• Тұлға
  • 12 Маусым, 2014

«Дүниені» дөңгелеткен

Ақтөбеліктер Жеңісхан Бүтіншіновті жақсы біледі. Жер жаннаты – Жетісуда Тентек өзенінің жағасындағы таңғажайып Текше жайлауында дүние есігін ашқан ол Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтының педагогика факультетін бітірген соң жолдамамен елдің батыс аймағынан бір-ақ шығады. Әрине, арада Ресейдің Мурманск облысында зениттік-ракеталық әскери бөлімде үш жыл азаматтық борышын өтегені бар. Әр адамның өн бойындағы қа­білет-қарымы айқындалар тұс­тар болады. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерінде шыңдалу сатыларынан өткен Темірханұлы елі­міздің Тәуелсіздігі жарияланған соң тәуекел деп тосын шаруаны қол­ға ал­ды. Азамат жайында әңгіме қозға­ла қалса қатар жүрген құрбы-доста­ры­ның «Тұңғыш» деген тіркесті қоса қоятыны бар. Бүтін бір облыста алғаш рет дене тәрбиесі мен спортқа қатысты тақырыпты зерттеп, педагогика ғылым­дарының кандидаты дәрежесіне диссертация қорғап еді, енді Елбасының сара саясатына үн қосып, жекеменшік жоғары оқу орнын ашты. Өзі жақсы ырыммен «Дүние» деп атауын қойған университет 1992 жыл­дың 1-желтоқсанында алғашқы та­лап­керлерді оқуға қабылдады. Ректор Бүтіншіновтің жарғақ құлағы жастыққа тимей ойға-қырға шап­қылап, әртүрлі деңгейдегі әрқилы түсінік адамдарымен тіл табыса жұмыс істеуі нәтижесінде жоғары оқу орны кемелденіп, балабақшасы, «Ұлағат» атты орта мектебі, арнаулы кәсіби білім беретін колледжі, аспирантурасы бар кешенге айналды. Жұмыс істеген жиырма жыл ішінде 12 жоғары, 7 арнаулы орта білім беретін мамандықтар бойынша төрт жарым мыңдай түлек ұядан ұшыпты. Оның ішінде 300-ден астам студенттің университет есебінен тегін білім алуы – бастапқыда ректор, кейін президент лауазымында қызмет еткен Бүтіншінов басқарған ұжым еңбегінің нәтижесі. Осында И.Ф.Спивак-Лавров пен Н.В.Ювица докторлық, ал алты педагог кандидаттық диссертациялар қорғады. Өзінің «Ақтөбенің Гарвардына айналдырам» деген ниетіне орай кедергі-тосқауылдарға қарамастан, «Дүние» кемелденіп, 2012 жылға дейін жұмыс істеді. Уақыт өз дегенін істейтіні даусыз. Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік емес оқу орындарын оң­тайландыру саясаты негізінде универ­ситеттің оқытушы-профессорлар құра­мы мен студенттер контингенті С.Бәйішев атындағы университет құзы­рына берілді. Бүркіттің өрге салса өршелене түсе­тіні тәрізді жұртшылық Жеңісхан Темірханұлын жаңа қырынан таныды. Ақтөбе қаласының ең басты Әбілқайыр хан даңғылында босаған ғимаратты жалға алып, логистикалық, оқу-өндіріс­тік корпорация ашты. Өзі туған өлкедегі әйгілі Алакөл атауын иеленген жаңа құрылымның аяғынан тік тұрып кетуі үшін тағы да тынбас­тан тер төгуіне тура келді. Бұл жолы оған тыңнан түрен салып, «Дүниені» ашқандағы тәжірибесі септігін тигізді. Қазір корпорация құра­мында гуманитарлық-техникалық кол­ледж, техникалық қызмет көрсету стансасы, пеноблок шығаратын цех, шаруа қожалығы, демалыс кешені бар. Әрине, жаңа бағыттағы ұжымға кәсібін жетік меңгерген мамандарды шоғырландыру қажет. Қазақстан Рес­публикасы Білім беру ісінің үздігі, бірнеше орта мектепті, кейін аудандық білім бөлімін басқарған Құлыбек Сүйеубайға колледж директорлығын ұсынды. Арнаулы орта оқу орнының күндізгі және сырттан оқыту бөлім­дерінде 700-ге тарта студент алты мамандық бойынша білім алуда. Оқытушылар арасында Сәбит Сүйін­ғарин – техника ғылымдарының кан­дидаты, бес адам магистратура бітірген, он екісі жоғары санатқа ие. Ал техникалық қызмет көрсету стан­сасы Батыс Еуропа – Батыс Қытай ха­лық­аралық дәлізі бойында әртүрлі маркадағы автокөліктерді алуан түрлі қызметпен қамтиды. Корпорацияға тиесілі бірқатар нысандар облыс орта­лығына таяу Хлебодар, Қурайлы ауыл­дарында орналасқан. Өзіне Алла бұйыртқан тірлігінде адам ақыл-ойын, күш-жігерін ұтымды пайдаланып, бір орында тұрып қал­мауға тиіс. Бұл – біздің кейіпкеріміз Бүтіншіновтің басты ұстанымы. Қы­нулы қайратымен «Дүниені» қатар­ға қосқан ол енді жаңа корпорация меншігінде оқу-тәрбие және ғылы­ми-тәжірибе жұмыстары ке­шенінің құрылысы аяқталып, білімге құштар жастарды қабылдағанын көруді қиялдайды. Алла бұйыртса ол кезең де қашық емес. Өзі жайында әңгіме айтуға сараң Бүтіншіновтің бойындағы алуан қырларды әріптес­терінен сұрап білген едік. Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, Білім беру ісі­нің үздігі, «Қазақстан Республикасы ғы­лымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Жеңісхан Те­мір­ханұлының қолы қалт еткенде кітап оқуды ұнатады. Айтпақшы, оның қаламынан туындаған «Ұлтжандылық әліппесі» кітабы зиялы қауым үшін пайдалы деректерге толы. Азамат туралы айтқанда күрделі ғұ­мыр жолында қолтығынан демеп, қол­дау көрсетіп келе жатқан, білім беру саласында абыройлы еңбегімен зейнет демалысына шыққан зайыбы Розаны, фармацевтика саласында жоғары білімді Лондон қаласында алған, қазіргі күнде Астана қаласында еңбек етіп жүрген қызы Айгүлді ескермеу күпірлік болар. Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ АҚТӨБЕ

3234 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы