• Қоғам
  • 17 Сәуір, 2014

Орманымызды өрт шалмасын

Көздің жауын алар табиғат байлығы – орман. Қазақстанда жалпы жер көлемінің шамамен 9 пайызын орман-тоғайлар алып жатыр. Олардың қоршаған ортаны қорғаудағы маңызы орасан зор. Айталық, олар ауа райын реттеп, су режимін бірқалыпты ұстап, топырақты түрлі эрозиялардан сақтап қана қоймай, ауаны улы газдардан тазартып оттегін бөліп отырады. Сондықтан орманды жер шарының өкпесі деп те атайды. Алайда орман қорына үлкен залалын тигізетін орман өрттері туралы айтпай кетуге болмайды. 2013 жылы республиканың мемлекеттік орман қорының аумағында орман өрттерінің 274 оқиғасы болды. Өрт апатының зардабы 13 млн. теңгені құрады. Өрттің шығу себептеріне тоқталсақ, олардың 41 пайызы табиғи факторлар есебінен, ал 59 пайызы антропогендік факторлардан. «Семей орманы» және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарында найзағай салдарынан өрт орманның 73 пайызын шарпыды. Міне, осы ретте мемлекет тарапынан өрттің алдын алу және оны болдырмау шаралары қолға алынып, бірқатар жұмыстар жүргізілуде. «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны 8683 сағатта ұшақпен ормандарды қадағалауды жүзеге асырды. Бұл ретте, орман өрттерінің 179 оқиғасы анықталып, мұның өзі қорғалатын аумақ бойынша олардың жалпы мөлшерінің 84 пайызын құрайды. Орман өрттерінің алдын алу мақсатында 2013 жылы республиканың мемлекеттік орман иеленушілері 187,5 мың шақырым көлемінде минералдандырылған жолақтар мен өртке қарсы орлар құру жұмыстарын жүргізді. Көктемгі және күзгі кезеңдерде мемлекеттік орман қорына іргелес аумақтардағы шөптерді өртеу және шабу жұмыстары атқарылды. Алматы мемлекеттік табиғи қорығы биылғы жылдың өрт қаупі маусымына дайындықты аяқтады. Біздің аудан аумағында өрт қаупі маусымы сәуір айынан қараша айына дейін белгіленген. Осы орайда орман өрттерінің алдын алу мақсатында дайындық кезінде мемлекеттік инспекторларға 36 сағаттық бағдарлама бойынша техникалық сабақтар жүргізіліп, өртке қарсы құрал-жабдықтар жинақталып, жаңартылды. Қорық аумағындағы жол жиектерінде өртке қарсы аншлагтар орнатылды. Ал шекаралас жер пайдаланушыларға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы ескертулер берілді. Бұған қоса Талғар аудандық №2 мемлекеттік өртке қарсы бөлімімен, аудандық төтенше жағдайлар комиссия­сымен келісілген шаралар жоспары жасалынып, бекітілді.Төтенше жағдай не болмаса өрт болған жағдайдағы хабарлау үлгісі жасалынды. Қазіргі күні қорық өртке қарсы құрал-жабдықтармен, автокөліктермен, байланыс құралдарымен қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн. Өрт қаупі маусымы кезінде жұмысқа қосымша өрт күзетшілері алынып, қорық аумағына кіре берістегі бақылау-тексеру бекетінде тәулік бойына, ал орталық кеңседе демалыс және мейрам күндері кезекшілік ұйымдастырылады. Қорық күзет инспекторларының қажырлы еңбектерінің арқасында соңғы он алты жылда қорық аумағында орман өрттері орын алған жоқ. Өртке қарсы атқарылған шаралардың бірі ретінде Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи бағымен бірлесіп өткізген оқу-жаттығу жұмыстары мен жиынды тілге тиек етуге болады. Тілсіз жау орын алған жағдайдағы өрт сөндірушінің қауіпсіздігі, арнайы құрал-жабдықтарының болуы, алғашқы медициналық көмектің көрсетілу деңгейі талқыланған бұл басқосуға Алматы мемлекеттік табиғи қорығының директоры Қ.Байтурбаев, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи бағының ди­ректоры М.Айнабеков, Алматы облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспек­ция­сының бас маманы М.Байғазақов, Қазақ орман­дарды авиациямен қорғау және орман шаруа­шы­лығына қызмет көрсету базасының бөлім бастығы Ж.Мамбаев және Қарасай ауданының төтен­ше жағдайлар қызметкерлері қатысты. Жи­налғандар өрттің алдын алу шараларының маңызына тоқталып, дайындық жұмыстарын жетілдіру туралы ойларын ортаға салды. Жиын барысында жедел-жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсету шараларын көрсетті. Тау баурайындағы ағаштарға от қойылып, оларды тез өшіру тәсілдері іс жүзінде көрсетілді. Өртті сөндіру кезінде адам өмірін сақтау ережелерін дұрыс жолға қою мәселесі де назарға алынды. Алматы мемлекеттік табиғи қорығы мен Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи бағы арасындағы «Өрттің алдын алу шаралары» жаттығу іс-шарасы жақсы деңгейде өткізілді. Өрт – тілсіз жау. Ол қашанда қауіпті. Ормандарда өрт жағдайларын болдырмас үшін қауіпсіздік шараларын сақтауды ұмытпайық. Ақнұр ХАМЗИНА, Алматы мемлекеттік табиғи қорығының табиғат кешендері мен нысандарын қорғау бөлімінің инженері

5125 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы