• Мәдениет
  • 07 Ақпан, 2013

Етікші

Биылғы «кәрі құдамыз» ә дегеннен-ақ қаһарлы мінезін таныта келіп, екі аяқты бір етікке тыға жаздады. Етік демекші, қыс айларының суығы алқымнан ала бергенде ескі аяқкиім еске түсетінін қайтерсің. Әншейінде елеусіз жатқан ескі етікті қолтықтап, аяқ жетер жердегі етікшінің үйіне қарай із салу керек болды. Сөйтсек, аяз келгенде аяғын ойлап алқы­нып жүрген жалғыз біз емес екен. Етікшінің шеберханасында соңғы екі-үш күнде жиналған аяқкиімнің түр-түрі тізіліп тұр. – Мынау Ресейден, мынау Түркиядан, мынау Қытайдан, – деп бірқатарын қолмен нұсқап шықты шебер. Сонысына қарай сапасы да әрқилы. Қазіргі базарда қытай тауарларынан аяқ алып жүргісіз. Солардың ішінде ең жақ­сы­сын таңдап алдым дегеніңізбен, оны да бір жылдан артық кию мүмкін емес. Көбіне түріктікі деп сатқан саудагерге алданып жатамыз. Еліміздегі сауда орындарын Қытай тауа­рынсыз елестету мүмкін емес. Рас, өндіру жағына келгенде алдына жан салмайтын Қытай қазір бізге өз өнімдерін молынан ұсынып отыр. Алмайын дегенмен бағасы қалтаға қонымды-ақ. Әзірге киіміміздің бүтіндігі мен аяғымыздың жылылығын шығыстағы көршіміздің қолына сеніп тапсыра тұруға тура келеді. Әлемде 10 млрд. жұп аяқкиім өндірілді деп есептесек, соның 6 млрд. қытайдікі болып шығады екен. Бұл көрсеткіш сол елдің аяқкиім нарығындағы әлеуетін айтып тұр. Дәл қазіргі кезде қытай тауарын тұтынуда біздің ел де ешкімге дес бермей келеді. Қазақстандағы аяқ­киімнің 75 пайызы Қытайдан тасымалданады. Ержан Әбілқасымұлы осы кәсіпті игеріп, сол арқылы шаңырағының жоғын бүтіндеп отырғанына биыл бесінші жылға аяқ басыпты. Бүгінде аяқкиім төңірегіндегі жағдай оған әбден таныс. – Аяқкиімді үйде отырып-ақ тігіп, сатуға болады, – дейді Ержан. – Сәнін де, сапасын да келтіру қиын емес. Бірақ өкініштісі сол, көз майын тауысып шығарған затты базарға апарғанда бәсі кемиді. Оған кеткен материалдың құны еңбегіңді ақтай алмайды. Ал жұрт қазір таңдауға келгенде қалтасына қарайтыны белгілі. Ержанның айтуынша, бүгінде аяқкиімді қолдан тігіп, саудалап отырғандар көп. Ондай өнімнің бағасы тұтынушылардың деңгейіне қарай 70-150 мың теңге аралығында. Елімізде былғары өңдеу саласында 32 кәсіпорын жұмыс істейді екен. Бүгінде солардың 5-еуі ғана аяқкиім өндіреді. Тапсырыс­пен жұмыс істеген өндіріс орны аяқкиімдерін еркін саудаға шығармайды. Елдегі аяқкиім саудасындағы өзіміздің өніміміз 3,5 пайызға әрең жетіп жығылатын көрінеді. Етік тігудің қыр-сыры жайындағы әңгі­мемізді ары қарай Тұрғанжан Қалибекұлымен жалғастырдық. Тұрғанжан ата осыдан сәл бұрынырақта етік тігуден басқа зергерлікпен де айналысыпты. – Ұлттық киімін тастамаған қазақы ортаны көргендердің бірімін. Мен ес біліп, етек жапқаннан бастап қазақы үлгідегі киім киіп жүретін ауыл қарттары мен апа-әжелерді көрдім. Қарапайым тұрмыста қолданылатын заттарымыз ұлттық үлгіде болатын. Сол кезде қазақтар шоқай, киіз байпақ, саптама етік, мәсі киіп жүрген. Олар жылы әрі ыңғайлы. Бір жағынан аяқ ауруларынан да сақтайды, – дейді ақсақал ұлттық киімдеріміз жайында сыр шертіп. Қарияның айтуынша, қазіргі кезде қазақтың етік тігу өнері ұмыт бола бастаған. Қазақтар киген етіктің ұлтарағының астында жұп-жұқа қабаттап арнайы жасалған қатты зат болған. Ол аяқты майтабан болудан және жағымсыз иіс шығудан сақтайды. Қазіргі сапасыз аяқкиімдер денсаулыққа өте зиян. Себебі олардың көбі аяққа конымды келе бермейді. Ұлтарағы, табаны өте жұмсақ аяқкиімдер майтабан, буын ауруларын тудырады. Аяқкиім әдемі көрінуі үшін тігушілер терінің астына паралон салады екен. Бұл материал ауа өткізбейтін болғандықтан, аяқ терлетіп, аяқ ауруын тудыруға себепші болады. Кезінде себеппен былғары илеуді, былғарының қасиеттерін, оны тұрмыстық жағдайда қолдануды жақсы меңгеріп алған қария бертінге дейін балаларының аяқкиімдерін өз қолымен тігіп келіпті. Содан болар, аяқкиімнің табанын қатты былғарыдан жасаған жөн екенін айтады. Етіктің табанын жасаудың өзі асқан шеберлікті талап етеді. Ісмердің айтуынша, теріні илеу кезінде құлаштан артық көлемді теріні арнайы ерітіндіге салып қою керек. Белгілі бір уақыт өткенде әлгі көлемді тері кішірейіп, бір пұшпақ болып қалады да есесіне қалыңдай түсіп, қатты былғарыға айналады. Ол аяқкиімнің ұлтанын немесе басқа да қажетті бұйымдар жасауға таптырмайтын зат. Ісмер кейінгі кезде бұл кәсіптен еріксіз алыстап бара жатқандығын айтады. Зергерлік өнерін де оқта-текте ғана қолға алып қойғаны болмаса, оның ізіне түсіп жүрген жоқ. Кәсіпті ыждағатпен жалғастыратын адам да қалмай барады. Бұл, әрине, өкінішті. Кезінде етікшілік те әркімнің қолынан келе бермес озық өнер түрі болып еді-ау... Исатай ҚОРҒАНБАЕВ

8140 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5819

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5485

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3223

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2609

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2570

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2549

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2282

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2264

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы