• Ақпарат
  • 11 Қыркүйек, 2014

«Хабарсыз кеткендердің» аты-жөнін анықтайық

Жақында Польша жерінде  1941 жылы маусым-шілде айларында шейіт болған кеңес жауынгерлерінің мүрделері анықталды. Солардың арасынан  қазақ жауынгерінің мүрдесі табылды. Медальоны жақсы сақталған, енді туыстарын іздейміз. Медальондағы жазуларды қатесіз оқу мүмкін емес болып шықты. Ол медальонда жауынгердің тегі – Желескаев, аты –Абдувей деп жазылған. Майдангерлердің құжаттарын толтыратын жерде өзге ұлт өкілдері отырғандықтан көп адамдардың тегі мен аты қате жазылғаны белгілі.

«Хабарсыз кетті» дегендердің табылмай жүруінің бір себебі де  осы, аты-жөндерінің қате жазылуынан. Сондықтан бұл жауынгердің тегін анықтауда түрлі нұсқалар жасап көрдік. «Абдувей»  деген есімі «Әбдуәлі» болуы керек. Соғыста әлдеқандай жағдай болғанда елге қай туысқанға хабар беру керектігін де көрсеткен екен. Онда Кимсай Жанбубиев деген кісіні белгілеген. Мұны да бірнеше нұсқа жасау арқылы анықтау қажеттігі туып отыр. Ал туған жері Қазақстан екені анық. Алайда елді мекеннің аты Бөрлітөбе ме,  Базартөбе ме белгісіз болып отыр. Бұл не Батыс Қазақстан облысы, не Талдықорған облысында болуы керек деп ойладық. Әйтсе де, осы өңірлердің тұрғындары хабарласса екен дейміз. Ал туған жылы 1917 жыл делінген. Біз жыл сайын Жеңіс күнін үлкен мақтанышпен тойлаймыз. Енді алдағы жылы Жеңістің жетпіс жылдығы келе жатыр. Оны да ұрандатып тойлайтынымыз анық. Бұл жеңістің қадірін түсінеміз. Дегенмен, бүгінгі бейбіт өмірді сыйлағандар ұмыт қалып отырған секілді. Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан атамды іздеген кезде бұған көз жеткіздім.  Менің атам Бисенбиев Әлмұхан 1898 жылы қазіргі Атырау, бұрынғы Гурьев облысы, Есбол ауданында дүниеге келген. Соғыстың алдыңғы екі жылы тым ауыр тигендіктен, оның жасы асып кетсе де, 1942 жылы майданға аттанған. Соңғы хаты  1945 жылдың ақпан айында келген. Ол бұл хатында: «Жеңіс жақын, жақында ауылға жеңіспен барып қалармыз» деген екен. Шынында да, көп ұзамай, екі айдан кейін Жеңісті бүкіл Кеңес одағы болып  тойлады, бірақ атам оралмады. 1947 жылы «хабарсыз кетті» деген «қара қағаз» келді. Әкем Әлмұханов Тасқынғали 1941 жылы дүниеге келген, бір жаста болғанында әкесі майданға аттанған. Алайда әкесін табуды мақсат еткен ол Мәскеуге сұрау салып, хат жазған соң оған : «Қай әскери бөлімшеде болғанын жазбасаңыз,  оны іздей алмаймыз»  деген жауап келген. Ал атамның хаттары сақталмаған, осылайша әкем өз әкесін іздей алмады. Тіпті фотосуреті де сақталмапты. Сөйтіп жүргенде, Кеңес Одағы құлап, әлеммен байланыс кеңейді, қолданысқа компьютер, интернет енді. Осы заманауи жетістікке арқа сүйеп, атамды іздеуге енді мен қосылдым. Солайша ресейлік, украиндық, белорустық ізкесушілермен байланысқа шықтық. Олардың  бірі жауынгердің әлі де мүрделері анықталмай, топырақ астында жатқандары бар екенін жазды. Бірде Татарстандағы «Отечество» ұйымынан: «Фамилиясы мен аты сіздің атаңызға ұқсас адамның медалі бар екен,  мүмкін сіздің атаңыз шығар» деп, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық мұрағаттың  «Подвиг народа» сайтын атапты. Біз осылайша атамыздың 1943 жылы қараша айында Смоленск аймағын жаудан азат етуде көрсеткен ерлігі үшін «За боевые зас­луги» медалімен  марапаттау туралы бұйрықты таптық. Қазақстандағы Ресей елшілігімен хабарласып, марапаттау қағазындағы, яғни  бұйрықтағы атамыздың аты-жөні қате жазылғанын, мекенжай бойынша біздің мәліметтер көрсетілгенін жазып, сұрау салдық. Олар отбасылық жағдайды сайтқа шығармайды екен. Іздеуші табылған жағдайда сол мәліметтермен сәйкес келсе, медальдің куәлігі беріледі. Біз осылайша атамның медалінің куәлігін алдық. Әйтеуір, әскерге алынар кезде түскен фотосуреті облыстық мұрағаттан енді табылды. Қуанышымызда шек жоқ, дегенмен атамыздың жатқан жерін табу арман болды. Әзірше Желескаев деп айтайын, осы жауынгердің туыстарын іздеу арқылы мен ата-бабаларымыздың өзге жерде беймәлім күйде қалуына немқұрайлық танытпау керек екенін айтқым келеді. Іздеу салғанның бәріне «хабарсыз кетті» деп жауап жазу біреулерге оңай болғанымен, қазақ халқында «іздеусіз қалды» деген ең ауыр сөз екені анық. Сондықтан  аталарымыздың жатқан жерін анықтауымыз керек. Қан майданда, әйтеуір, беті ашық қалмасын деп, өлгендердің беттерін, топырақпен жаба салған да, алға жылжи берген.  Былтыр  Одер өзені бойындағы қақтығыста шейіт болған  мыңға жуық адамның мүрдесі табылды. Оның кейбірі ғана анықталды. Енді жақында тағы да Германия жерінен біраз адамның мүрделері аршылып жатыр. Біз, қазақстандықтар, бұл соғыста жоғалтқанымыз көп, енді аталарымызды іздеп, сол неміс және ресейлік ізкесуші  әскери археологтарға қосылуымыз керек. Бұл, біріншіден, біздің азаматтық парызымыз, екіншіден, әскери археология саласы бізде ғылым ретінде дамымаған. Осы екі мақсатты орындау бізге шарт. Польша жерін азат ету арқылы Одерді, одан Германияға бет алған атам «хабарсыз кетті» деген сырғытпа жауаппен әлі күнге мүрдесі анықталмай, өзге жерде, топырақ астында қалды. Соғыстың соңғы айларында, тіпті жауынгерлерге медальон да берілмеген екен, тек жауынгерлік кітапша берілген, жетпіс жыл бойы топырақ астында қалған қағаздың ендігі шіріп кеткені түсінікті. Дәл қазір Ресей мен Германия арасы оңай болып тұрған жоқ. Сондықтан Ресей арқылы емес, өз мемлекетіміз, Қорғаныс министрлігі жанынан арнайы бөлім ашып, осы мәселені қолға алу керек. Германия, Польша арқылы ата-бабаларымыздың мүрдесін іздеуге рұқсат алуымыз керек. Басқа да «хабарсыз кетті» дегендердің тағдырын анықтауға атсалысуымыз қажет. Егер дәл осы Желескаев немесе кейін мүрделері табылып, бірақ туыстары анықталмаған жағдайда, өз елімізде Даңқ аллеясын ұйымдастырып, сонда жерленсін. Ең болмаса, өз елінің топырағында жандары тыныштық тапсын. Ең басты мақсат бізге бүгінгі өмірді, Ұлы Жеңісті сыйлаған ата-бабаларымызды ұмытпай,оларды құрметтеп, ерлігін келер ұрпаққа дәріптеу парыз.

Риза ӘЛМҰХАНОВА, Қазақ ұлттық өнер университеті Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Астана

3931 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы