• Тұлға
  • 06 Ақпан, 2014

Домбыраны күмбірлеткен дәрігер

Дәрігерлік қызмет өмір бойы шыңдалуды, ізденуді қажет етеді. Білімге, білуге құштар болмасаң, мамандығың өзіңе абырой алып келмесі анық. Ел танитын Рымбек Нұрсейітов мұндайлардың қатарынан емес. Ол өз ісінің кәнігі шебері, білікті балалар дәрігері. Өмірлік жары Күнсұлу Ахметжанова да дәрігерлік жолды таңдаған маман иесі. Р.Нұрсейітов 1944 жылы Павлодар қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Құттымбай су кемелерін жөндеу шебері болған. Ертіс өзені арқылы жүк тасымалдайтын көліктердің іркіліссіз жұмыс істеп тұруын қадағалаған. Шешесі үй шаруасын дөңгелетіп, бала тәрбиесімен шұғылданған. Ата-анасынан алған өнегелі тәрбие Рәкеңді адал еңбекпен өмір сүруге, ешкімнің ала жібін аттамауға үйретті. Сол кезден қалыптасқан дағдысы болса керек, ержетіп, есейген кезінде де жастайынан бойына сіңірген қасиеттерін шыңдай келе кісілігі мол азаматқа айналды. Адам арасындағы риясыз сыйластықты хош көреді. Қолға алған ісін соңына дейін жеткізетін тиянақтылығы да көп адамға үлгі боларлықтай. Рымбек Құттымбайұлы 1951 жылы Павлодар қаласында Абай атындағы арнайы музыкалық мекте­бінде домбыра сыныбы бойын­ша білім алады. Өнерпаз бала атанып, домбырада небір күй­лерді құйқылжыта орындайды. Алайда оқушы кезінен ойлаған арманы дәрігер болу еді. Сол арманы оны өзімен бірге жетелеп, Қарағанды қаласының мемлекеттік медициналық институтына оқуға келеді. Таңдауын дұрыс жасапты. Бала жүрегі бір нәрсені сезген болар. Дәрігерлік мамандыққа саналы түрде қадам басып, ол өмірінің мәніне айналады. Қызығы мен шыжығы мол кәсіпті бір кісідей меңгеріп, таудай талабын байқатып, оқуға құлшына ден қояды. Күн демей, түн демей, сарыла оқудың соңында болады. Бос кезінде жан серігі домбырасын шертіп, көпшілік алдында өнер көрсетеді. Институттың домбыра оркестріне жетекшілік жасап, оркестр ұжымы талай байқауларға, өнер додаларына қатысып, жүлдегер атанады. Қарағанды облысын аралап, бірнеше жерде концерт қояды. Барған жерлерінде халық зор ықыласпен, ерекше қошеметпен қарсы алады. Осылайша ол дәрігер­лік мамандықта оқып жүрсе де, бойындағы талантымен де таныла түседі. Бұл медициналық оқу орны студенттерінің қазақтың ән-күй, сазына деген ерекше махаббаты болатын. Кейіпкерімнің бір ерекше қасиеті ол әрқашанда өзінің таңдап алған бағытынан айнымайды. Турашылдық мінезі де бар. Болашақ дәрігерге керек қасиеттер осы емес пе? Шәкіртінің білімдарлығын, зеректігін байқаған ұстаздары оны аспирантураға қалдыруға ұйғарым жасайды. Бірақ ол оқуды бітірген соң, елге оралып, ауыл адамдарының денсаулығын жақсартуға үлес қоссам дейді. Жоғары білікті маман атанған соң, туған өлкесі Павлодардың Лебяжі ауданына жолдамамен дәрігер болып келеді. Еңбек жолын аудандағы Қарақала ауылының емханасынан бастап, кейін Лебяжі аудандық ауруханасының бас дәрігері болады. Аудандық денсаулық сақтау саласын басқару оңай іс емес. Бұған дейін бір ауылдың ғана біліктісі болса, енді күллі ауданның жауапкершілігі қосылады. Ақыл-парасаты мол, адамдармен оңай тіл табысатын, жұмыстың ыңғайын, жөн-жосығын білетін Рымбек Құттымбайұлы бұл қызметті де ойдағыдай жүргізе біледі. Аудан халқының денсаулығын нығайтуға білек сыбана кіріседі. Аурудың алдын алу, азаматтардың уақытылы ем қабылдау мәселесін жолға қояды. Мұның бәрі де ел сыйлаған азаматтың бойындағы талантының, кәсіби іскерлігінің бір көрінісі. Бұл 1981-1987 жылдардың іші болатын. Асылы, дәрігерлік мамандықтың түп мәні біліміңмен, ақыл-кеңесіңмен айналаңа шуақ шашып, адамдарды емдеу арқылы олардың алғысына бөлену болса керек. Бұл тұрғыдан алғанда, Рәкең өз мамандығының мәнін де, қыр-сырын да жетік білетін азамат. Рымбек Құттымбайұлының есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс. Білікті маман Павлодар темір жол емханасын басқарған кезінде де жоғары биіктерден көріне білді. «Павлодар емдеу-сауықтыру орталығы» акционерлік қоғамының президенті болды. 2004 жылдан 2007 жылға дейін Павлодар облыстық балалар үйінде науқас балаларға ем жасап, бүлдіршіндер денсаулығын жақсартуға сүбелі үлес қосты. Қызмет аясында емдік шараларымен ғана шектеліп қалмай, балалар үйіндегі әлеуметтік мәселелердің де оң шешілуіне мұрындық болды. КСРО уақытында атқарған еселі еңбегі лайықты бағаланып, 1980 жылы «КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі» атағымен марапатталды. Кейінгі қызметтері де Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталарымен, төсбелгілерімен марапатталды. Бүгінде Рымбек аға мен Күнсұлу жеңгей екеуі де лайықты еңбек демылысында. Өнегелі тәлім-тәрбие беріп өсірген ұл-қыздары өздері таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуде. Үлкен қызы инженер-жобалаушы болса, ортаншысы ата-анасының жолын жалғастырып, дәрігер атанды. Ұлы өндіріс саласында басқарушылық қызметте. Рымбек Нұрсейітов жақында мерейлі 70 жасқа толды. Ел-жұртының құрметіне бөленген Ардақты тұлғаға өмірдегі барлық жақсылықтарды тілей отырып, халыққа сіңірген еңбегіңіз бен істеген жақсылығыңыз мерейіңізді тасыта берсін демекпіз. Д. Төлебаев

3899 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы