• Қоғам
  • 10 Сәуір, 2014

Белсіздіктің белең алу себебі не?

Соңғы кезде елімізде ерлер арасындағы белсіздіктің белең алып бара жатқаны дабыл қақтырарлық мәселеге айналып барады. Отбасын құрған әрбір бесінші жұп осы сырқатпен бетпе-бет келеді екен. Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай отыр. Осыған орай Б.Жарбосынов  атындағы Урология ғылыми орталығы Бас директорының емхана қызметі жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Марат БАТЫРБЕКОВКЕ жолығып, осы ауру жайлы сұрақтар қойған едік. –Марат Тағаұлы, қазіргі таңда белсіздік мәселесі өткір қойылып отыр. Бұл дерттің асқыну себебі неліктен? –Белсіздік дертінің көбеюіне ең басты себеп – экология. Қазір – ғылыми-техникалық үдерістердің дамып жатқан кезі ғой. Ал одан бөлініп жатқан химиялық заттарды ауамен бірге жұтамыз. Екінші себеп – тамақ сапасының төмендеуі, өйткені күнделікті тағамдарымыз химиялық заттарға толы. Осының салдарынан адам ағзасындағы гендер өзгеріске ұшырайды. Үшіншіден, жыныстық қарым-қатынас төңірегіндегі сауатсыздық себеп болады. Ерте жыныстық қатынас, кездейсоқ адаммен жыныстық қатынастар да аталмыш дерттің көбеюіне әкеп соқтырады. Солардың себебінен болатын қабыну үдерістері әйелде де, еркекте де кездесіп жатыр. Осының салдарынан екеуінде де ұрық азайып, сапасы төмендейді. Қазақстанда бедеулік әйелдер тарапынан 50 пайыз болса, еркектер жағынан да – 50 ­пайыз, демек, осынау жағымсыз дерт екі жаққа да бірдей тараған. Жастардың салауатты өмір салтын ұстанбай, арақ, сыра, темекіге әуестенуінің салдары да – белсіздік пен бедеулікке бастар бірден-бір жол. Онымен қоса адам жүйкесінің зақымдануы да, дәрі-дәрмекті шектен тыс пайдалану да ағзаға кері әсер етеді. Мәселен, дағдарыс кезінде жұмыстан қысқарып қалу секілді фактілердің көбейгендігі де ер-азаматтардың көңіл күйіне ғана емес, денсаулығына да аса зиян келтіруде. Әйел адам қанша дегенмен жұмыстан босап қалса, үйдің күнделікті тіршілігімен айналысып жүре береді. Ал ер адамдарға бұл қатты тиюде. Жүйкесіне салмақ түскен жігіттердің гармондары төмендеп кетеді. Физиологиялық жағдайда 45-55 жастан кейін еркектердің гармондары азая бастайды. Ал күйзеліс жағдайында бұл үдеріс тым жылдамдап кетеді. Гармондар азайғаннан кейін ағзадағы басқа мүшелердің қызметі де бұзыла бастайды. Өкініштісі, қазір бұл дертпен ауыратындар күн өткен сайын көбейіп барады. –Сіздердің орталықтарыңызға науқастар қай өңірден көбірек түседі? –Біздің орталыққа келіп емделіп жатқан науқастар өте көп. Бұрын бізге ядролық полигонның зардабына байланысты Семей өңірінен ғана адамдар жиі келуші еді. Ал қазір Қазақстанның барлық аймақтарынан, соның ішінде Ақтау, Атырау, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан келіп ем-дом алып жатқандар баршылық. Бұрынырақта 50-60 жас­тан асқан кісілер ауруына ем іздеп шағымданса, қазір 30 бен 40-тың аралығындағы ер-азаматтарды да осы дерт құрығына түсіргені анық. –Бұл аурудан айығудың қандай жолдары бар. Емделе қалған жағдайда толық айығуға мүмкіндік бар ма? –Аурудан құлан таза жазылу үшін, ең алдымен, науқастың дертті жеңем деген сенімі мықты болуы керек. Әрине, ұзақ уақыт бойы жүйелі жасалған ем-дом, әрине, өз нәтижесін берері күмәнсіз. Бірер жыл төңірегінде біздің ғылыми орталықтың басшысы, Қазақстан Республикасының бас урологы, белгілі ғалым, профессор Мырзакерім Кәрімұлы Алшынбаев ағамыз Қазақстандағы адамдардың репродуктивті денсаулығының қанағаттанарлық жағдайда емес­тігіне алаңдаушылық білдіріп, осы мәселені шешу мақсатында «Ерлер және репродуктивті денсаулық» бағдарламасын әзірлеп, оны өзіміздің ғылыми кеңесте талқылады. Одан кейін бұл бағдарлама ҚР Президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында қаралып, бірауыздан қабылданды. Енді бағдарламаны жүзеге асыру үшін Үкіметтен тиісінше қаржы бөлінуін күтіп отырмыз. Еркектердің репродуктивті денсаулығының мәселелері осы заманғы медицинаның бірден-бір негізгі шешімі табылмаған саласы болып саналады. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін бұл салаға жете көңіл бөлінбей келгендігі рас. Керісінше, халықтың репродуктивті денсаулығын зерттегенде, негізінен, тек әйелдер ғана қамтылып отырған. Ерлердің репродуктивті қызметі және өмірге дені сау ұрпақ әкелудегі орны әйелдермен салыстырғанда дұрыс зерттелмеген. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін кешенді жұмыс қажет. Егер аталмыш бағдарлама ойдағыдай іске асса, еркектерге байланысты бедеу некелер саны төмендеп, демографиялық жағдай жақсарып, денсаулық та түзеледі. Мұның барлығы қаражат­қа келіп тірелетіндіктен, Үкімет­тен қолдау күтеміз. – Қазір елімізде жасанды ұрықтан­­дыру әдісі қолға алына бастады. Маман ре­тінде осы тәсіл тиімді деп ойлайсыз ба? –Біріншіден, бұл біздің медици­на­ның алға жылжып, дамуының жемісі деп қарауымыз керек. Жасанды ұрықтандыру, яғни экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) арқылы еркектер мен әйел бедеулігі, донор сақтау ісінде біршама нәтижелерге қол жеткіздік. Оны мойындауымыз керек. Бірақ осы ЭКО-ның 99 пайызы – қазір жекеменшіктің қолында. Онымен қоса, бағасы да тым қымбат. Бұл ауылдағы бір перзентке зар ­болып отырған ерлі-зайыптыларға өте ауыр тиеді. Сондықтан белсіздік жайын толыққанды тексеріп, оларды емдеу үшін УҒО-да экстракорпоралды ұрықтандыру зертханасын мүмкіндігінше тезірек ашу қажеттігі туындап отыр. Белсіздіктің белең алу себебі не? Бізде аппараттардың барлығы бар, оны қажетінше қолданып келеміз. Өйткені ұрық шығатын жолдарға репродуктивті пластикалық операция жасаймыз. Ол аппараттарды қолданатын білікті мамандарымыз да жеткілікті. Ұстазымыз Мырзакерім Кәрімұлы жас, талабы бар кадрларды шетелдерге білімін жетілдіруге арнайы жіберіп тұрады. Испания, Италия, Еуропаға барып, білімін жетілдірген мамандарымыз бар. Қазір олардың барлығы осында жұмыс істеп, алған білімдерін пайдаланып отыр. Енді профессор ұстазымыздың мамандардан қазіргі талап етіп отырғаны – ол ағылшын тілін меңгеру. Осы ретте, орталықта арнайы курстар ашылды. Күнде мұғалімдер келіп, дәріс өтіп тұрады. Егер ағылшын тілін жақсы біліп, компьютерді жақсы меңгерген кадр болса, ол міндетті түрде шетелде білімін жетілдіреді. Осындай дәстүр қалыптастырған. –Еліміздегі ер-азаматтар ақыл-кеңес алып, емделетін орталықтар туралы айтып берсеңіз? –Барлық аймақ-ауылдарда әйелдердің кеңес алатын орталықтары бар. Бірақ ер-азаматтар кеңес алатын арнайы бөлімшелер жоқ. Бұл – үлкен мәселе. Үстіміздегі жылдың 8-қаңтарында Денсаулық министрлігінің №3 бұйрығы бойынша еліміздің 12 аймағындағы аудандарда «Ерлер денсаулығы және жанұялық ұзақ өмір сүру» орталықтары өз жұмысын бастады. Бұл мекемелерге әдістемелік, ұйымдық басшылық жұмысы барысындағы көмекті біздің орталық көрсетеді. Орталықтардың барлық керекті шығындары, мамандар дайындауға және керекті жабдықтар алуға облыстық медициналық ұйымдар мен мемлекеттік қаржы­ландыру және жергілікті бюджетпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бұл орталықтарда «Ерлер денсаулығы мектебі» жұмыс істейді. Ол жерде азаматтарды жаман әдеттерден арылтуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын түрлі тренингтер мен арнайы сабақтар өткізіледі. Қазір ауылдық жерде жеті түрлі мамандандырылған дәрігер штаты қарастырылған. Ал қала жағдайында ақысыз да, ақылы да қабылдайтын урологтардың кабинеттері жеткілікті. Көпшілік урологты тек зәр жүрмегенде ғана керек маман деп түсінеді. Ауылдық жерде ер-азаматтардың андрологиялық (аурушаңдық) деңгейі, эректильді (жыныстық) және  репродуктивті (балалы болу қабілеті) функциясының бұзылу мәселесі көп жағдайда қаралмай қалатыны рас. Меніңше, қаланың ер-азаматтары дәрігерге уақтылы көрініп, ауруларынан айығып, қалыпты өмір кешеді. Ауылдық жерде жағдай біршама күрделі. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймақтарында андрологиялық аурулардың деңгейі өте жоғары. Андрология дегеніміз – еркектің несептік-жыныстық ағзалар ауруын зерттейтін урологияның бір саласы. Біздер еркектердің репродуктивті денсаулығының қаншалықты деңгейде екенін білу мақсатында Қазақстанның барлық облысында тұратын 20 мыңнан аса ер адамға сау­алнама бойынша зерттеу жүргіздік. Тексеру нәтижесінде 56,3 пайыз еркекте – түрлі кезеңдегі эректильді дисфункция белгілері, 30,4 пайызында – шәуеттің өзгерістері (ұрықтың болмауына дейін), 42,4 пайызында жыныс жолымен берілетін аурулар бар екені анықталды. Оның үстіне осындай көрсеткішке қарамастан, халықтың сұранысы андролог-дәрігерлермен толық қамтамасыз етілмей отыр. Мысалы, Қазақстандағы 580 урологтың жетеуі ғана – андролог-дәрігер. Олардың 0,5 пайызы – Қарағанды, 0,25-і – Шығыс Қазақстан облыстарында, 0,5-і – Астана, 1,75-і – Алматы қалаларында. Бұл дегеніңіз – республикада еркектер андрологиялық көмекпен толық қамтылмай отыр деген сөз. Бұл өз кезегінде еркектер арасында белсіздіктің өсуіне әкеліп отыр. Ал аталмыш бағдарламада осылардың барлығын ретке келтірудің нақты жолдары қарастырылған. – Урология саласына келетін жас мамандардың біліктілігі қандай? –Қазіргі таңда урология саласында еңбек етіп жүрген білімді мамандар көп. Олар Алматыдағы соны урологиялық техникаларды көріп, тәжірибе жинақтауда. Бірақ ертең олар ауылдық жерлерге жұмысқа баратын болса, ондай жаңа аппараттарға қол жеткізе алмай, тауы шағылатыны сөзсіз. Жастар осы жағдайды білгендіктен де үлкен қаладан кеткісі келмейді. – Осы ауруды зерттеу мәселесі қалай жүріп жатыр? – Еліміздегі еңбекке қабілетті ерлердің (30-45 жас аралығындағы) 45 пайызға жуығы созылмалы простатиттен зардап шегеді екен. Республиканың барлық 14 облысында және Алматы мен Астана қалаларында 25 000 астам ер-азаматтың репродуктивті жүйесі бойынша жүргізілген скринингтік зерттеулер нәтижесі мынадай болды: – Эректильді дисфункция белгілері (еркектік қабілетінің төмендеуі) – 56,3 пайызында. –Фертильді бұзылыс белгілері – 30,4 пайызында. –Жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулар – 42,4 пайызында. Еліміздің техногенді аймақтарында жұмыс жасайтын ерлердің денсаулық жағдайының көрсеткіштері: Мұнай өндіру жұмыстарымен айналысатын азаматтардың 63,5 пайызында (15 491) репродуктивті жүйенің бұзылуы; түсті металлургия саласында жұмыс жасайтын азаматтардың 53,2 пайызында (12 978) репродуктивті жүйенің бұзылуы байқалды. 2009-2011 жылдар аралығында 3 396 ер-азаматтар мен ұл балалар арасында тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесі мынадай: *Уроандрологиялық патология – 2 806. *Простатит – 1 099. *Простатаның аденомасы немесе қуық асты безінің қатер­сіз гиперплазиясы – 595. 2014 жылдың 11-12 қыркүйегі аралығында Алматы қаласында академик Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының ұйытқы болуымен «Дүниежүзілік ерлер денсаулығы және сапалы ұзақ өмір сүру. Сала аралық көзқарас конгрессі» өтеді. Бұл конгресс Қазақстан мемлекетінде осындай жоғары деңгейде алғаш рет өткізілмекші. Конгресс мақсаты – жан-жақтан келетін әріптестерімізге біздің жұмыстың нәтижесін көрсете отырып, тәжірибе және пікір алмасу, бүкіл әлемдік урология, андрология, эндокринология, кардиология және геронтология жұмыстарымен танысып, бірлесе көкейкесті мәселелерді шешу. – Аурудың алдын алу үшін ер баланың гигиенасына ерте көңіл бөлгені дұрыс дейміз. Оларды неше жасынан бастап урологқа қарату керек деп санайсыз?   – Негізі ұл бала дүниеге келісімен жыл сайын дәрігерге көрсетіп тұрған жақсы. Одан ешқандай зиян жоқ. Сосын кәмелеттік жасқа жетіп, мектеп бітірер кезде жастар әскер қатарына өту үшін арнайы медициналық сараптамадан өтеді. Нақ осы кезде жігіттер толық қаралып, өзіне керекті ем-домды алғаны жөн. Сол комиссиялық тексеру кезінде көптеген жеткіншек­теріміздің ауруларға шал­дыққаны байқалып жатады. Халыққа ақпарат беру мақсатында біздің ғылыми орталықта урология саласына арналған қазақша да, орысша да кітаптар шығады. Алдағы уақытта көпшілікке түсінікті, ұғынықты тілмен жазылған кітаптар шығару жоспарымызда бар. – Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан Нұрлан ҚҰМАР

14622 рет

көрсетілді

95

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы