• Ақпарат
  • 01 Сәуір, 2014

Қоңқа атай

1986 жылдың күзі болатын. Мен Қарағанды қаласындағы жоғары милиция мектебін бітіріп, Жангелдин ауданына тергеушілік қызметке тағайындалып, сол жаққа бара жатқан кезім еді. Жол түсті ме, әлде басқа себеп болды ма, әкем Кенжеахметұлы Сейіт пен анам Жұмағалиқызы Тұрсын жолға менімен бірге шықты. Өзіміздің Уаз автомашинамызбен Торғайға бет алып жүріп кеттік. Жолда әкем әр түрлі тақырыпта әңгімелер айтып келе жатыр еді, анам Тұрсын «Сейіт-ау, Жасұланға алдағы өміріне, қызметіне керек болатындай, үлгі алатындай әңгімеңді айтсай, есінде сақтап жүрсін» деді. Ол жол бойында «Жаркөл көлінің жанындағы алаңқайға бұрылып тоқташы» деді. Әкем далаға шығып, көлдің арғы бетіндегі біздің ауыл жаққа қарап, біраз ойланып тұрды да, жанарына келіп қалған жасын тоқтата алмай көңілі босады. Өз-өзіне келген соң, жерге төселген көрпеге отырып, мені қасына отырғызып, әңгімесін бастап кетті... Қоңқа атай толық денелі, орта бойлы, екі беті нарттай қып-қызыл келбетті  адам еді. Әппақ  болған сақал-мұрты өзіне ерекше бір салтанатпен жарасып тұрушы еді. Сол кезде жасы алпыстан асып кетсе де, қайраты қайтпаған шымыр адам еді. Жасында бірнеше жігіттің жұмысын да істеп, тамағын да ішетін үлкен күш иесі болған. Бірақ оның бір кісінің жағасынан ұстағанын, не жанжалдасқанын көрмек түгілі, естіген де жоқпыз деп отырушы еді үлкендер. Атай мықты аңшы болатын. Бірақ мылтық ұстап көрген емес. Аңды да, құсты да қақпанмен  ғана аулайтын. –       Мылтық деген не пәлесі, – деп ренжитін ол кісі, – аң да, құс та жан иесі емес пе? Соншама жау қайырғандай тарсылдатып, зәресін алып. Әй, дінсіздер-ай, обал сауапты білмейсіңдер-ау,– деп қапаланып қалатын. Өзі аңшы бола тұрса да, жер бетіндегі барлық жан-жануарларға, жәндіктерге, өсімдіктерге аяушылықпен қарайтын  еді. Ол кісінің  үйінен аң терілері мен балық, құс еттері өмірі үзілмейтін. –      Шіркіндер, осының бәрін өз кәдеме жаратады дейсіңдер ме? Бүкіл Жылқайдар әулетінің несібесі емес пе?! Көздерің көріп отырған жоқ па, соғыс қатты, ел аш-жалаңаш. Анау шиеттей қызылқарындар не жейді, не киеді дейсіңдер,– деп отыратын еді-ау жарықтық. Кейде отырып: –    Осы соғыс созылып кетті ғой. Немісің қалай жеңілмей жатыр бұл? Мұның өзі осал жау болмады ғой, тегі,– деп қоятын. Жазда атай құс, балық аулауға аттанғанда барлық балалар келер жолын күтіп  тұрамыз. Кең кеудесін ашып тастап, айдын үстінде анадайдан көрінгенде-ақ: –    Ой, айналайындар, ой, көздерім менің, ой, ботақандарым менің, – деп айналып-толғанып ескегін асыға сермеп келе жататын еді. Жағаға қайық тұмсығы тірелісімен-ақ «ал, кәне жеткіншектерім, насыбай әкеліңдер» дейтін. Сосын рахаттанып түшкіріп-түшкіріп алып: пай-пай кеңсірігім ашылып кетті-ау, насыбайларыңның ащысын-ай,– деп өзі де бір жасап қалатын. Атай бізді өз атымызбен атамайтын. «Сәтмәғамбеттің көзі, Бетшенің көзі, Шәрменнің көзі немесе Салауатов, Айдарханов, Садықова, тіпті кейде тура әкеміздің өз атымен Қыпшақбай, Рақымжан дейтін. Біреулер «өз атымен неге атамайсыз» десе, «әй, бұл боталарымның аты аталар-ау, кешегі қыршын кеткен жақсы мен жайсаңдарымның атын кім атайды», дегенде көзінің моншағы үзіліп түсетін. Сонан кейін : –    Иә, алыңдар, бұл әкелеріңнің сыбағасы. Сендердің жегендерің, бәріміздің жегеніміз,– деп олжасын бізге қыл үстінен үлестіріп беретін де, «балықты құйрығынан ұстамаңдар ,ауға балық түспей қалады, құстың басын жемеңдер, бастарың қалтақ болады» деп ескертетін. Су тасып құс келгенде Атай ауылды балық пен жұмыртқаға қарық қып тастайтын. Бұл кезде құс ауламайтын. «Е, олар да туып өскен жерін аңсап келіп жатыр ғой. Құс етін сағынсаңдар, мына аталарың аман болса, қаз мамырлаған уақытта бұйырғанын көресіңдер» дейтін. Өзгелерге де құс аулатпайтын. Бірлі-екілі «атқыштар» көре қалса, «мынаның бауыр жүні түскен, балапан басып жүрген құс қой, құдайдан қалай қорықпадың, шіркін» деп қатты қынжылатын. Содан кейін «қап, балапандары жетім қалды-ау, мына біздің жетімектер құсап» деп уайымға кететін. Біреулер «өзің аңның терісін сыпырып алып, тірідей қоя бересің бе?» деп қияңқы сөйлесе, «тәйт, шіркін, маған аңшылық құдайдың өзі қосқан өнері, өзі істетеді, өзі кешіреді. Мына топты, балаларды қалай жалаңаш қоясың, анау Қали, Сәпен, Әбдір сияқты ақсақалдарға  ішік, тымақ  керек емес пе» – деуші еді. Аңға «у» салуға ол кісі өлердей қарсы боп кетті. «У салғанмен аң сенің есігіңнің алдына келіп өле қалса жақсы, айдалада өлсе рәсуа болмай ма? Қақпанмен алу, атпен соғу, тазымен ұстау бұйрықты іс. «Аңда айуандық болғанмен, адамда аяушылық болуы керек» деп түйетін. Қыста далаға шығуға балалардың көпшілігінде киім жоқ. Сондықтан біразымыз үйде отырамыз. Кешке қарай бүкіл ауыл  адамдары мен балалары жиналып, қопа жақтан екі адамның келуін күтеміз. Бірі Қоңқа атай. Ол кісі бүкіл ауылымыздың негізгі талғажауы – балық әкеледі. Екіншісі бұрынғы түйе палуан, кейін ауру болған Қоқас еді. Ол сүлдесін сүйретіп жүріп отындық қамыс шауып әкеледі. Олардың әкелгенін ауыл жапа-тармағай үлестіріп алады. Тағы бір ғажабы – кейде әкелгендері өздеріне жетпей қалып, көршілерінен «бір асым балық берші, бір құшақ қамыс берші» деп сұрап жүретін еді. Мұндай  ортақ  істе олардың бәрі де қабақ шытпайтын көңілі жомарт, пейілі кең адамдар еді. Қоңқа атай сиыр бағады. Соның арасында жүріп қақпан салады, балық аулайды. Балықты қаза құрып ұстайды. Ұзындығы он-он бес қадамдай, қамыспен тоқылған құрал «қаза» деп аталушы еді. Сол шамада мұз беті ойылып, әлгі құрал соған тікесінен құрылатын да екі жақ басы қоржындалып иілетін. Тұмсығы қазаға тірелген балық оның бойымен жүріп отырып, қоржынға еніп, қайта шыға алмай қалатын. Мұндай қазаға балық көп түсетін де, оны арнаулы ожау тәріздес сүзекімен сүзіп ала беретін. Міне, біздің  ауылдың соғыс кезіндегі «озық өндірістік техникасы» осы қаза еді. Соғыстың үшінші қысында қыс қатты болып, ақпанның ақырған аязы мен дүлей бораны кезек алмасып, бүкіл ауылдағы бас көтерер адамдар табиғаттың ашкөз құрсауымен алысып, мал қамында жүреді. Сол жылы егіннің де тапшы болған жылы екен. Ел қаптап алған ірімшік, құрттарының біразын майдандағы жауынгерлерге сәлемдеме ғып аттандырып жіберіпті. Міне осы боранда үш-төрт күн бойы балық ауланбай, ауыл ашқұрсақтанып қалады. Қолқабыс жасайтын Тұрмағамбет ауданға кеткен. Келесі күні боран ашылысымен, Қоңқа атай Қоқасты және келіндері Гүлсімді, Жамалды, Зипунды ертіп алып Қазалыға тартады. Көп ұзамай-ақ балыққа кеткен әйелдің біреуі жан ұшыра жүгіріп ауылға жетті. –       Не болды, жәй ма?– деді үрейленген Күлжай апай. –     Апа, атам суға түсіп кетті, атам етігін, ана атам күпісі мен тымағын берсін,– дейді. –       Мына соққан не дейді-әй, әй қатын, не жаңылтпаш айтып тұрсың? –       Ойбай апа, аңшы атам суға түсіп кетті. Жылы киім керек! –         Масқара-ай, тағы не дейді?! Аман ба? Тірі ме? Әй, қайдасыңдар! Жина күпі, тымақ, көрпені. Тартыңдар Қазалыға! Жастарымызға тоймаған соқыр құдай енді Қоңқаны да көп көрді ме бізге! Уа, басыңдар аяқтарыңды! Жүгір, ұш! Әркім қолына түскен жылы киімін, кигізін, бөкебайын алып қопа жаққа тартты. Жылай-жылай біз  қалдық. –       Жеті нан құдайы, құдайы! –       Ақсарбас, ақсарбас атадық жолыңа! Уақиға былай болған екен. Олар барысымен қалың қарды күреп жіберіп, мұзды да ойып шығады. Дала аяз, киім жоқ, күн де еңкейіп қалады. Осындай асығыс үстінде бір әйел қолындағы сүйменді суға түсіріп алады. Оны көргендер жылап қоя береді. Жыламай қайтсін, қаза басатын да, ауыл суатын оятын да, барлық ауыл тіршілігінің қысқы тұтқасы, ең сенімді құралы да осы жалғыз сүймен еді. Осы сәтте адам ойламаған бір ғажап іс болады. «Әй, келіндер, сендер теріс қарап тұрыңдар» дейді де, атай көк мұз үстіне тыр жалаңаш шешініп тастап, беліне бас жіп байлайды да ойыққа қойып кетіп, сүйменді алып шығады. Абырой болғанда су кісі бойындай ғана екен. Атайды барлық жылы киім-кешекке орап ауылға әкелді. Жұрт қатты қорықса да, Атай күліп келді. –       Жаным, жарқыным амансың ба?– деп Есен атай кемсеңдеді. –       Ендігі тірлігіміз, тілегіміз өзің ғой,– деді апай. –       Жолыңа бозқасқа атадық, ата,– деді келіндері. Бозқасқа қайдан болсын, жеті нан құдайы орнына жеті балық пісіріліп, Атайды жұрт жылытып алды. Келесі күні Атай ауырмақ түгілі, жөтелген де жоқ. Сонда «е, мен неге ауырамын? Мына отырған жаутаңкөздердің тілегі мені ауырта ма? Бұлар мені ертең ажалға да бермейді»,– деп бізді мұрнымыздан, көзімізден, мойнымыздан сүйіп иіскейтін. «Айнымаған көкелері» деп бәріміздің әкелеріміздің атын тізіп атап шығатын. Осындай қиын-қыстауда өмір сүрсе де үлкендер жағы біздің жайымызды  ешқашан ұмытпайтын. Сол жылдары мектепке жасы жетпеген бізді үш адам «оқытатын» еді. Олар атай, Күлжай апай  және  Әлима. Бұлардың алдыңғы екеуі әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыз кісілер. Ал, Әлима сауатты адам. Елге келген хатты оқитын да, майданға хат жазатын да сол. Кешке мектепке жасы толмаған біздерге  санауды, жазуды үйретіп, қара танытқан да сол. Балаларды көп қызықтыратын Қоңқа Атайдың «сабағы» еді. Оны табиғаттану десе де болады. Өйткені Атай аң, құс, жан-жануар, жәндік және өсімдік атаулының бәрінің атын жаттатады және түр-түсіне дейін айтып береді. Кейде өз «лабораториясынан» «мынау тышқан, мынау қырық аяқ, мынау көлбақа, мынау құмырсқа, мынау етікші қоңыз» деп қолма-қол алып көрсететін. Өйткені сол кездегі жеркепелерде әлгі жәндіктердің бәрі бізбен аралас өмір сүретін. Атай жұмыстан шаршап келетін еді. Біз ол кісінің жан-жағына шүпірлей орналасып отырушы едік. Өзінің тентек Спаны мойнына атша мініп алатын еді. Бірақ қанша шаршап келсе де, Атай бізге «әрі отыр» демеуші еді жарықтық. Қайта ескі тонымен қымтап, бауырына баса тарта түсіп, болмашы тамағын іше отырып, арасында бізге де асатып жіберіп, «емтихан» алуға кірісетін: –                        Кәні, Дәукенова, шөптердің атын атап жіберші. Рақыш тақпақтап айта жөнеледі: –       Изен, жусан, бетеге, боз, күйреуік, бұйырғын, шағыр, сағыз, саршөп, балықкөз, қараматау, сасыр, сұршөп, қазтаңдай, сүтқурай, жаужұмыр, жауқазын.... –      Аржағын Қойшыбай көзі, сен айтшы. –     Қарекей, мұнанақ, балтасап, балдырған, бүлдірген, бүрген, ермене, ебелек, қырықбуын, күреңсе, көде, тараңбоз, алабота, ажырық, қарабарақ, қарамық, түйеқарын, шырмауық, жантақ,– дейді Әбілғазы. Мұндайда Атай: – Әп, бәрекелді! Менің ботақандарым біліп қапты ғой, азамат болып капты ғой,– деп қарқылдап күліп риза болатын. –       Ал, Донданың көзі, саят құстарын  аташы. Әмірәлі  зерек бала еді, соғыс аяқталар алдында ауырып қайтыс болды. Ол барлық құс аттарын жатқа білетін. «Бүркіт, сұңқар, ителгі, қаршыға, лашын, тұйғын, қырғи, күйкентай, тұрымтай..... –       Енді Тайшыбек көзі, сен қандай құс аттарын білесің, кәне? Сүлеймен мұрынды тартып-тартып жіберіп, қалғанын білегімен сипап тастап айта бастайды. «Қаз, үйрек, аққу, шағала, бұлбұл, көкек, тырна, бірқазан, көкқұтан, ұзақ, таған, дуадақ, қызғыш, жылқышы, үкішіл, қасқалдақ, тоқылдақ, ақтамақ, құр, бөдене, кезқұйрық, дегелек.... Атай жұмыстан қатты шаршап келген күні Күлжай апайдың «сабағы» басталады. Апайдың негізгі «пәндері» – ауыз әдебиеті, оның ішінде ертегі, өлең, жыр, жұмбақ, жаңылтпаш, халық ойындары және жеті ата шежіресі. Апай шебер әңгімеші, өлеңші адам. «Зарқұм соғысы», «Сал-сал», «Қобыланды жыры», «Мұңлық-Зарлық» дастандарын жатқа білетін. Оны әр түрлі дауыс мақамымен, әуенмен түсінікті етіп айта отырып, балаларды қоса ілестіріп жаттататын. Сонымен бірге майдандағы жауынгерлерден келген өлең хаттарды міндетті түрде жаттатып айтқызады. Сол кезде ауылға «Жүсіпбектің өлеңі», «Сағиланың өлеңі» дейтін шығармалар тараған еді. Жазды күні ауыл жиі қоныс аударатын. Сол кеште барлық баланы талдан тоқыған қорабы бар төрт аяқты арбаға отырғызады. Сонда жабырқау жанды шешелеріміз мойыны қылқиып отырған біздерді көріп «айнымаған үйректің балапандары» деп мәз бола күлетін. Көш ілгері тарта береді. Сонда жұртта бір қамыс күрке қалатын еді. Бұл Қоңқа атайдың күркесі. Ауыл қонатын жерде соның тағы да біреуі шошайып тұрушы еді. Бұл да Атайдың бір-екі күн бұрын тұрғызып кеткен баспанасы болатын. Жарықтық судың дәл жиегіне тігуші еді. Ол кісі мал да, дүние де жинамаған тақыр кедей адам болатын. Астына жас құрақ төсеп, жатар кезде, «пай-пай шіркіннің иісін-ай! Қандай рахат, ә! Қоңырсыған киіз, қаудыраған тулақ төсегеннен он есе артық емес пе?! –дейтін. Бұл кедейлігін жасырғаны емес, шын көңілі еді. – Үйіңізді жарға сонша неге жақын тігесіз? – дегендерге, Атай: –  Ей, шіркіндер-ай, айлы түнде бал құрақты төсеніп, судың сылдырағанын, аққудың сұңқылдағанын, бақаның құрылдағанын, балықтың шолпылдағанын естіп жатудың өзі жұмақ емес пе, – дейтін  еді. Шешелеріміз «аталарыңа сәлем беріп жүріңдер, алдын кесіп өтпеңдер, ол әулие адам» деп ұғындырады. Өзіміз пір тұтатын Атайды онан сайын зор санайтынбыз. Тағы бір ерекше қасиеті ол кісі аң, құс, үй жануарларының мінез-құлқына  зер салып отыратын. Құмырсқаның илеуін, тышқанның ініне қарап, іштей күбірлеп, сөйлеп жүретін. «Неге өйтеді?» десек, үлкендер «Атай жан-жануарлардың тілін біледі» дейтін. Біз оған қалтқысыз сенетінбіз. Себебі ол кісі мысық есік тырнаса «жел тұрады-ау» деп, енді бірде «ешкілер паналап жүр, жауын-шашын болады-ау» деп, кейде «өрмекшілер өрмек тоқуға кірісті, күн ашық болады» деп отырушы еді. Және айтқаны айна-қатесіз, бұлжымай келетін. Бір жылы күзекте отырған ауылға «қыстауға көшіңдер» деген бұйрық келіпті. Атай «сиырлар танауын желге қаратып жүр, боран болып кетер, үш-төрт күн күте тұрайық» десе, әкімдер «осы шал да әулиеси береді екен, сөзді қойып көш дегесін көшіңдер» деп үй жықтырыпты. Айтқандай-ақ, көп ұзамай жел тұрып, арты боранға ұласып көш беті ауып кетеді. Манағы атқамінерлер сасады, Атайға келеді. Сонда атай жерге түсе қалып, қарды теуіп-теуіп жіберіп, бір уыс шөп жұлып алып, «ей, шіркіндер-ау, Оспан қожа мешітінің түбінде тұрмыз ғой» депті. Ауыл көші осында келіп, боран  ашылғанша еру жасапты. Атай туған жерінің әр қуысын бес саусағындай білетін зерделі адам. Айсыз түнде, ашулы боранда жердің шөбіне, топырағына қарап-ақ жөн табатын жершіл адам еді. Осы өнерін біреу қызықтап сұрай қалса «е, оның не құпиясы бар, Майқарауда өлең,  Қасқа баурайында бидайық, Жалғызқұдықта  көкпек өспей ме? Пәлен жер сортаң, түген жер құмдақ екенін көрмей ме,– дейді екен. Бұл кісі бізге жер аттарын, ондағы өсімдіктер дүниесін де үйретуден жалықпайтын. – Күншығысқа қарай қай жерлермен жүресің, Жақан? – дейді. – Қоғадан шығам, оған таяу Құлақтал, оған таяу Шуақбай, оған таяу Көпір, оған таяу Қозылбай, одан әрі Ақтөбе – деп тоқтайды ол. Бұдан арғысын Атайдың өзі де білмейді. Өйткені ол Сарықопа табанынан бір қадам сыртқа шығып көрмеген адам. – Қанағат, сен ауылда қандай шөп өсетінін айтшы, кәне? – Діңде терек, арша өседі, Текеде тал өседі, Мешітте көде өседі, Мулкіләнде мия өседі, Қопада өлең өседі, Қараталда тобылғы, Тармақта шілік, Қоғада жуа өседі. – Жуаның қандай түру бар? Мұхамбетжан көзі, сен айтшы? –       Қой жуа, қуыс жуа, жер жуа, тау жуа, ит жуа....– дейді Әбузара. Тармақ деген жерде неше түрлі өсімдіктер өсетін. Балалар әсіресе қымыздық, шие, бүлдірген, жуа сияқтыларды теріп жеуге аса құмар едік. Май туғанда қызғалдақтың ақ, көк, сары, қызыл, күлгін, жасыл түстері өседі. Осы кездерде Әлдекеге қарай, жер бетін шола қарағанда дала масатыдай құлпырып, көздің жауын алатын. Соның бәрінің ерекшілігі мен пайдасын бізге айтып түсіндіретін де сол Қоңқа атай еді. «Мынау арша, мынау тобылғы, бұлар кез-келген жерге өспейді, қасиетті ағаштар бұлар» дейтін еді көкірегі көзді қария. «Майқараудың қамысы ұзын сидаң, Қопаның қамысының түбі құнарлы, бапалағы қою келеді, Қазыбайдың табаны, Айтуардың шортаны дәмді болады» деп айтып отыратын. Сондайда біреулер «айта береді де, балықтан балықтың  айырмашылығы болушы ма еді» десе, «уай, шіркін, өздерінің аузының дәмі кетіп қалғанынан көрмей, балыққа тіл тигізуін, қарашы-ей» деп өкпелейтін. Атай қасқырды көп аулайтын. Қайсы бірін ауылға тұмшалап, тірідей жетектеп те келетін. Сосын әлгі қасқырдың терісін сыдыру үстінде онымен сойлесіп отыратын еді. «Ә, жауызым, езуің ырсиып, өзің де қарап жүре алмайсың. Гитлер екеуіңнің істейтіндерің зорлық пен ұрлық. Қоңқа тұрғанда Жылқайдардың малына тісіңді тигізбе деп айттым ба? Айттым. Теріңді сыпырып аламын дедім бе? Дедім. Енді өз обалың өзіңе», – дейтін. Кейде  бұл кісінің қақпанына түскен аңын басқа біреулер де олжалайтын еді. Алған кісі мұндайда қақпанның қандыаузына аздап ақша немесе жанындағы кәдеге жарайтын затын қыстырып кететін. Ондай ырым  болмаған жерде «ақылсыз, шіркін, қақпанның  меселін  қайтарып.... қазақ атына ұят емеспе екен» деп өкпе білдіретін. Бірақ қайсы біреулердей боқтап, балағаттауды білмейтін. Ауыл балаларының Қоңқа атайға деген махаббаты ерекше ыстық еді. Атай көп жылын колхоздың сиырын бағумен, біразын аң аулаумен өткізді. Соғыс тұсында да, одан кейін де қайбір жетіскен кез. Атайда ат болмайтын. Мінетіні колхоздың жатаған бір қызыл өгізі еді, оны өзі Бекшентай деп атайтын. «Бұл жануар ерттеп мініп алғанда тұяғы сыртылдап, жылқыдан кем жүрмейді»,– деп мақтайтын. Бәрі сол өгіз бе, одан кейінгілеріне де солай ат қойып алды ма білмейміз, әйтеуір сол кісі өмірінің соңғы жылдарына дейін Бекшентайына мініп жүрді. Қоңқа атай ақ көңіл, ашық мінезді, сәби жанды, таза адам еді. Өтірік айтуды білмейтін және кез келген өтірікке де сене беретін. Ешкімге қиянат та жасамайтын, сол сияқты ешкім де бұл кісіге зәбір көрсетпепті. Соғыстың ең қиын кезеңінің бір қысында Атайдың бағымындағы сиыр жоғалады. Сталиннің тұсы, заң қатты, мал жоғалту адам жоғалтудан кем емес. Ауылдың бүкіл бас көтерген адамдары сиырды іздеуге шығады, бірақ табылмайды. Күдері үзіліп, әрі торыққан, әрі қорыққан Атай Бәйшеше деген әулие әжеміздің моласының тұсынан өтіп бара жатса керек. Сонда Атай : –                        Әже, өткен-кеткен сайын, өзіңе құранымды оқып жүретін едім ғой. Балаң қиналып отыр. Егер мына сиырды ит-құстан сақтамасаң, енді саған құран жоқ,– депті. Мұны естіген жанындағы жабырқау жүзді келіндері күлкіден ес жия алмай ауылға зорға жетіпті. «Ақ көңілдінің аты арып, тоны тозбас» деген емес пе, келесі күні сиыр да аман табылыпты. Қоңқа атайдың осы сөзін жұрт қазір де күліп айтып отырады. Жатқан жерің жайлы болғыр Атай аз күн ауырып, сексенге қараған  шағында Сарықопада қайтпас сапарға аттанды. Өсиеттерінде «мен бұл жерде жатқан әруақтардың көпшілігін танымаймын ғой, өзіміздің Қасқаға қойыңдар. Ондағылардың бәрі өзіміз, бара араласып-құраласып кетем» ғой депті. Өсиеті орындалды. Өзі асыраған жалаңаяқтары бұл кезде кәдеге жарап қалған едік. Қабірін өз қолымызбен қазып, топырақ салдық. Басына бір шыбық отырғызған едік. Қазір ол зәулім терек болып өсіп тұр,– деп  әкем  Сейіт Кенжеахметұлы  бала кезде  басынан  өткен,  қиын-қыстау заманда куә болған әңгімесін  аяқтады. «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» демекші, әкем айтқан әңгіме менің келешегіме орасан ықпал етті. Мен оқу бітіріп, офицер атанғанымда, алдыма көмек сұрап келген жасы үлкен, кіші кісілердің көңілін, меселін қайтармауға, оларға қолымнан келгенше құрмет көрсетуге пейіл қойдым. Осы әңгімедегі Қоңқа атайдың жанашырлығын, тергеу жүргізу жұмыстары кезінде көз алдыма елестетіп, өзіме өмірлік принцип қалыптастырдым. Қазіргі уақытта жастардың үлкендерді құрметтемеуі, бір-біріне қастық ойлауы, олардың бойында басқа да дөрекі мінездерінің пайда болуы Қоңқа атамыз сынды мейірімді адамдардың аз болуында шығар. Ол заманның адамдары «сауатсыз» болса да, жас жеткіншектерге деген рухани ықпалы ерен еді. Жасұлан Кенжеахмет

2484 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы