнительно лучше, чем по-русски цивилизованный татарин, а еще хуже аристократ, а еще хуже человек университетского образования». Тіптен шығыстанушы-ғалымдар, ноғай-депутаттар татарша болмаса орысша-татарша газет-журнал халық үшін емес, өкімет пайдасына қызмет етеді деп дәлелдегеннің өзінде, жоғары жақпен келіскен кейбір басылымдарға «газета, не включая в себя ничего противоправительственного, невольно может пробуждать национальное самосознание, даже политические мечтания» деп тыйым салынып отырды. Тарихи факт – тағдыр жазмышы. Бір ғасыр басын тауға да, тасқа да ұрған ноғай оқығандары тұңғыш басылымы, баспасөзінің төлбасы – «әл-Ғасыр әл-Жәдит» («Жаңа ғасыр») журналын қазақтың Орал қаласында жарыққа шығарды. Ноғай ағартушысы К.Мутығи-Тухфатуллин (1883-1941) Петербордағы Баспа істері жөніндегі бас басқармаға 1904 жылдың желтоқсанында өтініш тапсырып, 1905 жылдың маусымында әрең-әрең рұқсат алады, онда журналды 1906 жылдың басынан бастап шығару талап етіледі. Бірақ Ресейдегі толқу-өзгерістер өкіметке 1905 жылдың 14 қарашасында мерзімді басылымдарды шығарудың Уақытша ережесін қабылдауды мәжбүр еткен болатын. Енді алдын ала цензурадан рұқсат алмауға, жеңілдікпен тіркетуге жол ашылды. Қалай болғанда да журналдың кемінде 3 саны Орал қаласында жарық көргені анық, тіптен одан да өмірі ұзақтау болса ғажап емес. Кейбір тарихшыларымыз осы журнал бетінде Оралдағы қазақ оқығандарының басқосуы жазылған деп, қатысушылардың аты-жөнін атап жатады, бірақ дәйектелген цитата-мәтінді көрмедік. Ізденгенге оны табу көп күшке түсер шаруа болмаса керек. Тағы бір төлбасы, тұңғыш газет – «Нұр» 1905 жылы 2 қыркүйекте Петербор қаласында жарық көреді. Астана гарнизонының әскери ахуны шаршап-шалдықпай 15 жыл қуынып жүріп, осы басылымды өз тілінде шығаруға қол жеткізді. Одан соң Қазанда осы жылдың 29 қазанында «Қазан мухбирі» әуелі қос тілде, кешікпей тек ноғай тілінде шыға бастады. Ал рет саны бойынша үшінші газет – «Фикер» («Пікір-ой») тағы да Орал қаласында 27 қарашада, төртіншісі – «Үлфат» («Достық») Петерборда жарық көрді. Бұл ізашар ноғай басылымдары бетінде қазаққа қатысты материалдар, «Серке» газеті, Думадағы мұсылман фракциясы мен қазақ депутациясы, Халел және Жанша Досмұхамедұлдары сынды Алаш қайраткерлерінің жазбалары баршылық деп естиміз, жас мамандардың бірі осыларды індете зерттесе, көп үшін де, өзі үшін де пайдалы олжаларға кезігері сөзсіз... Көзі ашық, көкірегі ояу ноғай оқығандары газет-журналға әбден сусап қалғандары соншалық, 1906 жылы – 16, 1907 жылы – 13 жаңа басылым ашып ұйымдастырды. Одан соңғы жылдарда патша өкіметінің тізгінді қайта тартып, азат ойды тұншықтыруға кіріскені тарихтан белгілі. Десек те жалпақ Ресей империясына жайыла қоныстанған ноғай ағайындардың 1917 жылы 50 атаулы газет-журналы тұрақты шығып тұрды. Олардың арасында балалар («Тәрбияи әтфәл», «Ақ жол»), қыз-келіншектер («Сүйімбике») басылымы, түрлі салалық газет-журналдар: Әдеби, қоғамдық-саяси, діни («әл-Ғалами әл-Ислами», «Дін уа магишат»), педагогикалық («Тәрбие», «Мағариф»), экономикалық («Ихтисад»), сатиралық («Шегіртке», «Жасын») және т.б. тақырыптылары болды. Ең бастысы олардың бәрі түбі бір толайым түркі жұртына ешкімді алаламай қызмет қылды. Ал олардың сапасына келсек, тұрақты шығып тұрған «Жұлдыз» (Қазан), «Еділ» (Астрахан), «Уақыт» (Орынбор) газеттері мен «»Шура» («Кеңес») журналы ноғай және басқа түркі жұртының қоғамдық-саяси өмірінде, ұлттық қайраткерлердің қалыптасуында өшпес іздерін қалдырды. Татар оқығандары, мәселен, «Шура» журналын әлі күнге дейін өздерінің төл тарихи энциклопедиясы деп есептейді. Ғылыми кітапханамызда толығымен сақталып тұрған оның тігінділерін шолып шыққан жанның бұл пікірді құптары сөзсіз. Марқұм жазушы Нұрқасым аға Қазыбек журнал топтамасындағы Алтын Орда хандарына қатысты материалдарды бір қотарып шығып, жақсы жинақ құрастырып еді. Одан өзге оны іздеп жүрген қаламгер, оқымыстыларымызды көре қойғанымыз жоқ... 1911 ЖЫЛ, «АЙҚАП» ЖУРНАЛЫ. Көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман өткен ғасыр басында бес жыл бойы тұңғыш ұлттық журналымыз «Айқапты» Троицк қаласында көрнекті ақын, қарымды журналист Мұқаметжан Сералиннің (1872-1929) шығарып тұрғанынан хабардар. Басылымның ғасырлық тойы кезінде кең көлемді насихатты, дерегі мол зерттеуді, ең бастысы М.Сералиннің шығармаларының көптеп таралуын күткеніміз рас. Оған қоса бірегей әдеби-мәдени жәдігеріміздің мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасынан сырт қалғаны да түсініксіз жайт болды. Кеңес заманының өзінде тыйым салынбай қолжетімді болған, барлық сандары шашаусыз түгел сақталып бүгінге жеткен осы бірегей ескерткішімізді әлі күнге толық, түпнұсқа (факсимельді) күйінде жарыққа шығарып, мұра ретінде бойға сіңіре алмай келе жатқанымыз өткенге деген енжарлығымыздың көрінісі ғана емес, тарихи деректану, филологиялық ғылым-біліміміздің деңгейін де айқындаса керек... Біз қаншама жылдар бойы іздестірсек те бірде-бір қазақ басылымының, баспа мен баспаханасының архивін таба алмай-ақ келеміз. Сол себепті олардың штаттық кестесінің қандай болғандығын, кімдердің шығармашылық және техникалық қара жұмыс атқарғанын, нақты тираждарының сан-мөлшерін тұжырып айта алмай, осыдан жарты ғасыр бұрын проф. Б.Кенжебаев, проф. Х.Бекхожин, қаһарман ғалым апамыз Ү.Сұбханбердиналардың жазып кеткендерінің өрмегін өзгертіп, қайталаудан танбай келеміз. Біздің пайымымызша, «Қазақстанның» да, «Айқаптың» да таралымы ең көп дегенде мыңнан аспаса керек. Әрине, ол кезде 1000 дана деген де қомақты тираж саналатын, өйткені атақты татар газет-журналдарының өзі шауып шыққанда 5 мың, ал жалпыұлттық газет «Қазақ» өзінің шырқау шегінде 3 мың жарым (3000 жазылушы және сатылымға 500 данасы түсті дегенде) дана таралымнан артпады... Бізге бір белгілісі 1913 жылы «Қазақ» газеті: «Осы ағұсты жұлдызының 7-сінде сағат 12-де «Айқап» журналының хатшысы Акрам мырза Ғалимов дүниеден қайтып, 8-інші ағұста Тройскіде зор тәрбиемен жаназасы шығарылды. ...Акрам мырза Ғалимовтың заты ноғай. Ақмола шаһарының мешаны, жасы 22-де еді. Өзі қазақ ішінде туып-өскен һәм көбірек ғұмырын қазақ ішінде молдалыққа тұрып өткізгендіктен қазақ тілін таза, бір қазақ баласынан артық білмесе, кем білмеуші еді. Ғылымын Тройскідегі медресе «Расуеде» алған. Ноғайша һәм қазақша жазған бірталай өлеңдері бар, өз атының орнына көбінесе «Шала татар», «Қараторы жігіт» деп қол қоюшы еді. Қазақша «Жастық жемістері» деген өлең кітабы бар. Жұрт білімдар, қолынан іс келетін адамдарға өте мұқтаж бір заманда Акрам мырзаның арамыздан жоғалуы ұлт үшін зор қайғы», – деп жазады. «Тройскіге келгеніне жыл да толған жоқ» дегеніне қарағанда «Айқапта» да көп істей қоймаған сияқты. Сонымен бірге «Қазақ» осы жылғы желтоқсанның 22-сіндегі санында: «Айқап» журналының басқарушысы Мұхамеджан мырза Сералин сүзек ауруына ұшырап, төсек тартып жатып қалды. Сол себепті ... «Айқап» журналы уақытша тоқтап тұрады» деген хабарлама басып, редакция өз атынан: «Ұлтқа қызмет ету жолындағы жолдасымыз Мұхаметжан мырзаның тезірек саламаттанып іске кірісіп, журналын ілгері бастыруына тілектеспіз» деп түйіндейді. «Қазақ» газеті әдеттегідей алғашқы сандарында өздерінің тұсаукесеріне байланысты арнау, құттықтауларды көптеп жариялады. Солардың қай-қайсысында да «Қазақтан» екі көйлек бұрын тоздырған «Айқап» атаусыз қалған емес. Мәселен, 4-ші санда журналдың қызметкері Сұлтанмахмұт Торайғыров Тройцкіден сәлем жолдайды: «Қараңғы тұман түнде еді/Қара қазақ баласы./Бір жағынан «Ай» туып,/Бір жағынан «Күн» туып,/Жарық көрді Алашы». Әрине, «Қазақтың» тұсауы кесіліп, екпіні күннен-күнге үдеген ­сайын «Айқап» жабылып қала ма деген күдік те тумай қоймады. Ондай көңіл күйдің көрінісі елде жатқан Шаһкәрім ақсақалдың мына бір уайым-хатынан жинақы көрінеді: «Білімсіз ел жас бала сияқты. Бір жаңа нәрсе көрінсе бұрынғыны тастап, соған ұмтылмақшы. Біздің қазақ «Қазақ» газетасы шыққан соң «Айқап» журналын тастап кете ме деп күдік көремін. Тәмам қырғыз һәм қазаққа бір журнал, бір газета көптік қылмас. Екеуін де алу керек! Тағы бір сөзім: Осы бір газета, бір журналымызды үлкейтеміз, көбейтеміз демей, қолдағы бар екеуін көп кісі алып оқуға тырыссақ болар. Осыдан артықты көтерер шамамыз жоқ қой әзір деп ойлаймыз. Оқушымыз бен байлығымыз белгілі ғой!..» («Қазақ», 1913, №18, 16 июнь). Жылдық жазылым бағасы 3 сом («Қазақ» аптасына 2 рет шыққанда оны 4 сомға көтерді) болған қос басылым нөмір сайын «қазағым, қасқыр тартып кететін, болмаса қонаққа соятын бір тоқтыңды қи» деп жалына беруі ол кезде де, бүгінгі күн биігінен де ойланарлық-ақ мәселе, қарындас ноғай бауырлардың белсенділігімен салыстырғанда намысқа да тимей қоймайды. Бас жазушы Ахаң – А.Байтұрсынұлы 1915 жылғы беташар бас мақаласында: «Газета алғашқы шыққан жылы алушылар 3 мыңнан астам болды. Келесі жылы 3 мыңға таяу болды. Биыл мың алты жүзге түсіп қалды. ... Газета жетісіне бір шығып тұрған кезде біріміз жұмыс басында қалып, біріміз сондай жұмысқа (газета алдыруға. – Ғ.Ә.) жүруге мұршамыз келді. Газета екі шыққан кезде жүруге мұршамыз келмеді, алушылар азайды. Тағы бір шығаруға түсіп, жүруге мұршамыз болып еді, алушылар тағы көбейе бастады» деп өз тұсының шындығынан хабардар етеді. Және газет алушыларды, яғни оқырмандарды былайша жіктеп-жіліктейді: «Қазақта газета алушылар үш түрлі. Олардың біреулері газета оқуға ынтық, газета оқу керек нәрсенің бірі деп тұтынады. Бұлар жұрт халіне көз салып, жұрт ісіне ой бөліп, газета сол жұрттың көзі, құлағы, тілі екендігіне иман келтірген оқушылар. Бұлар ешкімге айттырмай-ақ намазын қаза қылмайтын ғибадатшылар сияқты газетаға мезгілімен жазылып, үзбей алып, оқып тұратындар. Екінші түрлі алушылар газета оқуға ынтасыз да емес, онша әлгілер сияқты ынтық та емес. Бұлардың ішінде газета жұртқа көз-құлақ болады деп білетіндер де бар, оны білмей газета құр хабар үшін керек деп түсінетіндері де бар. Бұлар газетаға біреу жазыл десе іркілмейді, өз беттерінен құнттап мезгілімен жазылып тұрмайды. Сондықтан бұларға жыл сайын газетаға жазылуын есіне салып тұрушылар болуы қажет. Үшінші түрлі алушыларды оқушылар деп айтуға аузымыз барыңқырамайды. Бұлар газетаны керек деп алушылар емес, малының шөбіне ортақ болмас деп алатындар. Бұлар көбінесе ауқатты, тамағы тоқ, жұртқа келер жамандық-жақсылықпен жұмысы жоқ. Ойы от басынан аспайтын, қорасындағы шөбінен басқа нәрсеге келер пайда, зарар бар деп ұқпайтын тоқтығына мәз «торсық емген топыраштар». Бұлар газетаны өз беттерінен алып оқымақ түгіл, біреулер ал дегенде қиналып, зордан алады». Иә, газет шығару мен оны таратудың машақаты бүгін де, бұдан бір ғасыр бұрын да көп өзгере қойған жоқ. Біздің айтпағымыз – «Айқап» журналының 1915 жылы жабылуы жайы еді. Бұл кезде әлемді шарпыған жиһандық соғысқа Ресей де дендеп кірісіп, алым-салық күннен-күнге көбейіп, қымбатшылық, бүгінгі тілмен айтсақ, инфляция бой бермей бара жатқан кез-тұғын. Сондықтан жалғыз өзі қара нардай Алаштың маңдайына біткен жалғыз журналды өрге сүйреген, бар күш-қуатын соған сарп қылған Мұқаметжан ақсақалға ескерткіш тұрғызса да оның еңбегін ұрпақтары біз өтей алмас едік. Өйткені ертеректе бір данышпан айтқандай, ол «өзіне ескерткіш дайындап кетті, біздікі тек оның тұғырын орнату ғана». 1913 ЖЫЛ, «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ. Өртеп, жоюдан жұқаналары аман қалған, барының өзі 50-60 жыл құлып астындағы «жабық қорда» қамауда жатқан «Қазақ» газетіне жан кіріп, жарыққа шығып, туған халқымен қайта қауыша бастағанына да ширек ғасырдың жүзі болыпты. «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын». Бұл ұлы Мұхаңның – М.Әуезовтің осыдан тура 90 жыл бұрын Ахаңның жарты ғасырлық тойында айтқан сөзі. Бұл «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен», «Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққан», «саясат толқынына түсіп ойы ашылған, мәдениет жолында аз да болса ілгері басқан» жас алашшылдың, оқиға ортасында жүрген куәгердің, замана жылнамашысының сөзі. Біз: «Қазақ» газеті – ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлттық энциклопедиясы» дейміз. Оның жоқшысы мен жаршысының бірі болғандықтан емес, араб қаріпті мұрамен біршама таныс болғандықтан, оны танып-білуге тырысқандықтан айтамыз. Ошақтың үш бұтындай «Қазақ» көтерген мәселе қадау-қадау: Біріншісі – осыдан 100 жыл бұрынғы халқымыздың хал-ахуалы, тұрмыс-тіршілігі, рухани және материалдық құндылықтары, түйіндей айтқанда, «Ұлт-Алаш» мегатақырыбы. Екіншісі – «Жер, жер һәм жер мәселесі». Империялық отаршылдық саясат, натуралды көшпелі малшаруашылығы потенциялының сарқылуы, көшпелі һәм отырықшы норма, т.б. – «Табиғат-Шаруашылық-Күнкөріс» мегатақырыбы. Үшіншісі – оқу-білім, дін, басқасу (съезд), партия құру, империялық һәм әлемдік дамуда Қазақ елінің өз орнын табуы, т.б. – «Қоғам, саяси-қоғамдық қатынастар» мегатақырыбы. Осы толағай-толағай мәселе-сұрақтарды көтере отырып, оған жауап іздеу, қалың бұқараға өз құқықтары мен міндет-парыздарын қолға ұстатқандай айқындап беру, рухани, мәдени тұрғыдан өркениеттің жаңа өресіне көтерілу, осы мақсатта ағартушылық бағыт ұстанып, саяси күреске шығуы – 1917 жылы қазақ оқығандарының «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін жасақтап, ұйымдастыруына алып келді... Кейбір зерттеушілеріміз «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті басшыларының арасында саяси пікірталас болды, бірі жаңа «батысшыл», екіншілері ескі «түрікшіл» бағытты ұстанды деп мәселені тым қоюлатуға құмар. Әрине, басқосу – сиъзд өткізбеу, отырықшы болу – нормамен жер («надел») алмау, қара жұмысқа жігіттерді жіберу, жібермеу, қазақ жазуын (емлесін) өзгерту, өзгертпеу және басқа мәселелер бойынша айтыс, әртүрлі көзқарастарды талқылау болғаны шындық. Бірақ бұл екі бағыт, екі партиялық көзқарастың (ол кезде бірде-бір партия құрылып та үлгерген жоқ қой!) күресі емес, сол тұстағы қоғамдағы түрлі қайшылықтардың жарияға шыққан формасы ғана болатын. «Қазақ» газетінің бас жазушысы, бас авторы да үш адам болды, олар: Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейханұлы («Қыр баласы») һәм Міржақып Дулатұлы. Әрине, барлық жауапкершілік және газетті ұйымдастырып, тоқтатпай жүргізіп тұру оның бас шығарушысы (редакторы) Ахаңның мойнына түсті. («Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын» М.Әуезов). Қазір біз алты жыл үзбей шығып тұрған газет материалдарының автор-жазушыларын айқындап, мақалалардың әрқайсысына жіп тағып, өз иесіне қайтару ісін аяқтап келеміз. Есебімізше, газет көлемінің үштен біріне жуығы, яки 60 баспа табақтай көсемсөз үлгілері А.Байтұрсынұлының қаламына тиесілі екендігі текстологиялық жолмен дәлелденіп отыр. Газеттің алғашқы 5 санын (02.02-09.03.1913 ж.) жұрт жұмысына білек сыбана кіріскен Ахаңның жалғыз өзі қара нарша тартып шығарды. Газеттің 5-ші санының ең соңғы бетінің аяғында «5-ші мартта Міржақып мырза Дулатов Орынборға келіп қазақ бауырларына қосылды» деген бірауыз хабарлама басылды. Осы және келесі сандарда Жақаңның аударма-үзінділері жариялана бастады, ал 7-ші санға (22 март) ол «Андрианопол» деген алғашқы бас мақаласын жазып, «М.Д.» деп өз қолын қояды. С.Мұқанов өзінің «Өмір мектебінде» М.Дулатовтың «Қазақ» газетінің секретары, ал Ж.Жәнібековтің газет таратушы, экспедитор болып істегендігі туралы мәлімет келтіреді. Біздіңше, Жақаң ресми болмаған күннің өзінде, шын мәнінде редактордың орынбасары қызметін атқарушы. Өйткені ол кейінірек Ахаң жоқ кезде оның орнына қол қояды, кезектесе отырып бас мақалаларды жазады, жалпы «Қазақ» газетіне Ахаңнан жетеқабыл дәрежеде шығармашылық та, ұйымдастырушылық та үлес қосады. Ал Әлекеңнің шағын мақала, заметкалары 7-10-шы сандарда көріне бастайды да, 12-ші сандағы (28 апрель) «Сайлау» деген бас мақаладан бастап салмақтана түседі. Бұл жерде Ә.Бөкейханның Самара қаласында тұрғандығын, негізгі байланыс пошта, хат жазу арқылы жүргізілгенін ескерген жөн. Бір айта кетер жайт, саяси мақалаларын, талдау-шолуларын бұл үш автор да бір деммен, бір ырғақпен жазады, тіптен олар бір адамның қолынан шыққандай ұқсас, үндес болып келеді. Газеттің ел ішіндегі зор абыройы мен ерек беделі осы өзекті-өзекті жалпыұлттық мәселелерді көтеруінде және оның нақты шешімін тауып, ұсынуында десек, осы мақалалары арқылы олардың да Алаш қайраткері болып қалыптасып, одан соң көшбастар көсемге айналу эволюциясын айқын көруімізге болады. Газеттің соңғы аяққы нөмірлеріне 1918 жылы Жанұзақ Жәнібеков (1889-1937) қол қояды. Қуғын-сүргін құрбаны, «Қазақ» газетіне еңбегі сіңген қаламы қарымды журналист ретінде ол туралы айтылар әңгіме көп. Әзірше белгілі деректерде оның 1908 жылы Қазан қаласынан «Айна» атты кітабы шыққандығы, 1912-13 жылдары Петропавл қаласының баспаханасында терімші (наборщик) болып істегені, 1913 жылы Орынбор қаласына ауысқаны баяндалады. Ол кездегі қазақтың аз санды оқығандары мен Ресейдің түрлі қалаларындағы шәкірттер туралы толымды дерек-мәлімет Ахаңдардың қолында болғаны сөзсіз. Сондықтан талапты да талантты, қаламының желі бар әрі баспахана ісімен таныс Жанұзақты Орынборға А.Байтұрсынұлының өзі арнайы шақыртып алу да ғажап емес. Оның аты-жөні газеттің алғашқы сандарынан бастап көріне бастайды, кейін «Сарыарқа» мен «Қазақта» қатар басылған атақты «Алаштың тұңғыш құрбаны» мақаласымен мәщһүр. Орынборда «Алаш» партиясының Торғай облыстық комитеті құрылғанда оның басшылық құрамына Әлекең, Ахаң, Жақаңдармен бірге сайланып, қазынашы (казначей) болады. «Қазақ» газетінің соңғы сандарының біріндегі (№ 261, 1918, 14 февраль) «Орынбор жайы» деген мақаласында: «Өздерінен болмаған себептермен Орынбордан шығып, ел ішіне кеткен «Қазақ» газетіндегі азаматтар әлі Орынборға оралған жоқ» деп іштарта жазғанына қарағанда, оның Алаш көсемдері тарапынан үлкен сенімге ие болып, тіптен «Қазақ» газетінің шаруашылық, қаржылық шаруаларын жүргізіп отыруы да мүмкін деп ойлаймыз. Осылайша 1913 жылдың 2-ші ақпанында Орынбор қаласында бас шығарушы-редакторы ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы болған «Қазақ» газеті большевиктердің 1918 жылғы лаңында баспаханасы тартылып алынып, 265-ші нөмірінен соң тоқталуға мәжбүр болды. Бұл сусыған замана-уақыт ғана емес, аумалы-төкпелі дүние-тірліктің өзі төңкеріліп, қопарылған бір аласапыран кезең еді. Әйтсе де, қазақтың бағына туған «Қазақ» өз тарихи миссиясын орындап үлгерді. Алаш рухты жұртының намысы жанып, еңсесін биіктетіп, қайратын тасытып, өз ортасынан Ұлт көсемі мен Ұлт ұстаздарын, Алаш қайраткерлерін тәрбиелеп шығарды. Заманына үн қосқан оқыған азаматтар қалам-қағазын тастап, қолға қару алып, атқа қонуға мәжбүр болды. Қылыш сілтенді, оқ атылды... Ұлт азаттығы жолында Алашшылдардың бірқаншасы шәйіт болып, хақ жолымен қара жерге тапсырылса, кейінгі кеңестік қуғын-сүргін құрбандарының біз тәу етер соңғы мекені, мола-бейіттері, бастары қарайған белгісі де жоқ... ЕСКЕ АЛУ МЕН ЕСКЕРТКІШ БЕЛГІ. Биыл Алаштың үні, тарихтың көзі – «Қазақ»-тың 100 жылдығы. Жалпы «Алаш» пен «Алашорданың» да ғасырлық тойы жақындап келеді. Олардың ұлт алдындағы ұлағатты да ұлы істерін ұлықтау – елдігімізге сын. Жеңіл істің бірі – бастамашы боп, ұсыныс айту. Одан да оңайы – сол ұсыныс-пікірлердің ешқайсысын қаперге алмау, ештеңеге жауап бермеу... ...Қостанай қаласының орталығында бас даңғылды қиып өтетін Қазақ көшесі («Казахская улица») бар екен. Осыны көзбен көріп, таңғалғанымыз бар. Жергілікті жұрт оны елеп-ескеріп жатқан жоқ: Баяғыдан бар, әбден құлаққа сіңімді болып кетіпті... Осы көшені осы жылы «Қазақ» газеті» көшесі деп өзгертсе ше... Жанындағы ешкім түстеп танымайтын, болмаса адам атына қатысы, сұрауы жоқ көшелердің бірін «Айқап» журналы» көшесі иеленсе... Алматыда қаншама жылдар «Правда» (толық аты – «Правда» газеті») көшесі болды, оны да түп-тамыры Қостанайға қосылатын Ыбырай Алтынсаринге алып бермедік пе... Басқа қалалардың әкім-қараларына қайырыла сөз айту, әрине, қиын емес, бірақ... «Айқаптың» атасы Мұқаметжан Сералин Қостанайдың тумасы. Тройцк де ол шаһармен іргелес. Түптері торғайлық Ахаң мен Жақаң да бұл күнде Қостанайдың бетке ұстар мәдени брендтері. Осы облыстың әкімдігінің ғимаратының алды, бас алаң көптен бері ескерткішсіз жетімсіреп тұр. Түсінген шығарсыз, бұл бұрынғы алтыннан ардақты, күмістен салмақты қайран Ленин бабамыздың қолын созып, жарқын болашақты нұсқап тұратын бас ескерткішіміздің орны еді ғой. Ретін тауып, оны көп жерлерде ауыстырып үлгердік: Оралда – Сырым батыр, Ақтөбеде – Әбілқайыр хан, таяуда ғана Өскеменде тұғырға Абай атамыз отырды... Сонда дейміз-ау, Қостанай облыстық әкімдігінің алдына тарихымыздың өшпес парақтарының бірі «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін ұлықтайтын стелла-ескерткіш белгі орнатылса, оның фонына Ыбырай атамыздан бастап, Ахаңның, Жахаңның, М.Сералиннің, т.б. ардақты арыстарымыздың, еңбек ерлерінің, құрметті азаматтардың аты-жөндерін жазып, рельеф-суреттерін ілсе ғой, шіркін... деп қиялдайсың. «Өскен ел тарихын тасқа жазады» деген бар ғой. Шындығында, ондай тас мүсіндер, ескерткіш-белгілер, шашпа тойлардан гөрі, бүгінгі біз үшін керегірек қой...

Ғарифолла ӘНЕС, филология ғылымдарының докторы

5563 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5746

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5441

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3179

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2567

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2527

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2505

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2238

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2222

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы