• Тіл
  • 05 Қараша, 2009

Барлық мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінде еркін сөйлеуі керек

www.anatili.kazgazeta.kzСерік БАЙМАҒАНБЕТОВ, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі:

1. Ішкі істер министрлігінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде. Аталған Бағдарлама негізінде ішкі істер органдары қызметіне мемлекеттік тілді енгізуді, қолдану мен дамытуды көздейтін салалық бағдарлама қабылданған.

«Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 30 мамырдағы №127 Жарлығы бойынша Ішкі істер министрлігі 2007 жылдан бастап іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшірді.

Министрлік орталық атқарушы органдардың ішінде алғашқылардың бірі болып, 1999 жылы Мемлекеттік тілді енгізу басқармасын құрған болатын. Оның өткен жылы Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті деңгейіне көтерілуі мемлекеттік тілді дамытумен айналысатын құрылымның дәрежесі мен беделін арттыра түсті. Қазіргі уақытта барлық облыстық, көліктегі ІІД-де, ІІМ-нің оқу орындарында тілдік құрылымдар қызмет етеді.

Сонымен қатар Министрлік қызметкерлеріне қазақ тілін оқыту курстары жалғастырушы және тереңдетілген топтар бойынша жыл сайын ұйымдастырылып отырады. Министрліктің орталық аппараты лингафондық кабинеттермен, арнайы аудио-бейне, әдістемелік құралдармен жабдықталған. Министрліктің алқа мәжілістері, жедел және бейнеселекторлық кеңестері негізінен қазақ тілінде өткізіледі.

2. Еліміздің ішкі істер органдары қызметіндегі іс жүргізуге ай сайын және тоқсанаралық жүйелі мониторинг жүргізіліп отырады. Оның барысында мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлес салмағына баса назар аударылады. Бұл көрсеткіш үстіміздегі жылдың І-тоқсанында 83 пайызды құраса, ІІІ-тоқсанда 89 пайызға көтерілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 16 қаңтардағы № И-32 тапсырмасына сәйкес Министрліктің әрбір қызметінде құжаттарға сараптама жасауды қамтамасыз ететін мамандар қабылданған. Іс қағаздары қазақ тілінде немесе қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізіледі. Халыққа қызмет көрсетіп, олармен өзара іс-қимыл жасасатын бөліністерде іс қағаздары азаматтардың өтініш білдірген тілінде ресімделеді.

3. Сұрағыңыз орынды. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, мемлекет тарапынан ел азаматтарының мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдай жасалып отыр.

Барлық мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, қызмет бабында кеңінен қолданып жатса құба-құп болар еді. Мемлекеттік тілді дамытып, мерейін үстем ету әр қазақстандықтың қасиетті парызы деп ойлаймын.

4. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алдымен экономиканы өркендетуді қолға алды. Бұл түсінікті де. Сол бір қиын-қыстау кезеңде елдің тыныштығын, халық игілігін сақтауды, азаматтардың тұрмысын жақсартуды қамтамасыз ету маңызды болды. Бүгінгі таңда рухани-мәдени салаға, ұлттық құндылықтарымызға бетбұратын кез туды.

Елбасы өз сөзінде мемлекеттік тілге деген қоғамның немқұрайлы көзқарасын салыстырмалы түрде терісі қалың, тоңмойын жабайы жануардың қабілетімен теңеу ретінде алып отырғаны бекер емес. Бұл – кез келген санасы түзу адамның намысын оятып, қайратын жанатын мысал.

Қазіргі уақытта қазақ тілін оқып-үйренем деушілерге барлық жағдай жасалып отыр. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімін оятып, мемлекеттік тілді білуге деген қажеттілікті мойындату керек. Мен замандастарымызға ой салар, мемлекеттік тілге ден қояр деген ниетпен белгілі бір ғұламаның «Төзім деген тамаша қасиет, бірақ ұзақ уақыт күтетін ғұмыр қысқа» деген сөзін айтқым келеді.

5. Биыл Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры орыс тілді қауымның назарын қазақ тіліне аударту мақсатында «Орыстілді БАҚ-тар арасында мемлекеттік тілді дәріптеген үздік мақала» байқауын өткізгені белгілі. Оның мақсаты да айқын. Елдегі орыс тілді қауымның мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін ояту, жалпы қазақстандықтарға Қазақстанның болашағы мемлекеттік тілде екенін ұғындыру болып табылады. Бұл өте жақсы бастама деп ойлаймын.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің ведомстволық «Сақшы», «На страже» газеттері мен «Полиция.kz» журналы ішкі істер органдарындағы мемлекеттік тілдің ахуалына ерекше мән беретінін атап өткім келеді.

БАҚ – қоғамдық ой-пікірдің қозғаушы күші. Осы тұрғыдан алғанда ортақ іске жұмыла кіріскен жөн.

2006 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы