• Руханият
  • 31 Қазан, 2013

Халықаралық жиын қазақ тілінде өтті

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетіндегі БҰҰ орталығында  алқалы басқосу болып өтті. АҚШ, Ресей, Қытай, Корея, т.б. мемлекеттердің дипломатия өкілдіктері мен  БҰҰ-ның мамандары қатысқан бұл жиында қазақ тіліне үлкен мән беріліп, шараның бір отырысы Қазақстанның мемлекеттік тілінде жүргізілді. Халықаралық мәжілісті уни­вер­ситеттің бірінші проректоры М.Бүркітбаев ашқаннан кейін сөз алған БҰҰ-ның Қоғамдық ақпарат департаментінің Қазақстан Республикасындағы өкілі Властимил Самек баяндамасын қазақша бастады. «Құрметті ханымдар мен мырзалар, қадірменді студенттер! Халықаралық басқосудың ағылшын, орыс тілдерімен бірге қазақ тілінде қатар жүргізілуі біз үшін өте маңызды. Мәжілістің «Климаттың ғаламдық өзгеруі» деп аталатын секциясы тек қазақ тілінде өтуі мен үшін үлкен қуаныш. ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің түлек­тері болашақта Сыртқы істер ми­нистрлігінде, БҰҰ сияқты халықара­лық ұйымдарда қызмет атқаратын болады. Ал халықаралық маманның өзінің туған тілін білуі өте маңызды деп есептеймін. Туған тіл адамның тұғыры емес пе?!» дей келе, аталмыш шараның ерекшелігіне тоқталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы БҰҰ орталығы 2012 жылы ашылған. БҰҰ аталмыш университетпен ынты­мақтастық орнатқан біраз жылдың ішінде мемлекеттік тілге байланысты іргелі істер атқарылды деуге болады. Мәселен, БҰҰ-ның қолдауымен университеттің журналистика факультетінде мемлекеттік тілді дамытуға арналған бағдарлама қолға алынған. «БҰҰ моделі» деп аталатын мәжіліске дүниежүзінің көптеген елдерінен алпысқа жуық студент қатысып, олардың арасында баяндамасын таза қазақ тілінде жасаған жастар да болды. Мәселен, Ауғанстаннан келген Ахмадяр Ахмедвали мен Сайд Самин климаттың өзгеруі мен Сирия мәселесіне қатысты ғылыми баяндамаларын қазақ тілінде оқығанда, оларды шетелдік деп ойламайсың. Тілдерінде ешқандай мін жоқ, қазақшаны екі-үш жылдың ішінде өздерінің ана тілдері деңгейінде меңгеріп алған. Ахмадяр ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің 3-курс студенті. Бос уақытында қазақ тілінде сараптама мақалалар жазумен айналысады. Сайд Самин университеттің журналистика факультетінің 3-курсында оқиды, қазақ тілінде мақаланы еркін жаза біледі. ҚазҰУ жанындағы БҰҰ орталы­ғының директоры А.Салимбаеваның айтуынша, бұл жолғы жиын үш секция бойынша өткен: БҰҰ және ғаламдық тұрақты дамудың негізгі мәселелері, БҰҰ және Сирия мәселелері, климаттың ғалам­дық өзгеруі. Жиында Ресей Федера­циясының Қазақстандағы консулы Тимур ­Мунчаев, Ислам даму банкінің аймақтық өкілдігі басшысының орынбасары Халед аль-Дейб, АҚШ Бас консулдығының ақпарат, мәдениет, білім жөніндегі бөлім бастығы Тристрам Перри, Махатма Ганди атындағы №92 мектептің директоры Е.Жиенбаев сөз сөйледі. Отырыста баяндама жасаған белгілі әнші, БҰҰ-ның ерікті өкілі Айдос Сағат өзіне жүктелген босқын балаларды білім, тәрбие беру мекемелеріне тарту мәселесіне тоқталды. Қазақ тілінің беделін халықаралық деңгейге көтеруге әр Қазақстан азаматы үлес қосуы тиіс. Кейде Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда өткен халықаралық жиындарда шетелдік қонақтар қазақ тілінде сөйлеп, ал қазақ азаматтары орыс не ағылшын тілінде көсілетін жағдайларды көзіміз көріп жүр. Шет тілін меңгеруге ешкім тыйым салмайтыны белгілі. Қанша шет тілін білсең, өзіңе соғұрлым пайдалы. Алайда ана тілін үйренуге мойны жар бермей жүрген ағайындар әлі де көп. БҰҰ-ның халықаралық моделінде қазақша сөз сөйлеп, тілді құрметтеу өзіңді құрметтеу екенін аңғарта білген шетел азаматтарына айтарымыз алғыс қана. Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА

3008 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы