• Мәдениет
  • 07 Ақпан, 2013

«Әкеміздің атына кір келтірмеуге тырыстық»

Қазақта көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, жазушы Ілияс Омаровты білмейтіндер кемде-кем. Ол артында кейінгі ұрпақ айтып жүретіндей әрі тағылым алатындай өшпес мұра қалдырды. Оны зиялы қауым жақсы біледі. Өткен жылы оның ғасырға толуына байланысты Қостанай шаһарында республикалық театрлар фестивалі болып өтті. Оған еліміздің бірқатар қалаларынан өнер ұжымдары арнайы қатысты. Солардың қатарында Ілекеңнің сүйікті ұлы Тимур Омаров та болған еді. Осы сапарында оған арнайы жолығып, көңілде жүрген бірқатар сауалдарымызға нақты жауап алған едік. Шаңырақ ұстанымы – Ілекеңнің өмірбаянына, халқы мен еліне сіңірген еңбегіне, қайраткерлігіне, ұлтжандылығына бір кісідей қанықпыз. Әңгіменің орайы келгенде оның отбасы жайлы да баяндап берсеңіз артық болмас еді? – Шындығына келсем, әкем өте көпшіл, біреуге жақсылық істесем деп тұратын нағыз мейірбан жан-ды. Ардақты анамыз екеуі отбасында 4 перзентіне тәлімді тәрбие берді. Тұңғыш әпкеміз Энгельсина – биология ғылымдарының кандидаты. Бұл күндері 76 жаста. Алматы қаласында тұрады. Кейінгі үшеуміздің ақылшымыз да сол кісі. Бүкіл ғұмырын ғылымға арнаған тұлға. Одан кейінгі Альмира әпкем де кезінде Мәскеу қаласында оқыған зиялы қазақ қыздарының бірі. Ол да ұзақ жылдар бойы ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқарды. Өз ортасында өте сыйлы. Ал менен үлкен ағам Диасты қазақ елі жақсы біледі десем, қателесе қоймаспын. Ол Қазақстанға белгілі спорт шолушысы. Кезінде «Қайрат» командасының капитаны ретінде есімі әлемге танылған Тимур Сегізбаевпен бірге футбол ойнаған. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын азамат. Ол да әкеміздің 100 жылдық мерейтойына арналған салтанаттың басынан аяғына дейін болды. «Әкеміздің атына  кір келтірмеуге тырыстық» Мен үйдің кенжесімін. Қазір әкем тұрған қара шаңырақты ұстап отырмын. Жасым 70-те. Қазір сол өткен күндерді жиі еске аламын. Бірақ әкенің орнын ешкім де толтыра алмайды екен. – Енді шаңырақтарыңыздың алтын діңгегі болған асыл аналарыңыз жөнінде де білгіміз келеді. – Өзге балалар секілді біз де ата-анамыздың махаббаты мен мейірім-шуағына бөлендік. Бірақ ешқайсысымыз да еркелікке салынған жоқпыз. Бәріміз де өз қатарымыздан қалмауға ұмтылдық. Жас­тайымыздан білімге, руханиятқа, спортқа шексіз құштар болдық. Әрине, отбасымыздың өмірін ардақты анамыз, марқұм, өзбек қызы Гүлшат Сакиқызынсыз көз алдымызға елестете алмайтынымыз да аян. Әке-шешеміз 1934 жылы өз алдарына шаңырақ көтеріп, 36 жыл бірге тату-тәтті ғұмыр кешті. Егер өмірде қолымыз бірдеңеге жетсе, олардың жастайымыздан бойымызға сіңірген адамдық асыл да ізгі қасиеттері дер едім. Олар ешқашанда біздің көзімізше дауыс көтеру дегенді әсте білмейтін. Әкеміздің уақытының көбісі қызметте өтетін. Оның сонау бір жылдары елімізде қандай жауапты да лауазымды жұмыстар атқарғандығынан қалың жұртшылық хабардар болғандықтан, оған кеңінен тоқталып отырған жоқпын. Шешеміз Гүлшат медицина саласында жұмыс істеді. Өз саласының нағыз білгірі болатын. Екі әпкем аяулы анамыздың бойындағы көптеген қасиеттерді жастайынан үйренді. Анамыз отағасының алаңсыз жұмыс істеуіне қолдан келгеннің бәрін де жасады. Жұртшылықтың бәрі де біле бермейтін бір жай, әкеміздің асқазаны ауыратын. Өйткені ол жастайынан қиындықты көп көрді. Жетімдікті де бастан кешті. Соған қарамастан, білімге барын салды. Бә­ріне де өзінің шексіз еңбекқорлығы, табан­дылығы, өжеттігі арқасында қол жеткізді. Әкеміздің жаңа айтып өткенімдей, асқазаны ауыратын болғандықтан, анамыз оның диета сақтап, денсаулығын күтуіне көп көңіл бөлетін. Шешеміздің медицина саласында жұмыс істегені де ол кісіге едәуір пайдасын тигізгендігі даусыз. Отбасымыздың тірегі – ардақты әкеміз 57 жыл өмір сүрді. Бірақ ол өте мағыналы, мәнді өтті. Туған халқы мен жеріне көмегі көп тиді. Талай адамдардың өмірден өз орындарын табуына, кәсіби жағынан шыңдалуына, өнерде жүргендердің көпке танылуына қамқорлық жасады. Бұл орайда Мәдениет министрі болып тұрған кезінде қазақтың өнері мен мәдениетінің, әдебиетінің өркендеуіне сіңірген еңбегін айтсақ та жеткілікті болар. Ол қаламгерлердің шығармашылығын жоғары бағалады. Себебі өзі де бір кісідей қалам тартты. Оның жазған туындылары жеке кітап та болып шықты. Сондықтан жазушылардың, әдебиетшілердің жұмысының қаншалықты қиын да жауапты екендігін, мехнаты мен азабы аз еместігін өте жақсы түсінетін. Анамыз 93 жыл ғұмыр кешті. Қазір Ілиясовтардан тараған ұрпақтар да үлкен әулетке айналды. Бұл күндері әкеміз бен шешеміздің 8 немере, 11 шөбере және 1 шөпшегі олардың өмірін одан әрі жалғастырып келеді. Омаровтар шаңырағының абыройын асқақтата түсіп, елі мен халқына адал қызмет ету – олардың ғұмырлық ұстанған қағидасы. Досы көп еді... – Халық сүйіспеншілігіне бөленген сүйікті әкеңіздің қандай жағымды да тағылымды қырлары есіңізде қалды? Ол сіздерге қандай әке болды? – Шынында да әкеміз бәріміздің де асқар тауымыз болатын. Мінезі қандай ғажап еді десеңізші! Өзінің терең білімі, жоғары парасаты, таным-түйсігі, ой-өрісімен кез келген жанды бірден бау­рап алатын. Оның жүзінен, сөйлеген сөздерінен, жүріс-тұрысынан көп оқып, көп тоқығандығы, ішкі мәдениеті, жан сұлулығы, бекзаттық болмысы, асыл қасиеттері кәдімгі айнадағыдай жарқырап көрініп тұратын. Ол барлық балаларын бірдей көрді. Бізден күнделікті оқуды талап етумен қатар, бәріміздің де жан-жақты, бауырмал, еңбекқор, парасатты болып өсуімізге айрықша назар аударды. Ұл мен қыздарына үнемі: «Тек менің ғана емес, тұтастай өздерің өкілі болып табылатын ұлт пен мемлекеттің сүйікті перзенттері болыңдар» деп арқамыздан қағып, мейірімін төгіп отыратын. – Ол қолы боста қандай шаруалармен айналысушы еді? Солар жайлы да бірер сөз? – Әкем әдебиетті шексіз жақсы көрді. Үйдегі кітапханасы өте бай болатын. Дүниеден гөрі рухани байлықты жоғары қойды. Әдебиеттегі әлемдік тұлғалар Гете, Шиллер, Абайды ерекше пір тұтты. Музыкада Бетховенді, қазақтың ежелден келе жатқан халық әндерін ұнатты. Соларды тыңдаудан жалықпаушы еді. Өйткені өнер адам жанын нұрландырып, эстетикалық сұлулыққа тәрбиелейді дейтін. Сонымен қатар әкем жылқы десе делебесі қозатын қазақтың бірі еді. Ол Алматының іргесіндегі Ұзынағашқа барғанда атқа мініп жүруді ұнататын. Сол қырлары менің есімде әлі күнге дейін сақталып қалды. – Ілияс аға кезінде кімдермен араласты? Сол жайлы да айтып берсеңіз, орынды болар еді? – Жалпы ол кісі қазақтың барлық салт-дәстүрлерін сыйлады. Рухани жа­ғынан үндес өмірге деген көзқарасы бір ұлтымыздың көптеген қайраткерлері, ақын-жазушыларымен жақын араласты. Олармен шығармашылық жайлы сырласты. Мәселен, біздің шаңырағымызға әде­биетіміз бен мәдениетіміздің көрнекті өкілдері, ауызы дуалы, сөзге шешен Ғабит Мүсірепов, Серке Қожамқұлов, Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы, Олжас Сүлейменовтер жиі келетін. Әкеміз бұлардың өлмес туындыларын жоғары бағалады. Өзінің туған-туысқандарын да ұмытқан емес. Бұл орайда қазір Астана қаласында тұратын есімі көпшілікке белгілі туысымыз Мырзатай Нұрпейісов және басқа да ағайындардың жөні бөлек. Ол үнемі бұл бауырларына деген сағынышын білдіріп, оларға сырттай тілектес болып отырушы еді. Жалпы інілері де әкемді арқа тұтатын. Сондықтан болар, олар осы Қостанайда ағаларының өткен 100 жылдық мерейтойында да оның басы-қасында жүрді. Біз де ол кісілермен арадағы туыстық қарым-қатынасымызды әлі күнге дейін жалғастырып, қуаныштарын бірге бөлісіп келеміз. Жалпы жерлестерімізге ешқандай өкпеміз жоқ. Қазір еліміздің басқа аймақтарын айтпағанның өзінде, туған жері Қостанай облысында оның атында ауыл бар. Соған да шүкіршілік етеміз. Сенім жүгі – Үстіміздегі жылы Ілияс ағаның қос кітабы жарық көрді. Оның тұсаукесері Алматыда өтті деп естідік. Осы жөнінде не айтасыз? – Ол рас. Елімізде ардақты әкеміздің 100 жылдығына байланысты біраз есте қаларлық маңызды шаралар өткізілді. Бұл орайда Алматыдағы «Қазақстан» бас­пасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жарық көрген «Ілияс Омаров» деп аталатын кітаптың да орны бөлек. Сонымен қатар әкеміздің кезінде жазған еңбегі де «Ана тілі» баспасынан жеке кітап болып шықты. Осы екі еңбекті оқыған адам халқы ерекше жақсы көрген, көрнекті қоғам қайраткері, өрелі өнертанушының ғұмырынан толық хабардар болып, мағлұмат алары хақ. Бұл кітаптар әрбір ұлтын, тілін, мәдениетін, әдебиетін, руханиятын қастерлейтін қандастарымыздың кітап сөрелерінен берік орын алса артықтығы жоқ деп есептеймін. – Әңгіме шығармашылық пен кітап жайлы болып отыр ғой. Ол кісі жылдың қай мезгілінде жазғанды ұнатушы еді? – Көп уақыты қызметте өтті. Бос уақыты көп бола бермеуші еді. Бірақ соған қарамастан, жазуын бір сәт ұмытқан емес. Көбіне түнде қолына қалам алатын. Ол жазу үстеліне отырған кезде біз ешқашанда кедергі жасамауға тырысатынбыз. Анамыз бізді сондай тәртіпке кішкентайымыздан үйретті. Шығармашылық мәселесінде ол көбіне өзінің ыңғайына қарай бейімделетін. – Қостанайдағы театрға кезінде Ілияс Омаров есімін беруге Елбасының өзі мұрындық болды. Қазір осы өнер ұжымымен тығыз байланысты боларсыздар? – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әкеміздің ел алдында сіңірген еңбегін, қоғамда алар орнын бағалайтын көрнекті тұлға. Сол себептен де Қостанайдағы жаңадан ашылған театрға осыдан біраз жыл бұрын әкеміздің есімін бергенде, бәріміз де ол кісіге шексіз риза болдық. Мұндағы өнер жолында жүрген бауырларымыз да өздеріне жүктелген сенім жүгін жете түсінеді. Сондықтан бәріне де жауапкершілікпен қарайды. Театр басшысы Нұрлан Ерекешев пен бас режиссер Ерсайын Төлеубаев біздің отбасының сүйікті кісілері. Оларға Алла тағала әрдайым нұрын төге берсін дегім келеді. Қостанай соңғы кездері көп өзгерген. Гүлдене, құлпыра түскен. Әкеміздің атымен аталатын театрдың ғимараты елімізде теңдесі жоқ рухани орда болып отыр. Оразалы ЖАҚСАНОВ

3212 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5800

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5472

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3210

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2596

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2557

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2535

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2269

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2251

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы