• Тұлға
  • 12 Маусым, 2014

Уақытпен достасқан қаламгер

Итен Қарымсақұлы... Бұл кісінің кім екендігін, қандай мамандық иесі болғандығын қалың оқырманға таныстырудың керегі жоқ шығар деп ойлаймын. Менің өзім де Итен ағаның шытырман оқиғаларға толы шығармаларын осыдан 10-15 жыл бұрын оқи отырып, «Комиссар Мэгрэнің» кейіпкерлерін еріксіз көз алдыма елестететінмін. Іздеп жүріп тауып оқитынбыз. Неге десеңіз, ол уақыттарда, тіпті одан да бұрынырықта ұры-қарылар мен кәнігі қарақшылар туралы жазатындар саусақпен санарлықтай еді. Итен аға Алматыға 1996 жылы келді. Сол жылы қала­лық прокуратураның бас­шылы­ғы­на келген генерал М.Қалиев Иекеңді қалалық заң қада­ғалаушы орган­ның баспасөз қызметінің жетекшілігіне тағайындады. Көпті көрген генерал бұл шешімді жайдан-жай қабылдаған жоқ. Бұған дейін 40 жылға жуық Қызылорда, Торғай және Жезқазған облыстық газет­терінің редакцияларында қатардағы хат тіркеуші болып еңбек жолын бастап, кейін әдеби қызметкер, тілші, содан соң бөлім меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары секілді қызметтерді атқарған ол тәжірибелі журналист болатын. Құқық тақырыбы оған жат емес еді. Сол 90-жылдарды Итен аға былайша есіне алады. – 1996 жылдың 1-шілдесінде Алма­ты қаласының прокуроры, генерал М.Қа­лиевтің бастамасымен Қазақстан Рес­публикасы Бас прокуратурасының қолдауымен тұңғыш баспасөз қызметі құрылып, оған мен жетекшілікке келдім. Арнайы кабинет бөлінді, құрал-жабдықтар алынды, қазақ тілі кабинеті ашылды. Сөйтіп, республика прокуратура органдарында көшбасшы болып іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу басталды. Прокуратурада құжаттарды тәр­жімалау, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу жөнінде редакциялық кеңес құрамы бекітіліп, соның хатшысы болдым. Қалалық прокуратура тарапынан қаладағы мемлекеттік органдарда «Тіл туралы» Заңның орындалу жай-күйіне прокурорлармен бірге тұрақты түрде түр­лі тексерулерге қатыстым. Сонымен бірге прокурорлардың мемлекеттік тілді қолдануы мен дамуына байланысты оқулары және сынақ алу ұйымдастырылды. Осы сан-салалы жұмыстарды қадағалау және үйлестіру міндеті маған жүктелді. 1997 жылдың көктемінде Алматы қа­ласының прокуроры болып тағайын­дал­ған генерал Е.Мерзадиновтің бастамасымен (бұл күндері ол ҚР Әскери Бас прокуроры, генерал-лейтенант) оның бірінші орынбасары Иоган Меркель екеуміз (қазір ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары) прокуратураның тұңғыш құқықтық танымдық басылымы «Прокуратура хабаршысы» атты екі тілдегі газетті барынша қысқа мерзімде шығаруға қол жеткіздік, – дейді. Итен аға баспасөз қызметін табан аудармай 13 жыл басқарды. Прокуратураға талай «мен» деген прокурорлар келіп жатты, кетіп жатты. Ал ағамыз солардың бар­лығымен тіл табысып, өз жұмысын жемісті жалғастыра берді. Басшылыққа кім келсе де баспасөз қызметінің ұйытқы болуымен екі тілде жа­рық көретін басылымның мазмұнды да сапалы шығуына жанашырлық танытты. Ағамыз сол уақытта астанамыз бол­ған Алматы қаласына қиын ке­зең­де кел­ді. Елдің экономикасы қожы­рап, жұрт күдікпен күй кешкен елең-алаң жылдардың тұсы-тұғын. Ұйым­дасқан қылмыстық топ­тар кейде құ­қық қорғау органдарының өзін де қапы қалдыратын. Міне, осындай күрделі уақытта Итен аға белсенді жұмыс істеді. Сол кездегі газеттер тігінділерін ақ­тарған адам ағамыздың қолтаңбасын бірден таныр еді. Ол мақалалардың тақырыбы да менмұндалайды. Мәселен, «Жіберген қателіктерін мойындамайтын дәрігерлерден қорқу керек», «Қауіпті ке­селден қашан арыламыз?», «Антын бұзатындарға ақ халат та обал», «Талапайға түскен қыруар несие», «Тілдің тынысы тарылып, апшысы қуырылып тұр», «Кеселді асқындыру қиянат», «Жа­ны жомарт, пейілі кең қазақ едік...», «Алаяқ­тың ақыры», «Жетімнің несібесін жымқырған...»... осылай кете береді... Осы материалдардың ішінен бірінің қысқаша мазмұнын келтіре кетейік. Мақала тақы­рыбы – «Шіренсе, шетелдік Ш.Чен шіренсін». 90-жылдардың ортасынан кәсіпкерлікті сылтау етіп, елімізге шетелдік келімсектер жөңкіле келе бастағанын бәріміз білеміз. Ағамыздың өз сөзімен айтсақ, арасында өзімшіл, өктем, өркөкірек, өздерін бәрінен жоғары санайтын, жергілікті азаматтарға қиянат жасайтын, адамгершілік асыл қасиеттерін қорлайтын жалған кәсіп иелері жиі кездесіп жүрді. Солардың бірегейі Ш.Чен болып шық­ты. Ол «Фен АзияГрупп» фирмасында менеджер-директор болып жұмыс істейді де, өзінің түпкі арам пиғылын іске асыруды бас­ты мақсат тұтады. Ченнің бір ғана соңғы жасаған содырлы іс-қимылының өзі-ақ жұрттың тұла бойын түршіктіріп, жағасын ұстатты. Ол үлкен қаладағы буы­ны босап, солқылдап тұрған тұстарға көзін қатты қадайды. Содан «Қазақстан» мейманханасына орналасып, уақытты көңілді өткізуге бел буады. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң-талтаңда...» дегендей күй кешеді. «Аз ғана уақытта талай сұлу жас қыз­дармен танысып, табысып оларға өзінің байлығымен таңдай қақтырады, соңына ертіп масайрайды. Ішімдікке жолды ашып тастайды. Сөйтіп, ойына не келсе, соны істейді. Өзінің олармен болған бейәдеп думандарын білдірместен бейне таспаға түсіріп жүреді. Төмендегі кафедегі бармен жігітпен келісіп Ажар атты жас қыздың жанын жаралайды, күйзеліске ұшыратады. Ұзын сөздің қысқасы, шіренген шетелдік соңында айлакерлікпен жасаған ауыр зардапты қылмыстары үшін бәрібір құқық қорғаушылардың құрығынан құтыла алмайды. Сенген таныстары да, ақшасы да әдіре қалады. Ол ҚР Қылмыстық Ко­дексінің 3-бабымен айыпталып ауыр жазаның қасіретін тартты» деп жазады Итен аға «Қоңыр қалам» атты кітабында. Осы жерде Итен ағаның 90-жылдардың ортасынан бастап Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметіне үзіліссіз 13 жыл жетекшілік еткенде мы­на бір жайтты айрықша айта кеткен жөн. Ол – қарапайым азаматтар мен сол азаматтардың құқығын қорғайтын заң орындарының арасындағы байланыс. Бұл байланысты Иекең сауатты түрде бір ізге түсіре білді. Ата Заң, ҚР қыл­мыс­тық, әкімшілік, азаматтық және ең­бек кодекстерінің шын мәнінде жұмыс істейтінін, мемлекеттік қадағалаушы, құ­қықтық органдардың қолдан бал ашып емес, заңдар мен кодекстердің талаптарына сай әрекет істейтінін қарапайым халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізіп отырды. Әсіресе, прокурорлармен жасаған сұхбаттарында мәселенің осы жағына көбірек көңіл бөлді. Әйтпесе, жұртшылық арасында: «Әй, қойшы соны, пұл санап берсең ертең-ақ құтылып ке­тесің» немесе «Өй, оның пәленше құдасы, түгенше нағашысы дөкей ғой, ол еркелемегенде кім еркелесін?» деген қаңқу сөз көптің аузынан жиі естілетін. Иекең болса асауға да тұсау салынатынын еске салып отырды. Айтайын дегеніміз, сол кешегі баспа­сөз бен прокуратура арасындағы екі жақты тығыз байланыс қайда кетті? Иекең салған сүрлеу бар еді ғой. Біздіңше, баспасөз қызметінің ықпалы әлсіреп қалған тәріз­ді. Ағамыз кезіндегі қаламның қызуқан­ды табы талмаусырады. Қазіргі таңда қылмыстың себеп-салдарына үңіліп, жан-жақты сараптама жасайтын, құқық тақырыбына жазатын журналис­тер кемшін болып отыр. Журналист – ауыр жүк арқалаған жолаушы сияқты. Өте орынды айтылған. Ағамыз да 56 жылдан бері осы жүктің сал­мағына көніп келеді. Әлі де жолау­шылайтынына сенімдіміз. Тек Жа­ратқан Иеміз сарқылмайтын қуат берсін дейік. Ағамыздың өмірі мен қызметі жөнінде ҚР Мем­­лекеттік сыйлығының ­лауреаты, ақын Темірхан Медетбек, Абдрахман Асылбек, Шөмішбай Сариев, Әскербек Рахымбекұлы, Нұртөре Жүсіп, Қали Сәрсенбай, Сәрсенбек Бекмұратұлы және басқалар келістіріп жазды. Біз сол жазбалар арқылы қартаюдың да өнер екендігін түсіндік. «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» демеп пе еді Абай. Өз басым ағаны әкенің емес, адамның баласы қатарына жатқызғым келеді. Жаспен де, жасамыс­пен де етене араласып ылғи да бауырмалдық танытып тұрады. Осы орайда Итен ағаның аса қадір­леген алғашқы ұстазы, белгілі қаламгер Ұзақ Бағаевтың осыдан елу жыл бұрын былай деп жазғаны еске түседі: «Уақыт бір өтсе қайырылып сәлем бермей ке­тетін қайырымсыз бәле екен, оны тек құрықтап, желкелеп отырсаң ғана ол саған қызмет етеді. Уақыт – адамның досы, дұшпаны, жақыны, алысы. Ендеше, уақыт­­пен дос адам!» Бұл қуаты күшті қара сөз бүгін де аса маңызды әрі өзекті болып отыр. Ал Итен аға болса осы бір ұстазының ұлағатты өсиетін өмірінде бағдар­шамға айналдырып келеді. Итен Қарымсақұлының баспасөздегі қажырлы еңбегі лайықты бағаланды. 1978 жылы КСРО Журналистер одағының Құрмет дипломын алды. Ол Қазақстанның Құрметті журналисі. «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына – 20 жыл» мерекелік медальдарымен, ҚР Бас Прокурорының Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының ­лауреаты, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері. Бүгінде біз қадір тұтып жүрген ағамыздың мерейі үстем. Аз-кем сөзімізді Итен ағаны кеше ғана 75 жылдық мерейтойымен құттық­таған Алматы қаласының прокуроры, генерал Берік Асыловтың бірауыз тіле­гі­мен аяқтасам деймін: «Қадірлі Итен Қарымсақұлы! Ардагерлер отставкаға ешқашан кеткен емес, ардагерлер әр­дайым қатарымызда! Өміріңіздің әрбір бұрылысы­нан кейін, алдыңыздан жарқырап жаңа күннің сәулесі себезгілесін деп тілеймін және сол жылы сәуленің қуаты сізге отбасылық қуаныш, мықты денсаулық және жаңа табыстар сыйласын!». Осы сөзге біз де қосыламыз. Берік СӘДУАҚАСОВ, журналист Алматы

8444 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы