• Тұлға
  • 23 Мамыр, 2013

«Сабантой» – достық мейрамы

Орал қаласында 2-маусым күні республикалық «Сабантой» мерекесі өткізілгелі жатыр. Биылғы «Сабантой» мерекесіне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың арнайы шақыруымен Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов келеді деп күтілуде. Татар мен қазақтың достығы, бір-біріне деген ерекше ілтипаты ежелден-ақ белгілі. Екі елдің мызғымас достығы, сыйласымдылық, әріптестік байланыстары бауырластығымыздың тереңде екенін паш етіп тұрса керек. Бұдан бөлек, біздің елдерді рухани-мәдени тұрғыдан байланыстырып тұрған тұлғалар да аз емес. Орал өңірінде дүниеге келіп, өнерімен, білімімен елге, халыққа белгілі болған татар азаматтары сол жарастықты көпірдің алтын діңгегіне айналғандай. Орал қаласында татар халқының ардақты ұлы, ақын Ғабдолла Тоқайға арналған көше бар. 1945 жылы Қазан консерваториясын ашып, оны 1988 жылға дейін басқарған, 8 опера, 3 балет, 17 үлкен симфониялық шығарма жазған, Соцалистік Еңбек Ері, үш мәрте мемлекеттік сыйлықтың иегері Назиб Жигановтың кіндік қаны тамған жері Ақ Жайық өңірі екенін барша жұрт біле бермес, бірақ осы мақаладан кейін хабардар болады деген ойдамыз. Ақын Мұса Жалил мен Ғабдолла Тоқайға арналған әдеби жыр кештердің қала кітапханаларында өткізіліп тұруы үзілген емес. Татар мәдени орталығы бастамасымен, жергілікті атқамінерлердің қолдауымен өтіп келе жатқан мұндай шаралар екі халықтың бір-бірін терең тани түсуіне жол ашары сөзсіз. Орал қаласындағы татар мәдени орталығының төрағасы, «Шапағат» медалінің және Ресей Президенті В.Путиннің жарлығымен «Қазан қаласына1000 жыл» медалінің иегері, «Родник» ЖШС-ның директоры Ришат Хайрулин жергілікті татарлар мен қазақ халқының ынтымақ дәстүрлерінің жалғасуына көп еңбек сіңіріп келе жатқан азамат. Оралда салынған ең көне мешіт 1871 жылы бой көтеріп, мешіттің бірінші имамы татар азаматы Мотыйғулла Тухватулин болған. Заманында ­саяси жағдайларға байланысты жабылып қалған мешітті қайта жөндеуден өткізіп, қалпына келуіне күш салған, осы іске демеушілік танытқан Ришат Хайрулиннің ұлтының алдындағы парызын абыройлы атқарып келе жатқанына да дәлел шығар. Орал татарларының бай тарихымен қала тұрғындары мен қала қонақтарын жете таныстырып келе жатқан мекеме – ол Ғ.Тоқай атындағы мұражай. Мұражай директоры Марат Багаутдинов бұл мұражай арқылы татар халқының игі дәстүрлерін жұртшылыққа кеңінен таныстырып келеді. Мұражайдың жертөлесінде 1906-1907 жылдары жарық көрген «Уральский дневник», «Фикер», «Аль Гафаль Джадит», «Уклар» атты басылымдар сақталған. Бұл басылымдарда Ғабдолла Тоқайдың өлеңдері мен әңгімелері жарық көріп, ел-елге тараған. Осындай байланыстарымыздың, тереңге кеткен сабақтастығымыздың өнегелі дәстүрі, міне, осындай. Алдағы маусым айында өткізілетін «Сабантой» мерекесіне татар мәдени орталығы төрағасының орынбасары, қазақтың келіні Альфия Лежнина: «Мерекені асыға күтудеміз. Бұл екі елдің достығын одан әрі байланыстыра түспек» дейді. Бір айта кетерлігі, татар мәдени орталығында «Ялқын» фольклор­лық ансамблі, «Кубәләкләр» тобы, «Ләйсан», «Яшлік» би топтары, ор­талық жанынан ашылған жексен­білік татар сыныптары жұмыс жасайды. Татар мәдени орталығының әншісі Эльмира Амироваға 2006 жылы «Татарстанның еңбегі сіңген қайраткер» атағы берілгені қос халық үшін де абыройлы мәртебе болғаны сөзсіз. Рафхат ХАЛЕЛОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ОРАЛ Суреттерді түсірген автор

5074 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы