• Тұлға
  • 25 Маусым, 2014

«Сағындым Сері ағаны»

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Тіл өнері және тұлға» атты іс-шара өтті. Оған зиялы қауым, БАҚ өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, тіл жанашырлары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – соңына оқырман қауым сүйсініп оқитын таңдаулы шығармалар қалдырған көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің шығармашылығын насихаттау, қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген жастардың ықыласын арттыру. Қаламгердің шығарма­шы­лығына арналған кешті филология ғылым­дарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы жүргізді. Сәкен Жүнісовтің замандастары, көзкөрген әріптестері, оның дарынды талант иесі екенін мойындаған ақын-жазушылар театр сахнасына шығып, ол туралы, оның шығармалары туралы сыр шертті. Сахнаға шығып сөз сөйлеген азаматтар Сәкен Жүнісовтің әр қырына тоқталды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғынбекұлы Сәкен Жүнісовтің өр мінезді, қайтпас қайсар қасиетін еске алды. Сөз соңында «Сағындым Сері ағаны» атты жазушыға арналған өлеңін оқып берді. Одан кейін сөз тізгіні шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «­Руханият» орталығының директоры Ербол Тілешовке тиді. Ол Сәкен Жүнісовтің көзі тірісінде-ақ елге сыйлы болғанын, кейінгі ұрпақтың оған деген ыстық ықыласы әлі әлсіремегенін, жазушының есімі болашақта да өз қадір-қасиетін жоғалтпайтынын тілге тиек етті. Кешке жиналғандар Сәкен Жүнісов­тің драматургиясы туралы ой бөлісті. «Жа­пан­дағы жалғыз үй», «Ақан сері», «Заманай мен Аманай» романдары, сондай-ақ «Ажар мен ажал», «Әр үйдің еркесі», «Қысылғаннан қыз болдық», «Жаралы гүлдер», «Қызым, саған айтам», «Қос анар», «Өліара» драмалары арқылы елге танымал болған драматургтің бұл саладағы орны ерекше. Сондықтан жазушыға арналған кештің келесі бөлімінде оның «Қысылғаннан қыз болдық» драмасы сахналанды. Актер ­Ерболат Жасұлан, Есен Нұрсұлтан және Боран­бай ­Молдабаев комедиялық рөлдерді шебер сомдай білді. Одан соң көпшілік Қайрат Байбосынов, Ерлан Рысқали сынды әншілердің орындауында «Ақан сері-Ақтоты», «Райхангүл», «Балқадиша», «Маңмаңгер», «Құлагер» әндерін тыңдады. Іс-шара соңында қаламгердің өміріне байланысты режиссер Болат Ұзақов түсірген фильмнен үзінді көрсетіліп, жазушының кітаптарынан көрме ұйымдастырылды. Әсел БУРАШЕВА

2778 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы