• Мәдениет
  • 15 Мамыр, 2014

Үздіктер анықталды

П.Чайковский атындағы ­Алматы музыкалық колледжінде XXXV республикалық орындаушылар конкурсы болып өтті. «Үрмелі, ұрмалы және эстрадалық аспаптар», «Қазақ, орыс халық аспаптары» аталымдары бойынша өткен байқау дарынды жастарды анықтап қана қоймай, кәсіби музыка деңгейін көтеруді мақсат еткен. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мұрындық болған байқауға қатысушылар саны да жыл сайын артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен 210 жас талант қатысты. Конкурстың қазылар алқасында ҚР Халық артисі М.Каленбава, ҚР еңбек сіңірген қайраткері К.Сахарбаева, ҚР мемлекеттік үрмелі оркестрінің бас дирижері Қ.Ахметов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, скрипкашы Ж.Серкебаева және тағы да басқа музыканттар болды. Конкурс аясында музыка ұстаздарының шеберлік сыныптары өткізілді. Сондай ұстаздардың бірі М.Сейітжанованың «Қосбасар» атты партитуралар жина­ғының тұсаукесеріне арналған концерт өтті. Халық аспаптар аталымы бойынша жас болса да өнерімен көпшілікті бау­рай білген жастар қарасы көп екені көзге түсті. Олардың бірі күйші Қаршыға Ахмедияров атындағы арнайы жүлдені иеленсе, енді бірі Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің мақтау қағазына ие болды. Конкурстың салтанатты жабылуына Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік тапсырыс және орта білімнен кейінгі басқарма бастығы Ғалия Даулетова мен белгілі өнер иелері Айгүл Үлкенбаева, Әбділхамит Райымбергеновтер қатысып, бұндай байқаулар жас таланттардың өнерге деген қызығушылығын арттыратынын айтты. Байқау соңында скрипкашы Ж.Серкебаева студенттік оркестрдің сүйемелдеуімен Тәттімбеттің «Саржайлауын» орындаса, С.Құдайбергенова Қаршыға Ахмедияровтың «Нұрғиса» күйін тарту етті. А.ҚАЙРАТҚЫЗЫ

2942 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы