• Мәдениет
  • 07 Ақпан, 2013

«Мен қалай Қайырғали болдым?»

Белгілі сазгер, профессор, Қазақстан Республикасының мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, «Әлия гүлі» фольклорлық ән-би ансамблін ұйымдастырушы, дирижер Қайырғали Қожамбаевты Ақтөбе облысы ғана емес, республиканың өнерсүйер қауымы да жақсы біледі десек артық емес. Сондықтан біз бүгінгі әңгімемізде Қайрекеңнің жүріп өткен өнер жолы емес, оның тікелей есіміне байланысты қызықты бір деректі оқырман қауымға ұсынғалы отырмыз.  – Қайырғали Үсенғалиұлы, біздер журналис­тер сәл нәрсеге таңырқағыш халықпыз ғой. Өткен жылы бір бас қосқанымызда осы өнер жайы сөз болып, кейбір өзімізге таныс ария, опера, романс емес, кантата, сюита, камералық хор, фортепианоға жазыл­ған пьесалар сияқты, кей­біреулері шетелдерден енген тер­миндердің түсініктемесіне тоқтал­ға­нымызда нақты жауаптар таба алмай дал болдық. Сол сәтте бір әріптесіміз «мұны бір білсе, дядя Коля білуі мүмкін» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Сұрастыра келсек, Колясы сіз екен. Бұл қалай өзі? – Жүгірмектің сөзінің жаны бар (ағамыз сәл жымиып қойды.С.Н.). 1938 жылдың қаһарлы қысында, яғни 28-желтоқсанда дүниеге келіппін. Мен өмірге келерде анамды толғақ қысып, қиналып, үш-төрт күн жүріп қалыпты. Қоныс тепкен жеріміз сол кездегі атау бойынша Құмшығанақ ауылдық кеңесі, бұл Атырау (Гурьев) облысының Бақсай ауданының (қазіргі Махамбет) аумағы болса керек. Есімде қалғаны екі қызыл үй, біреуі мектеп, екіншісі мектеп-интернат. Әкем сол интернаттың меңгерушісі болды. Содан не керек, біздер ырымға сенгіш халықпыз ғой, ағайындар мен көрші-қолаң жиналып, «тездетіп матушка кемпірді алып келу керек» деген шешімге келіпті. Жайықтың арғы жағында тұратын ол орыс кемпірді ақыры қайықпен өтіп, дедектетіп жеткізіпті. Сол матушка апамыз көп кешіктірмей анамызды босандырып алыпты. Арамызға етене сіңісіп кеткен өзге ұлт өкілдері біздің қазақи салт-дәстүрлерімізді де бойына тез қабылдап алатынына таңым бар. Оны айтып отырған себебім, осы орыс кемпір қызылшақа, бақырып жатқан менің құлағыма «сенің атың Коля болады» деп үш рет айқайлапты. Анамның жаны қалғанына мәз болған әкем де, ағам да үнсіз бас шұлғи беріпті. Сөйтіп, менің туу туралы куәлігіме Коля болып жазылыпты. – Осылай жүре бердіңіз бе? – Әйтпегенде ше? Екі-үш жылдан кейін сұм соғыс басталып, әкем майданға аттанды. Анам, менен сегіз жас үлкен ағам Тұрғаналы үшеуміз қалдық. Ішер асқа, киер киімге жоқшылық туған бір қиын кезең еді ғой. Атымда шаруам жоқ, Коля болып шауып жүрмін. Ағам кейде оңашада кекілімнен сипап, «анамызды ренжітпейік, көмектесейік, үй жұмысын атқарайық» деп маған өзінше үлкенмін деп ақыл айтып, дем беріп қояды. Мақтаса болды, жүгіріп кетемін. Шамасы мен алты-жетілерде болсам керек, еміс-еміс есімде қалыпты, көршілес №7 ауылға, яғни Есбол ауданына (қазіргі Дендер) қоныс аудардық. Ағам Тұрғаналы жас та болса маған әкемнің орнын жоқтатпады десем, артық айтқандық емес. Оны №8 ауылдан, бағанағы Бақсай ауданын (Махамбет) айтып отырмын, орта мектепті, одан кейін Гурьевтің педагогикалық училищесін тәмамдап, №6 ауылға жіберді. Шындығын айтсам, осы Бақсай мен Есбол аудандарының біраз ауылдарына қоныс аудардық-ау деймін. Бұл №6 ауыл Қазбек деп аталады екен. Осы жерде мен 7-сыныпты бітірдім. Сегізінші сыныпты Дендер ауданының Елтайында интернатта жатып оқи бастап едім, кейіннен Кулагинода пансионат ашылды деген жағымды жаңалық жетті. Әкемнің досы сол жылдары аудандық білім бөлімін басқарған екен. Сол кісі анамнан менің жағдайымды естіп, бірден пансионатқа қабылдады. Жақсы бөлмелер, тамағын береді, бір үлгіде киіндіреді. Ағайлар мен апайлар хал-жағдайыңды біліп, сабақ барысына да көмектеседі. Сөйтіп, үш жыл осы Жамбыл атындағы орта мектепте оқып, 1955 жылы онжылдықты бітірдім. – Әдетте ауыл баласы көбінесе агроном, инженер, мал дәрігері, ұстаздық мамандықтарды таңдайды. Ал бозбала Коляны саз әлемі несімен қызықтырды екен? – Өте орынды сұрақ. Аз ғана шегініс жасар болсам, ауыл деген, оның ішінде Атырау өңірі, таланттың тұнып тұрған ортасы. Мен де сондай жырау-әншілердің, күйшілердің талайын көріп, тыңдап, талантына бас иіп, шіркін-ай осылардай болсам деген үкілі үмітпен ержеткен жанмын. Әсіресе халқымыздың фольклорлық жанры мені қатты қызықтырды. Адамның алға қойған бір мақсаты болады ғой. Менің сазгер болуыма басты себеп – сол кездегі бала қиялымды жүзеге асыру еді. Мысалы, бір күйді алайық. Әрине, түсінбейтіндер күй біткенше дегбірі қашып, әрең шыдап отырады. Ал мен сол әуенге берілетінім сондай, бейне бір астан-кестен жүріп жатқан оқиғаның ішінде қас батырдай қылыш сермеп жүргендей әсерленемін, ал күй аяқталғанда ұйқыдан оянғандай селк ете қаламын. Міне, өнердің құдіреттілігі! Мені Құрманғазы атындағы консерваторияның халық аспаптары бөліміне бағымды сынауға итермелеген де осындай асыл сезімдерім еді. – Кешіріңіз, тақырыбымыздан сәл ауытқыңқырап кеттік-ау деймін. Сонымен Коля болып қала бердіңіз бе? – Құдайға шүкір, Коля болып қалғаным жоқ. Өзің де студент болдың, жатақханаларда түрлі себептермен кештер жиі ұйымдастырылатын еді ғой. Сондай басқосулардың бірінде досым Нұрғали Нүсіпжанов «бүгін Коляның туған күніне жиналып отырмыз» демесі бар ма?! Қанша қалтамыз тесік дегенмен, сол күні дастарқанның үсті жайнап кетті. Шіркін, республикамыздың әр өңірінен келген жастардың бірі ән айтса, бірі билеп өз өнерлерін көрсетіп, кешті қыздыра түсті. Өлең оқығандар да аз болмады. Отырысты орталап қалған кезіміз еді, бір кезде Нұрғали «Ау, Коля, біз саған қазақша ат қоюымыз керек, қане, айт» деді. Қапелімде сасып қалдым. Басқа қыз-жігіттер де оны қоштай кетті. «Анам мен ағама хабарласайын, алдарынан өтейін, сосын» дей беріп едім, қу жігіттер менен бұрын үймен хабарласып, рұқсатын алып та қойыпты. «Қарағым өзің біл, бала емессің ғой. Бізден рұқсат» деген үйден келген үшбу хатты жігіттер қолыма ұстата қойды. Сенбейін десем, таныс таңбалар көзіме оттай басылды. Содан, «іздегенге сұраған» дегендей, қайдан ойыма сап ете қалғанын білмеймін, біздің Атырау өңірінде Кеңес Одағының Батыры атанған Қайырғали Смағұлов деген азамат бар деп еститінмін. Атым Қайырғали болсын дедім. Бәрі ду қол шапалақтап жатыр. Міне, мен осылай Қайырғали Қожамбаев болдым. – Қызықты әңгімеңіз үшін рахмет. Өнер жолында тың табыстар тілейміз! Сағындық НИЯНҚҰЛОВ Ақтөбе

4847 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5820

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5486

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3224

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2610

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2571

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2550

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2283

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2265

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы