• Мәдениет
  • 30 Қаңтар, 2014

«Кішкентай кезімде «әнші бала» атандым»

Оның көңілін де, жүрегін де ән тербейді. Елге, атамекенге, аяулы анаға, ардақты әкеге, мейірімді әжеге, алтын бесік ауылға деген сағынышын өз шығармаларының тақырыбына арқау етіп келеді. Бүтін болмысты өнерпаз. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Тілге тиек етіп отырған өнерпазымызды таныстыра кетейік, ол – ақын, сазгер, Қытай мемлекеттік Жазушылар одағының мүшесі, Шыңжаң халық радиостансасының әдеби-көркемдік бөлімінің басқарушысы, әнші-термеші – Серік Әбілұлы. Өнер иесінің 3-ақпан күні Алматыдағы «Қазақконцерт» залында «Әжемнің исі» атты шығармашылық кеші өтпек. Кеш қарсаңында Серік Әбілұлымен танысып, азды-көпті әңгімелескен болатынбыз. – Атамекенге қош келдіңіз. Көңіл күйіңіз қалай? – Көңіл күйім жақсы. Осындағы аға-бауыр, дос-жарандармен қауышып, дидар­ласып жатырмыз. Алда болатын шығарма­шылық кешке қызу дайындық жүріп жатыр. – Оқырмандарымызға туып-өскен жеріңізді, қызметіңізді таныстырып өтсеңіз. – Мен Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданының Алтай аймағында дүниеге келдім. 1973 жылдың төлімін. 1991 жылы орта мектепті тәмамдаған соң, Шыңжаң университетін қазақ әдебиеті мамандығы бойынша оқып бітірдім. Сонымен қатар экономика-басқару саласының маманымын. 1994 жылдан бері Үрімжі қаласында тұрамын. Бес тілде хабар тарататын 60 жылдық тарихы бар Шыңжаң халық радиостансасының өнер бөліміне жетекшілік етемін. Қытай мемлекеттік Жазушылар одағының мүшесімін. – Өнер жолын, ақындықты қалай бастап едіңіз? – Ән-жырға бала кезімнен құмар болып өстім. Ауылда «әнші бала», «термеші бала» атанып жүрдік. Есейе келе ақындық пен әншілікті, сондай-ақ сазгерлік өнерді серік еттім. Шыңжаң, Бейжің баспаханаларынан «Күміс жебе», «Қобыз сарын», «Аққу арман» деген жыр-жинақтарым жарық көрді. Журналистік қызмет жолында сұхбаттас, пікірлес болған өнер иелері, ұстаздарым туралы жазған «Шолпан», «Самал», «Дариға-ай» эссе, очерк кітаптарым бар. Бұдан бөлек, ән-күй саласында көптеген шығармашылық жұмыстармен айналысамын. Атап айтқанда, Қытайдағы қазақ өнерпаздарының ән-күй мұраларын жинақтап, «Бесігім», «Бауырым» және тағы да басқа ән-терме таспаларын, Қытайда кеңінен таралған 500 халықтық және авторлық күйлерден құралған «Керуен сазы» альбомын шығардым. Сонымен бірге халық әндерінен құралған «Шаңырағымыздан шалқыған әндер» деген атпен 200 халық әнін таспаға басып, альбомға айналдырдық. Қазақстанның белгілі композиторларының шығармаларын қытай тіліне аудартып, оны Қытайдың танымал әншілеріне орындатып, бейнебаян түсірткізіп, мемлекеттік телеарналар көрсетілімін ұйымдастырдық. – Қытай жеріндегі қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуы қай деңгейде? – Қытайдағы өнер мен әдебиеттің дамуы жақсы деп айтуға болады. Әсіресе, 1970-1980 жылдары дүниеге келген әдеби туындылар сүбелі-тұғын. Сол кездегі ақын-жазушылардың проза, поэзия саласындағы еңбекте­рін ерекше атап өтуге болады. Сондықтан әдебиетте, өнерде болсын, ауыз толтырып айтарлық, шығарма­шы­лық өрісі кең, танымал болған азаматтар жетерлік. Олардың арасында мемлекеттік сыйлыққа қол жеткізгендері де бар. – «Әжемнің исі» атты шығарма­шы­лық кешіңізге тоқталсаңыз, жалпы бұл кештің «Әжем­нің исі» деп аталуының сыры неде? – Біз үшін әженің орны қашанда бөлек қой. Бәріміз де әженің тәрбиесін, үлгі-өнегесін көріп өстік. Әженің қадірі, мейірімді жүзі әр қазақ баласы үшін қымбат деп ойлаймын. Әжеме арнап, осыдан он бес жыл бұрын «Әжемнің исі» деген ән жазған болатынмын. Осы тақырыпты кешіме арқау етуді жөн көрдім. Кешті Қазақстан Жазушылар одағы мен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Оны өткізудегі басты мақсатым шығармашылық есеп беру, жаңалықтарыммен бөлісу. Кеште авторлық әндерім мен күйлерім орындалып, өлеңдерім оқылады. Қазақстандық өнерпаздардан күйші-композитор Секен Тұрысбеков, әнші Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіман, Ұлту Қабаева, ­Шахизада, Алтынай Жорабаева қатысады. – Ән-күйлеріңіздің насихатталу жағы қалай? Өзіңізге қай тақырыптар жақын? – Насихаты жаман емес. Өзім­нің шығар­ма­шылық жолыма қолдау көрсетіп, демеп келе жатқан азаматтарға ризашылығымды білдіргім келеді. Шығарма­шылығыма ел мен жер, патриот­тық, лирикалық тақырып­тағы әндер жақын. Астана қаласына арнал­ған әнім бар. Сонымен қатар Төлеген Момбеков, Оралхан Бөкеев сынды дарында­рымызға арналған арнау әндерім де бар. – Атамекенге қоныс аудару ойыңыз­да бар ма? – «Бидайдың барар жері диірмен» демекші, бәріміздің де табан тірейтін жеріміз өзіміздің атамекеніміз ғой. Сондықтан дәм жазғанда келерміз деп жүрмін. Әзірге Қытай жеріндегі қазақ өнерінің дамуына, өрістеуіне жасайтын жұмыстар көп. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Дәуіржан Төлебаев

3346 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы