• Тіл
  • 25 Маусым, 2014

Талаптыға нұр жауар

Жер бетіндегі әрбір халық, әрбір ұлт өз болашағын ойлағанда, ең алдымен елінің келешегі болып табылатын жастардың тәлім-тәрбиесіне мән беріп, олардың білім нәрімен сусындауын, жақсы азамат болып қалыптасып, туған жерінің «бір кірпіші» болып қалануын мұрат тұтады. Біздің елде де жастайынан білімге деген зор талабын байқатып, талай байқауларда жеңімпаз атанып, ұстаздарының үмітін ақтап жүрген жастарымыз аз емес. Солардың бірі – 11-сынып оқушысы Шахризада Басит. «Болар бала жасынан» демекші, Шахризада бастауыш сыныптарда оқып жүрген кезінен-ақ білімге деген ерекше құлшынысын байқатты. Зейінді оқушының таланты мен қабілеті барлық пәндерде жарқырай көрінуімен қатар ол қазақ тілі пәнін жанындай жақсы көріп, жоғары нәтижелерге жете білді. Шахризаданың өз ұлты ұйғыр болса да, ол қазақ тілі пәнін терең меңгеріп, аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Мұндай жетістіктерге жетуі, ең алдымен қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі, өзінің ұстазы Алтынай Әбдібайқызының арқасында болса, екіншіден, қазақ тілін терең біліп шығуға деген өзінің де ынтасы жоғары екенін айта кеткен жөн. «Оқу инемен құдық қазғандай» деп халқымыз тегін айтпаған ғой. Оның үстіне қазақ тілі пәні де оңай пәндердің қатарынан емес. Тіл – мұхиттың тереңіне сүңгіп, түбінде жатқан сөз асылын теріп алу үшін де шәкіртке еңбекқорлық қасиет ауадай қажет. Шахризаданың қазақ тілін жетік меңгеруге ден қоюына қарап, болашақта мемлекеттік тіліміздің аясы қазіргіден де кеңейе түсеріне көзің анық жетеді. Мұны біз жайдан-жай тілге тиек етіп отырған жоқпыз. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, Шахризада қазақ тілі пәнінен көптеген жетістіктерге жетіп, әртүрлі сайыстардың жүлдегері, жеңімпазы болып келеді. Талапты жастың қазақ тілін үйрену қабілеті көптеген жастарға үлгі-өнеге болып жүр. Сонысының өзімен-ақ ол құрбы-құрдастарының қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын оята білді. Мұндай жастарымыздың қатары көбейсе, ана тіліміздің болашағы жарқын, мерейі үстем болмақ. Тағы бір айта кетерлігі, Шахризада биыл Есік қаласында өткен «Жарқын болашақ» атты VІ қазақ тілінің олимпиадасында «Жас тілшілер» байқауы бойынша топ жарып, І орын алды. Оның бұл жетістігі 2014 жылдың 3-5 сәуір аралығында Астана қаласында «КATEV» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Жарқын болашақ» VI республикалық «KATEV қазақ тілі» олимпиадасында сәтті жалғасып, байқаудың арнайы сертификатымен марапатталды. «Талаптыға нұр жауар» деген осы. «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының өткізген қазақ тілі олимпиа­дасына қатысып келген соң, Шахризада мектебімізде өткен аудандық тәрбие бөлімінің семинарында осынау айтулы шара туралы айтып берді. Оқушысының биік талабын шыңдап, үлкен белестерге қанаттандырып, білім нәрімен сусындатып келе жатқан отыз бес жылдық еңбек тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз Алтынай Әбдібайқызының да еңбегін ерекше бағалаймыз. Н.Ахметова, Қорам орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы

4301 рет

көрсетілді

68

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы