• Қоғам
  • 10 Сәуір, 2014

Бірлігі күшті ел озады

18-сәуірде Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті жиырма бірінші сессиясы өтеді. Оған Қазақстандағы Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, шетелден келген қонақтар, ғылыми және шығармашылық интеллигенция мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысады. Еліміздің барлық өңірінен жиналатын делегаттардың ұзын саны – 406 адам. Қазақстан халқы Ассамблеясы саяси салмағы басым ұйым болып есептелетіндіктен, оның аясында өткізілетін сессиялардың маңыздылығы да артып келеді. Бұл ұйым 1992 жылдан бері институционалды, дипломатиялық іс-шараларды жүзеге асыратын институт ретінде қалыптасқанымен, 2008 жылдан бас­тап Парламент Мәжілісіне өз кандидаттарын ұсына алатын ірі саяси құрылымға ­айналды. Содан бері ҚХА Қазақстан Республикасының саяси бөлігі болып есептеледі. Қазақстан ұлтаралық институттарға осынша үлкен өкілеттілік беріп отырған әлемдегі жалғыз мемлекет. Ұлтаралық мәселені дер кезінде шеше алмағандықтан, Орталық Азия мен ТМД аумағандағы біраз мемлекеттер күрделі саяси жағдайларға тап болып отырғанын көзбен көрдік. Қырғызстандағы өзбектер мен қырғыздардың қақтығысы, Украинадағы орыс пен украин жұртының арасындағы шиеленіс ұлттар арасындағы теңдіктің аса өзекті мәселе екенін тағы бір әйгілеп берді. Бұл елдердегі саяси ахуалдар Қарабахтағы жер дауы сияқты әлемдегі ең күрделі мәселелердің қатарына кірді. Айналасы саяси дүрбелеңдерге толы Қазақстан әлемдік ­саясатта «бейбітшілік аралы» ретінде мойындалған мемлекет. Елімізде сан түрлі ұлттар мен ұлыстар сүттей ұйып, бірнеше ғасырдан бері бірге өмір сүріп келе жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та тәуелсіздік алған жылдардан бастап, ел ішіндегі сан алуан ұлттардың ұйысып, бір мүддеге жұмылуын мақсат етіп келеді. Өз кезегінде Ассамблея мүшелері де Президенттің әрбір бастамасына ақ жол тілеуде. Нұрсұлтан Әбішұлының «Мәңгілік Ел» идеясын дер кезінде қолдаған ұйымдардың бірі осы Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ұйым Елбасының осы жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын талқылап, оның басым бағыттарын ортаға салып, арнайы жиналыс өткізді. Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше бизнесмен азаматтар инвестициялық жұмыстармен де айналысып, елдегі бизнестің өркен жаюына атсалысып жүр. Мысалы, Ассамблея атынан Мәжіліске сайланған депутаттар Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен оңтүстік кореялық бизнесмендердің арасына дәнекер болып, экономикалық әріптестіктің нығаюына, шетелдік инвестицияның елге жетуіне мұрындық болуда. Олар Елбасының Жолдауында айтылған экономикалық, инвестициялық мәселелерге осылай өз үлестерін қосуда. Көпшілік Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессия­сында мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәселесі көтеріледі деп отыр. Қазақстан өзге ұлт өкілдерінің мәдениетін, тілін дамытуға барынша қолдау көрсетуде. Олардың діни еркіндігі заң жүзінде қорғалған. Осы сыйластықтың қарымтасы ретінде, қоғам өкілдері қазақ тілі енді басқа ұлт өкілдері тарапынан кең қолдау табады деген ­ниетте. Бұған дейін Қазақстандағы ұлттарды ұйыстырудың басты тетігі татулық идеясы болса, енді қазақ тілін диаспора өкілдерінің ынтымақтастығын арттыратын басты факторлардың қатарына қосқысы келетіндердің де қарасы мол. Соңғы он жылда елдегі өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренуге ден қойып, ана тілімізді еркін меңгергендердің қатары көбейді. Президент Н.Ә.Назарбаев құрған Ассамблея мүшелерінің қазақша сөйлеуге ұмтылған талпынысына қарап, қазақ тілінің де ұлттарды ұйыстыратын негізгі тетіктердің біріне айналғанына куә болып отырмыз. Олардың қазақ тіліне деген ыстық ықыластары бізді қуантады. Бейбіт НӘЛІБАЕВ

4806 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы