• Тұлға
  • 05 Маусым, 2014

Тарих ғылымының тарланбозы

Қазақстаннның атақ-даңқы асқақтаған белгілі тарихшыларының қуатты шоғырында бүгінде 85 жасқа толып отырған ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбековтің жұлдызы ерекше жарқырап көрінеді. Оның осындай абыройға жетуіне әуелі 60 жылға жуық ғылым саласында қажымай-талмай еткен еңбегі себеп болса, екіншіден, өзі жұмыс істеген ғылыми орта, үшіншіден, ұлағатты ұстаздары игі әсер еткені сөзсіз. Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында он үш жасынан еңбекке араласып, ерте есейген ол білімге өте құштар болып өсті. Қат-қабат МТС-колхоз жұмысында жүрсе де, Жамбыл мен Абайдың жыр жинақтарын, қолына түскен басқа да ақын-жазушылардың кітаптарын, қисса-дастандарды, ұлт тарихына қатысты еңбектерді қойнынан тастамай, қолы сәл қалт еткен кездерде оқып жүретін. Соғыс аяқталар жылы Шымкенттегі Қарсыбай Сыпатаев атындағы орта мектепті бітіріп, аттестат алып шықты. Сол жылы Шымкенттегі 2 жылдық мұғалімдер институтына түсіп, оны бітірген соң бір жыл ауыл мектебінде мұғалім болып қызмет істеген Мәлік-Айдар Асылбеков Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға қабылданды. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, тарих факультетінде кілең атақты тарихшылар, ұлағатты ұстаздар шоғырланған екен, солар оның ғылымға деген ынта-ықыласын бұрынғыдан да арттыра түсті. Ұстазы Бекежан Сүлейменов қазақтың бүкіл тарихын терең зерттеген, тарихи шындықты шынайы жеткізген мұхиттай терең білімді кісі болатын. Оның әрбір дәрісін студенттер ұйып отырып, ерекше ықыласпен тыңдайтын. Әйгілі профессордың ғұлама білімдарлығы кім-кімге де өнеге боларлықтай еді. – Болашақ – жастардың қолында. Сондықтан сендер аянбай қызмет істеуге тиістісіңдер. Біздің қазақтың тарихы өте бай, қазыналы. Сол тарихты шынайы қалпында халыққа жеткізетін сендер боласыңдар. Заман жақсарады, әлі-ақ шындықты айтатын кез туады, – дейтін ол. Атақты тарихшы Бекежан Сүлейменов осылайша ішкі шерін ақырын ғана жеткізіп, шәкірттеріне ой салатын. Мәлік-Айдар Асылбековтің тарихшы-ғалым болсам деген арманы ұстазының өнегелі өсиетінен кейін тұтанған-ды. Е.Бекмаханов, А.Нүсіпбеков, С.Покровский, Н.Киікбаев, А.Лозинский, М.Богуславский, Я.Серовайский, Л.Фришман, Н.Дауылбаев, Н.Калистратов, М.Ақынжанов, А.Горячева, К.Коржева, А.Нұрқанов секілді ұлағатты ұстаздары да студенттердің жүрек отын жаға білді. Солардың арқасында ғылымға ынта-ықыласы ауған Мәлік-Айдар Қазақстан тарихы үйірмесіне қатысып, Б.Сүлейменовпен, Е.Бекмахановпен, В.Шахматовпен тікелей араласа бастады. Студенттердің ғылыми конференцияларында баяндамалар жасап жүрді. Студент кезіндегі мына бір оқиғаны Мәлік-Айдар аға ерекше қинала отырып еске алады. – 1950 жылғы 26-желтоқсанда Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің органы «Правда» газетінде Х.Хайдаров, А.Якунин және Т.Шойынбаев деген авторлардың «Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік көзқарас тұрғысында жазу керек» деп аталатын мақаласы жарияланып, іле-шала республикада, әсіресе Ғылым академиясы мен университетте, тарихшылар арасында айтыс-тартыс басталып кетті, – дейді Мәкең өткен күндерді еске алып. – «Ұлтшылдарды» әшкерелеу, қуғын-сүргін науқаны басталды. Республика Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев, Қазақ университетінің ректоры Төлеген Тәжібаев орындарынан алынды. Тарихшылардан алдымен Бек Сүлейменов, сонан соң Ермұхан Бекмаханов 25 жылға сотталып, жер аударылды. Барлық науқан Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысына теріс баға беріп, оны «реакцияшыл-монархиялық көтеріліс» деп бағалау керек деген бағытта өрбіді. Кеңестік идеология төбеден төне түсіп, студенттер де қуғынға ұшырады. Біразы оқудан шығарылды, сотталды. Мен де бұл қуғыннан таса қалмадым. «Ұлтшыл» деп университет комсомол комитеті қатаң сөгіс берді. Партия (СОКП) тарихы мамандығынан КСРО тарихына ауыстырды. Тіпті өзім қалаған Қазақстан тарихы мамандығына да жібермеді... Университеттің соңғы курсында отбасылы болған Мәлік-Айдар сол кездегі Партия тарихы институтына (Қазақстан Компартия­сы Орталық Комитеті қарамағындағы) кіші ғылыми қызметкер болып орналасып, институт директоры С.Бәйішевтің басшылығында едәуір тәжірибе жинақтайды, тәлім-тәрбие алады. Бұл жағдай кейіннен Мәкеңнің ғылым жолында өсуіне үлкен себін тигізді. Мәкеңнің әңгімесіне қарағанда, 1950-1953 жылдар арасы қазақ ғылымы мен біліміне қиянат жасалған қайғылы да қасіретті жылдар болыпты. 1953 жылы Кеңес Одағын үздіксіз 30 жыл басқарған И.В.Сталин қайтыс болған соң, жаңа басталған «жылымық» кезеңнің оған да пайдасы тиген. 1954 жылы университетті үздік бітірген ол «КСРО тарихы» мамандығы бойынша аспирантурада қалдырылды. Бірақ соғыстан кейінгі ауыр кезеңнің салдарына байланысты ауылдағы ата-анасының қамын ойлаған жас жігіт қызыл дипломын қалтаға салып, елге қайтты. Ол кезде ел іші дипломды маманға өте зәру еді. Сондықтан бірер жыл ауыл­да мұғалім болып істеген Мәкең көп ұзамай орта мектеп директоры, онан соң бұрынғы Қызылқұм (қазіргі Шардара – Мақтаарал) аудандық (Оңтүстік Қазақстан облысы) оқу бөлімінің меңгерушілігіне дейін басшылық жұмысқа көтеріледі... «Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі» дегеннен шығады, осы жерде бұдан 40 жыл бұрынғы жайт ойға оралады. 1974 жыл болатын. Ол кезде мен Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш аудандық оқу бөлімінің әдіскерімін. Біздің аудан Кеңес Одағы бойынша аудандық халық ағарту бөлімдері арасындағы социалистік жарыста бірінші орынды иемденіп дүрілдеп тұрған. Сол жылдардағы КСРО Оқу министрі М.А.Прокофьев біздің ауданға келіп кеткен кез. Оқу бөлімінің меңгерушісі – ­Сайлау ­Мырзабаев. Бірде біздің аудандағы оқу бөлімдері нің басшылары озат мұғалімдердің тәжірибесін тарату үшін облыстық көшпелі кеңес өткізді. Сонда көрші Келес, Қызылқұм, Сайрам аудандарының оқу бөлімі басшылары Әли Шораев, Құтым Ордабаев, Кәрім Жүсіпәлиев әңгімелесіп отырып, ертеректе Қызылқұм аудандық оқу бөлімінің білдей басшысы Мәлік Асылбеков деген азамат тәп-тәуір қызметін аяқ астынан тастап, Алматыға ғылым қуып кеткенін, сонан Ғылым Академиясының Тарих институтына кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа ауысқанын, оған бүкіл жұрт таңғалғанын айтқан болатын. Сол кісі осы өзіміз сөз етіп, 85 жасқа толғанын мерекелегелі отырған белгілі ғалым, бүгінгі академик ағамыз еді... Сөйтіп, 1958 жылы бұрынғы ұстаздары қолдарына шырақ ала іздеген Мәлік-Айдар Асылбеков Алматыға қайта келіп, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография ғылыми-зерттеу институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасқан. Осы кезден бастап оның бүкіл ғұмыры академиялық ғылыммен үздіксіз байланыста болыпты. 1963 жылы «ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан теміржолдарында жұмысшы кадрларының қалыптасуы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған соң, М.Асылбековті Қазақ КСР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғылыми хатшысы қызметіне шақыртады. Бұл қызметте академиктер: Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті С.Бәйішевтің, Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы М.С.Сильченконың және оның орынбасары, белгілі тілші-ғалым С.К.Кеңесбаевтың басшылығымен жұмыс істеуі оның ғылыми шығармашылық деңгейінің өсуіне орасан зор ықпал еткен. Мүйізі қарағайдай ғалымдар арасында жұмыс істеу ғылымға деген ынтасын одан сайын арттыра түсті. Оның ғылыми жұмысының алғашқы жемісіндей 1965 жылы «Қазақстан теміржолшылары бірінші орыс революциясы жылдарында (1905-1907)» деп аталатын монографиясы жарық көрді. Кітапта Қазақстан теміржолдарында жұмысшы кадрларының қалыптасу үдерісі, әсіресе олардың қатарын толықтырудың әлеуметтік көздері, құрамы, саны және қоғамдық-азаматтық белсенділігі кеңінен зерттеледі. Автор жергілікті тұрғындар мен қоныс аударушылардың көптеген әлеуметтік топтарының теміржол құрылысшылары мен теміржолдың өзінде істейтін жұмысшылар қатарын толықтырып отырғанын шынайы деректермен дәлелдеп береді. Бұл жұмысшылар Ресейдің орталық губернияларындағы теміржолдардан келген маман жұмысшылар, әскерден босатылған солдаттар, кедейленген қоныс аударушы-шаруалар, қала кедейлері, қолөнершілер және маусымдық табыс табуға келетін қазақ шаруалары болатын. Қазақстан теміржолшыларының 1905-1907 жылдары 5-6 мың адамнан 30 мың адамға дейін өсу динамикасы, олардың категориялары (тұрақты жұмыс істеушілер немесе уақытша, маусымдық жұмыс істеушілер) мен ұлттық құрамы осы еңбекте тұңғыш рет сараланды. Патша үкіметінің қазақтарды жол қозғалысына жолатпай, оларды тек қана қара жұмысқа жектіруі бұл әлеуметтік теңсіздік пен ұлттық кемсітушіліктің көрінісі екенін М.Асылбеков осы еңбегінде алғаш рет ашып көрсетті. Мәлік-Айдар ағамыз Қазақстанның индустриялық дамуы және жұмысшы табы тарихына байланысты халқымыздың біртуар азаматы, Кеңес Одағының көрнекті мемлекет және саяси қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметін жан-жақты зерттеді. Онда Т.Рысқұлов Ресей Федерациясы Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары әрі сол Кеңес жанынан құрылған Түркістан-Сібір теміржолын салуға жәрдемдесу комитетінің жетекшісі болғаны, онда ол кісінің арқасында теміржол құрылысына жергілікті жұмысшылармен қатар шет жақтардан да кадрлар көп тартылғаны, құрылыс жұмысы үлкен тарихи табыспен аяқталғаны тілге тиек етілді. Мәкең 1968 жылдан бастап өз қызметін тарих ғылымына толық арнады. Онда ол алдымен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында аға ғылыми қызметкер болып, 1980 жылдан кейін бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Ғалымның 1973 жылы жарық көрген «Қазақстан теміржолшы кадрларының қалыптасуы және дамуы (1917-1970)» атты монографиясы оның ұзақ жылғы ізденістерінің жемісі іспетті болды. Аталған еңбекте тұңғыш рет республика жұмысшы табы мен инженер-техникалық қызметкерлерінің бірден-бір әрі алдыңғы қатарлы тобы – теміржол жұмысшыларының Кеңес үкіметі тұсындағы жарты ғасырдан астам тарихи жолы кешенді түрде қарастырылды. Бұл еңбек Мәскеу, Алматы, Астана, Ташкент және Орынбор мұрағаттарындағы тың деректер негізінде жазылып, онда Қазақстандағы индустрияландыру науқанының жедел жүзеге асырылу себептері, жұмысшы табының тез қалыптасуының негізгі ерекшеліктері тұжырымдалған. Сол тұста үлкен аумақ, пайдалы қазбаларға бай өлкені игеруде алдыңғы қатарға көлік, оның ішінде теміржол көлігі шығып, ол қала мен ауылды, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын байланыстырды және Қазақстанды Кеңес Одағының барлық аймақтарымен жалғастырды. Қазақстан экономикасының күре тамырына айналған теміржол жүйесі жұмысшы кадрлар мен инженер-техникалық қызметкерлерді, әсіресе, кешегі қазақ шаруаларын жұмысшы мамандығына даярлау мен тәрбиелеудің ірі ошағына айналды. Іргелі еңбекте теміржолшы кадрларын қалыптастырудың ең басты кезеңдері, әлеуметтік көздері мен толықтыру жолдары, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы жұмыссыздыққа қарсы күрес, Түркісіб, Транс-Қазақстан магистралінің учаскелері мен басқа да теміржол тармақтарының құрылысы және оны пайдалану жұмысына қазақ шаруаларын тартудың мәні, олардың жасы, жынысы, еңбек өтілі, білім деңгейінің сандық және сапалық көрсеткіштері, өсу динамикасы жан-жақты зерттелді. Мұнда әсіресе, теміржол көлігінде басқалардан көбірек шоғырланған ұлттық кадрларға ерекше назар аударылды. Бұл зерттеуде, сондай-ақ теміржол­шылардың Қазақстанның экономикалық әлеуетінің өсуіне қосқан үлесі, фашистік Германия мен милитаристік Жапонияға қарсы күресте теміржолдың ең сенімді тірек болғаны, оның соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруде жүк тасымалдау үшін таптырмас көлік болғаны жүйелі түрде әрі нанымды баяндалады. Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбеков жоғарыда аталған тақырыпты тереңдете отырып, 1974 жылы «Қазақстан теміржолы кадрларының қалыптасуы және дамуы (1917-1970 ж.ж.)» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Бұл тақырыпты кейін де түбегейлі зерттеген профессор басқа да бірқатар іргелі еңбектер жазды. Өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысынан бастап Мәлік ағамыздың бас­ты ғылыми шығармашылығы Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуына арналды. Оның Ә.Ғалиевпен бірігіп жазған «Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық үдерістер (1917-1980 ж.ж.)» монографиясында (1991 ж.) Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық дамуы ұзақ тарихи кезеңге созылған елдегі кең көлемді әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер негізінде алғаш рет біртұтас және жан-жақты қарастырылады. Республикадағы әлеуметтік-демографиялық дамудың басты факторлары мен бағыттарына кешенді көзқарас авторлардың бұл үрдістің болашақтағы дамуына ғылыми тұжырымдамалық болжамдар айтуға мүмкіндік берді. Негізінен, бұл зерттеу жұмысы жаңа әдіснамалық деңгейде тарихи демография мәселелерін нақтылады және оны шешудің жолдарын айқындап берді. Осы тақырыптың заңды жалғасы ретінде 1995 жылы В.В.Козинамен бірге шығарған «Қазіргі Қазақстанның демографиялық үдерістері» монографиясының да маңызын ерекше атап өтуге болады. Мұнда Қазақстан халқының өсіп-өну мәселесі экология және денсаулық сақтау ісінің келелі жайттарымен тығыз байланыста зерделенеді. Зерттеуде республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының демографиялық үрдістерге ықпалы жан-жақты сараланады. Бұл қазіргідей әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында маңызы зор мәселе еді. Көрнекті ғалым М.Асылбековтің ғылыми-танымдық еңбектеріндегі Қазақстанның индустриялық, әлеуметтік-демографиялық және саяси дамуының өзекті мәселелерін тарихнама проблемаларымен тығыз байланыста қарастыратыны көңіл қуантады. Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбековтің тікелей араласуымен елімізде Отан тарихының сан-салалы бағытын қамтыған күрделі еңбектер дүниеге келді. Ол 5 томдық «Қазақ КСР тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін), екі томдық «Кеңестік Қазақстан жұмысшы табының тарихы», «Қазақстан тарихы: Очерктер» (қазақ, орыс тілдерінде), «Қазақстан тарихы» (ағылшын тілінде), сонымен бірге бес томдық «Қазақстан тарихы» атты күрделі еңбектердің жекелеген тарауларын жазды. Осынау іргелі еңбектерде ғалым Қазақстанның ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдағы тарихының сан-салалы және ауқымды мәселелерін әңгіме өзегі етеді. Айтулы ғалым 1983 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 2003 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды, профессор атағын алды. Қазақстанның қоғамтанушы ғалымдары құрамында АҚШ-та іссапарда болып, Беркли және Сан-Франциско университеттерінде тарихи демография мен әлеуметтік тарихтың өзекті мәселелеріне байланысты дәріс оқыды. Еселі еңбек пен төккен маңдай тердің нәтижесінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағына ие болды. Ол кісі 450-ден астам ғылыми еңбектердің, оның ішінде 12 монографияның авторы. Ғалымның ғылыми жетекшілігімен 12 ғылым докторы, 50 шақты ғылым кандидаттары даярланып, отандық тарих ғылымы жоғары білікті маман-тарихшылар қатарымен толықты. Осылайша елімізде өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. Бұған қоса Мәкең ұзақ жылдар бойы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетінде қосымша сабақ беріп, тарихшы мамандар даярлауда да жемісті еңбек етіп келеді. Бүгінде олар еліміздің түкпір-түкпірінде ғылыми мекемелер мен білім беру орындарында, қоғамдық өмірдің басқа салаларында абыройлы қызмет атқарып жүр. Мәлік-Айдар Хантемірұлы сексеннің сеңгірінен асып, бел ортасына келсе де, әлі күнге ғылымнан, қоғамдық өмірден қол үзбеген қайраткер. Оның ойлағаны Қазақстан тарихының, ғылымының болашағы мен тағдыр-талайы. Сөз орайы келгенде Мәкең Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ғылым академиясының қазіргі Президенті, көрнекті қайраткер-ғалым Мұрат Жұрыновтың академияның абырой-беделін, мәртебесін көтеру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттыру жолындағы еңбегін ерекше атап, ол кісіні Елбасы Н.Ә.Назарбаев қабылдаған соң, академияға ғылыми-зерттеу тақырыптарын сараптау жұмысы тапсырылғанын, мемлекеттік гранттар арқылы зерттеулер жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ ғылыми журналдар мен басылымдардың шығарылып, Ұлттық академия мүшелерінің құрамы жас ғалымдармен толықтырылып жатқанын, осы секілді басқа да игі өзгерістер басталғанын жылы шыраймен әңгімеледі. Онан қазіргі тарих ғылымының хал-жайына ойысты. – Қазақстан тарихы ғылымында шешілмей жатқан күрделі мәселелер баршылық, – дейді тарланбоз тарихшы. – Дау-дамай туғызып жүрген мәселелер де жеткілікті. Әсіресе, тарих ғылымына сырттай араласып, көптеген мәселелер жөнінде қисынсыз ой-пікірлер айтып, соны дәріптеп жүргендер де аз емес. Бізде ел тарихын ұлттық мүддеміз тұрғысынан жаңаша көзқараспен талдап, шынайы, жан-жақты зерделеу жағы әлі жетіспей келеді. Еліміз егемендік алғалы бері тарихи романдар көптеп жарық көрді. Бұл, әрине, қуанышты жағдай. ­Алайда кейде жазушыларымыз шығармаларында өз ата-бабаларын араластырып, соларды ғана батыр етіп немесе данышпан, би-шешен қылып көрсетуге тырысып, тарихи шындықты бұрмалап жіберетіні өкінішті. Тіпті кейбір тарихшы ғалымдарымыздың өзі де осындай жершілдік, жүзшілдік аурудан арыла алмай, тарихты бұрмалауға бой алдырады. Бұл тарихқа деген үлкен қиянат. Біздің қазақта шынайы шындыққа құрылған, бұлтартпас тарихи деректермен әдіптелген шын тарих әлі жазылған жоқ. Ол кездегі мұрағат бізде болмаса да, көршілес елдердің мұрағаттарында бар. Өзбекстанның, Ресейдің, Қытайдың, Түркияның, Иранның мұрағаттарында біздің еліміздің өткеніне қатысты мың-сан деректер сақтаулы. Соларды іздеп, зерттеп, зерделеп ел игілігіне жаратуға ұмтылған елжанды азаматты кездестіре алмай жүрмін. «Сіз өзіңіз неге осыны істемедіңіз?» деп сұрақ қоюыңыз да мүмкін. Оған берер жауабым – мен қазір өмірдің базарынан қайтып келе жатқан адаммын. Кәрі қойдың жасындай ғана жасым қалды. Былайша айтқанда, мен өткен дәуірдің адамымын. Кеңестік қызыл идеологияның қыспағында жұмыс істедім. Керекті деректер құпия сақталды, зерттеушілерге берілмеді. Дегенмен, соған қарамай ұлтымыздың тарихын жазуға ұмтылдық. Еліміз егемендігін алған тұста менің жасым 60-тан асып кеткен еді. Ал енді бүгінгі жас тарихшыларға мүмкіндік мол. Шындықты айтса да, жазса да ешкім аузына қақпақ қойып, қолына кісен салып жатқан жоқ. Емін-еркін жұмыла істейтін кез келді. Бірақ қазіргі жас ғалымдардың ынтасы төмен, елге деген патриоттық сезімі кейде кем бе деп қаламын. Шынайы тарихымызды тірілтпейінше жеріміздің тұтастығын, еліміздің егемендігін сақтап қалуымыз қиын. М.Асылбековті толғандырып жүрген басқа да мәселелер жеткілікті. Бүгінде ғылымды Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті басқарады, ғылыми зерттеулер негізінен жоғары оқу орындарына тапсырылады. Ал министрліктің балабақшадан, орта мектептен, кәсіби лицейлер мен колледждерден, жоғары оқу орындарынан қолы тимейді, ғылымға қолы да, уақыты да жете бермейді. «Сондықтан, – дейді Мәкең, – Ұлттық ғылым академия­сын бұрынғы қалпына келтіріп, ғылымды басқаруды ғалымдарға берген жөн. Бір кездері академиясын таратып жіберген Түркіменстан Республикасы қазір осылай жасап отыр. Оның реті келмесе, Қытайдағыдай Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар академиясын құрып, оны тікелей үкіметке бағындырса, ғылыми зерттеулердің көпшілігін арнайы ғылыми институттарға тапсырса жұмыс тиімділігі де, сапалық мазмұны да арта түскен болар еді. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған одақтас республикалардың көпшілігі өз Ұлттық ғылым академияларын нарық жағдайында сақтап қалды. Тіпті Ресей Федерациясындағы Татарстан мен Башқұртстан Кеңестік кезеңдегі үлкен академияның одақтық бөлімшелерін өз алдына дербес, Ұлттық ғылым академияларына айналдырып алды. Өйткені бұл елдерде ғылым дәстүрлі түрдегі Академиялық жүйеде қолға алынып, дамып отыр. Сондықтан біз де ерте ме, кеш пе Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы өзінің бұрынғыша мемлекеттік мекеме мәртебесін алып қалпына келеді. Мен оған кәміл сенемін. Биліктегілер мұны ойлайтын уақыт әбден жетті». Ғалым тарих, т.б. ұлттық мәні бар қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласына жоғары білікті маман ғалымдар даярлау мәселесі қазіргі жағдайда дағдарысқа ұшырап отырғанын, Болон үдерісіне қосылу нәтижесінде ғылым докторы, ғылым кандидаты дәрежелерін қорғататын кеңестердің (басқа ТМД мемлекеттері емес, тек Қазақстанда ғана) жойылғанын, соның нәтижесінде доктор-кандидаттар қатары азайып, әсіресе, докторлар қатары тиісті жағдайларға байланысты жылдан-жылға жылдам сиреп келе жатқанын, олардың орнын басатын PhD докторлардың өсуі шамалы екенін, жалпы PhD доктор ғылыми дәрежеден гөрі академиялық атаққа жақын екенін айтады. Олардың көбінің деңгейі бұрынғы ғылым кандидаттарынан да төмен екендігіне, осылай жүре берсек, 5-10 жылда жоғары оқу орындарында да, ғылыми мекемелерде де жұмыс істейтін мамандардың көбі магистр, тіпті бакалавр болатынына алаңдаушылық білдіреді. Сондықтан оның ойынша, мұндай тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – еліміздегі қорғауға ұсынылған докторлық, кандидаттық диссертациясы бар, бірақ үлгере алмаған ізденушілерге мүмкіндік беру, ол үшін Астана, Алматы қалаларында уақытша арнаулы екі кеңес ашып, қорғайтындарға мүмкіндік берген жөн, ғылыми-зерттеу институттарына арнайы PhD-ға орын бөліп, оған міндетті түрде сол институт ұсынған адам алынуы керек, сосын сыртта қорғауға да рұқсат ету қажет. Тарихшы-ғалым атаған осынау өзекті мәселелер шындығында да ақылға қонымды шынайы жанашырлық ұсыныс екендігі сөзсіз. Міне, «жақсы адам жанып тұрған шаммен тең» дегендей, Мәлік-Айдар Хантемірұлы ағамызбен болған әңгімеден кейін жан дүниеміз жаңарып, нұрланғандай сезімде болдық. Мерейтой қарсаңында төл тарихымыздың жанашыры, отандық тарих ғылымының тарланбозы, академик-ғалым ағамызға зор денсаулық, отбасына амандық тіледік. Бақтияр СМАНОВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық академияның академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

4369 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы