• Руханият
  • 31 Қазан, 2013

САЯННЫҢ САРА ЖОЛЫ

Ел мен елді таныстыратын да, әлеуетін салыстыратын да өнер. Өнердің қай саласы да жанкешті еңбекті талап ететін болса, спорттың жолы қия шың. Шыңға тек шымырлар ғана жол салады. Елдің белін көтеретін, әлемге танытатын тарихтағы жеке адамның рөлі деген ұғым бар. Өзіміз сөз еткелі отырған спорт саласы туралы ғана айтар болсақ, Серік Қонақбаевтың боксты биік өнер дәрежесіне көтере білуі әлемді елең еткізіп, ерекше назар аудартқаны қазақ жастарының боксқа бет бұруына, Жақсылық Үшкемпіровтің Олимпиада жүлдегері болып айды аспаннан бір-ақ шығарғаны белі берік ұландарымыздың күресті мұрат тұтуына ықпал етуі – талай спорт саңлақтарының өсіп-жетіліп, әлемдік додаларда еліміздің туын сан мәрте желбіретіп, қазақтың Әнұранын әлемдік ареналарда әуелете шырқатқан жеңістерге қол жеткізді.  «Ерлікті жасамаудан Бағаламау әлдеқайда қауіпті» Мұхтар Шаханов «Айналайын, Саяным-ай, сен өлгенше, мен өлсемші!» Әбдісалан Нұрмаханов Міне, осындай қазақ спор­тының жарық жұлдыздарының бірі де бірегейі Әбдісалан Нұрмахановты: «Айналайын, Саяным-ай, сен өлгенше, мен өлсемші» дегізіп, осынша таусылдырып өз өмірінен де жоғары бағалатқан, қазақ спорт өнерінің дара дарыны, доп­ты хоккей, көгалдағы хоккей секілді Қазақстанда кенжелеу спорттың бас­тауында тұрып биік белеске көтерген Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, 14 жыл Қазақстан Республикасы көгалдағы хоккей федерациясының президенті болған, әлем кубогының қола жүлдегері, 2 дүркін Еуропа чемпиондары кубогының иегері (1982 және 1983 ж.ж.), КСРО-ның 10 дүркін чемпионы және 2 мәрте күміс жүлдегері, 3 рет КСРО халықтарының спартакиадасында чемпион атанған, КСРО құрамасының сапында 50 ойын өткізген, ҚР спорт тарихына алтын әріптермен жазылуға тиіс КСРО құрама командасының капитаны болған жалғыз қазақ, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Саян Шаймерденов тірі болғанда биыл 60 жасқа толар еді. Ерлік дегенде көбіміздін көз алдымызға алдаспанын ойнатып, атойлап жауға шапқан батырлар келері хақ. Ал шаршы алаңды шахмат тақтасына айналдырып, өз тобының әр мүшесінің қимыл-қозғалысын жіті бақылап діттеген жерінен табылып, үйлесімді қимылмен әсем ойын жасай отырып, қарсыластың қимылын да қалт жібермей қадағалап әр қимылынан оның да ойын тез аңғарып, шапшаң ойлап, шалт қимылмен алдын орап кетіп, ұшқыр ой, ұтымды қимылмен әдемі жеңіске жету арқылы әлем жұртшылығының жүрегін жаулап алу, танымайтын елді тамсантып, таңдай қақтыру арқылы өз еліңнің мәртебесін асқақтату – нағыз ерлік. Ел басына күн туғанда бес қаруын асынып, сапқа тұру, ересен ерліктер жасау – әр адамның борышы. Ал жастықтың жайсаң шағында өзі құралпы достарымен қыдырып қызық қумай, күн сайын тер төгіп талмай еңбектенудің арқасында бойыңды да, ойыңды да шар болаттай шыңдау, алдымен алып ұшқан көңіліңді, яғни өзіңді жеңу арқылы жеңіске жету – өресі биік жігерлі жастың ғана маңдайына жазылатын ерлік! Бал дәуреннің балғын достары дегенде де Саянның бағы жанды десек болады. «Кім екеніңді айтайын, досыңды көрсет» дейді халық нақылы. Бала күннен бірге өскен бір жылдың төлдері – Әлібек, Қозыкөрпеш, Ерланның ата-аналары: Саянның әкесі халық жазушысы, 1986 жылы ұлт намысы үшін жапа шеккен жастарды қорғап, қанды тырнағын батыра ықтыра келген үстем ұлт өкілі ­Колбинге тайсалмай қарсы тұрып, 38 минут сөйлеген Сафуан Шаймерденов, анасы ұлағатты ұстаз Бағдат Көлұзаққызы, Әлібектің ата-анасы көрнекті журналист Мұса Дінішев пен кемел ойлы Кәмила апай, Қозыкөрпештің әкесі араға аздаған жылдар салып үш қайтара өткізген репрессия арқылы бас көтерер дарақтарымызды қырқып тастап жасытқан рухты қайта көтеріп, қазақтың үстем ұлтқа тиімсіз шынайы тарихын жазған Ілияс Есенберлин, анасы кемеңгер Диля апай, Ерланның әкесі белгілі аудармашы-жазушы Әбен Сатыбалдиев, анасы «Оян қазақ» деп халқымызды өрге сүйреген Алаштың айтулы азаматы Міржақып Дулатовтың қызы, ғалым-дәрігер Гүлнәр апайлармен аяқ-табағы аралас жақын достар болды. Осы төрт достың да елтең-селтеңге уақыты болған жоқ. Саянның сабақтан бос кезі спорт алаңында өтсе, Әлібек музыкамен айналысты, Қозыкөрпеш кітаптан бас алмайтын, Ерланның жазудан қолы босаған емес. Бойларындағы дарынды үнемі шыңдап отырғанының арқасында Әлібек Дінішев әлемге әйгілі әнші, Қозыкөрпеш Есенберлин тұңғыш президентіміздің кеңесшілігіне дейін көтерілген іскер-ғалым, Ерлан ­Сатыбалдиев белгілі жазушы, Саян Шаймерденов өз елімен қоса одақтас республикаларды біріктірген алып мемлекет КСРО-ның да айбынын асқақтатқан чемпион, КСРО командасының капитаны болған жалғыз қазақ болды. САЯННЫҢ САРА ЖОЛЫ Сағынып көрген Саяны 13 жасынан қазақ халқына таңсықтау, Қазақстанда жаңа ғана бастау алған спорт түрі доп­ты хоккеймен айналысып, сабақтан шыға стадионға жүгіргенде, ата-ана бос уақытын денесін шынықтыруға, пайдалы іске жұмсағанына қуанып жүрді. Бірақ мектепті үздік бітірген, қай мамандықты таңдаса да қабілетті Саян спортты қалайтынын білдіргенде ата-ана спорт жастықтың ісі ғой, өмірлік мамандық алғаның дұрыс, спорт дене шынықтыру үшін әуес ісің болсын деп біраз қарсыласып көріп еді. Жас­тар құрама командасында алғашқы жеңістердің де дәмін татып қалған Саян «егер біз лаулап жанбасақ» дегенге сайып, ел намысын, қазақ спортын кім көтереді деген орайда спорттың болашағын, өмірлік ісі бола алатынын байыппен дәлелдеп шыққанында ата-ана райынан қайтып, баласының талабына сәт тілеп батасын берді. «Сүйер ұлың болса, сен, сүй, Сүйінерге жарар ол» деп данышпан Абай айтқандай, елінің мақтанышына айналған баласына сүйсінуден асқан бақыт бар ма ата-анаға... Әттеңі көп жалған-ай, 49 мүшеліне қарағанда асыл азаматтың нәзік жүрегі соғуын тоқтатты. Егемен елімді олимпиадаға қатысу құқы бар тағы бір спорт түрімен байытсам, әйгілі хоккейшілер: Саян Шаймерденов, Мұрат Жексембеков, Фарид ­Зигангиров, Евгений Агуреев, Михаил Ничепуренко, Александр Гончаров, Минсулла Азизов, Александр Ионкин сынды ұғымтал, өрге салса өршеленер хас тұлпардай намысты майталмандардан жеңілуді білмеген команда құра алған көрегендігімен Гиннесстің рекордтар кітабына енген атақты бапкер ұстазы Эдуард Фердинандович Айрихтан алған өнегесімен көгалдағы хоккейді жандандырсам деген арманы кетті ішінде... САЯННЫҢ САРА ЖОЛЫ «Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай! Саяным қайтпас сапарға аттанғалы да 11 жылдан асып барады. Басқа түскен қайғыға көндікпеске не шара... Жылайсың, шыдайсың. Елге рахмет, налалы күндерде ізгі жүректі білетін- білмейтін көп адамдар қасымыздан табылып, басымызды сүйеді. Елбасымыздан бастап көптеген зиялы қауым қайғымызға ортақтасып жеделхаттар жіберді. Сол кездегі Бас мүфти Әбсаттар қажы өзі келіп жұбату айтса, айналайын Иманғали Тасмағамбетов балам Саянымды жоқтатпауға тырысып әлі күнге назарынан тыс қалдырмай келеді. Қазірге дейін сол азаматтарға тәңір жарылқасын айтып, тілеуін тілеп отырамын. Жарық дүниеге есік ашып келген әрбір адамның басты міндеті адал еңбек етіп, артына ізгі ісімен өшпес із қалдыру ғой. Сол жағынан ойласам, шүкіршілік, спорттағы жетістігін барша қауым біледі, адами қасиеті жағынан айтсам, балам еліне елеулі, халқына қалаулы, ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-көлемге ардақты, тіпті алыс шетелдегі танығандарға да сыйлы болды. Үш қыздың ортасындағы жалғыз ұл болса да өзім ұстаз, әкесі елге белгілі жазушы болғандықтан да алдымен тәрбиені өз балаларымыздан бастадық, бетімен бос жібермедік. Құдайға шүкір, өздері де саналы болды. Бала болып кісіні мезі етіп жөнсіз еркелемейтін. Үйімізден қонақ арылмайтынын көріп өскен дарқан көңіл еді. Шетелге жиі шығатын адамға аса керек қасиет тіл үйренуге де бейімі зор болды. Үш тілді жақсы меңгерді. Қай жаққа барса да маған бір сыйлық ала келетін. 1979 жылдың сегізінші наурызында Ферғанадан әкеліп: «Читая старого Хайяма, помни, мама, ты навечно в сердце у Саяна» деп жазып Омар Хайямның рубаяттар кітабын сыйға тартты. Құлыным балажан еді. Үш қызының әрқайсысын бір жалғыздай еркелететін. Қолы бос бола қалса, ал қыздарым қазақ тілін үйренеміз, әжеден сабақ аламыз деп менің жаныма үйіретін де, жүрген ортам орысша ғой маған да көптік етпейді деп өзі де отыра қалатын. Мен бірде кітаптан үзінді оқытсам, бірде мазмұндама жаздырып еңбектерін бағалап мәре-сәре болып отыратынбыз. Бақытты кездер еді ғой ол. Қыздары да өзі секілді сыпайы биязы, көпшіл. Үлкені Кәмила өзінің жолын қуып Физкультура институтын бітіріп өзімен қанаттаса, қыздар командасының жаттықтырушысы болған еді, қазір екі баласымен уақытша үйде. Ортаншы қызы Дина әкесі секілді мінезі мәмлегер, тілге бейім, ҚазҰУ-ды бітірген, жапон тілінің маманы. Жапон тіліне қоса ағылшын тілін де меңгерген, аздап итальян тілінде де сөйлейді. Кейіннен Мәскеуде Плеханов атындағы академияның магистратурасын бітіріп келіп, қазір Халық банкінде қызметте. Кіші қызы Әлия Чехияда оқып тіл және бизнес мамандығын алып шықты. Шүкір деймін ғой, шүкір! «Орнында бар оңалар» дей тұрсам да, алтын баладан айырылу жұбайым, қазақтың көрнекті жазушысы Сафуан ­Шаймерденов екеумізді тұралатып кетті. Сафекең сол қайғыдан морт сынды. Несін айтайын?! САЯННЫҢ САРА ЖОЛЫ Адамның өмірі бір қуаныш, бір қайғыдан тұратынын білдім. Содан бергі уақытта сыртым бүтін, ішім түтін. Көңілді жүретін кезім әсте жоқ. «Ұйқым шала, күлкім кем» деп ақын Әділғазы Қайырбеков тап маған арнағандай жазыпты. Мені Жаратқан ием екі арысымның барын ұқсатып, жоғын түгендесін деп қалдырған болар деп архивтерін ақтарып, осы қадіріне жетер-ау деген есіктерді қағып, өнегелі өмірлерін кейінгі жастарға үлгі ғып ұсынар істер жасауға тырысумен өмір өтіп жатыр» деген Бағдат анамыз алғы күнге үмітпен қарайды. «Мен атақты «Динамо» командасы­ның да, КСРО құрама командасының да тұрақты капитаны Саянмен 1972 жылы осы команданың құрамына келген кезімде таныстым. Алматыда басқа танысым болмады да, жұрттың бәрін құшағына тартқысы келіп тұратын ақкөңіл Саянмен бірге келіп қонып жүріп мен де Бағдат апаның бір баласы болып кеттім. Досқа адал, айналасына бауырмал Саян өзі қалаған ісіне де шын берілгендігімен ерекше еді. Оң қанаттың шабуылшысы Саян өте ұшқыр ойлайтын, ұтымды тактикасымен ерекшеленетін шалымды, шапшаң ойыншы еді. Ағылшын, неміс тілдерін жетік меңгерген Саянның арқасында шетелдегі жарыстарда да әлемнің түкпір-түкпірінен келген ойыншылармен тез тіл табысып кететінбіз. Басқа ел командаларының шебер ойыншыларының тактикасын да қағазға түсіріп отыратын да өз ортамызда талқылап, өзімізбен ойнағанда олардың әдіс-айлаларына амалымыз дайын болатын. Сонысымен де өз саламызда аса білгір маман еді. Ал бапкерлігі жағынан институтта бірге оқыған, өмірінің соңына дейін қызметтес болған Валера Киселев көбірек біледі» дейді спортта қанаттас серігі әрі жақын досы болған Фарид Зигангиров. САЯННЫҢ САРА ЖОЛЫ «Мен Саянмен Физкультура институтында бірге оқыдым. Бапкерлігі мен іскерлігі туралы айтар болсам – тоқсаныншы жылдары өзі жаттықтыратын қыздар командасын сақтап қалу мақсатында Саян «Связисті» «АГУ-Алматы» клубы деген атпен қайта құрып, өзінің бала кезден жан досы «Әлем-Систем» корпорациясының президенті Қозыкөрпеш Есенберлиннің тұрақты қолдауына сүйенді. Жабу оңай да, қайта жасақтау қиындығын түсіндіре отырып, ұлттық команда есебінде ДШНК (Дирекция штатных национальных команд и спортивного резерва) қарамағына енгізді. Сол кездерде Туризм және спорт агенттігінің төрағалары болған Анатолий Қажыкенұлы Құлназаров, Дәулет Болатұлы Тұрлыхановтар да қолдап отырды. Осындай азаматтармен тіл табысуының арқасында жағдай біршама жақсарды.1995 жылы Ресей көгалдағы хоккей федерациясындағы достары Ресей чемпионатына жоғарғы лиганы аттап өтіп, супер лиганың ойынына қатысуға шақырды. Сол жолы Ресей көгалдағы хоккей федерациясы басшыларымен Оралдағы қыздар командасы «Уралочканы» да чемпионаттарға шақыртуға келісіп қайтты. Біздің ұлттық команда тек Алматы мен Оралдан ғана құралатын. Сондықтан «Уралочка» да үлкен ареналарға шығып, тәжірибе жинақтап тұруы керек еді. Саянның халықаралық дәрежедегі беделінің арқасында Пәкістанға шақырды. Пәкістан авиакомпаниясы бізді көгалдағы хоккейдің керек-жарағымен – добы, таяғы, т.б. қамтамасыз етіп отырды. Себебі Қазақстанда мұндай бұйымдар шығарылмайтын. Бұл авиакомпанияның президенті, осы елдің ұлттық спорттық ойыны болып саналатын көгалдағы хоккей федерациясының вице президенті болатын. Бізге тек халықаралық жарысқа барсақ болды. Шақырған ел Саянды сыйлағандықтан жоғары деңгейдегі қонақжай күтімі, ас-су, қажетті іс-шараларды өз мойындарына алатын. Саянның бапкерлік мәнері де ерекше болатын. Өткен ойынды өзі сараптайды да, ойыншылардың өздері де түсініп отырған қателіктерді бетке баспай алдағы ойында кім не істеуі керектігін ұзын-сонар әңгімесіз нақпа-нақ белгілеп беретін де, алдағы істің нәтижесін талап ететін. Әр ойыншы Саянның алдынан жасымай қайта қанаттанып шығатын. Әрқайсысы да Саян межелеген үдеден шығуға жанын салатын. 1997 жылы Сингапурде өтетін көгалдағы хоккейдің Азия федерациясының бірінші кубогы ­ойынына шақырылдық. Ойын өте тартысты өтті. 14 күнге созылған ойында басқасын айтпағанда, Азияның чемпионы Малайзияны 1 – 0, Сингапурды 1 – 0-мен жеңіп, ойын ережесі бойынша ұпай санымен жеңіске жетіп тұрсақ та, ойын ережесін ауыстырып, финал өткізіледі деп шешті. Біз тағы да алаң иелері Сингапурмен ойнайтын болдық. Қитұрқы істерін жұмсарту үшін олардың: «Сіздерге қандай көмек керек» деген сұрағына Саян: «Ойнауға мүмкіндік беріңіздер» деген жауап берді. Әрине, ойын әділ болсын деген астарды бәрі де түсінген еді. Бірақ... бірінші таймды 1 – 0-мен жеңіп тұрған жерімізде төрешілер әділетсіз феналти берді. Сонымен бірінші тайм 1 –1 болып тең аяқталды. Қыздар қатты ашулы еді. Бізге қарап елімізді бағалайды деп үнемі өте мәдениетті ойын талап ететін Саян: «Боқтауға рұқсат» деген бір-ақ сөз айтты. Себебі ширығып шымырлану үшін іштегі булыққан ашуды шығарып жібермесе, ой тұйықталып, дене түйіліп қалады. Екінші тайм да 1 – 0 біздің пайдамызға шешілді, осылай Сингапурды тағы да 2 – 1-мен ұтып, Азияның бірінші кубогын жеңіп алдық. 1999 жылдың желтоқсан айында ДШНК қаржы тапшылығына байланысты ерлер командасын жауып, қыздар командасын да 10 айлық ақысыз демалысқа жіберді. Саян ұжымды жинап: «Демалуға қақылымыз, бірақ қайтадан бастау қиын, әлде ашқұрсақ болсақ та бабымызды сақтаймыз ба?» деді. Ұжым бірауыздан дайындықты жалғастыра береміз деген байлам жасады. Осылай таза патриоттық сезімнің күшімен 2000 жылы Ресей чемпионатында қола жүлдеге қол жеткіздік. Ойын соңында бір қызымыздың аяғы ауыр екенін білгенде Саян қатты шошынып: «Құдай-ау, мұның не?» деді тау­сылып, сонда әлгі қызымыз «Асуда ат ауыстырмайды демей ме, үш-ақ айлық ештеңе етпейді» деп күле жауап берді. Құдайға шүкір, бәрі дұрыс болды, қазір ол қызымыздың екі баласы бар. Міне, Саян баптаған ұжым осындай болатын» деп Саяндай досын мақтанышпен еске алды В.Киселев. Арысымыз ақырғы күндерінде не ойлады, нені армандады екен деп өмірдегі қосағы, спорттағы серігі Наталья мен Саян өзі құрған көгалдағы хоккейден қыздар командасының жаттықтырушысы болған үлкен қызы Кәмиладан сыр тартып көргенімізде біраз жайға қаныққандай болдық. «Саян ойыншылықты қойғаннан кейін 14 жыл ҚР көгалдағы хоккей федерациясының президенті болды. Сонымен қоса 1983 жылдан «Связист» қыздар командасын жаттықтыруды өз мойнына алып, КСРО чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Осы көгалдағы хоккейдің өзі баптайтын қыздар командасын сақтап қалуға бар жанын сала кіріскен Саянмен халықаралық жарыстарда кездесе жүріп көгалдағы хоккейден әлемдік дәрежедегі білгір маман екеніне көзі жеткен, мәмлегерлік қасиетін мойындаған Малайзия королі Сұлтан Салахуддин Абдул Азиз шах өз елінің ұлттық спорты саналатын көгалдағы хоккейді өркендету жолында Малайзия еліне келіп қанаттаса қызмет етуге шақырды. Бірақ өз елінің спортын дамытуды КСРО кезіндегідей егемен елінің атағын аспандатуды армандаған Саян, бұл ұсыныстан бас тартты. Сонда да 12 ел мүшесі бар Халықаралық көгалдағы хоккейден Азия федерациясының президенті (FIH) Малайзия королі Саянды аса сыйлайтыны сондай Қазақстанды 13-ші мүше етіп қостырды. Нәтижесінде, FIH менеджері әрі беделді бапкер Мохамед Икрам 2001 жылы Алматыға өзі келіп, бір кезде дүниежүзіне атағы дүркіреп тұрған көгалдағы хоккейдің қазіргі жай-жапсарымен танысқан соң, жасанды хоккей алаңын салдыруға 100 мың доллар грант бөлдірді. Бірақ амал не, 250 мың доллар тұратын алаңның қалған 150 мың қарызын қайтарамыз деген өз еліміздің кепілдемесін алу үшін табанынан таусылып ашпаған есігі қалмады. Олай болмаған жағдайда игерілмеген 100 мың доллар да қайтарылуы керек болатын. Ең болмаса құрылысты бастап кету үшін жасанды алаңды төсейтін жер де болмады. Орталық стадион футболға арналған, «Медик» сатылып кеткен, «Спартак» АГУ-дің меншігінде. Саян осы университеттің ректорына: «стадион сіздердікі болып қала берсін, біз тек жасанды алаңды төсейік, сіздер пайдаланасыздар» дегенге дейін барды. Бірақ келісім ала алмады. Халықаралық дәрежедегі беделі өзімізге жүрмеді. Еліміздің туын әлемдік аренада желбіретуге қабілетті бірыңғай жеңіспен ауызданған, өзіндік мектебі қалыптасқан командасы, тәжірибелі бапкерлері бар жазғы олимпиадалық спорттың бұл түрін Қазақстанда керек етпеді. Стадионға жер сұрап Храпуновқа 5-6 рет барды. Мұның алдында өзі құрамында талай шаршы алаңда жүлде алған «Динамо» ерлер құрамасы жабылғаны да жүрегіне аз жүк болған жоқ еді. Енді грантқа алған ақшаны елінің игілігіне жаратуға қосымша қаржы болмай қайта қайтару елдігімізге сын болатынын ойлағанда, ішкен асы батпай ұзақ ойға кетіп қалатын. 2002 жылы 11 ақпанда Храпуновтың көмекшісі құжаттарын дайындасын деген хабар жеткізіп еді, құжаттар дайын болатын, тек қабылдауға бірнеше күн қалғанда, 15 ақпанда Саян өмірден озып кетті. FIH Саянның аруағын сыйлап грантты игеруге тағы бір жыл мұрсат берді. Бірақ осы уақытта да игерілмеген грантты ақыры қайтарып алып, Конгоға берді. Себебі дүниежүзіндегі көгалдағы хоккей федерациясы бар елдердің ішінде жасанды алаңы жоқ ел Қазақстан мен Конго ғана екен». Нәзік жүрек намысқа сын болар осынша ауыртпалықтарды көтере алмады. Қазақ спортының қара нары Әбдісалан ағасының өзін құрбандыққа айтып күйінуі де еліміздің әлемдік деңгейде беделді, қазақ спортының көсегесін көтеруге қабілетті азаматынан айырылуы жанына батқандықтан шыққан жанайқайы еді. Қазір Құдайға шүкір ел есін жиды. Енді болашақтың ел намысын ту етер азаматтарын тәрбиелеуге көңіл бөлетін кез жетті. Жас ұрпақты тек Саяндай азаматтар салған сара жолды үнемі насихаттап отыру арқылы ғана тәрбиелей аламыз. Жетпісінші жылдары татардың белгілі ақыны Сибғат Хаким: «Мен қазақ халқына қызыға да, қызғана да қараймын. Себебі қазақ жастарының алдында еліктейтін, қарап бой түзейтін рухани биігі бар. Олар ешқашан аласа бола алмайды, болуға хақысы да жоқ, өйткені олардың Олжасы бар. Менің бір ғана шүкіршілік ететін жерім – Олжас орысша жазады. Сондықтан бүкіл кеңес жастарына, оның ішінде татар жастарына да үлгі болады деп қуанамын» деген-ді. Олжас, Саян, Серік, Жақсылықтар... секілді әлемдік деңгейдегі қарап бой түзейтін ұстындарды үнемі ұлықтап отырса, кейінгілер де аласа болмауға талпынады. Олжастың Махамбетке деген өлеңінде Махамбеттің атынан «Сен тіріде – біз де тірі» дегенді айтпады олар, айтқанда олар өлмес ем» дегеніндей, сол кезде Саянды намысты іскер азаматтар қолдап тұра қалғанда, қырықтың қырқасындағы жампоз әлі талай ірі істерді тындырар еді-ау дейсің. Ендігі жерде жас ұрпаққа өнеге үшін Саяндар әлемді таңдандырып Гиннестің рекордтар кітабына енген ойын өрнектерін шыңдаған стадионға Саянның аты беріліп, өзі оқыған университетте Саян атындағы стипендия тағайындалса, арғы-бергіде Саян туралы жазылған мақала, очерктердің басын біріктіріп кітап етіп шығарса, жыл сайын Саян атындағы турнирлер өткізіліп тұрса – ұлы істерді осылай ұлықтау Саянға емес, еліміздің ертеңі – намысты, ұлағатты ұрпақ өсіруге үлгі болуы үшін керек. Зәмзә ҚОҢЫРОВА, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

20621 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы