• Тіл
  • 01 Мамыр, 2014

«Барып қайт балам, ауылға...» қала мектебі көтерген бастама

Алматы қаласындағы оқу орыс тілінде жүргізілетін №48 жалпы білім беретін орта мектеп-лицейі қазақ тілі пәніне үлкен көңіл бөлуде. Қалай дейсіз ғой? Мектеп директоры Ирина Смирнова «Оқушыларыма қазақ тілін қалайша нәтижелі оқытсам?» деп көп ойланыпты. Өйткені жасыратыны жоқ, елімізде орыс тілінде білім беретін мектептердегі оқушылар қазақ тілінде екі ауыз сөздің басын қосып сөйлей алмай жатады. Бұл, әрине, орыс мектептерінің оқыту жүйесі үшін айтарлықтай сын. Мәселен, ағылшын тілін біліп шыққан бала, неліктен қазақ тілін үйрене алмай шығады. Себебі неде? Мұғалімде ме? Оқулықта ма? Әлде басқа да себептер бар ма? Осы мәселелерге терең ой жіберген Ирина Владимировна мектеп оқушыларын ауылға апарып, ауылдағы қазақ мектебінің балаларымен жүздестіріп қайтуды жөн көріпті. Бұл бастаманы тек қолдауға болады. Өйткені қазақтың қаймағы бұзылмаған мекені бұл ауыл ғой. Ауылға барған бала қазақ тілінің рухын сезініп, зердесіне көп жайды тоқып қайтады. И.Смирнованың бастамасымен және қолға алуымен №48 мектеп-лицей Алматы облысы Қаракемер ауылының орта мектебімен келісіп, оқушылары мен мұғалімдерін жіберген екен. Оқушылар өздерінің құрбы-құрдастарымен жолығып, танысып, қазақша азды-көпті сөз үйреніп қайтыпты. Әрине, қандай іс болса да ол басында өзіндік қиындықтарымен келетіні белгілі. Оқушыларды бір рет ауылға апарып қайтқаннан көп нәтиже де шыға қоймасы анық. Бізді ерекше қуантқаны – мектеп директорының идеясы. Шын мәнінде, неліктен қала мектептері өздеріне жақын аймақтардағы ауыл мектептерімен, ауыл халқымен байланыс орнатпайды. Мәселен, оқушылардың жазғы демалысы кезінде ауылдардан тіл үйретудің жазғы лагерьлерін ашып, ұйымдастыруға болады ғой. Мұны Білім және ғылым министрлігі басшыларына құлаққағыс ретінде жазып отырмыз. Өйткені жақында біздің елде қызметтік сапарымен Литва мемлекетінің тіл маманы Бильма Леоновичине келген еді. Ол кісімен болған сұхбатымыз «Ана тілі» газетінің №14 (1220) санында жарық көрді. Сол кезде Бильма ­Леоновичине: «Біз әлем елдерінде өмір сүріп жатқан литвалық азаматтардың балалары үшін жазғы тіл үйрену лагерьлерін тегін ұйымдастырдық» деген еді. Литва мемлекеті әлемдегі бауырластары үшін тіл үйренудің осындай әдісін ұйымдастырып жатқанда, біз өз елімізде мектеп оқушыларына арналған тіл үйрену шарасын ұйымдастыра алмаймыз ба? Жалпы, бұл ойланатын әрі көпке созбай қолға алатын мәселе. Бұған Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, мектеп мұғалімдері, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары бірлесе атсалысса деген тілек бар. Өйткені оқушыға оның ақыл-ойына қонымды боларлықтай тіл үйрету әдістемесін әзірлеп шығу оңай шаруа емес. Ол мектептегіден әлдеқайда өзге әдістеме болуы тиіс деп білеміз. Себебі жазғы лагерь болған соң, қазақ тілін меңгеру ойын түрінде, неше түрлі қызықты жобалар түрінде ұйымдастырылуы керек. Тағы бір ақылдасатын мәселе, ол жазғы демалыста кезінде, оқушыларды ауылдық жерлердегі қазақ отбасыларына орналастырса. Бұл тәжірибе біздің елімізде қолға алынбай келеді. Ал мұның балаға беретін пайдасы ұшан-теңіз. Мұның да тиімді жолдарын ойластыру қажет. Бұл тәжірибе шет мемлекеттерде кеңінен қолданылады. Өйткені тіл үйренудің тиімді жолы сол тілде сөйлейтін отбасылармен бірге өмір сүруде жатыр. Мектепте берілген ақпарат баланың жадында көп жаттала да қоймайды. Ал оқушы осындай жолдар арқылы үйренсе, оның тиімділігі әлдеқайда жоғары болады. №48 мектеп-лицейі директорының орынбасары Сәуле Қажыгерейқызы және қазақ тілі пәнінің мұғалімі Бибігүл Қазыбекқызының айтуынша, қазақ тілін оқытудың ең тиімді жолдарын іздеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Иә, ол шын мәнінде солай. Ол үшін не керек? Ең бірінші тиімді жоба керек. Ал мұндай жобаны мектеп басшылығы сақадай сай қылып жасап қойыпты. «Мемлекеттік тілді оқыту, оқушыларға қазақ тілін үйрету – біз үшін басты мақсат» дейді Сәуле Қажыгерейқызы. Ал осы мақсатты іске асыру жолында мектеп басшылығы ауылдағы, сондай-ақ Алматы қаласындағы қазақ мектептерімен әріптестік байланыс орнатуды көздеп отыр және бұл бағытта жасалған алғашқы қадамдары да жоқ емес. «Мектеп оқушылары үшін ең бірінші керегі ол қазақ тілінде сауатты сөйлеп, сауатты жаза білу. Бұл ғылым тілінде «функционалдық сауаттылық» деп аталады. Біз осы мәселеге көп көңіл бөлудеміз» деді С.Қажыгерейқызы. Әлем бойынша тілді үйретудің мойындалған әдістемесі ол Кембридждік оқыту технологиясы болып есептеледі. Кембридждік технология бойынша білім алған оқушылар белгілі бір уақыт ішінде ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын үйреніп шығады екен. Ал бұл технологияның негізгі ерекшелігі – ол деңгейлеп, сатылап білім берумен байланысты. Еліміздің орта білім беру жүйесі де қазақ тілін сатылап оқытудың жүйесіне көшпек. «Деңгейлеп оқыту дегеніміз – әр баланың қарым-қабілетін ескере отырып, топтарға бөліп оқыту. Сонда қазақ тілін тиімді үйретудің негізі жасалады» дейді Бибігүл Қазыбекқызы. Мамандардың айтып отырғандары дұрыс. Неге? Өйткені бүгінгі мектептерде қазақ тілін азды-көпті білетін оқушылар да, тілден тіпті хабары жоқ оқушылар да бірге отырады. Мұғалім бәріне бірдей мән беремін деп, қабілеті жоғары балаларды күттіріп қоюға мәжбүр болады. Өйткені қазақ тілін оншалықты меңгермеген балаларға да тиісті көңіл бөлгісі келеді. Ал деңгейлік оқыту жүйесі бойынша, әр баланың дамуына ерекше мән беріледі және оның тиімділігі де артады. Қазақ тілін оқыту жүйесінің тиімділігін арттыру осындай жолдармен жүзеге асырылса, еліміздің орыс мектептеріндегі оқушылар, мектеп түлектері мемлекеттік тілді өз дәрежесінде меңгеріп шығар еді. Бұл өз кезегінде қазақ тіліне деген қажеттіліктің артуына негіз болады. Қоғамда мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтар қатары көп болса, ана тіліміздің тұғыры биіктеп, мәртебесі асқақтай түсетініне ешқандай күмән жоқ. Біз бұл мақаламызда Алматы қала­сындағы №48 лицей-мектебінде қазақ тіліне байланысты атқарылып жатқан іс-шараларды таныстырмақ болдық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін халықпыз. Мектеп директоры Ирина Смирнованың мемлекеттік тілге осыншалықты дәрежеде көңіл бөліп, «Мен өз оқушыларымды қазақ тілінде сөйлетіп шығарамын!» деген сөзінің өзінде көп мән жатыр емес пе?! Бүгінде республика мектептеріндегі әрбір директор өз алдына осындай мақсат қойса, алынбайтын асу бар ма? Мемлекеттік тілдің сапалы үйретілуіне, ең алдымен сол мектепті басқарып отырған адам мүдделі болмаса, көңілге қонымды нәтижеге қол жеткізе қою екіталай. Орыс мектептерінің директорлары бас болып, оқу ісінің меңгерушілері қолдап, әрбір мектеп қазақ тілін үйрету жолында тың бастамалар көтерсе, жаңа идеялар ұсынса, жобалар әзірлесе, бірақ ол жұмыстар шарттылықтан ада болып, шын ниетпен және шын құлшыныспен нәтижеге бағдарлана отырып атқарылса әбден орынды болар еді. Біз №48 мектеп-лицейінде бол­ға­­нымызда мемлекеттік тілге деген жақсы бетбұрыстың бар екенін байқадық. Мектеп қабырғаларында күнделікті ауызекі сөйлеуге қатысты сөз нұсқаларының бірнеше жерде ілінгенін көріп таңғалдық. «Оқушылар осы сөздерге қарап жүріп-ақ қазақша көп сөздер үйреніп алды» дейді Сәуле Қажыгерейқызы. Бұдан түйгеніміз, демек әрбір игі іс мектепте тиімді ұйымдастырылған оқу үдерісіне де байланысты. С.Қажыгерейқызы бізге өздерінің әзірлеген жоба-жоспарларын таныстырды. Мәселен, бұл жобаға назар аударсақ, тақырыбы былай деп аталыпты: «Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңын жүзеге асыру бойынша (оқу орыс тілінде жүргізілетін) ҚММ «№48 мектеп-лицей» мен (оқу қазақ тілінде жүргізілетін) ҚММ «№33 мектеп-лицейінің» бірлескен жоспары (2014-2015 ж.ж.). Орыс мектебі мен қазақ мектебінің арасындағы әріптестік байланыс негізінде мынадай шаралар атқарылу көзделіп отыр екен. «Мемлекеттік тіл – менің тілім» деп аталатын бірыңғай қазақ тілі күнін ұйымдастыру. «Қазақ тілін оқытудың жаңа технологияларын ендіру», «Наурыз» мерекесін өткізу (Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары бойынша қойылымдар көрсету); Тілдік ортаны қалыптастыру мақсатында сабақтар мен іс-шаралар ұйымдастыру; Қазақстан халықтарының Тілдері күніне байланысты апталық ұйымдастыру және т.б. Жоспарда көрсетілген негізгі мәселелердің барлығы қазақ тілін тиімді түрде оқытудың жолдарын қарастыру, оқушыларды мемлекеттік тілді білуге ынталандыру, түрлі педагогикалық әдіс-тәсілдер арқылы қызығушылықтарын ояту, орыс мектебі болса да қазақ тілінде сөйлейтін балалардың тілдік ортасын қалыптастыру. «Біз алдымызға қойған жоспарларымызды орындауға күш саламыз» дейді мектеп директорының орынбасары Сәуле Қажыгерейқызы. Мектеп директоры И.Смирнованың біздің алдымызға қойып отырған талабы осы дейді. Ол – мемлекеттік тілді оқытуды биік дәрежеге көтеру. Әрине, мектепке қазақ тілін жетік білетін өзге ұлт өкілдерін шақырып, оқушылармен кездесулер өткізу жоспарлары да бар екен. Қарап тұрсаңыз, мұның ерекше маңызы бар. «Мектеп жасындағы бала үлгі-өнегемен қалыптасады. Біз оқушының қазақ тілін үйренуге деген ынтасын оятып, мемлекеттік тілдің қажеттілігін әр баланың жүрегіне жеткізе білу жолында еңбек етудеміз» деді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Бибігүл Қазыбекқызы. Иә, мектеп ұжымының мемлекеттік тілге деген мұндай игі бастамалары жүзеге асырылса, орыс мектебін бітіріп, қазақ тілінде бірауыз сөз айта алмайтын түлектеріміз азаяр еді. Ал бұл өте маңызды әрі өзекті мәселе. Егер қазақ тілін оқытудағы нақты нәтижелер болмаса, онда пәнге, ол пәнді оқытып жатқан мұғалімге бөлінетін қаржы-қаражатың зая кетіп жатқаны емес пе?! Демек, еліміздің Білім және ғылым министрлігі осы мәселеге ерекше назар аударып, қаперге алады деген сенімдеміз. Мұндай бастамалар аяқсыз қалмауы тиіс. Әлемдегі ақпарат алмасулар, ғаламтор желілері көз ілестірмес жылдамдықпен дамып жатқанда, білім берудің түрлі жаңа әдістемелері мен технологиялары ендіріліп жатқанда, мектептердегі қазақ тілі пәнінің де сапасы артып, нәтижелі пәндердің біріне айналуы керек. Ал ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Басты мәселе – соларды тиімді қолдана білуімізде. Қала мектебі мен ауыл арасында байланыс орнатудың нәтижесі өз тиімділігін әлі-ақ көрсетеді. Ақын Айсұлу Қадырбаеваның сөзі мен композитор Темірәлі Бақтыкереевтің әніне жазылған «Барып қайт балам, ауылға...» деп басталатын белгілі ән жолдары бүгінде әр қазақ баласының жүрегінде. «Барып қайт, балам, Ауылға туған барып қайт. Шалғынға аунап, Құмында ойнақ салып қайт... ...Ауылың жайлы, Қиялың менен елесің, Айналып шыңға, Ғажайып күйге енесің» демекші, егер де орыс мектебінің балаларын да ауылға апаруды жолға қойсақ, олар қазақ тілін табиғи қалпында үйреніп шығуға мүмкіндік алар еді. Ауылдағы аталар мен әжелеріміздің ұлағатты әңгімелерін тыңдаса, ауыл балаларымен бірге ойнаса, қазақ тілін әлдеқайда тез үйренген болар еді. Бұған ауылдың бесігінде тербетіліп өскен еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің тіл меңгеру дәрежесі толықтай дәлел бола алады. Дәуіржан Төлебаев

4753 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы