• Ақпарат
  • 29 Мамыр, 2014

Бала – ел ертеңі

1-маусым – Балаларды қорғау күні. Дәл осы күні бала-шағасын ерткен ересектерді саябақтан көп кездестіресіз. «Баламның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма қадалсын» дейтін халықпыз. «Онсыз да жұмысбасты болып кеттік, мерекеде бір қыдырсын» деген ниет қой. Ниет дұрыс, ал осындай көңіл-күйді, мейірім мен шапағатты балаларға күнде көрсетсек артық болмас еді. «Бала – бауыр етің». Балаң жақсы болса, жаның жай табады, өмірің бақытқа кенеледі. Бақыттың бастауы да, кілті де – балаңның болашағында. Біз осы болашағымызға қаншалықты мән беріп жатырмыз? Олардың бойына ұлттық тәрбие дәнін егіп, білімді азамат болып өсуіне, денсаулығына қамқор бола алып жүрміз бе?.. Алаңсыз асыр салып ойнап, уайым-қайғысыз өсіп жетілуіне жағдай жасап отырмыз ба?.. Тәрбиенің алғашқы бастамасын бала отбасынан алады. Тату-тәтті, сыйластықта, берекелі отбасындағы бала оң-солын танып, ізгілікке тәрбиеленеді. Қазір қоғамда балаға деген ата-әженің, ата-ананың махаббаты, сүйіспеншілігі, мейірімі жетпей жатқандай. Бүлдіршіндерді ұрлау, қыз балаларды зорлау, ашық жатқан құдықтарға кішкентайлардың құлап кетуі секілді жан түршіктірерлік жайттар жиі кездеседі. Тағы бір деректерде, Қазақстандағы жетім балалардың саны 96 мыңға жеткені, оларға арналған 154 балалар үйі бар екендігі айтылады. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған 38386 бала бар болса, жыл сайын олардың қатары 8 мыңға көбейеді екен. Оның ішінде 11612 бала арнайы мекемелерде тәрбиеленуде. Деректерге көз жүгірте отырып, ең осал тұсымыз ата дәстүрімізден айырылып бара жатқандығымыздан ғой деген ойға қаласың. Тәрбиенің тамыры қазақтықтан бастау алса, қазақ балабақшасына барып, қазақ мектебін бітірсе, бойында қазақтың қаны бар жастарымыз мұндай өрескелдікке бармас еді. «Бар жақсылық балаларға» ұраны барлық ата-ана үшін қағидаға айналуы қажет» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында атап көрсеткендей, бала қамқорлығы ең бірінші кезекте ата-ананың мойнында екенін түсінген жөн. Бұл олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жасалып жатқан шаралар да бар. «Балапан» бағдарламасы қанатын кеңге жайып келеді. Мектептерде учаскелік инспекторлардың жұмыс істеуі де балалардың қауіпсіздігіне жаны ашығандықтың бір көрінісі. Бүгінгі ұрпақ – ел ертеңі. Оларға жасаған жақсылық елдің болашағын ойлағандық, ескергендік болып табылатынын қаперімізге алайық. Бағдагүл Балаубаева

3775 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы