• Ақпарат
  • 28 Тамыз, 2014

Сөйлеу мәдениетіне мән берсек

Жастардың сөйлеу мәдениетінде көзге түсетін,  өзіне тән тілдік ерекшелігі байқалатын диалектіден де басқа тілдік элементтер бар. Мәселен, бір қалада тұрса да, бірақ әр мектепте оқитын оқушылардың ауызекі тілінде өзгешеліктер бар екенін байқауға болады. Сондай ерекшеліктердің бірі – жаргон. Зерттеуші Ли Ин: «Жаргон – бұл жалпы халықтық лексика мен фразеологиядан айырмасы бар тілдегі өзінше ерекше тіл» дейді де, ауызша және жазбаша сөйлеу тіліндегі жаргонның мынадай қызметтерін көрсетеді: 1) жаңа өмірлік, саяси және экономи­калық өзгерістерді жүйелеп баяндау; 2) оқырман немесе әңгімелесушіге әсер еткен нәтиже бойынша ерекше мүм­кіндікке арналған ауызекі сөйлеу стиліне қызмет ету. Жаргонға тілдің поэтикалық және ойлау функциясы қызмет етуі тән емес. Абстрактілі ұғымдар мен логикалық категориялардан, ғылыми терминдерден жаргондық эквиваленттерді табу өте қиын. Жаргон – жазбаша және ауызша сөйлеу тілінің стильдік түрі, бірақ оның тілдің тұрақты қалыптасқан нормативіне қатысы жоқ. Ғалымдар қазіргі қоғамда жаргонның таралу жолдарының төңкерістік әрі эволюциялық жолмен жүріп жатқандығын мынадай жағдайлармен көрсетеді: әуелі жаңа жаргондар пайда болады да, жабық әлеуметтік жүйелерде қызмет етеді. Содан кейін ментальды және әлеуметтік өзгерістің әсерінен қоғамдағы төзімді факторлар әлсірей бастайды. Стильдің ауызша және жазбаша тіл ерекшеліктері өзінің алғашқы әлеуметтік (жасы үлкен-кішілігіне қарай бөлінуі) мәртебесінен айырылғаннан кейін жаргонға айналады. Тілдің жаргондық перифериясы деген  қоғамдық және үйреншікті тұр­мыс­тағы жаңа құбылыстардың пайда болуы әрі өмірдің өзі арқылы енген жаңа мағыналардың қолданылатын орны. Жаргонды негізінен жоғары және орта оқу орындарының студенттері, оқушылар, бір сөзбен айтқанда, жастар көбірек пайдаланады. Жастар жаргонының негізін студенттік жаргондар құрайтыны анық. Бүгін жастар жаргонмен сөйлеп жүр. Бұл, әрине, тіл тазалығына нұқсан келтіретін жайт. ХІХ ғасырда пайда болған кәсіби жаргондарды зерттеу дәстүрі бірден  жаңа бағытта, яғни әлеуметтік бағытта, жастар жаргонын зерттеумен жалғасады. Кәсіби жаргон мен лексика арасындағы шекара айқын байқалып тұратын болса, ал  жас­тар жаргондарының шегін анықтау біраз келелі мәселелерді тудырады. Жастар жаргонының туу табиғаты туралы әртүрлі көзқарастар да бар. Кейбір лингвистер жаргонда жүйелілік пен тұтастық жоқ, оны әйтеуір бір әлеуметтік топтың «ерекше сөздігі» сияқты қарастырады. Ал енді бір лингвистер жаргон тұтынушысы үшін қолайлы жағдайға қарай өте маңызды қызмет ететінін көрсетеді. Десек те, бұл мәселе зерттеуді қажет ететінін тү­сі­­ніп, Алматы қаласындағы «Барахолка» әмбебап базарының маңындағы мектепті басты нысан етіп алдық. Бұл мектеп оқушылары «Дархан», «Өжет», «Ұлжан», «Шаңырақ» сынды шағын аудандарда тұрады. Сауалнама осы мектеп оқушылары арасында жүргізілді. Негізінен, оқушылардың әртүрлі ұлт өкіл­дерінен болуы, ата-аналарының қызметі, сабақ үлгерім деңгейі, әртүрлі сынып оқушысы сынды жайттар ескерілді.  Айта кетерлігі, оқушылардың көпшілігінің ата-аналары саудамен шұғылданушылар.  Мектептегі 7-сыныптан 11-сыныпқа дейін­гі қазақ және орыс сыныптарының оқушылары арасында жүргізілген сауалнама барысында өзге ұлт өкілдерінің балалары бар екенін байқадық. Жалпы сауалнамаға 100 оқушы қатысты. Сауалнамаға қатысқан оқушылар­дың көпшілігі қолданатын жаргондарын үлкен кісілерден еститінін, соларға еліктегендерін жасырмады.   Бала психологиясы ересектерге еліктеуге құмар. Жақсы не жаман әдет болсын, тіпті сөй­леу мәнеріне дейін еліктеп, оларды үлгі тұтатыны анық.  Расында, балалар тың дүниені білуге құштар. Мәселен, техникалық терминдерге мектеп оқушы­сының қызығуы екіталай. Ал жаргон сөздер түсініксіз болса да, қарапайым әрі ересектердің белгілі контекстіде қолданылуында  түсінікті болғандықтан тез қабылданады. Көптеген жаргон сөздер жастарға нақты, түсінікті, қызықты болып әрі бір-бірімен тез тіл табысуға ықпалын тигізіп тұрады. Құлаққа дөрекі естіліп, ерсі көрінгенімен бұлар бүгінгі жастар тілін құрайтыны өкінішті. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жаргондар тез таралады.Тіпті  сол оқушылар айтқан кейбір сөздерді ересектер қауымы да айтып жүргені рас. Жастар дағдысына қарай бұндай сөздерге өте оңай бейімделеді, әрі оларды кез келген жағдайда қолдана береді. Мысалы; түк те емес – чепуха; демалыс – халява; күлкі – угар; арзан – фуфло; мас – бухой; тақыр бас адам – лысик; бай адам – оллигарх, олигатор; толық адам – пончик; сәнді – гламурный. Осындай топтағы сөздердің мазмұ­нына үңіліп,  синонимдердің көп кезде­сетіні таңғалдырады. Әйтсе де, кикілжің жағдайларында жастар эмоцияға салы­нып, сөздің негізгі мағынасы қайсы еке­нін түсінбесе де, басқа мағынада да қол­дана береді. Соның нәтижесінде оқу­шының қолданысындағы сөздің мағынасы алғашқы, негізгі мәнінен алшақтап кетеді. Бұл сөздер күн сайын жаңа мағынаға, жаңа мәнге әрі жаңа мағыналық түрге ие болып, жаргондардың пайда болуына ықпал етеді. Байқап отырсақ, бұл бүгінгі күні шешімін таппай отырған күрделі мәселе. Жаргондар, негізінен, жастарға кәсіби сипа­ты жоғалған, жеңілдетілген деңгейінде  келеді. Сол себепті оқушы жаргонның негізгі мағынасын біле бер­мейді, өз сөзінің мазмұнына, өзінің күй­зелісіне, өзінің көңіл-күйіне, қажетіне сай қосып отырады. Сөйтіп, жалпы жас­тардың тілі арқылы өзінің сөздік қорын толықтырады. Бұндай құбылысты «блатная музыка» (ұрылар музыкасы, дәлірек айтқанда «ұрылар тілі») дейді. Әйтсе де, «блатная музыкадан» балалық сезім байқалып тұрады. Сол күйінде жастар қандай жаргон болсын қолданады, бірақ та олар сыртқа ұнамсыз құбылыс болып қабылданады. Тіл тазалығының сақталуына кедергі келтіріп отырған осындай жаргондар ел болашағы саналатын жастарға кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан мектеп оқушыларының ауызекі сөйлеу тілінде көп кездесіп жататын жаргондарды қолда­ныстан ысырғанымыз жөн. Себебі бұл қазақ тіліне төніп тұрған тағы бір қауіп. Сақау жарнамалар мен тікелей аудармалар туралы көп айтып жатамыз. Алайда ең маңыздысы ауызекі сөйлеу стиліндегі осындай олқылықтарға бейжай қарауға болмайды. Бүгінгі оқушы – ол ертеңгі ел беделін  көтеруге қалтқысыз қызмет ететін азамат. Сондықтан жастардың дұрыс әрі таза сөйлеу мәдениетін қалыптастырған абзал. Байқап отырсақ, кез келген оқу ор­нының студенті қарым-қатынаста өз сөздеріне жаргондарды пайдаланатынын байқаймыз. Аялдамада, көшеде, дүкенде қай жерде жүрсек те өздері ғана түсінетін жаргондарды құлағымыз естіп жатады. Мән бермейтініміз рас. Әрине, жаргондарды пайдалану әдеби сөздік қорларының аздығын көрсетеді. Бұл жастардың болашағы не болмақ? Сол үшін  жастарға күнделікті сөйлеу мәдениетінде әдеби тілді мейлінше мол пайдалануын қолға алу қажет сияқты. Оқытушы сол әдеби тілдегі сөздердің эмоционалдық және логикалық сипатын оқушыға түсі­діріп отыруы керек. Себебі көп жағдайда оқушы әдеби сөз­дерді орынды пайдалана алмай жата­ды да, құлағына тез сіңетін жаргон­дармен алмастыра береді. Мәселен, мектеп мұғалімдері сабақ барысында қазақ­тың шешендері қалдырған даналық сөз­дерінен үзінді келтіріп, оқушының сөздік қолданысын кеңейтуге ұмтылу қажет. Сонда ғана оқушы жаргондар бұл бай тіл байлығының белгісі емес екенін түсінеді. Ең бірінші, бала тілі үйде қалыптасады. Содан кейін мектепте және араласатын ортасында. Сондықтан ата-ана да, мұғалім де баланың сөйлеу мә­де­ниетін жіті назарында ұстағаны жөн. Әрине, кез келген мектеп оқушысы таза әдеби тілде сөйлеп кетпесе де, ол өзге тілдегі сөздерді араластырып, тіл тазалығын бұзбауы қажет. Оқушы «блатная музыканы», яғни жаргондарды пайдалануда, өз ойын көркемді түрде жеткіземін деп ойлайды. Алайда олай емес. Мысалы, бәрі жақсы – мазя, пистолет – валына, пуля – семечки, сіріңке – драва, темекі – зубочистка деп жалғаса береді. Мектеп жасындағы оқушылардың жанынан өтіп бара жатып мынадай диалогты естідім. – Пацаны, давайте зубочистку и семечки купим. – Аха, еще анау-мынау. – Посидим, поболтаем. – Побазарим. – Ок! Бұл қазақ мектебінің оқушыла­ры­ның диалогы. Қарап отырсақ, жастар қазақ тілін, орыс тілін, тіпті ағылшын тілін ара­ластырып сөйлеуді мақтан көретін сияқты. Бұл да өз алдына бөлек әңгіме. Меніңше, мектеп мұғалімдері оқушыға жаргонның эстетикалық әлжуаздығы мен дөрекілігін әрдайым айтып, мысалдармен көрсетіп отыруы қажет. Міне, осыдан оқушы өзінен-өзі бұл сөздерден жиіркенетін болады. Оқушы жастардың жаргоны – бұл негізінен қылмыстық және түрме арголарының «мұраларының» ықпалы екенін айта кету керек. Оның бір бөлігі өзінің мағынасын өзгертіп, оқушы жастардың лексикасындағы айқындылықты көрсетеді, олар көбіне­се баға алу және емтихан тапсыру жағдайларымен байланысты болып келеді. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру үшін түрлі ойын-бағдарламалар да ұйым­дастыру қажет. Жас жеткіншектерге тіліміздің арготизмдермен ластанып жатқа­нын түсіндіріп, сөз мәдениетіне байланысты шараларға  атсалысуы керек екенін түсіндіру қажет. Қазақ тіл біліміне еңбегі сіңген белгілі академик Р.Сыздық: «Тіл мә­дениеті проб­лемалары отбасы тәр­биесімен, мектептегі оқу ісімен, жалпы әр алуан оқу-тәрбие орындарының нақты жұмыстарымен тығыз байланысты болып келеді. Бұдан да биіктеу қарасақ, тіл мәдениеті ұлттық әдеби тілдің әлеуметтік базасының өзге­ріске ұшырауына, өзге тілдерімен арақатынасына да тікелей ұштасып жатады» деп орынды атап өткен. Бұл ойды профессор Б.Момынованың: «Тілдің тек қана жазба түрі емес, ауызекі тілдің де жағымсыз құбылыстарға бой алдыруына, жастар тіліндегі жасандылықтың шексіз көбеюіне, тіл мен сөйленістің техникалық сөздермен қойыртпақталуына қарсы әрекеттердің басын ұйыстыруы да – лингвоэкологияның міндеті» дегенімен жалғастыруға болады. Жастардың күнде­лікті ауызекі сөйлеу тілінің қалай қалыптасып келе жатқаны баршамызды алаңдатуы керек. Себебі аралас тілде сөйлеп, дөрекі жаргондарды пайдаланатын жастар болашағы бұлыңғыр. Ал біз олардың елін, жерін сүйетін, ана тілін, дәстүрді құрметтейтін азамат болып өсуі­не ықпал етуіміз керек. Сондықтан бұл мәселе әлеуметтік лингвистиканың маңызды тақырыбы бола бермек.

Гүлзира АКИМБЕКОВА, филология ғылымдарының ­кандидаты, Халықаралық бизнес академиясының  доценті

22378 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы