• Тұлға
  • 05 Қыркүйек, 2013

Шарапаты мол қаламгер

Қазақ туған күнін тойлауды, атап өтуді дәстүр етпеген халық емес пе?! Ұлттық тәрбиемен санамыз қалыптасқандықтан болар мұндай салтты қазіргі аға ұрпақтың көпшілігі ұстана бермейді. Менің түсінігім бойынша балалардың ғана туған күнін атап өтудің тәрбиелік мәні бар. Ал ересек адамдардың туған күнін тойлау өзін өзгелерге мадақтату, сайып келгенде мақтансүйгіштік секілді болып ұғылады. Сірә, халқымыз мұны ежелден аңғара білсе керек. Жуықта белгілі журналист Бекболат Әдетовтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатын (16 тамыз 2013 ж) оқып көңіл толғанысымды білдіруді жөн көріп отырмын. Газетте оның 75 жасқа толғаны туралы нақты жазылмапты. Сірә, туған күнін әйгілетуді жөн көрмесе керек. Сөйтсе де бұл сұхбат соған орай жарияланғанын аңдағандай болдым. Сұхбатта ол өзі туралы емес, қазақ тілі мәселесі жөніндегі ой-толғамдарын ғана баян етумен шектеліпті. Газет тілшісі Айнаш Есали ақын Өтеген Оралбайұлының Бекболат Әдетовке арнаған өлеңіне орай сауал тастапты. «Бекеңе сәлем берем сағынып бір, Көп термин күтім таппай жабығып тұр. Қазақтың небір сөзі тұман басып, Бекеңе жол табаалмай қамығып тұр» деген жыр жолдарына, мақтануға жоқ ол: «Өтегеннің өлеңі інінің ағаға деген наз көңілі, асырып айтқан бағасы болар. Әйтпесе сөздің түбіне кім жетіпті» деп өзін әспеттеуден тартынып жауап қайырыпты. Ал «Бекеңе сәлем берем сағынып бір» деген жыр жолы Өтегеннің Бекболат Әдетовтың шарапатын көргенін айғақтағандай. Иә, ол да Бекеңнің қамқорлығын көрген көптеген қаламгерлердің бірі еді. Мен де Бекболат Әдетовтың шарапатын көргендіктен, оның болмысы мен қаламгерлік дарынына қанық болғандықтан Өтегеннің өлеңі шынайы көңілден жарып шыққан сыр сезімі екенін ұғынғандай болдым. Иә, Бекболат Әдетовті онымен қызметтес болғандардың қай-қайсысы болсын құрметтейді. Кезінде республикадағы ең беделді баспа «Қазақстан» саяси баспасының қоғамдық-саяси әдебиет редакциясында редактор болып оншақты жыл қызмет етіп, 2-3 кітаптың авторы болып, журналистік мамандыққа айтарлықтай төселген кезде 1980 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетіне ауысып келген едім. Әу баста мұнда басшылар мені жылы қарсы алған жоқ. Күн сайын өзгелер 100-500 жолдай хаттарды қорытып өткізсе, мен тіпті мың жолдан асырып қанша еңбектенсем де өзімнің авторлық мақалаларым жариялана қоймады. Баспаханаға күнделікті өткізілетін мақалалардың көлемі туралы жазылған тақтадағы кестеге қарап «Бөлім меңгерушісі болмақсың-ау» деп қарт журналистер әзілдеп мені мақтап жүрді. Алайда «тоқал ешкі мүйіз сұрап, құлағынан айырылды» дегендей бөлім басшысы болу былай тұрсын, басшылар маған қызметтен кетсін деп сыртымнан ескерте бастады. Сол кездегі жауапты хатшы Кеңес Юсупов басшылардың маған жолдаған «сәлеміне» қарсыласып мені барынша қорғап жүргенін айтатын. Бір күні жауапты хатшының кабинетінде бір топ журналистер шахмат ойнап отырған еді. Бастық шақырған соң оған барып келді де Кеңес: «қанша дәлел айтсам да бастық ұғынар емес, ақыры менің уәжіме қарсы амалы құрыған соң сені «бөлім меңгерушілердің қайсысы алғысы келсе соған ауыссын. Егер олардың ешқайсысы алмаса кете берсін» деді. Жігіттердің бәрі мұнан бейхабар болса керек. «Қуанбек не істеп қойыпты?» деп таңдана сұрап еді, Кеңес мән-жайды айтқан соң бәрі таңырқап аңтарылып қалғандай болды. – Бұл қалай болғаны? Бұл да өзіміз секілді білікті журналист емес пе?! – дегендей қынжылыстарын білдіріп, «Бастыққа бәріміз топталып кіріп араша түселік» деп дуылдасып тұрды да, ақыры бір тоқтамға келгендей болды. Бұлардың бәрі газетке жаңа леп әкелген озық көзқарастағы Ақселеу Сейдімбек, Бекболат Әдетов, Кеңесхан Зәкен, Қойшығара Салғарин, Совет Шиманбаев, Ғалым Тыныбаев секілді талантымен елге таныла бастаған орта буын еді. – Бұлай «бунт» жасағанымыз ыңғайсыз болар. Беке, «өзімнің бөліміме мен алайын» деп бастыққа кірсең қайтеді? – деп Ақселеу Бекболатты қолқалағандай болып ұсыныс айтып еді, оны Қойшығара қостай жөнелді. – Қуанбек насихат бөліміне лайық екенін өзің де білесің. Әрі бастықтар сенімен санасады емес пе, – деп айта бастап еді, Бекең ойнап отырған шахматты тастай салды да ұшып тұрып: – Басекеңнің әуселесін көрейін, – деп тез басып бас редактордың кабинетіне беттеді. «Мәселең шешілді дей бер» деп Ғалым Тыныбаев байқағыштығын білдірді. Айтқандай-ақ бастықтың кабинетінен шыққан соң Бекең: «Мәселе шешілді. Қане, енді кабинетіме барайық» деп, мені соңынан ілестіре жөнелді. Кабинетке келген соң: – Басқа бөлімге ауысатын жігіттердің қолындағы хаттарды ал да, іске кірісе бер, – деп бейқам ғана қысқаша сөйлеп тапсырма берген сыңай танытты. Ақылгөйсіп бөлімнің ерекшелігін, жауапкершілікті түсіндіріп жатпады. Сірә, өзі де біледі деп маған деген сенімін сездірген секілді. Көп ұзамай редакция тапсырмасымен жазған мақалаларым жариялана бастады. Бірде Алматы қаласындағы №2 аурухана жанындағы республикалық урология орталығының көп қабатты ғимаратының құрылысы ұзақ жылға созылып, ақыры мүлде тоқтап қалғаны жөнінде көлемді сын мақала жазған едім. Бекең оны дереу оқыды да, бас редакторға апарып берген соң машинкаға басқанға дейінгі қаламмен жазған нұсқасын сұрады. Қолжазбамды алып бас редакторға бара жатып: – Саған «мақаланы біреулер жазып беріп жүр» дегендей жаладан енді құтылатын боларсың. Басекеңмен қатты шайқаспасам болмас, – деді. Мені журналист емес деген желеумен қызметтен кетірмек болған әрекет сонымен сап тыйылды. Басшылардың мені қызметтен неліктен шеттетпек болғанын кейін аңғарғандай болдым. «Респуб­лика басшыларының кітаптарын шығаратын үлкен баспадан мұнда қалайша ауысып келдің?» деп сұрағанда, «Баспада тұрғын үй берілмейді, мұнда пәтер алайын деп келдім» деген сөзім басшылардың шамына тисе керек. Сонда «СҚ» сендерге сауын сиыр емес» деген еді олар. Кейін өзіме үнемі жанашырлық танытып, қамқор болып жүрген Кеңесхан Зәкен: «Бұлай айтпауың керек еді» деп мәселенің мәнісін түсіндірген еді. Бекең қол қойған мақалаға бастықтар қалам тигізбей дереу теруге жіберетін. Бірте-бірте Бекеңнің қамқорлығының арқасында көлемді мақалаларым да жарияланып, тіпті тоқсан сайын озық деп танылған жарияланымдарға берілетін сыйлыққа да жиі ие болып, газетте он жылдай қызмет еттім. Бекең газеттен басқа қызметке ауысып кеткенде ұжымға редакцияның бір қабырғасы құлап қалғандай әсер етті. Тек жастар ғана емес, тіпті сақа журналистер де оны ілтипатпен жиі есіне алып жүрді. Ол газетте редакция алқасының ең беделді мүшесі болды. Мерекелік нөмірлердің жоба-жоспарларын да Бекең жасайтын. Даулы мәселелер туындаса сақа журналистердің көбі Бекеңе жүгінетін. Ал ол кімге болсын бәлсінбей қолынан келген көмекті аянып қалмайтын. Әсіресе, оның қамқорлығын көрген жастар аз емес. Сонымен қатар Бекеңнің қаламгерлік шеберлігіне де тәнті болатынбыз. Бұл ретте өз басым одан көп нәрсе үйрендім. Оның тағы бір ерекшелігі орысшаға жүйрік еді. Орысша сауатты жазатын санаулы қаламгерлердің бірі де Бекең екенін кейін аңғардым. Сол кезде басшылардың жиындарда орысша жасайтын баяндамаларын Бекең жазып бергенін естіп қалатынмын. Жалпы журналист қауымы арасында қазақ тілінің тіл мамандары – ғалымдарынан да терең білгірі Уақап Қадырханов пен ­Сабыржан Шүкірұлы және Бекболат Әдетов болғаны өз алдына бір төбе әңгіме. Мәселен, Бекең биылғы көктемде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Тағы да тілдегі түйткілдер туралы» деген мақаласында тіл білімінің докторы, профессордың тіл туралы жазған мақаласындағы сөйлем құраудағы, сөз қолданысындағы бірқатар шалағайлықтарын дөп басып көрсете білген. Теріс кеткенді жөнге салады, тіл тазалығы үшін күресіп жүр деген профессордың ғана емес, өзге саладағы басшылар мен мамандардың олқылықтарын көре білуді Бекеңнен үйрендік деп құрметтей әңгімелейтіндер аз емес. Бекең «СҚ»-дан кеткеннен кейін де оған деген құрметін білдіргісі келетін журналистер аз емес екенін көріп-біліп жүремін. Солардың бірі талантты журналист Болат Шубаев еді. Болатпен осы газетте қызметтес бола жүріп айрылмас дос, сырлас болып кеттім. Кейін ол Ұлттық банктың баспасөз қызметінің басшысы болды. Сол кезде жиындарда Бекең ұшыраса қалса Болат оны таксимен, автобуспен үйіне дейін апарып салғанын үлкен бір міндетті орындағандай өзіне-өзі аса бір ризашылықпен әңгімелейтін. – Бекеңді үйіне жеткізіп, ұлағатын тыңдап, Нұрипа жеңгейдің шайын ішіп қайттым, – деп үлкен бір істі тындырғандай әңгімесін аяқтайтын. Болат Шубаев тек талантты, батыл, озық ойлы журналист қана емес, көркем әдебиетке де бейім болды. Мөлдіретіп жазған өлеңдерінің жинағын шығаруға әзірлеп, енді ақындықпен түбегейлі айналысам деп жүргенде таңертеңгілік қызметке бара жатқанда машина қағып қаза болды. Оның қастандықтың құрбаны болғанын сезінсек те қылмысты ашу мүмкін болмады. Болаттың қазасына Бекең қатты қайғырды. «Ұлтымыздың мүддесін қорғай білетін есіл азаматтың орны енді толмас» дегендей пікірін айтып егілгені әлі көз алдымда. Кейін маған «Болат туралы, оның ұлттық мүддені қорғау жөніндегі мақалаларын әйгілеп қалам тартқаның жөн» деген еді. Алайда оның сәті бола қоймаған үшін Бекеңнің алдында өзімді кінәлі санап жүремін. Реті келсе, ғұмыр жетсе бұл тақырыпта жазғандарым жарияланатын болар. Жалпы кеңес кезінде, әсіресе 70-90 жылдары бүкіл қазақ журналистикасының, ұлттық мүддені қорғаудың озық үлгілерін жасап, барша басылымдарға өнеге дарытқан қаламгерлер еңбегін зерттеп-зерделеп тұрақты түрде жинақ етіп шығарып отырса дегендей ұсыныстарды да жиі естимін. Бекең ғалымдар секілді еңбектерін том-том етіп, кітап етіп шығарған жоқ. Оның газеттегі жариялымдары шаң басып жатыр ғой. Осы кезеңде журналистиканың жаңа белесіне жол бастаған Бекеңнің де, Болат Шубаевтың да, сондай-ақ Сарбас Ақтаев, Уақап Қыдырхан, Ақселеу Сейдімбек, Кеңесхан Зәкен, Қойшығара Салғара, Тәжібай Битаев, Нұри Муфтах, Сабыржан Шүкірұлы, Мамадияр Жақып, Сауытбек Абдрахманов, Жанат Елшібек секілді өзіндік қолтаңбасында ерекшелігі мол журналистердің еңбектерінен оқу орындарында дипломдық, ғылыми жұмыстар, рефераттар жазу дәстүрге айналса жас журналистердің білік­тілігін арттыруда тағлымы мол болар еді. Қуанбек Боқаев

6306 рет

көрсетілді

42

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы