• Қоғам
  • 14 Наурыз, 2013

Жетімін жаутаңдатпаған ел едік...

Өмірге сәби келді! Жалпы адамзатта мұнан артық қуаныш болмаса керек. Әсіресе қазақ үшін өмірге келген баладан артық қуаныш пен бақыт жоқ екені баршамызға белгілі. Бала туған сәтте тек оның ата-анасына ғана емес, туыс-жекжаттары үшін де зор қуаныш болып, олар бір-бірінен сүйінші сұрап, шілдехана тойын жасап, мәре-сәре болып жататынын көріп жүрміз. Ата-анасы өмірге келген балаға тілеу жасап, оның ел қатарлы азамат болуын армандайды. Бала қамсыз, мұңсыз болып ержетуі үшін олар қолынан келгеннің бәрін жасауға тырысады. Иә, шыр етіп өмір есігін ашқан балаға тек ата-анасы ғана емес ­туыс-жекжаттары да, ауыл-аймағы да, тіпті бүкіл елі, бүкіл мемлекет – Отаны қамқор болуы басты міндет-парыз болмақ. Егер жазатайым бала ата-анадан айырылып жетім қалса, оны ағайын-туғандары бауырына басып, жетімсіретпей өсіретіні халқымыздың асыл қасиеті еді. Мұндай жағдай болмаса, жетімекке мемлекет тарапынан қамқорлық жасалады. Сөйтіп, бала есейіп, ел қатарына қосылып Отанның азаматы болып, жұмыскер, өнерпаз, ғалым, малшы секілді маман иесі болып шығады. Міне, сондықтан да мемлекет үшін баладан асқан байлық жоқ. Елбасымыздың биылғы Жолдауында ең басты байлығымыз – адам капиталы деген тұжырымының мәнісі де осы. Демек, бала ата-анасының қамқорлығына бөленіп өссе де, жетім қалса да, қалайда өмір сүруге, ержетіп өмірден өз орнын табуға жағдай жасалуы тиіс. Алайда еліміздегі жетім балалардың жағдайына үңілсек, олардың құқықтары тапталатынын, мемлекет тарапынан қамқорлық жасаудың ойдағыдай еместігін ұғынуға болады. Тіпті қоғамда балаларға жағдай жасау былай тұрсын, оларға қарсы дұшпандық әрекеттер жымысқылықпен жасалып келе жатқанына мысалдар мен дәлелдер жеткілікті. Бұл төзуге болмайтындай ащы шындық екенін жасыруға болмас. Бұл мәселенің асқынғаны соншалық, жетім сәбилерді сатуға дейін жол берілгенін, тіпті мұндай сорақылық, сұмдық әрекеттер заңдастырылғанын екінің-бірі біле бермейтін секілді. Ең сорақысы сол, «Балалар шетелдіктерге асырауға беріледі» деген сылтаумен шын мәнінде тауар ретінде сатуды да ықпалды қайраткерлерге дейін белсене жақтап жүргені таңданарлық. Адамгершілік тұрғыдан қарас­тырсақ, мұның өзі аса зор қасірет, қылмыс десек, жаңсақ айтқандық болмас. Сәби де біздің қоғамымыздың бір мүшесі, еліміздің бір азаматы екенін ешкім жоққа шығара алмас. Оларды Отанынан ажыратып шет жұрттардың асырауына беру дегеніміз еліміздің болашағына қарсы қастандықтың нағыз сорақы көрінісі болса керек. Қане, нақты санға жүгінейікші. Бүгінгі таңда елімізде 37 мың 800 бала жетім деп танылған. Ал осы жетімдердің былтырға дейін 8 мың 860-ы шетелдіктерге жөнелтіліпті, ал қазір бұл сан он мыңдай деуге болады. Осы балалар елде өссе, 50-60 жылда олардың ұрпақтары жүздеген мың болып көбейетіні анық. Демек, біз осынша азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сөйтіп, Қазақстан шетелдерге бала жөнелтуден әлемде үшінші орын алатын болды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шердің айтқанына қарағанда, қазірдің өзінде шетелдіктерден 62 өтініш түссе, оның 37-сі қанағаттандырылыпты. Жалпы Қазақстанда сәбилерді шетелдерге жөнелтумен 37 делдал ұйым шұғылданады екен. Сондықтан да шетелдіктерге жөнелтіліп жатқан сәбилердің санын есептеу мүмкін емес деуге болады. Бұлай дейтініміз, шетелдіктерге бала беру жұмысы құпияланған. Нақты қай елге, қанша балаларды, нақ кімге беріп жатқаны жөнінде мәлімет жариялы түрде болған емес. Делдал агенттіктер де, мемлекеттік органдар да, мұны құпияландырып келеді. БАҚ-тарда ара-тұра келтірілген мәліметке қарағанда шетелдерге жөнелтілген сәбилердің басым көпшілігі (жеті мыңға жуығы) АҚШ-қа тиесілі екен. Мемлекеттік органдар «шетелдерге берілген сәбилердің жағдайы өте жақсы, олардан үнемі жағымды деректер алып отырмыз» дегендей көңіл тоғайтарлық сөздерін айтудан жаңылмайды. Әрине, мұндай сөзге жұртшылық сенетін секілді. Ал мұндай ақпарлардың жалған екенін Ресейде соңғы кезде өрістеген қызу пікір-таластардан ұғынғандай болдық. Ресейдегі жағдай да Қазақстанмен бірдей деуге болады. Жалпы бізде заңдар мен реформалардың дені Ресейден үлгі алып жасалатыны да белгілі. Сондықтан балаларға қарсы құйтыртқы әрекеттер біздің елдегі секілді Ресейде де асқына түскен. Ресейде 1991 жылдан бері 45 мың сәби АҚШ-қа жөнелтілген екен. Зерттеушілердің пікіріне қарағанда АҚШ-та балаларды зәбірлеу, тіпті өлтіріп тастау да ұшырасады. Алайда бұл жөнінде олар мәлімет таратпайды. Сондай бір оқиға мемлекетаралық үлкен шуға айналды. Дима Яковлев деген баланы асырап алушылар өлтіргені жөніндегі қылмыс сотта ақталғаны сол елдің ақпарат құралдарында жария болғаннан кейін Ресей Президенті В.Путин шетелдерге бала беруге тосқауыл қоюды талап еткенде бірқатар қайраткер мен ұйымдар «бала құқығына қайшы» деп байбалам салды. Ал патриоттық ұйымдар мен сергек ойлы қайраткерлер шетелдерге бала берудің өзі бала құқығын таптау, баланы отанынан аластау деп оған үзілді-кесілді қарсы болып жүр. Мәселен, Кеңес империясының басшыларының бірі болған В.Молотовтың немересі, мемлекеттік Думаның депутаты, белгілі журналист, ғалым В.Никонов пікірталаста былай деп мәлімдегенін естідік: – Мен докторлық диссертацияны АҚШ-та қорғадым. Ондағы балалардың құқығы тапталатынына жете қанықпын. АҚШ шетелдерге бала сатуға қарсы халықаралық конвенсияға қол қойған жоқ. Өйткені шетелдерден әкелген балаларды асырап алушылар құл ете ме, мүшесін пайдалана ма, бағып-қағып өсіре ме бұл туралы мұнда ақпар алу мүмкін емес. Ал Батыс Еуропа елдерінде шетелдерге бала беруге қатаң тыйым салынған. Еуроодақ Румынияны мүшелікке қабылдау үшін ондағы баланы шетелге беру туралы заңды жоюды талап еткен. Тіпті жеріне адамдар сыймай жатқан, халық саны 1 млрд.-тан асқан Индияның өзі шетелге бала беруге тыйым салған. Жетім балаларға толыққанды қамқорлық жасау тек мемлекеттік балалар үйлерінде ғана жүзеге асады. Ал шетелдерден бала асырап алу дегеніміз шын мәнінде ақша табудың көзіне айналғаны бүкіл әлемге белгілі жайт. Мұндаймен шұғылданатын агенттіктер шын мәнінде жемқорлықтың ордасына айналған. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Джун Кукитаның мынандай мәлімдемесі бұған нақты дәлел. Ол былай депті: «Жетімнің көз жасы арқылы пайда тапқысы келетіндер де жоқ емес, бақылаудың жоқтығынан пара беру, сату, ұрлық сияқты түрлі жаман әдеттер орын алып отырғаны да шындық»... Сондай-ақ америкалық «For This Child» деп аталатын ұйымның ресми сайтында Қазақстаннан балалар асырап алудың құны бойын­ша, бала асырап алуға көмек көрсеткені үшін америкалық компания 21 мың АҚШ долларын талап ететін көрінеді. Бұдан бөлек балалар үйлеріне, ондағы тәрбиешілер мен тәрбиенушілерге берілетін сыйақы тағы бар. Айналып келгенде Қазақстаннан 30 мың АҚШ долларына бала асырап алуға әбден болады екен. («Түркістан» газеті 31.01.2013 ж.). Осындай жайттарды біле тұра Қазақстанда шетелдерге балаларды асырап алуға беру үрдісі тыйылмауы таңданарлық жайт. Мұндағы негізгі сылтау біздің елімізде жетім балаларды, әсіресе мүгедек балаларды бағып-қағып өсіруге елдің экономикасы көтермейді дегендей пікірлерді де жиі естиміз. Ал Қазақстанның экономикалық қарқынды даму жолына түскені бүкіл әлемге аян. Еліміздің қазіргі экономикасы тек жетім балаларды ғана емес, сонымен қатар жалпы ата-анасы бар отбасындағы балаларды да қамсыз, мұңсыз өсіруге артығымен жететінін жұртымыз да жақсы біледі. Ал балаларды шетелдерге асырауға берушілерді былай қойып, Парламент депутаттарына дейін «біздің елімізде, әсіресе мүгедек сәбилерді бағып-қағуға да, жетім балалар үйін ұстауға да қаржы жетіспейді» дегендей сылтау­ды айтудан жаңылар емес. Нақты мәліметке жүгінсек, интернатта бір жетім балаға жылына 1 млн. теңге жұмсалады екен. Шын мәнінде қаржы емес, балаларға деген аяушылық сезім, қамқор көңіл жетіспейді. Сондықтан да қазір жетім балаларға деген қатыгездік әрекет үдемесе бәсеңдер емес. Ақпан айының соңғы күндері Астанада «Балалар отбасында болуы тиіс» деген ұранмен арнайы форум өткізілді. Онда Ресейдің балаларды шетелге асырауға берушілері, патронаттық тәрбиеге алушылары Қазақстанның осындай әріптестеріне көмектесетіндей ой-пікірлерін білдіріп балаларды жетім балалар үйінде бағуға болмайтынын мәлімдеумен болды. Сөйтіп, Қазақстанның белсенділері «жетім балалар үйлерін ұстау – Қазақстан үшін ұят» дегендей пікірлерін жұртшылықтың санасына сіңіруге тырысып бақты. Сондағы мақсат жетім балалар үйлерін таратып оларды асырап алушыларға үлестіру деген сылтаумен сайып келгенде, шетжұрттарға сатуға саятынын, өкінішке орай, кейбір қайраткерлер мен зиялылар ұғына қоймағаны да байқалады. Сондай-ақ соңғы кездері ақпарат құралдарында жетім балалар үйлерін сынап-мінеу үдей түсуде. Мәселен, «Дала мен қала» газетінің соңғы нөмірлерінің бірінде «Жетімдердің жағдайын жасырудың жөні бар ма?» деген хабар жарияланды. «Әлеуметтік зерттеулер интернатта балаларды қорқытып ұрып-соғу фактілерінің көбі тергеу органдарының назарынан тыс қалып жататынын анықтаған. Көптеген интернаттар мемлекеттік органдардың тексеру жүргізгенін қаламайды. Демек, «жасырудың» астарында ішкі тірліктің «іші түтін» екенін аңғартады. Әртүрлі діни ұйымдар ашып жатқан балалар үйінде де жағдай мәз емес. Ең сорақысы балаларға қатарластардан бөлек тәрбиешілері де қол көтереді екен. Еліміздің Бас прокуратурасында өткен кеңейтілген мәжілісте осындай деректер келтірілді»... «Қазақстанда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 11 мыңға жуық бала 196 ұйымда, атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау мекемелерінде тәрбиеленіп жатыр екен. Өкінішке орай, бұл интернаттағы балалардың құқық­тары мен мүдделеріне нұқсан келтіретін жағдайлар аз емес» («Дала мен қала» газеті 25.01.2013 ж.). Мұндай фактілердің мазмұнынан нені аңғаруға болады? Тіпті прокуратураның өзі түрлі күдікті ұйымдарда, діни ұйымдарда бағылып жатқан балалардың төзгісіз жағдайын қадағалай алмайтындықтан, мемлекеттік интернаттардың жұмысын сынауға бейім дегендей ойға тірелте береді. Зерттеулерге қарағанда, мұндай интернаттардан алуан мамандық иелері көптеп шығып келеді. Үлгілі отбасын құрғандар да аз емес. Жалпы елімізде 37 мыңға жуық жетім балалардың 24 мыңнан астамы патронаттық тәрбиеде, 10 мыңға жуығы шетел асып кеткен. Сонда мемлекеттік интернат мектептерде 11 мыңдай ғана жетімдер бағылады екен. Бұл сандарға сараптау жасасақ та елімізде жетім балалардың басым көпшілігі мемлекеттік қамқорлықтан тыс қалғанын аңғаруға болады. Ал көптеген ақпарат құралдары жетім балалар үйлерін жауып, балаларды жаппай жекелеген адамдарға асырауға беру жөнінде насихат таратумен шұғылданатын болды. Сөйтіп, олар жетім балаларға арналған мектеп-интернаттарды сынаумен әуестеніп алған. Жалпы БАҚ-тардың деректеріне қарағанда, жетім балалардың есейген кезінде тек 10 пайызы ғана ел қатарына қосылатыны, ал 70 пайызы қылмыстық жолға түсетіні, қыздардың 60 пайызы жезөкшелікпен шұғылданатыны жөнінде мәліметтер айтылып жүр. Өйткені жетім балалар 18 жасқа толғаннан кейін олардың барар жері, басар тауы болмайды. Үйсіз, күйсіз, жұмыссыз жүрген жастардың қай-қайсысы болсын осындай келеңсіздікке ұрынатынын бағамдау қиын емес қой. Тіпті мемлекеттік интернатты бітіргендер міндетті түрде бас­панамен қамтамасыз етілуі тиіс деген заңдар мен ережелер де өз мәнінде орындалған емес. Өйткені оларға арнайы тұрғын үй бөлінуі қажет. Ал тұрғын үйлер болса елде зәрулікке айналғаны да жасырын емес. Мұндайда арнайы тұрғын үй емес, жастардың жатақханасы болса жетімдер қаңғырып қалмас еді. Олар 18 жасқа толғанда, яғни интернаттан шыға салып жатақханаға орналасар еді. Тек жетім балалар ғана емес, баспанасыз жүрген миллиондаған жастар үшін жатақхана жүйесін дамыту да шешімін күткен мәселе екені өз алдына бір бөлек әңгіме. Сонымен қатар жетім өскендерді оқу орындарына грантпен қабылдау, жұмыс орындарына міндетті түрде орналас­тыру мәселесі де ешкімді ойландырмайтыны таңданарлық жайт. Айта берсек жетімдердің мұң-зары таусылмайды. Еліміздің экономикасы өркендеп, халықтың тұрмыс жағдайы түзеле бастағаны жөнінде жиі айтылып жүр. Мұндай пікірді жоққа шығару мүмкін емес. Ақиқатында да осылай ғой. Қазір миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңге бөлініп, спорт кешендері, зәулім сарайлар тұрғызылып, өзге де мақтанарлықтай шаралар қолға алынып жатыр. Солай болса да жетім балаларға қамқорлық жасау мәселесі мүлде шешімін таппағаны қалай? Бұл, әрине, алаңдарлық жайт. «Мұнан да жаман кезде тойға барғанбыз» дегендей, еліміз бодандықтың, шапқыншылықтың, ашаршылықтың зардабын тартқан кезеңдерде де жетімдерін осыншама шетқақпай еткен жоқ қой. Ұлы билеріміздің «Жетімін тентіретпеген елміз» деген қанатты сөзі осындайдан айтылған ғой. Соны неге өнеге тұтпаймыз. Демек, елімізде осындай заңдылықпен өмір сүріп болашақ ұрпақты, балаларымызды, әсіресе жетім қалған балаларымызды қамсыз, мұңсыз өсіруді үкімет ең бас­ты міндеті, мақсаты ететін болса, жетімдеріміз шетқақпай болмас еді. Ал еліміздің тарихына үңілсек, жетім балаларды қамсыз, мұңсыз өсірудің тамаша тәжірибелері аз жинақталмаған екен. Өкінішке орай, соның бәрін қазір пайдаға асыру мәселесі мүлде ұмыт болған. Мәселен, өткен кезеңдерге ой жүгіртейікші. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бас­тап 30-жылдардағы ашаршылық пен жоқшылық, қайыршылық меңдеген кездің өзінде ата-анасынан айырылған миллиондаған балаларды мектеп-интернаттарда бағып-қағып, ел қатарына қосқаны тарихи шындық қой. Азамат соғысынан кейін бүкіл Кеңес Одағы аумағында сан миллиондаған жетім балаларды чекистердің басшысы Ф.Джержинский бас болып балалар үйіне жинағаны, оларға айрықша қамқор-көмек жасалғаны белгілі. Осындай балалар үйінің басшысы болған А.С.Макаренко «Ұстаздық дастан» деген естелік – педагогикалық кітап жазып қалдырды. Қалыңдығы төрт елідей қомақты бұл еңбек қазақ тіліне де аударылған. Онда Макаренко 400-500-ге жуық балаларды жетімдер үйіне жинап, тәрбиелеп, ержеткізіп, есейткені жөнінде өзінің тәжірибесін кеңінен қызғылықты етіп баяндаған. Соған орай ол өзінің педагогикалық тәжірибесін, ұстанымын, ой-пікірлерін де ғылыми зерттеу ретінде жазып, ұлы педагог атанған. Сонда Макаренко басшылық ететін жетімдер үйіне сол кездегі ең әйгілі жазушы Максим Горький бастаған зиялылар мен қайраткерлер жиі келіп, мұндағы балалардың өмір-тірлігіне сүйсінумен болған. Мұнда интернат балалары еңбекпен шұғылданып, тіпті өзін-өзі асырауға айтарлықтай қол жеткізіп отырған. Қазір осындай тәжірибені неге қолға алмасқа. Сонда тәрбиеленгендердің арасынан кейін Кеңес Одағының Батырлары, ғалымдар, өнерпаздар, өнегелі еңбеккерлер, түрлі саланың мамандары көптеп шыққан еді. Сондай-ақ осындай жағдай Қазақстанда да болды. Елімізде Кеңес Одағы тұсында тентіреген жетімдер болған емес. Олардың бәрі де мемлекеттік қамқорлыққа бөленіп интернаттарда, балалар үйлерінде өскені тарихи шындық. Тіпті халық жаулары атанғандардың балаларына дейін мектеп-интернаттарда өсіп шықты ғой. Біз осындай тәжірибені неге жоққа шығарамыз. Ата-анасынан, қамқоршысы­нан айырылған баланың әке-ше­ше­сі де, қамқоршысы да мемлекет болатынын ұғыну қиын емес. Өйткені бүгін­гі сәби болашақта мемлекетіміздің тірегі болмақ. Демек, жетім балалар­ды кім көрінгеннің қолына бе­ріп, көрінгеннің босағасына жаутаңдатпай, шетел асырып сатып жібермей мемлекеттің өзі қамқорлыққа алуы ұлы міндеттің бірі десек, асыра айтқандық болмас. Демек, жетім балаларды мемлекеттік мектеп-интернаттарда ғана бағып-қағып тәрбиелеп өсіруге мемлекет барынша мән беретін болса, бұл мәселе жұртшылықтың ашу-ызасын, ренішін туғызбас еді. Қуанбек Боқаев

5083 рет

көрсетілді

59

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5836

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5498

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3234

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2619

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2581

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2559

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2292

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2274

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы