• Ақпарат
  • 10 Сәуір, 2014

Әскері мықтының шекарасы берік

Патриотизм, Отан  дегенде ең әуелі ойымызға  елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен  елімізді қорғаған хас батырлар көз алдымызға келеді. Елімізді дербес қылған, қолына найза алып жауға шапқан, ата-бабаларымыздың арқасында біз осындай мызғымас ел  болғанымызды естен шығармау керек. XV-XVIII ғасырларда қазақ хандары тұрақты әскер ұстаған. Елімізге қауіп төнгенде үш жүздің басын бір тудың астына біріктіріп жауға қарсы шыққан. Елі-жері үшін аянбай күрескен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Тайлақ, Малайсары, Баян, Райымбек сияқты батырларымыздың ерлігі халық арасында аңыз-әңгімеге айналған. Ат үстінде өздерін еркін ұстайтын, ұшқан құспен еркін тілдесетін ұшқыр ат мінетін, тұлпарының тұяғы дала төсін дүбірлетіп тыншымайтын осынау ғажап халықтан қауіп күтіп, айбарынан сескенген ел дала төсін ойып отырып Ұлы қорған соғуға мәжбүр болды дейді қарт тарих. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан майданға аттанған жауынгерлеріміз қаншама. Олардың 100 мыңнан астамы орденмен және медальдармен марапатталды. 500-ге тарта жауынгер Батыр атағына ие болды. Олардың ішінде Төлеген Тоқтаров, Сұлтан Баймағанбетов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов және басқалардың есімдері бар. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Бақтыораз Бейсекбаевтарға Халық қаһарманы атағы берілді. Батыр бабаларымыздың ерлік дәстүрін біздің жауынгерлеріміз үлгі тұтады, мәңгі есінде сақтайды. Ал 1986-ның желтоқсанында қаншама қазақтың қарагөз ұл-қыздары ата-бабамыз аманат еткен жеріміз бен еліміздің тәуелсіздігі үшін күресті. Қаншамасы сол күресте өмірлерімен қош айтысты. Міне, осындай біздің бабаларымыздың рухын сыйлайық десек, біз оларды ұмытпау қажетпіз. Ертедегі Рим ғалымы, әскери теоретик Корнелий Тацит «Әрбір ұлы істің артында қауіпсіздікке деген талпыныс жатыр» дейді. Ұлы ойшылдың бұл тұжырымы қазіргі заманда да өзекті, әсіресе, өз тәуелсіздігін алған мемлекет үшін маңызы зор. Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан Республикасы шетелдермен достық қарым-қатынасқа үнемі көңіл бөліп келеді. «Шанхай бестігі» үкіметтерінің-Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытайдың біріге күш жұмсауымен ҚХР-дың солтүстік көршілерімен арадағы шекарасы туралы ондаған жылдар бойы сақталып келе жатқан түсініспестік жойылды. Оның ішінде Қытайдың Қазақстанмен шекарасы түпкілікті шешімін тапты. Барлық билік тармақтарының біріге әрекет етуінің арқасында Қазақстан өзінің бүкіл шекарасы бойында қауіпсіздік белдеуін жасауға қол жеткізді. 1992 жылы 7-мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының қарулы күштерін құру туралы» Жарлығына сәйкес, Қарулы Күштерін тиімді басқаруды шешу үшін Республиканың Қорғаныс Министрлігі құрылды. Деректерге сүйенсек, бүгінде біздің сарбаздардың саны  74 мың. Оның ішінде құрлық әскерлері шамамен 47 мың, әуе күштері 19 мың, әскери теңіз күштері 3 мыңға жуық. Әр жауынгердің бойында елі мен халқына деген сүйіспеншілік, әскери антқа, әскери бөлімнің жауынгерлік туына және әскери борышқа деген ұлтжанды қасиеттер болу керек. «Тарих, біз сенің әр сәтіннің қадірін білеміз, Уақыт, біз сенің әр минуттыңның лүпілін естейміз» демекші, біз еліміздің тарихының қадір-қасиетін білеміз, тәуелсіздік жолындағы күресте «Мың өліп, мың тіріліп» айқасқа түсірген жансебіл кезеңдер мен сергелең жылдарды да білеміз және оның әр минутын кеудемізде соғып тұрған жүрегімізбен сезінеміз.  «Азаматына қарап елін таны» демекші, еліміздің өсіп-өнуіне, кеңейіп-көркеюіне қазақ деп жүрегі соққан ұлтжанды ұлдарымыз көп болсын. Мемлекеттің тәуелсіздігі – біздің ең басты құндылығымыз, халық игілігі. Олай болса, Қарулы Күштеріміз Қазақстан Тәуелсіздігінің құрыш қалқаны бола берсін демекпін.  

Ляйля ОРАҚБАЕВА, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ менеджмент және халықаралық коммуникация факультетінің 2-курс студенті

2246 рет

көрсетілді

35

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы