• Тіл
  • 07 Ақпан, 2013

Ұлттық сананы жаңғыртқан басылым

Биыл ұлттық сананың жаңғыр­тушысы, Алаш арыстарының үні болған «Қазақ» газетіне – 100 жыл. Ал сол газетті шығарушылардың бірі, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 140 жыл толып отыр. Қазақ баспасөзінің арғы-бергі тарихын ой көзімен шолатын болсақ, ұлт үшін қызмет еткен басылымдардың көп болғанын көреміз. Алайда солардың арасында «Қазақ» газетінің үні де, сөзі де бөлек еді. Өйткені «Қазақ» жарыққа шыққанда халық рухы серпілді, қалғып кеткен ойы оянды. Ел ортақ мүдде төңірегіне топтаса бастады. Жол айқын еді, мақсат белгілі еді. Ол – қазақтың дербестігі, ешкімге тәуелсіз азаттығы. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов бастаған ұлт көсемдерінің арман-тілегі дүйім жұртты осы биік мақсаттарға жетеледі. Сол заманда ұлттық рухтың дәнекері «Қазақ» газеті болды десек, сірә да қателеспеспіз. Ұлт басылымы өзінің тарихи функциясын жоғары дәрежеде атқара білді. Басылым бетінде жарияланған мақалалардың тақырыптық ауқымы өте кең, мазмұны терең болатын. «Қазақ» газетінің қаламына арқау болған ауыл өмірі, халықтың тыныс-тіршілігі, ел мен жер тарихы, саясат, экономика, білім мен ғылым, мәдениет, шығармашылық тақырыптар, ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған мәселелер халқымыздың ой-арманын ұштай түсуге бағытталды. Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Қазақ» газетінің 100 жыл­дығына және қазақ руханиятының ұлы тұл­ғасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 140 жылдығына орай «Қазақ журналистикасы тарихын зерттеу мен даму үдерісінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференцияға еліміздің бір топ зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысып, газеттің тарихи мәні, Алаш арыстарының ұлттық рухты серпілтудегі айбынды еңбегі туралы өз пікірлерін ортаға салды. Конференцияда университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың құттықтау сөзін осы жоғары оқу орнының бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев оқып, «Қазақ» газетінің мерейтойына арналған бұл жиынның мәні мен маңызын атап өтті. Журналистика факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы «Қазақ» газетінің ел тарихындағы өзіндік ерекшелігіне тоқтала келіп былай деді: «1913 жылдың 2-ақпанынан 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейін шығып тұрған «Қазақ» жаңа дәуірдің шежіресі десе болғандай. Оянған сана үніне айналған газет өз тұсында ең көп таралған басылым болды. Мұның басты себебі қазақ тарихының қилы-қилы кезеңдерінде замана ағымын, саясат аңғарын айнытпай тануын­да. Танып қана қоймай, ұлтына азаттық жолдың жөнін сілтеп, тәуелсіздікке қол жеткізудің бағытын нұсқағандығында». «Бүгінгі мереке тек «Қазақ» газетінің, Ахаңның мерекесі ғана емес, күллі қазақ жұртының, қазақ идеясының мерекесі» деп сөз бастаған конференцияға қатысушылардың бірі Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы ­Матаев «Қазақ» газеті ХХ ғасырдың басында тұтастай жалпы ұлттың ықыласпен оқитын басылымына айналғанын, басылым өз бағдар-мұратын ұлт азаттығының жолына жұмсап, барша қазақ зиялыларына тынымсыз соғылған қоңырау сияқты халықтың қалғи бастаған рухын оятқанын, мыңдаған зерделі жасты тәуелсіздік туының астына жинай білгенін атап өтті. «Басылымның араға 88 жыл салып, 2006 жылы қайта жарық көріп, шыға бастағаны сол игі дәстүрдің жалғасы» деп ойын білдірді. «Бас редакторлар клубының» президенті Кенжеболат Жолдыбай: «Қазақ» газеті – бұл бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының атасы әрі қайнар бастау бұлағы мен өзегі. Елдегі барлық басылымдар «Қазақ» газетінің дәнінен өсіп, өнді, көктеді деп айтсақ артық айтқандық емес» деп атап өткен болса, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин тарихи басылым туралы ойын былайша өрбітті: «ХХ ғасырдың алғашқы 20 жылының тарихнамасына үңілген жан ең алдымен «Қазақ» газетіне жүгінетіні сөзсіз. Себебі ғасыр басындағы халқымыздың тағдыр-талайы, өркені мен өкініші, ұмтылысы осы басылымның бетінде безбенделген. «Қазақ» ұлт ғұмырының шежіресіне айналып, өзімен қатарлас тіпті ілгерілі-кейінді шыққан газет-журналдардың бәріне үлгі-өнеге көрсете білді. Сөйтіп, ол бір сөзбен айтқандай, «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналды. Ал ғасырдың соңғы 20 жылдығында «Қазақтың» дәстүрі осы кезеңдері тұсауын кесіп, әлеуметке қол созған өзге де ұлт басылымдарының тәжірибесінде заңды жалғасын тапты. Өйткені еліміздің егемендігі мен Тәуелсіздік жолындағы саяси күрес қоғамдық санаға зор сілкініс әкелсе, ал мерзімдік басылымдар сол құбылыстың айнасы бола білді». Жиынға қатысып, келелі ойларымен бөліскен «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп «Қазақ» газеті қалың қазақтың үні, үкілеген үміті мен ардақты аңсары, ұлттың үгітшісі, үн қатушысы болғанын айтып өтті. Осы күнде тарихи басылымды қайта шығарып, жаңа заманның талаптарымен ұштастыра білген, бүгінгі «Қазақ» газетінің бас редакторы, жазушы Қоғабай Сәрсекеев Қазақстан Журналистер одағының, «Президент және халық» газеті және «Уақыт таңдауы» агенттігінің дипломымен марапатталды. «Өмірге қайта келген «Қазақтың» мақсаты айқын, ұстанымы берік, жүрегі адал, қызметі халыққа, тілегі ұлттық мінез, тілінің, дінінің, ділінің сау, өсіп-өркендеуіне үлесін қосады. Осы ретте «Қазақ» газеті сөз жоқ оқушыларына арқа сүйейді, аталы жұрт, ауқымды миллетіне иек артады» деген Қоғабай Сәрсекеев жиналған жұртқа өз алғысын білдіріп, рахметін айтты. Жиын соңында Қазақстан Журналистикасы Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев академияның жыл сайын тағайындайтын «Алтын жұлдыз» жүлдесін Алаш арыстарының мұрасын зерттеп, насихаттап келе жатқан еңбегі үшін «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, белгілі журналист Қайсар Әлімге табыстады. Конференция соңында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері журналистика факультетінің «Баспасөз» орталығында студенттермен кездесу өткізіп, бүгінгі қазақ журналистикасының дамуы төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

3213 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5800

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5472

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3210

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2596

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2557

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2535

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2269

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2251

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы