• Мәдениет
  • 17 Қаңтар, 2013

«Бағымды ашқан «Айгөлек»

АкжолХалықаралық конкурстардың лауреаты, Қазақстан Републикасының еңбек сіңірген артисі,  «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі Ақжол Мейірбековпен сұхбат

– Талантты әнші ретінде көпшілік көңілінен шығып келесіз. Бізді әндеріңізбен тербеттіңіз. Бізді өнерге қалай келгеніңіз қызықтырады. – Туып-өскен жерім – Шымкенттің Арыс қаласы. Атымның Ақжол қойылуының да терең сыры бар екен. Әкем оқыған-тоқыған зиялы, патриот, коммунист болған, өте ұлтжанды адам екен. Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, «халық жауы» атанып, ұлт ардагерлерімен бірге Сібірге айдалып кеткен. Ол кезде сотталып Сіберге айдалғандардың көбі тірі қайтпайтыны белгілі. Әкем жазықсыз сотталып, шаңырағымыз шайқалған 1950 жылғы, шілденің 26 жұлдызында анам Айша мені өмірге әкеліпті. Әжем жарықтық еңсесі түскен әкеме: «Сүйінші! Нұсқабегім, ізіңді жалғар тұяғың дүиеге келді. Сен ұлды, мен немерелі болдым. Бұл сәби ақжолтай болды. Құдай қаласа басыңа түскен қиындықтан да құтылып, аман ораласың!» деп баласына дем беріпті. Осылайша ырымдап атымды Ақжол қойған екен. Әжеміздің тілегі қабыл болып, әкеміз ортамызға аман-есен оралды. Әкемнің: «Айналайын, сенің көз жасың мен сәби тілегіңе бола аман оралдым гой. Енді әкесіз өспейсің, балам!» деп еміреніп келіп, маңдайымнан құшарлана сүйіп, үлкен құшағымен бауырына басқаны көз алдымнан кетер емес... Бала кезімнен өнерге құштарлығым бар еді. Атам баян тартса, әжем мен әпкелерім шеттерінен әнші болды. Соларға еліктеп ән салып, мектептің көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатысып, аудан, облыс бойын­ша жеңімпаз болып атым шыға бастады. Арыс қаласында 6 сыныпқа дейін оқып, Шымкенттегі орта мектепті бітіргеннен кейін Өзбекстандағы музыка училищесіне түстім. Ол жерде музыканың негізгі пәндерінен сабақ алып, «ән ұстазы» дипломымен бітірдім. Осыдан кейін, түрлі байқауларға қатысып, өнерімді ұштай бастадым. Кеңес Одағындағы 16 республика арасында жас таланттардың байқауы жарияланды. Ташкенттегі алғашқы іріктеуден сүрінбей өтіп, Алматыдағы жарыстан да озып шығып, Мәскеуде өтетін финалдық конкурсқа жолдама алдым. Мәскеу төрінде «Айгөлекті» шырқап, бас жүлдені қанжығалап қайттым. Бұл 1972-1973 жылдар еді. Айтулы бәйге телеарналардан көрсетіліп, атым елге таныла бастады. Өнердегі осы жеңісіме байланысты Өзбекстанның ауылшаруашылық институты ешқандай емтихансыз қабылдады. Осында 5 жыл оқып, агроном мамандығын алдым. 5 жыл қызмет істедім. Осы елдегі ең мықты «Гүлдесте» ансамблінің жетекшісі болдым. Осы жылдар менің болашақ өнер жолымдағы жетістіктерімнің негізін қалады. – Атағы аспандап тұрған «Дос-Мұқасан» ансамблі сіздің талантыңызды мойындап, өз қатарына тартқаны белгілі. Қазір де осы ансамбль сізбен толысқандай... – Ол кезде Өзбекстанда оқып жүргенмін. Елді дүрілдетіп тұрған «Дос-Мұқасан» әнші ретінде зор үлкен мүмкіндік болды. Мен олармен қуана келістім. 2 ай бойы сабақтан қалып, атақты ансамбльдің құрамымен бірнеше облыстарды аралап өнер көрсеттім. Осы аралықта институтты бітіріп, «Гүлдестеге» жетекші болдым. Бұл шыңдалуымның үлкен септігі тиді. Өйткені «Дос-Мұқасан» қатарына аты затына сай толыққанды дарын иелері ғана керек екеніне көз жеткізгем. Сөйтіп, 1978 жылы ансамбль құрамына қосылдым. Алланың қалауы, өзімнің құл­шынысым болар, кейін «Арқас» тобында, «Сазген», «Адырна» этногра­фиялық ансаблінде, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияда қызмет істедім. 1994 жылы Талғат Мамашовтың қолқа салып, сенім артуымен «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің директоры болдым. Ол кезде ел экономикасы тұралаған кез еді. Халықтың жабырқаған көңіл күйін серпілтуге күш салдық. Сол бір қиын күндердің қыспағынан бірге өткен, менің тәлімімді, ақылымды алған шәкірттерімнен Жеңіс Сейдоллаұлы, ­Шахизада, Медеу Арынбаев, Асылбек Еңсепов, Сейфуллин Жолбарыс, Гүлнәр Сиқымбаева, Бақытжан Қажымұқановтарды атауға болар еді. Олар қазір шеттерінен майталман өнер жұлдыздары. 2001 жылы ансамбльді шәкіртім Қыдырәлі Болмановқа тапсырдым. Ал өзім «Ақжол» продюсерлік орталығын құрдым. «Дос-Мұқасан» менің жастық шағымдағы ең алғаш сахнаға әкелген, ұстаздық еткен ансамбль. Осыдан екі жыл бұрын айтулы өнер иесі Бақытжан Жұмаділов ағамыз аяқастынан өмірден өтті. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, композитор Мұрат Құсайынов ағамыз: «Шаңарағымыз шайқалды. Бірақ іргесі сөгіле қоймас. Керегесін кеңейте түсу керек сияқты, сен қайта оралып, ортамызды толтырсаң қайтеді?» деген ойын айтты. Оның сөзін жерге тастай алмадым. Қазақтың рухани өміріне елеулі еңбек сіңірген өнер шаңырағының басына түскен ауырлық мені де бейжай қалдырмады. Сонымен қайта оралдым. Құдайға шүкір, қазір «Дос-Мұқасан» қойған концерттер Ресейдің телеарналарынан, сосын еліміздегі «Кеш жарық», «Сағындырған әндер-ай» деген телебағдарламалардан үзбей беріліп келеді. Ансамбліміздің 45 жылдығына арнап берген концертіміз Астанадағы «Қазақстан» концерт залында өтті. Залда ине шаншар жер қалмады десем артық айтқандық болмас. Ерекше қошеметке бөлендік. – Біз кейде шетелде жүріп радиодан ән тыңдағанымызда, Сіздің орындауыңыздағы әнді бірден тани қаламыз. Дауысыңызда өз мәнерін жоғалтпайтын қандай да бір ерекше сыр бар-ау, сірә? – Бұл ерекшелігіме көп адамдар таңырқасып жатады. Олар: «Сіз Ақжол Мейірбеков екенсіз ғой, түріңізден емес, дауысыңыздан танып тұрмыз» деседі. Бұл ерекшелігімді өзім де сезінгендеймін. Бұл да Алланың берген құдіреті шығар. 1970 жылдары орындаған әндерім мен қазіргі әндерімді ерінбей-жалықпай салыстырған едім. Дауыс ырғағымның мүлде өзгермегеніне көзім жетті. Жігіт кезімдегі дауысым сол қалпында сақталып қалған екен. Ал кей әншілеріміздің дауыс­тары өзгеріп кетеді. Осы сырға өзім де таңданам. Меккеге барған сапарларымда әдейі зәмзәм суын ішем. Қанша сіміріп жатсам да қанғанымды білмеймін. Бұл судың бір ерекшелігі – дәмі мыңдаған жылдардан бері өзгермепті, оның үстіне ұзақ сақтап қойса да бұзылмайды екен. Құдайға шүкір, менің дауысым да зәмзәм суы сияқты бұзылмайтын дауыс. – Өнерді бүкіл ынта-пейілімен сүйіп, оның ыстығына күйіп, суығына тоңған адам ғана шырқау шыңына қырандай қалықтап шыға алады. Десе де, бізде әншінің бағын бір ән ашады деген ұғым бар. Ендеше, қандай ән сіздің танылуыңызға жол ашты? – 1970 жылдары жүлделі орындарға да ие бола бастадым. Бірақ елді елең еткізіп, дауысым құлақтарында қаларлықтай тұшымды бір ән таба алмай жүрдім. Содан өзім сезбейтін бір құдіретті күш итермелегендей халық әні «Айгөлекке» аңсарым ауа берді. Сонымен «Айгөлек» әнін жазуға кірістім. Әнді жаздырғаныммен, 3 жыл бойы бағы жанып сахнаға шыға алмады. Сөйтсем, оның сәті келмепті. Одақ бойынша талантты әншілерді іріктейтін конкурстарды күтіп тұр екен. Жоғарыда айтқанымдай сол конкурстардың бәрі­ненде «Айгөлекті» шырқадым. Демек, «Айгөлек» әні болды бағымды ашқан. – Отбасыңыз жөнінде не айтар едіңіз? – Жан жарым Шарипа Жамбылда туып-өскен өзбек қызы. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, жеңгелерің қазақ болып кетті. Өзі еңбекқор, бал бармақ аспаз. Үлкен қызым Луиза жоғары білімді. «Табыс» атты туристік фирманың жұмысын дөңгелетіп жүр. Сұлтан, Тимур деген ұлдарым азамат болды. Сұлтаннан Мүсілім және Расул атты екі немерем, қызымнан 19 жастағы жиенім бар. Тимур әлі үйленген жоқ. Немерелерім қазақ тіліндегі балалар бақшасына барады, қазақша сөйлейді. – Армансыз адам болмайды ғой. Сіздің де жеке жоспарларыңыз, көздеген мақсаттарыңыз бар шығар... – Орындамақ болған жоспарлар, аңсаған асыл армандар болады ғой. Онсыз адамдықтың да мәні қалмас. Бармаған жер, таныспаған ел, қауышпаған көрермендерім қалмаса деймін. Бәріне қазақтың қайталанбас әндерін, асыл дәстүрін жеткізіп, насихаттағым келеді. Жеке-жеке өмір сүріп жүрген өнерпаздардың, топтардың, ансамбльдердің басын бір ортаға тоғыстырып, мамандандырылған үлкен ұжым құру – көптен көкейімде жүрген арман. Бұл бір жағынан мемлекет құзырындағы іс. Бізде арман бар да, дәрмен жоқ. Бәрі де болар әлі, үміт үзбейік. – Әңгімеңізге рақмет! Болат Құрманғажыұлы

4231 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5652

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5388

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3129

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2517

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2476

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2454

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2187

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2172

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы