• Тұлға
  • 23 Қаңтар, 2014

Елебеков пен Елебаев

Жүсіпбек Елебековтің өнегелі өмірі мен тағылымды өнер жолы – кеше ғана тарих қойнауына кеткен жиырмасыншы ғасырдың аттай жетпіс жылын қамтыған зор рухани құбылыс. Жүсіпбек өзінің жарты ғасырдан астам уақытқа созылған ұзақ, мағыналы өнер жолын жалғыз жүріп өткен жоқ. Ол Үкілі Ыбырай, Мәди, Ғазиз секілді ұлы композиторларды, Әміре, Ғаббас, Қали тәрізді саңлақ әншілерді көрді, олардан өрнек алды. Жүсіпбектің әншілік әлемі туралы сөз қозғалғанда, әңгіме ауаны жалпы қазақтың әншілік дәстүрі жайына ауысып, кең арналы мағына табатыны сондықтан. Жазу барысында біз тек Ж.Елебековтің өмірі мен оның шығармашылық жолына ғана тоқталып қоймай, ол өмір сүрген дәуірді және сол кезеңдері Жүсекеңмен өнерпаздық жарастықта болған замандастары жайында да мағлұматтар беруді жөн көрдік. Әншінің осындай замандастарының бірі, композитор Рамазан Елебаев еді. Осы еңбегіміздің басында сонау 1933 жылы Қазақ драма театрында «Сүңгуір қайық» қойылымы қойылып, онда Жүсіпбек пен Рамазанның қос матростың бейнесін сомдағанын айтып кеткен едік. Содан бергі өнер өлкесінде Рамазан мен Жүсіпбек он жылдай бірге ғұмыр кешті. Оған дәлел екеуінің отызыншы жылдардың қиын-қыстау кезеңдерінде ел аралап концерттер қоюы, бастарынан небір қиын да, қызықты оқиғаларды өткеруі. Осы сапарларында олардың көрмеген қиыншылықтары, тартпаған бейнеттері қалмайды. Желтоқсанның аязды боран­дарында аттары болдырып, айдалада үсіп қала жаздайды; елсіз, жолсыз далада адасып та кетеді. Өздері аш, арық елде не күй бар, түнеуге үй таппай қиналған кездерді де басынан кешіреді. Ол уақытта арнайы салынған клуб үйі болмағандықтан, концерттерін реті келген жерлерге, тіпті қой қораға да қойған күндері болады. Осындай сын сәттерге толы күндерде жасы сол кезде жиырмадан жаңа асқан Рамазан өзінің жастық жалынымен, жарқын өнерімен кездескен қиындықтарға мойымай, қайта ағаларына қолқанат болады. Барған жерлерінде гармонын құлаштай шырқап, жұртты әнге қарқ қылады; аштықтан бұралған, белсенділерден зәбір көріп, жапа шеккен қамкөңіл елдің көңілін көтереді. Сөйткен Рамазан соғыс басталған 1941 жылдың желтоқсанында майданға алынып, соғысқа аттанады. Майдангерлік жолын атақты Панфилов дивизиясынан бастаған Рамазанның жауынгерлік жолы да даңқты болыпты. Оған тақауда қолымызға тиген Р.Елебаевтың Подольск қаласында орналасқан Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатында (ЦАМО) сақталған жеке құжаттарына үңілгенде көзіміз жетті. Бұл құжаттардың көшірмесін маған тауып әкеліп берген белгілі математик Қуаныш Сейдахметов екенін айта отырып, Қуаныш досыма өз ризашылығымды білдіремін. Бұл құжаттармен оқырмандарды да таныстыруды жөн санадым. Қанша дегенмен, Рамазанның жан жүрегін жарып шыққан «Жас қазағын» елге жеткізген Жүсекең ғой. Жас өмірі мен жарқын талантын соғыс жалмаған дарынды композитордың Ресей мұрағатында қалған құжатының Жүсіпбек жайында жазылған кітап арқылы туған еліне жетуінде де тылсым сыр бардай. Ал енді осы «Жас қазақ» әні қалай туды. Соған келейік. 1942 жылдың сары күзінде Халық комиссарлар кеңесіне Панфилов дивизиясынан арнайы хат келуіне байланысты аталған жылдың қазан айында он адамнан құралған артистер тобы майдан даласына концерт қоюға аттандырылды. Алғашқы екі айда жазушы Ғ.Мұстафин бастаған Е.Өмірзақов, Ғ.Баубекова, Ш.Тұрымбетова, Л.Атманаки, А.Астахиев, И.Басов, Б.Львович, Н.Ткаченко және Ж. Елебеков сияқты өнер шеберлері Калинин майданын аралап концерт берумен шектелді. Себебі бұлар арнайы барып концерт қоюға тиіс болатын 8-гвардиялық дивизия неміс фашистерімен кескілескен ұрыстар жүргізіп жатқандықтан, соғыс командованиесі жау оғы түтеп тұрған майдан даласына артистерді апаруға тәуекел ете алмады. Ақыры Ғабиден Мұстафин бастаған концерттік бригада зор қиындықтармен 8-дивизия ұрыс жүргізіп жатқан майдан шебіне жетті. Артистерді даңқты комбат Бауыржан Момышұлының өзі қарсы алып, полк штабына алып келді. Сөйтіп, майдангерлерге арналған алғашқы концерттер басталып кетті. Жауынгерлер алдындағы кезекті концерттердің бірінде Жүсіпбек Рамазанмен кездесті. Енді осы кездесулер мен Р.Елебаевтың қайғылы қазасына дейінгі күндерді Хабиба Елебековке айтып берген естеліктер мен мұрағаттан табылған композитордың жеке құжаттарына сүйене отырып, көз алдымызға әкелуге тырысайық. Рамазан Ержанұлы Елебаев 1909 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Еңбекшілдер ауданының №1 ауылында дүниеге келеді. 1941 жылдың желтоқсанында Алматының Фрунзе әскери комиссариатынан майданға аттанады. Құжатта Рамазанның мекенжайы Алматы қаласы, Пушкин көшесі, 23-үй деп көрсетілген. Жұбайының аты-жөні Полина Фоминична Волкова деп жазылыпты. Осыдан біз Рамазанның әйелінің орыс ұлтынан болғанын көреміз. Р.Елебаевтың әскери құжатындағы қысқаша, нақты жазбалар осылай сыр шертеді. Жүсіпбектер келгенде Рамазан дәрігерлік санитарлық бөлімшеде қызмет етіп жүреді. Алғашында ол полк ансамблінде болған сияқты. Себебі өзі кәсіби артист, оның үстіне Мәскеу консерваториясының бір курсын бітірген Рамазанның полк ансамблінің құрамында болуы заңды еді. Алайда бір жолы түнгі орманды жаңғырықтыра ән айтқан Рамазанның даусын нысанаға алған неміс фашистері бұларға қарай оқты қарша боратып, тап береді. Жауынгерлерге төтен қауіп төнген осы оқиғадан соң, Рамазан дәрігерлік-санитарлық бөлімшеге жіберілгенге ұқсайды. Бұған оның сол түні «жауынгерлік жүз грамды» артығырақ алып қойғаны да ескерілген сияқты. Жүсіпбектер Рамазанмен осындай жағдайда жолығады. Кезекті жауынгерлік тапсырмадан оралған ол Жүсіпбектерді бірден байқай қоймай, командиріне келіп оған өзінің бас киімін көрсетіп жатады. Сөйтсе, мылтық оғы оның бас киімінің дәл маңдай тұсынан тесіп өтіп кетіпті. Жерлестері осылайша Рамазанның тура келген ажалдан аман қалғандығының куәсі болады. Майданда 1942 жылдың қараша айынан 1943 жылдың қаңтар айына дейін болған қазақстандық артистердің елге қайтатын мезгілі жақындайды. Елге қайтару жөніндегі шешім шұғыл қабылданады. Аяқастынан абыр-сабыры шыққан олар тез арада жолға жинала бастайды. Сол кезде көз ұшындағы орман шетінен қылаңытып бір шаңғылы адам көрінеді. Арқасында гармоны бар, алып-ұшып келе жатқан жанның жақындағанда Рамазан екендігі білінеді. Келе сала Жүсекеңді ертіп блиндажға түскен ол, жалма-жан оған өзінің шығарған әнін көрсете бастайды. Әнді Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың ерлік өліміне арнап шығарғанын, енді жан жүрегін жарып шыққан осынау туындысы Жүсіпбектей әншінің орындауында елге жететін болса, бұл дүниеде арманы жоқ екенін айтады. Сөйтіп, Жүсіпбек асығыс жағдайда «Жас қазақ» әнін үйренеді. Әннің бастапқы аты «Жас қабір басында» деп аталыпты. Алайда қайтар жолда Жүсіпбектің қолқалауымен әннің сөзін жазған Ғабиден Мұстафин шығарманың атауын «Жас қазақ» деп өзгертеді. Жолай, пойыз үстінде, Ғабиден ағамыз ән сөзінің бірнеше нұсқасын жазады. Алайда бұл мәтіндердің Жүсіпбектің көңілінен шықпауына байланысты жазушы ағамыз тағы да бірнеше нұсқасын жазуға мәжбүр болады. Ақыры мәтіннің соңғы нұсқасы дүниеге келеді. Тар купені кеңіткендей болып, биік ән қалықтайды: Қар жамылған кең дала қанға бөгіп, Күрілдейді сұр аспан өлім төгіп, Жас қазақ, Мұрттай ұшты уралап. Жанын қиып, кете алмай жас өмірден, Асқақтаған өмірге өрмелеумен, Жас қазақ, Жатты көзі от жайнап. Сол бетінде жан берді ол тұрмады, Ары үшін елінің боп құрбаны Жас қазақ, Бәрің соған ұқсап бақ! Ел қорғаған майданда жас арыстан, Төлегендей артыңда қалдыр дастан. Жас қазақ, Міне, саған, мәңгі бақ! Осылайша Жүсіпбек «Жас қазақ» әнін елге алып қайтады. Шығарманы мінсіз өңдеп, бипаз баптап, Қалибектей талғампаз ән сыншысының алдынан өткізгеннен соң, Жүсіпбек бұл әнді 1943 жылдың ақпан айының соңында Абай атындағы опера және балет театрында өткен концертте орындайды. Бұл майданға барып қайтқан концерттік бригаданың есеп беру концерті еді. Жүсіпбек «Жас қазақты» сұрапыл қуатпен, кекті, ызалы, ащы жан айқайымен асқақтата шырқайды. Залда жыламаған пенде баласы қалмайды. Осы күннен бастап, «Жас қазақ» әні қазақ даласын шарлап кетеді. Осындайда Рамазан өз әнін Жүсіпбектің орындауында бір тыңдағанда ғой, шіркін, деп қиялға берілесің! Бірақ Жүсіпбектің майдан даласына қайтып жолы түспегенін, Рамазанның елге демалысқа келмегенін ескерсек, бұлай болу мүмкін емес те еді. Оның үстіне қазіргідей магнитофон, диктофон секілді дыбыс жазу құралдары жоқ ол заманда, майдан шебіне ән жеткізудің еш мүмкіндігі болмағаны да рас. Десек те, Р.Елебаевтың елдегі тілеулес ағайындарының бірі, болмаса Алматыда қалған жалғыз қарындасы ағасының шығарған әнінің елдегі дабысы мен табысы жайында әңгімелеп Рамазанға хат жазған болар деп ойлаймыз. Дегенмен, Жүсіпбек жауынгер аманатын ақтай білді. Ал қазақ сарбазының өшпес ерлігін музыка тілінде паш еткен, Төлегендей батырдың хас тұлғасын мәңгілікке асқақтатқан Рамазанның өзі болса, қан майданда ерлікпен қаза табады. Енді Рамазанның қайғылы қазасы жөнінде әскери мұрағат құжаттары не дейді? Соған келейік. Құжаттарға зер салсақ, Рамазан әйгілі генерал Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының 23-гвардиялық атқыштар полкында рота санитары болып қызмет етіпті. Осыған қарағанда, Рамазан дәрігерлік санротаның құрамында біржола қалған тәрізді. Өйткені түнгі орманды жаңғырықтыра ән шырқағанының «жазасы ретінде» Рамазанның полк ансамблінен санитарлық ротаға ауыстырылғанын жоғарыда айтып өткен болатынбыз. Полк комиссарының Қазақстаннан барған өнерпаздар тобының басшысы Ғабиден Мұстафиннің Рамазанды қайтадан полк ансамбліне алу туралы өтінішін орындауға уәде еткенімен, барлығы сөз жүзінде қалған сияқты. Соғыс құжаттарына қарап осындай ой түйдік. Алайда рота санитары болып жүріп те, Р.Елебаев өшпес ерліктің жарқын үлгісін көрсетеді. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, оқиға былайша өрбіпті. 1943 жылдың 25-28 ақпаны аралығында Чикунов ауданы маңайында үлкен ұрыс қимылдары өтеді. Түтеп тұрған пулемет пен миномет оғына қарамастан, Рамазан Елебаев осы шайқаста 42 жаралы жауынгер мен командирді қару- жарағымен қоса ұрыс даласынан аман алып шығады. Осы ерлігі үшін полк командирі, гвардия подполковнигі Лапов пен штаб бастығы, гвардия майоры Ветков 8-наурыз күні Рамазан Елебаевты «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттауды ұсынады. 29-наурыз күні бұл ұсыныс дивизия командирі гвардия генерал-майоры Чернюгов пен штаб бастығы подполковник Куфтыревтің тарапынан мақұлданып, корпус командирі гвардия генерал-майоры Кутузовка жөнелтіледі. Кутузов болса, Р.Елебаевтың аталмыш орденге лайықтылығы турасындағы ұсынысқа тек 1943 жылдың сәуір айының 11-інші жұлдызында ғана қол қойыпты. Сөйтіп, Р.Елебаев Кеңес Одағының ең жоғарғы дәрежелі соғыс ордендерінің бірі болып саналатын «Қызыл Жұлдызбен» марапатталады. Әрине, үш күнгі созылған қырғын соғыста, қардай бораған оқтың астынан 42 жауынгерді аман алып шыққан Рамазандікін ерлік емес деп ешкім айта алмас. Бір өзінің майдан алаңынан 42 жаралыны сүйреп алып шығуы бұл айқастың алапат сипатқа ие болғандығын аңғартса керек. Аталмыш құжатта Рамазанның партия қатарына кандидаттығы көрсетілген. Келесі бір құжат Рамазанның қаза болуына байланысты толтырылған. Бұл құжатта оның 1943 жылдың 4-қарашасында Калинин (1990 жылы байырғы Тверь облысы атауы қайтарылған) облысының Новосокольнический ауданының Аршахина деревнясының шетінде, батыс беткейіне қарай 100 метр жерде оққа ұшқаны баяндалған. 23-гвардиялық атқыштар полкының 8-18 қараша аралығында өлгендердің тізімінде осылай делініп жазылыпты. Кейінгі бір жерлеу туралы құжаты: оны Ресейдің Псков облысының (Псков облысы 1944 құрылған) Новосокольнический ауданының Золаткова деревнясының шығысына қарай 1 шақырым қашықтықтағы алаңқайға жерленді деп сөйлейді. Сірә, бұл Калинин облысы кейін өзінің байырғы Псков облысы атауын қайтарып алған соң толтырылған құжат болса керек. Десе де, екі құжаттың да баян ғып тұрғаны бір дерек екенін айта кеткеніміз жөн. Осылайша композитор Р.Елебаев небәрі 34 жасында өмірден өтті. Соңында жақсының көзіндей болып өлмес туындысы «Жас қазақ» әні қалды. Хабиба әжей: «Рамазанның бұдан басқа бірнеше әні бар еді. Есімде қалғаны «Жолдастар» дегені» деп марш екпінді жүрдектеу айтылатын бір шығарманы орындайды. Осындайда егер Рамазан Елебаев майданнан тірі қайтқанда, халқымыздың бір аяулы азаматы, даңқты композиторларының бірі болар еді деп армандайсың. Қанша дегенмен, Біржан сал, Ақан серілер сайран салған Көкшетаудай киелі топырақтың тумасы емес пе? Енді жоғарыда айтып өткен Рамазанның қарындасы жөнінде бірер сөз. Рамазанның бұл күндері Алматы қаласында тұратын жалғыз қарындасының аты Қалипа екен. Бұл кісі жайында маған республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, белгілі журналист, қарымды қаламгер Қорғанбек Аманжол айтты. Тіпті ол менің көзімше өзінің жұмыс кабинетінен Қалипа апамыздың үйіне телефон да соғып көрді. Алайда ар жақтан телефон тұтқасын ешкім көтере қоймады. Сөз арасында Қорғанбек ағай бұл кісіге осымен бірнеше мәрте телефон соққанын, бірақ ар жақтан ешкімнің дауыс көтермейтінін айтты. Осыдан кейін біз де өз тарапымыздан Қалипа апамызға бірнеше рет қоңырау шалып көрдік. Алайда біздің де талпынысымыз нәтижесіз аяқталды. Сөйлеспекші болғандағы ойымыз, ол кісіден ағасы жайында толығырақ мағлұмат алу еді. Өкінішке қарай, оның сәті түспеді. Міне, құрметті оқырман, Жүсіпбек Елебековтің өнер өлкесіндегі сүйікті серіктерінің бірі, композитор Рамазан Елебаев жөнінде қысқаша айтарымыз осы. Бұл деректердің денін біз Хабиба әжеміздің Жүсіпбек Елебеков жайында жазған естелік кітаптарынан алдық және бұл әңгімелерді қайыра пысықтап, өз аузынан қайта бір мәрте жазып алдық. Хабиба әжей Рамазан жайында терең толғаныспен әңгімелеп отырды; әсіресе естеліктің Рамазан мен Жүсіпбектің майдан шебінде қоштасатын сәтіне келгенде көз алдынан сол бір ауыр күндер баяу өтіп жатқандай, нұры тайған жанарын алысқа қадағандай бір уақ үнсіз ой кешті. Сонан соң әңгімесін қайта жалғап былай деді: «Жүсекең айтушы еді: – Рамазанмен қоштасқан соң, машинаның кузовына отырып жүріп кеттік. Рамазан болса, қарауытқан қалың орманның шетінде жападан-жалғыз, тапжылмастан соңымыздан қарап тұрды. Машина алыстай түскенде, мен оған ақырғы рет қарадым. Ол кіп-кішкентай ноқатқа айналыпты. Тас мүсіндей қимылсыз тұрған оның бізді көзімен ұзатып, қимай қоштасып тұрғанын сезгенде көзіме жас келді, – деп. Осы бір сәт Жүсекеңнің өле-өлгенше есінен кеткен емес. Рамазан жайлы айтқан сайын оның есіне үнемі осы көрініс түсуші еді». Осылай деді де, Хабиба әжей тағы да үнсіз отырып қалды. Жүсіпбек салған «Жас қазақ» әні ескен желдей тез тарады. 1943 жылдың жазында Жүсіпбек Елебеков гастрольдік сапармен Семей облысын аралады. Мақсат айқын: «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Отан үшін» деген ұранмен еңбек етіп жатқан елдің еңсесін көтеру. Сондағы елдің көбінесе сұрайтыны, «Жас қазақ» әні. Осындай күндердің бірінде Жүсіпбек Елебеков бастаған өнерпаздар тобы Мұхтар Әуезовпен кездесті. Қасында Сапарғали Бегалин, Есмағанбет Ысмайылов, Қайым Мұхаметқанов сынды қаламгерлер бар жазушы Абай ауданына арнайы келген екен. Осы тұста бұл кездесулерді көзімен көрген ақын Тұрсынхан Әбдірахманованың естелігін оқырман назарына ұсынбақпыз. Өйткені аталған естелікте сол заманның көңіл күйі, әсер-ауаны тамаша баяндалғаны сезіледі және өзінің деректілігімен ден қойғызады: «Мұқаң бұл жолы Абай ауданына 1945 жылы өтуге тиісті халқымыздың дана перзенті, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына жүз жыл толу мерекесіне орай, аудан басшыларының әзірлеген жоспарымен таныспақ. Екіншіден, өзі жазып жатқан «Абай» романының екінші кітабына ел аузынан керекті әңгімелер жинап, Абай ауылы отыратын қоныстарды қайтадан аралап көру үшін арнайы келген. Мен онда Абай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысының міндетін атқаратынмын. Соғыстың ауыр жылдарында салмақ жастарға түсті, шаруашылықтың барлық саласында аянбай еңбек еттік. Сонымен қатар жұмыстан бас көтере алмай қажып жүрген халыққа аудандағы өнерпаз жастарды жиып, сауық кештерін жиі өткізіп жүрдік. «Шөп біткен жеріне шығады» демекші, поэзия ордасы болған Қарауыл жастары шеттерінен өнерге бейім әсем әнші болатын». Мұхтар ағалардың келетіні жайында алдын ала хабар алдық. Үлкен әзірлік жасалды. Қарауыл өзенінің жағасында үш ақ үй тігілді. Іші кілем, сырмақ, текемет, таза көрпе-жастықпен жабдықталды. Әркімнің атқаратын нақтылы ісі белгіленіп берілді. Аудандық клубтың жанындағы көркемөнер үйірмесі тек қана Абай әндерінен ғана үлкен концерт беретін болды. Бұл міндетті орындау маған жүктелді. Мұқаңдар келген соң екі-үш күннен кейін, аудан жұртшылығымен кездесті. Мұхтар аға Абай еңбектері жайында, Есағаң қазақ кеңес әдебиетінің жайы мен дамуы жөнінде баяндама жасады. Соңынан біздің үйірмеміздің концерті тыңдалды. Концертіміз қонақтарға ұнады. Әсіресе, Мұхтар аға аудан жастарының Абай өлеңдерін, Абай әндерін жақсы білетініне риза болды. Біз де қуанып қалдық. Осындай қуаныш үстінде жүргенде, Алматыдан өзінің бригадасымен Жүсіпбек аға келе қалды. Той тойға ұласқандай бізге де қуаныш үстіне қуаныш қосылды, көктен тілегенімізді жерден бергендей есіміз кете қуандық. Ән естиміз, жаңа ән үйренеміз деп қуандық. Ол тілегіміз орындалды да. Сол түнгі кешті ұмытпаймын. Ол бір есте қаларлық ерекше кеш еді. Кімнің қай жерде отырғанына дейін бүгінгідей көз алдымда. Мұхтар аға ең төрде, сол жағында Жүсіпбек, Сапарғали ағалар отырды. Бәріміз Жүсіпбек ағалардың аудан клубында өткен концертінен шыққан едік. Көңіліміз көкте. Концерттен тараған кәрі-жастың аузында «Жас қазақ» әні. Біреуді күрсінте, біреуге ой сала, майданда қаза болған күллі совет жауынгерлеріне арналған жоқтау тәрізді мұңды да салтанатты әсем ән майталман ұлы әншінің орындауында төбе құйқаны шымырлатып, тіпті әсерлі естілді. Осы кеште жыламаған адам қалған жоқ. «Жас қазақтың» біріміз бір шумағын, біріміз қайырмасын қағып алып, шөліркеп жұтқан сусынға қанбағандай, таңдайымыз тақ етіп, тамсанып қалған күйдеміз. Мұхтар ағаларға тігілген үйдің иелігі Үміткенде, ол әрі аудандық клубтың меңгерушісі. «Концерттен соң біраз адам іріктеліп қонақтармен бірге болыңдар» деп ескертті бізге. Бәріміз Қарауылдың жағасына тігілген үйге қарай беттедік. Жолшыбай «Жас қазақты» ыңылдап әуреміз. Ретін тауып Жүсіпбек ағадан тағы бір ән тыңдау, қайтсек те үйреніп қалу. Келсек, қонақтар жайғасып отырып, дастарқан жайыла бастаған екен. Шай ішіп, ас келуін күткен үзілісте әнге кезек берілді. Қайым бізге қарап: – Қалай, «Жас қазақты» үйреніп ала алдыңдар ма? – деді. «Өзі шығайын деп тұрған көз» дегендей біз де жармаса кеттік: – Енді бірер тыңдасақ, үйреніп алатын түріміз бар, – десіп, сөз аяғын Жүсіпбек ағаға сайып, тағы бір қайталауын өтінгендей сыңай білдірдік. Жүсіпбек ағадан ән тыңдауды үлкендер де үміт етіп отырса керек, ол кісілер де Жүсіпбек ағаға бұрылды. Дастарқан жиылған соң аяқтарын созып, үлкен ақ жастықты шынтақтап жатқан Жүсіпбек аға өзінен төмендеу отырған Ибади Матақовқа иек қақты. Сол-ақ екен, ол лып етіп домбыраға қол жалғады. Жүсіпбек аға «Жас қазақтан» бастап көп әндер айтты. Әркім өз қалаған әндерін сұрап жатыр. Мұхтар аға «Иманжүсіптің әнін» орындауды сұрады. Мен осы кеште «Иманжүсіптің әні», «Мәдидің әні», «Балуан Шолақтың әні» деген әндерді, Біржанның «Жамбас сипарын», «Адасқақ», «Ләйлім шырақ» әндерін, Естайдың «Жай қоңырын», Ыбырайдың «Майда қоңырын» тұңғыш рет тыңдадым. Ішімнен әншімін, ән білемін деп жүргеніме ұялып, өзіме-өзім риза болмай, жасып, тұнжырап қалдым. Жастардың ішінде жеке дауыста ән айтып, өзімізше «шаң жұқпаспыз» деп жүретін Үміткен екеуміз еді. Үміткен Семейдің облыстық театрында істеген, ашық та биік әдемі даусы бар. Рыскүл мен Әнуардың да дауыстары әдемі. Ән кезегі біздерге келіп, әрқайсымыз білетін әндерімізді айтып шықтық. Мен, ең алдымен, «Гауһартасты» айтып едім, Жүсіпбек аға риза болды. Тек «мына бір жерін шолақтау қайтарады екенсің» деп келіспей тұрған жерлерін домбыраға қосып түзетіп берді. «Ғайниды» айтқанымда, бәрі риза болды. Мұхтар аға: «Сөзі де әдемі, екі шумағы да «Ғайни қыз» деп басталады екен» деп әннің сөзіне де назар аударып, Жүсіпбек ағаға бір, Ибади Матақовқа бір қарап, – «мұндай дауысты музыка тілінде не дейтін еді өзі?» деп сұрады. Ол кісі екеуі бірдей жарыса, «альт» дейді, – деп жауап берді. Үлкен кісілердің даусыма риза болып, әніме риза болғаны мені қанаттандырып жіберді. Манағы жабырқап, жасып қалған күйімнен біраз арылып, Жүсіпбек ағаға: – Аға, «Жас қазақты» айтып көрейін бе? – дедім. – Иә, үйрендің бе? Кәне, қосылып көрші, – деп мені домбырасымен жетелей жөнелді. Мен де іркілместен қосылып кеттім. Әннің аяғында менің даусымның сенімсіздеу шыққан жеріне өзі қосылып кетті. Мен сол кеште «Жас қазақты» әжептеуір игеріп, үйреніп алдым. Жүсіпбек ағаның кейбір әншілердей кергімейтін қарапайымдылығы әнді бірнеше қайталап, қашан үйренгенше жалықпай айта беретіні де бізді тәнті етті. Біз үшін осы отырған кешіміз көрген түстей, ғажайып сиқырлы өмірдей болып көрінді. Біз ауыл жастары Мұқаңдар сияқты үлкен жазушыларды немесе Күләш, Шәкен, Құрманбек, Жүсіпбектерді, тіпті бұл жерде жер басып жүрмейтіндей, басқа елден бөлекше жаратылғандай, жақындауға болмайтындай көретінбіз. Міне, енді, сол құрметті адамдармен қатарласа, тең кісідей болып отырмыз. Оның үстіне Сапакең мен Мұхаңдай ірі тұлғалар қошемет көрсете құрметтей қараған соң, біздің де бойымызда кәдеге жарайтын бір өнер бар екен-ау деген сенім пайда болды. Мен бала жастан ән салып жүрсем де, желпіген көңіл құсының шарықтаған әнмен бірге өнер биігіне көтеріле алатынын сезінбеген едім». Бажайлай қарасақ, ақын Тұрсынхан Әбдірахманованың осы айтылған естеліктерінде біраз сыр барын аңғарамыз. Әсіресе, Мұхтардың Жүсіпбектен «Иманжүсіптің әнін» сұрауы, түннің бір уағына дейін Мәди, Балуан Шолақ сияқты кілең «бунтарь» композиторлардың әндері шырқалуы көңіл аударарлық. Біле білсек, аты аталған композиторлардың түгелінің түбіне Кеңес үкіметі жеткен. Әрине, бұл оқиғалардың барлығын Мұхтар Әуезов жақсы білген. Әсіресе, оны Иманжүсіп тағдыры толғандырған тәрізді. Иманжүсіпті 1930 жылы Созақ көтерілісін ұйымдастырды деген жаламен Тараз түбінде ГПУ-дің жендеттері атып өлтірген еді. Мұның алдында 1927 жылы Бетпақта бой тасалап жүрген Иманжүсіпті Сәкен Сейфуллиннің өзі іздеп барып жолығып, даңқты батырдың жанында бір айдай болып қайтқан болатын. С.Сейфуллин сол сапарында Иманжүсіптің өмір тарихын оның өз баяны бойынша жазып алса керек. Күрескердің өз аузынан жазылып алынған бұл хикаялы өмірбаянының негізінде кейінірек Сәкен ағамыз Иманжүсіп жайында шығарма жазбақшы болған да тәрізді. Алайда Сәкеннің бұл жазып алғандарын НКВД жендеттері ақынды ұстағанда қолды қылып, соңынан жойып жіберген бе дейміз. Не болмаса ақынның жары Гүлбаһрам апамыздың өзі айтқандай, Сәкен ұсталған 37-нің қарашасында көп қағаздарымен бірге есік алдына үйіп тастап өртеп жіберген сияқты. Бәлкім, Жүсіпбектен «Иманжүсіптің әнін» сұрағанда Мұхтар ағамыздың есіне осы жайттар түскен шығар? Әлде оны Иманжүсіптің толғауындағы буырқанған қуатты сөз орамдары тәнті қылды ма екен? Әйтеуір Мұхаңның Иманжүсіпке, оның әндеріне ерекше ықыласты болғанын сеземіз. Бұл жөнінде Мұхтар мен Жүсіпбек арасында бірталай әңгіме болған сияқты. Себебі Жүсіпбек Елебеков те Иманжүсіп әнін өте сүйіп айтты және оның жалғыз суретін көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аман сақтап жеткізді. Бұған әрине, Мұхтар Әуезовтің де ықпалы тигені даусыз. Жүсіпбек – халқына барынша адал қызмет еткен өнерпаз. Алғаш Алматыға келген 1931 жылдан бастап, оның ел аралап, концерт бермеген күні кемде-кем. Ол – кәрілікті жеңіп, ауру меңдеп аурухана төсегіне таңылғанша шығармашылық белсенділігін жоғалтпаған әнші. Композитор, музыкатанушы Илья Жақанов ағамыздың айтуынша, Жүсекең 70 жасында «Қазақ радиосына» келіп, Тоқбайдың «Екі жирені» бастаған, он шақты ән жаздырған көрінеді. Қазір мүлтіксіз әрі кемел орындалған сол әндерді тыңдай отырып, әншінің жетпіске келген жасының өзінде ғажап шығармашылық бапта болғанын байқаймыз. Осындай саушылықтың арқасында, бастысы халқыма әнімді тыңдатсам, бойымдағы барымды берсем деген өнерпаздық құштар көңіл қалауының күштілігінен Жүсіпбек Елебеков алпыстан мол асып, жетпісті қусырғанша Алатау мен Алтайдың, Атырау мен Арқаның арасын түгел аралады, атақты Біржан сал айтқандай: «Үш жүздің кәрі-жасын түгел көрді». Осындайда Жүсіпбек Елебеков шетелдік өнер сапарларында болған ба деген сұрақ туындайды. Ондайда әншінің 1968 жылы Үндістанға, 1963 жылы Монғолияға барған сапарлары еске түседі. Үндістанда болғандығының анық айғақ белгісіндей сол жолы Роза Бағланова, Кәукен Кенжетаев, Жүсіпбек Елебеков үшеуінің бірнеше үнділік азаматтармен бірге түскен суреті сақталған. Кейін анықтағанымыздай, бұл сапарға Жүсекеңдермен бірге композитор Еркеғали Рахмадиев және Роза Шамжанова да барыпты. Жүсекеңнің бұдан басқа шет мемлекеттерде болған болмағаны турасында деректер кездеспейді. Тек, әнші 1950-1955 жылдары екі рет Қытайда болып, Шын-Машын елінде өнер көрсетті деген жұтаң мәлімет қана сақталған. Басқа еш жерде Жүсекеңнің Қытайда болғандығы жөнінде мағлұмат ұшыраспайды. Тек Ж.Елебековтің отбасылық мұрағатында «Үрімшідегі концерт» деп аталатын жазуы бар тілдей газет қиындысы сақталған. Фотосуреттің қайшымен мұқият қиып алынғандығы байқалады. Көнерген суретте үстіне ұлттық киім киген Жүсіпбек Елебеков қала алаңына құрылған үлкен, биік сахнада ән айтып отыр. Сахнаның алды ән тыңдауға жиылған қарақұрым халыққа толы. Осыған қарап, Жүсіпбек Елебековтің Қытайдың Үрімші қаласында концерт қойғанына көз жеткіземіз. Ерлан ТӨЛЕУТАЙ

8367 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы