• Руханият
  • 01 Мамыр, 2014

Періште ғұмыр

Күлшай апаның – Күлшай Сәндібекқызының өмірі жайлы сөз бола қалған жағдайда «періште ғұмыр» деген сөз тіркесінің тіліміздің ұшына орала кететіні бар. Періште ұғымы сәбиге, балаға қатысты болса ғана жарасатын секілді. Осыған үйренгенбіз. Алайда күнделікті тірлікте аңғаратынымыздай періште қасиет ересектердің де арасында ұшырасады. Солардың бірі Күлшай апа еді. Ол өмірінің соңына дейін адалдығынан, жанының тазалығынан танбады. Жүзінен әрдайым да биязылықтың, мейірім мен жылылықтың лебі есіп тұратын.  Ол тұрмысқа да ерте шықты. Тағдырдың жазуы солай болды. Бойжеткендік қызықты шақтардың бал дәмін құмарынан шыға тата қоймады. Өзін ұнатқан, жүрекжарды сөзін арнаған жігіттің созған қолын қайтаруды жөн санамады. Ерте ме, кеш пе әйтеуір бір басының екеу болатыны анық қой. Сөйтіп, он жеті жасында шаңырақ көтерді. Құдай қосқан қосағы Алданияз еді. Екеуінің де туып-өскен ауылдары қатар жатыр. Бұл Қазалының Бекарыстан би ауылынан болса, ол Қожабақыдан. Олар бақытты өмір сүрді. Алданияз Ерғалауов Қызылорда пединститутындағы беделді оқытушылардың бірі болды. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент секілді атақ-дәрежелерді иемденді. Күлшай болса күйеуі қызмет ететін оқу орнының шет тілдер факультетін бітірген. Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №171 мектепте бастады. Осы білім ордасында табан аудармай 35 жыл еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Осы жылдары ұлағатты ұстаз ретінде әріптестері арасында, ұжымында сый-құрметке кенелді, қалалық, облыстық білім басқармаларының Құрмет грамотасы мен алғыстарына сан мәрте ие болды. Өмірге Қадырнияз, Асқар, Ғани, Зей­негүл, Бақытгүл, Анарбек, Гүлнафиса секілді алтын асықтай ұл-қыздарды әкелді. Ардақты да аяулы ана атанды. Кеудесіне «Алтын алқа» тақты. Алданияздың шешесі Алуаны туған анасынан кем көрмеді. Жарықтық, өмірінің соңына дейін Күлшайға алғыс айтып кетті. Ол кісінің де келініне деген ықыласы айрықша болатын «Үйге, балаға алаңдама. Жұмысыңда жақсы бол» деп асты-үстіне түсіп жүретін. Жылдар мамыражай күндерді тарту етіп өтіп жатқан. Аяқ астынан ауыр қайғыға тап болды. Ардақ тұтар азаматы Алданияз алпыс жасқа таянар шағында жарық дү­ние­мен мәңгілікке қоштасты. Енді бар ауырт­палық өзіне түсті. Балалар болса әлі жас. Оларды қатарынан қалдырмай жетілдіру керек. Тағдырдың жазғанына не шара. Кездескен қиындықтарға төтеп бере білді. Ұл-қыздарының бәрі жоғары оқу орнына түсіп, ойдағыдай бітіріп шықты. Бұл күнде әрқайсысы жеке шаңырақ иелері. Олар да бала өсіріп, ата-ана атанып отыр. Әсіресе, балдай тәтті немере-жиендерін өпкенде бір жасап қалады. Жайма-шуақ күндер осылай жалғаса беру керек еді. Әттең... Күлшай апамыздың жүрегі өткен жылдың жазында кенеттен кілт тоқтады. Тағдыр оның маңдайына алпыс бес жыл ғана ғұмыр кешуді жазыпты. Біз Күлшай апамыздың Алма­тыдағы ұлы Қадырнияздың шаңы­рағында жиі бас қо­самыз. Сондай сәттерде апамыздың өзіне ғана тән ізгі қасиеттері сөз болатыны бар. Сол басқосулардың бірінде Қызылордада көрші тұратын Сарқыт атты кісі мынаны айтып еді. «Күлшайдың үйі мен біздің үй қарама-қарсы. Жататын бөлменің терезесіне жақындасам оның терезесі көрінеді. Сол кезде көз алдыма Күлшай елестеп, көзіме еріксіз жас аламын... Алматыға бара ма – мейлі маған шақ келсін, келмесін көйлек алып келеді. Кейде ол көй­лек кішілеу болып жатады. Ал дегендей болса, балаша қуанатын. «Осыны киіп жүрші, саған құйып қойғандай» дейтін...». Жаны сұлулыққа құштар еді. Әдемі киі­ніп жүргенді ұнататын. Үсті-басын таза ұстайтын. «Біреулер қағып кетер деп үйден шығармай отырмыз» дейтін әжесінің тәр­биесінде өскен үлкен ұлы Қадырнияз жан-жағындағыларды күлдіртіп. Сол сұлу жанның көзден ғайып болғаны­на да бір жыл болып қалыпты. Дегенмен де, шүкіршілік... Асқар таудай әке мен ар­дақ­ты ананың көзіндей болып тәрбиелі, төңірегіндегілерге сыйлы ұрпақтары өсіп-жетілуде. Олар тұрғанда Алданияз аға мен Күлшай апаның есімдері ұмытылмақ емес. Нұрперзент ДОМБАЙ

3933 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы