• Мәдениет
  • 27 Қараша, 2014

Тау баласы

«Ерте тұрған жігіттің ырысы артық» дегендей, қандай іске де жастай араласқан жақсы. Бұл, әсіресе, елдің, халықтың қамы үшін жасалатын шаруа болса, ерекше игілікті, шарапатты дүние болғаны. Ел ісімен жас кезінен айналысып келе жатқан біртуар азаматтың бірі  – Шерубай Құрманбайұлы. Шерубай Құрманбайұлы 1964 жылдың қараша айында Алматы облысының Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданына қарасты Шалкөде ауылында дүниеге келді. Ауылдың атауынан байқалып отырғандай, бұл бір таза қазақы елді мекендердің бірі. Шәкең жас кезінен осы таза қазақы ортада өсті. Мектепке де алғаш осы Шалкөдеде барды.  Жас жеткіншек сонау бала кезден-ақ осы өлкеден түлеп ұшқан қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев, халқымыздың дауылпаз ақыны Мұқағали Мақатаев тәрізді құдіретті ақын-жазушылардың зор рухани ықпалында болды.  Әдебиетке деген қызығушылық пен құштарлық өз нәтижесін берді. Аудандық «Советтік шекара» және республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттеріне өлеңдері мен шағын мақалалары жариялана бастады. Қарасаз орта мектебінің 9-сыныбын тәмамдаған соң, ол Алматы қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, оны 1982 жылы үздік бітірді. Бір жылдай құрылыста жұмыс істеді. Кейін әскерге шақырылып, Қиыр Шығыстағы Уссурийск қаласында әскери борышын өтеді. Әскерден келгеннен кейін 1986 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) ҚазҰУ-дың филология факультетіне оқуға түсіп, 1991 жылы үздік бітіріп шығады. Қазақ ұлттық университетінде сол кездегі қазақ тіл білімінің ең көрнекті тұлғалары болып табылатын академик Ә.Қайдардан, М.Томанов, Р.Әмір, Қ.Есенов, А.Аманжолов, Ә.Құрышжанов, М.Серғалиев, Т.Сайрамбаев, С.Мырзабеков, Б.Сағындықов, А.Айғабылов, Х.Кәрімов сынды белгілі тілші-ғалымдардан, З.Қабдолов, Р.Бердібай, Т.Кәкішев, Р.Нұрғалиев, Ж.Дәдебаев, Ш.Ыбыраев, Б.Майтанов, А.Қыраубаева тәрізді  елімізге танымал әдебиетші ғалым-ұстаздардан дәріс алады. Ш.Құрманбайұлы университетті бітірген соң 1991 жылы Тіл білімі институтының термино­логия және аударма теориясы бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып қабылданды. Қазіргі кезде кеңінен танымал терминтанушы ғалымның академиялық ғылымдағы еңбек жолы осылай басталды. Сол кезеңде Тіл институтында Кеңес дәуіріндегі қазақ тіл білімінің көрнекті тұлғалары Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Ахмеди Ысқақовтар қызмет жасайтын еді. Институттағы Р.Сыздық, Ш.Сарыбай, Т.Жанұзақ, М.Копыленко, Ө.Айтбаев, Қ.Есенов, А.Гаркавец, О.Нақысбеков, С.Омарбеков, Ә.Болғанбаев, Е.Жанпейісов, Б.Әбілқасымов, А.Әбдірахманов, Б.Қалиев, Ә.Жүнісбек, К.Хұсайын, Н.Уәли, А.Жұба­нов, С.Бизақов тәрізді аға ғалымдар басты-басты ғылыми бағыттарда еңбек ететін. Университетті жаңа ғана бітіріп келген жас түлек инс­титут қабырғасында өтетін мәжілістерге қатыса жүріп, аға буын ғалым­дардың баяндамаларын тыңдай жүріп, олармен жақыннан қоян-қолтық араласа, пікірлесе жүріп, академиялық ғылыми ортаның игі әсерін қабылдады. Байсалды академиялық зерттеу­лер жүргізуге машықтанды. Институт директоры академик Әбдуәли Туған­байұлы Қайдар білікті басшы ре­тінде ғылым жолына түскен талантты жас­қа дұрыс жөн сілтеп, жол көрсетті. Институт басшылығы сол кездің өзінде ерек­ше алғыр, ғылыми тапсырмаларды мүлтіксіз әрі тез орындайтын Шеру­бай­дың ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін байқап, оны ғылыми-ұйымдас­тырушылық қызметке тартты. Жұмысқа қабылдан­ғанына бір жарым жыл жаңа толған жас маманды 1993 жылы институт ғалым-хатшысы қызметіне тағайындады. Шерубайдың терминология ғылымының ауыр соқпақтарына түсіп, шыңдала түсуіне, аталмыш ғылым саласының жүйелік және құрылымдық ерекшеліктерін байыптауына, тар салалық зерттемелер жүргізудің әдіс-тәсілдерін меңгеруіне  жәрдем етіп, ғылыми басшылық жасаған адам – қазақ терминологиясының майталман маманы Б.Қалиұлы болатын.Байынқол ағайдың сонау 1970-1980 жылдары институт ұжымы құрастырған он томдық түсіндірме сөздіктің үйлестірушісі, негізгі ұйымдастырушыларының бірі ретінде сөздіктің ауыр да абыройлы шаруасын жасап, сол үшін көзмайын тауыса жүріп, оның ерекше іскерлікті, алғырлықты талап ететін қара жұмыстарына толық жегілген, қатаң еңбек тәртібіне машықтанған, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін ғалым екендігі баршаға аян. Осындай кісі Шәкеңе ұстаз болды. Тіл ғылымының терминология саласы – аса зор жауапкершілікті, өте мұқият жұмыс жасауды талап ететін сала. Себебі осы саладағы тіл мен тілдің адам көзіне көрінбейтін шекараларында ұдайы мылтықсыз майдан жүріп жатады. Терминдер әскерлер тәрізді шеру тартып, бір тілдің аумағынан шығып, екінші тілдің аумағына батыл еніп кетуге әрекет етеді. Демек,  шынайы терминолог ғалымдардың да шекарада жұмыс жасайтын кеден қызметкерлері сияқты аса қырағы болуы шарт. Ұстаз да, шәкірт те осы талапқа сай еңбек етіп келеді. Ұлттық тіліміздің сан алуан салада қолданылуы, оның сөздік қорының толығуы терминмен тығыз байланысты. Сондықтан қай уақытта да термин мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Оның үстіне бұл аса жауаптылықты, кәсіби дайындықты, тәжірибені қажет ететін тірлік екені аян. 1990-жылдар – қазақ терминология­сы үшін принциптік тұрғыдан батыл қадамдар жасау­ды қажет ететін кезең болды. Егемендіктің алғашқы жылдары осы тұрғыдан үлкен сынақ жылдарына айналды. Осы кезеңде академик Әбдуәли Қайдар «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас» атты еңбегін жазды. Негізгі он бір принциптің қатарында төл тіліміздің сөз қазынасын сарқа пайдалануды ұсынды. Бұл батыл қадам, тың шешім болды. Қазақ тіліндегі төл терминжасам үдерісі қарқындап дамыды. Шерубай Құрманбайұлы осы жұмыстың алғы шебінде жүрді. Жаңа кезеңдегі төл терминжасамның ғылыми-теориялық және практикалық негіздерін жасап, оны қалыптастыруға, ғылыми құрал ретінде іс жүзінде қолданып, ұлт үшін пайдалы іс жасауға атсалысты. 1994 жылы қыркүйек айында Қазақстан Рес­­публикасы Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Қалиұлының жетекшілігімен «Өсімдіктердің құрылым-құрылысына қатысты терминдер» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.1996 жылы маусымда ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне шақырылып, Халықаралық қатынастар факультетіндегі қазіргі шығыс тілдері кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Кафедра факультет студенттеріне қазақ және жапон, қытай, корей, араб, парсы, түрік тілдерін оқытатын еді. Жаңадан құрылған кафедраға шығыс елдерінен білікті профессор-оқытушылар шақырылды, кафедра оқу құралдары­мен толық жабдықталды. Кафедра меңгерушісінің басшылығымен қазақ және шет тілдерін оқытуға арналған көптеген оқулықтар, оқу құралдары мен әдістемелік құралдар жазылды.Еңбек жолын ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қыз­меткер ретінде бастап, жоғары оқу орнында тәлімгер ұстаз ретінде жалғастыруы себепті Ш.Құрманбайұлы ең алдымен ғалым, педагог ретінде қалыптасты. Жас ғалым 1999 жылы наурыз айында «Қазақ лексикасының терминдену үрдісі» деген тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғады. 1999 жылдың қыркүйек айында оған жалпы­уни­верситеттік қазақ тілі кафед­расын басқару жүктелді. Ол кафедра оқытушылары сабақ беретін барлық фа­культеттерде оқытылатын негізгі маман­­дықтарға арналған қазақ тілі оқу құралдары мен бағдарламаларын жасау­ды қолға алды. Оның тікелей бастамасымен және ұйымдастыруымен кафедра түрлі мамандықтарға арналған кәсіби қазақ тілі оқулықтарын дайындады, заманауи техникамен, аудио-бейнеқұралдармен жабдықталған «Қазақ тілі» кабинеті мен лингафон кабинеттері ашылды. 2001 жылы наурыз айында ғалымға тіл білімі бойынша профессор ғылыми атағы берілді.Осы жылдың аяғына таман іскер әрі білікті маман ретінде ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Тіл департаментіне жауапты мемлекеттік қызметке шақырылды. Осы кезеңнен бастап, Шәкең Мәдениет ми­нистр­лігіне қарасты Тіл комитетіндегі Қазақсан Рес­публикасындағы тілдерді дамытуға байланысты мемлекеттік іс-шаралардың бел ортасында жүрді. Ол 2002-2006 жылдар аралығында басқарма бастығы, департамент директорының орынбасары, Тіл комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып келді. Бұдан кейін  Шерубай 2006-2007 жылдары Еуразия ұлттық университетінің Жалпы тіл білімі және аударма теориясы кафедрасын басқарды.Одан кейін ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі қызметін атқарды. 2008 жылдың наурызынан қарашасына дейін ҚР Президенті Әкімшілігі Кеңсесінің консультанты болып істеді. 2008 жылғы қараша мен 2009 жылдың тамызы аралығында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының аударма бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Шәкең қай орында қандай қызмет істесе де, үлкен жауапкершілікпен, кәсіби біліктілікпен жұмыс жасады. Мемлекеттік қызметте сатылап өсе отырып мол тәжірибе жинақтады. 2009 жылы ол өзі сонау 1991 жылы алғаш жұмысқа қабылданған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына қайтып оралды. Бұл жолы басшы ретінде, институт директоры ретінде келді. Академиялық институттың жұмысын жандандыра отырып, заман талабына сай қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізді. 2011 жылы шілде айында ол ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 2014 жылдың басында Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне жұмысқа ауысты. 2013 жылғы ақпан айында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Жұмыс бабымен мемлекеттік, қоғамдық қызметтің қай саласында болса да, Шәкең ғылыми зерттемелер жүргізуін ұдайы жалғастырып отырды, ғылым адамы ретінде алғаш жасаған қадамына адал болды. Ол қазақ тілінің лексикология, лексикография, терминография, ономастика, сөз мәдениеті, аударма, әлеуметтік лингвис­тика, оқыту әдістемесі, орфография, орфоэпия мәселелеріне арналған көптеген еңбектер жазып келеді.Мәселен, «Қазақ тіліндегі қысқарған сөздер» (2013), «Қазақ сөздігі» (қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі. Жалпы редакциясын басқарған және құрастырушылардың бірі (2013), «Заңгерлерге арналған қазақ тілі» (Г.Әлімбекпен бірлескен авторлықта., 2008). Қазақ тіл білімінің алуан түрлі саласы бойынша қалам тербесе де, Шәкеңнің ғылыми зерттеулерінің алтын арқауы терминология мәселелері болды.Ол терминтаным мәселелерін зерттеуге арналған «Қазақ лексикасының терминденуі» (1998), «Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік сипаты» (2002), «Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми қағидаттары» (2004), «Алаш және терминтану. ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясы. 1910-1930 жылдар»(2008), «Жаңа атаулар мен жаңа қолданыстар»(2012), «Қазақ терминологиясы: зерттеулер, оқулық, сөздік, биб­лиография»(2014) тәрізді  монографиялық еңбектерді, «Толғаулы тіл» (2014), «Мәртебелі тіл мәселелері» (2014) сынды ғылыми жи­нақтармен «Өсімдіктердің құрылымдық атауларының қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздігі» (1997), «Орысша-қазақша және қазақша-орысша терминдер сөздігі» (1996, Б.Қалиевпен бірлескен авторлықта), «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминдер сөздігі» (2004),  «Терминдер сөздігі (2007), «Терминтану сөздігі» (2009),«Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа атау­лар мен қысқарған сөздер»(2009), «Қоғамдық-саяси ­лексика. Ағыл­шынша-орысша-қазақша сөздік-анық­тамалық. Общественно-политическая лек­сика. Англо-русско-казахский словарь-справочник» (2009, Д.Ембердиевпен бір­­лескен авторлықта) сынды тер­ми­но­ло­гиялық сөздіктердің авторы. Сонымен қатар Шерубай Құрманбайұлының авторлығымен жазылған «Терминқор қалыптастыру көздері мен тер­мин­жасам тәсілдері»(2005), «Терминтану». ЖОО-ға арналған оқу құралы (2006), «Терминтанушы құралы». Сөздік-оқулық (2007), «Терминологиялық әдебиеттердің библио­графиялық көрсеткіші». «Библиографический указатель литературы по терминологии» 1-кітап (2008),«Терминтанушы құралы». Оқулық-сөз­дік (2009, екінші басылым) атты оқулықтар мен оқу құралдары республиканың көптеген жоғары оқу орындарында кеңінен пайдаланылып келеді. Шерубай Құрманбайұлы көп жылдар бойы ҚР Үкіметі жанындағы мемлекеттік тер­ми­нологиялық комиссияның мүшесі әрі хатшысы ретінде терминологиялық жұмыстарды рес­публикалық деңгейде үйлестіруге атсалыс­ты. Терминологиялық комиссияның жұмыс барысын айғақтайтын «Терминологиялық хабаршы» журналының шығуына мұрындық болды. Редактор ретінде журналдың бүкіл қара жұмысын көз алдынан өткізіп, үзіліссіз шығуына жағдай жасады. Терминдердің жүйелі болуын, олардың түрлі деңгейлер бойынша үйлестірілуін, біріздендірілуін қадағалап отырды. Ғалым жақын арада осы мәселе бойынша берген сұхбатында терминдерді біріздендірудің кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын шаруа екендігін баса айтады. «Терминдерді біріздендіру – бірнеше сатыдан тұратын, кезең-кезеңмен жүйелі түрде жүзеге асыруды қажет ететін өте күрделі терминологиялық жұмыстардың бірі. Біріздендіру ең алдымен, бір тар саланың ішінде, одан соң – сол тар саланың өзі кіретін арнаулы сала шеңберінде, одан кейін – салааралық деңгейде, келесі кезекте – тұтастай ұлт тілінің ауқымында, одан әрі – тіларалық деңгейде (мысалы, түркі тілдері арасында), ең соңынан – халықаралық дәрежеде жүзеге асуы тиіс»  дейді.Бұл үшін, ғалымның пікірі бойынша, бірінші кезекте осы мәселемен тұрақты түрде, ұдайы айналысатын мемлекеттік мекеме болуы керек: «терминдерді біріздендіру ісіне атсалысып, салалық терминологияны жетілдіруге, оның сапалы сөздіктерін түзуге үлкен жауапкершілікпен қарайтын, өз ісіне шын берілген маман ғалымдардың  арқасында терминқордың толығып, көптеген сәтті терминдер жасалып, қолданысқа енді.Алайда олар өз саласында, белгілі бір университетте, ғылыми-зерттеу институтында немесе зертханаларда еңбек ететіндіктен, сала мамандарының бәрі бірдей терминдерді республикалық көлемде біріздендіруге тікелей араласып, ықпал етуге мүмкіндіктері жете бермейді. Демек, терминдерді біріздендірумен кәсіби дайындығы бар, тәжірибелі мамандар шоғырланған тұ­рақты құрылым айналысқанда ғана іс нәтижелі болмақ. Олай етпесек, терминдер қолданысындағы жарыспалылық пен сәтсіз жасалған терминдердің қолданысқа еніп кетуінен жуық арада арыла алмаймыз». Әрине, ғалымның бұл айтқаны жөн. Дұрыс айтады. Терминология саласында дербес жұмыс жасайтын мемлекеттік құрылым қажет-ақ. Шерубай ұлт мүддесі үшін, болашақ үшін атқарылуы қажетті істерде бөгет болатын, кедергі келтіретін заң баптарын жаңалауды ұсынады. Мәселен, ол«Тіл туралы» Заң жөнінде өзінің азаматтық ұстанымын ашық білдіреді:  «Мемлекет­тік тіл туралы» жеке Заң қабылдап, онда әр бапты тайға таңба басқандай айқын да анық жазсақ, тілдік заңнамамыз жақсарар еді. Мемлекеттік тілді, өзінің ана тілін заңмен мәжбүрлемесе, үйренгісі келмейтіндердің бетін бері қарату үшін де мұндай заң қажет-ақ. Тіл – ұлттың жаны. Тілінен айырылу ұлт үшін жанын қиюмен бірдей»  дейді. Оны ерекше толғанысқа түсіретін мәселелердің бірі – қазақтың өз баласын өз ана тілінде оқытпай отырғандығы. Жас ұрпақтың жайын, ұлттың келешегін ойлаған жан дәл мұндай қадамға бармауы қажет еді. Шерубай бұл тұрғыдан өзінің ренішін жасырмай айтады: «Қазақ балаларын қазақша оқыту мәселесі – ұлтымыздың, тіліміздің болашағы үшін ең маңызды, ең басты мәселе. Біз бәрін осыдан бастауымыз керек. ...Біз ересек адамдардан гөрі балабақша мен мектепке баса мән беруіміз керек. Ересек адамға қарағанда балалардың, жастардың тілді тез меңгеретіндігі баяғыдан белгілі. Жас буынды қазақша тәрбиелеп, қазақша оқытсақ ұтарымыз анық. ...Қанша тілді білсе де, қандай мамандық иесі болса да ұрпағымыз ана тілін жетік біліп, қазақжанды болмаса, қайтіп ұлт боламыз?! Әке баласын, қазақтың жанын қазақ қалай түсінеді?!». Шәкең терминология мәселелерін жал­пытүр­кілік, түркіаралық деңгейлерде шешу ісіне де өз үлесін қосып отырды. Осы бағытта, бір жағынан, «Түркі терминологиясы: қазіргі жай-күйі және бола­шағы» атты халықаралық ғылыми жобаға жетекшілік еткен болса, екінші жағынан, 2011жылы Астанада Түрік Тіл қоғамы мен Түркия Ақпараттық технологиялар қорымен бірлесіп «Түркітілдес елдердің терминқор қалыптастыру тәжірибесі» тәрізді халықаралық ғылыми-практи­калық конференцияларды ұйымдастырып, ортақ түркі терминқорын молайту, біріздендіру мәселелерімен айналысты. Қазақ тіл білімінің күретамыр мәселелері бойынша 300-ге жуық еңбек жариялап, 30-ға тарта кітап жазған ғалым шәкірт тәрбиелеу ісіне де айтарлықтай үлес қосты. Ғалымның кеңес­шілігімен 1 ғылым докторы, ғылыми жетек­шілік етуімен 8 ғылым кандидаты даярланды. Бүгінгі күні ердің жасы елуге келіп отырған Шерубай Құрманбайұлының отандық тіл білімін дамыту жолында жасаған еңбегінің бір парасы осындай. Қашанда тыным таппай ізденіс үстінде жүретін зерделі зерттеушінің алдағы кезеңде жасайтын жұмыстары бұдан да қомақты болатынына кәміл сенеміз. Үлкен ғылымның жолына түскен ғалымның жұлдызы әрдайым жо­ғары болсын деп тілейміз.

Мырзаберген Малбақұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы  Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

6507 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы