• Мәдениет
  • 19 Желтоқсан, 2014

Әрекеттің адамы

Американ жазушысы Чарльз Буковски айтпақшы, «Өмір сүрудің өзі ауыр еңбек». Жарым-­жартылай су құйылған стақанға екі адамның екі түрлі қарайтыны сияқты, Жаратқанның жарығына да әркім әртүрлі ракурстан қарайды. Өмірді тұзақ сияқты қабылдауға болады. Сен адымдап аттаған сайын, аяғыңнан шалады, жолыңды бөгейді, қолыңды байлайды. Немесе өмірге орайлар тізбегі деп қарауға болады. Сәт сайын, секунд сайын сенің алдыңда шексіз мүмкіндіктер ашылады,  өміріңді жақсартудың, ойдағыңды іске асырудың орайы келіп жатады. Көпшілігіміз оны пайдалана бермейміз. Талғат Теменовтің артықшылығы – ол жақсы біледі, «орайы келіп тұрғанда мүмкіндікті пайдаланбау ­ өзіңе, өміріңе жасалған ең үлкен қастандық». Әр минут сайын адамның тағдыры шешіліп жатады, әр минут сайын біздің өз тағдырымызды өзгертуге мүмкіндігіміз бар. Және сол мүмкіндікті қалай да пайдалану керек. Оның өмірі мен өнерінен басқаны қайдам, бірақ осы ұстанымды үйренуге болады. Бәрі неден басталып еді. Шелектің маңындағы Малыбай ауылынан философ боламын деп армандап келген бала, ҚазМУ-­дегі емтиханнан «үштік» алып, тауы шағылып тұрған. Сол кезде Алматының ақ жауыны құя кетсін. Ағараңдаған ғимараттың қанатына барып тығыла қалғанда «сұлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда», бір шоғырды көреді. Олар сондай қуанышты, сондай албырт, шетінен перизат болып көрінген. Сөйтіп, жауын қойғанда елеусіз тұрған қара бала жаңағы шоғырдың ізінен ілесе береді. Ал оларлың бәрі Консерваторияда актерлік факультеттің қабылдау емтиханына барады  екен. Кезек бұған келгенде, «Өлең оқы» дейді, кейін өзіне ұстаз болған әйгілі режиссер Асқар Тоқпанов. Бұл сасқанынан өзі шығарған үш шумақ өлеңді оқып болады да... «Авторы Тайыр Жароков» дей салады. Осы батылдық дегеніне жеткізді. Ол ойламаған жерден консерваторияға түсті. Басқа біреу болса, сол жерде «өлең білмеймін» деп шынын айтар ма еді. Одан кейінгі тағдыры қалай болар еді... бірақ бала Талғат сол кезде­-ақ өмір ұсынған кез келген билетті суыру керек деп түйсінді. Жігерді жұдырыққа түйіп, алға ұмтылмасаң, сені сүріндіруге дайын тұратындар онсыз да табылады. Әлқисса, Теменовтің актерлік жолы солай басталған. Курстан кейін Талдықорған театрында актер, әрі аздап әңгіме, повесть жазатыны бар ­ әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып жүргенде ол Шукшин биігін аңсайтынды шығарды.  Яғни актер ғана емес, өнердің биігі режиссерлікті де бағындырып көргісі келді. Сол арманның жетегінде іштей дайындалып жүріп, бір күні ВГИК­-тен, әйгілі Сергей Соловьевтің курсынан бір­ақ шықты. Сонда оның әріптестері таңғалған. Өйткені облыстық театрдың актерлері, ондай биіктер туралы армандауға да жүрексінетін еді ғой. Армандау керек еді. Не керек, Талғат түсірген алғашқы қысқаметражды фильм «Торо» Киевтегі кинофестивальде «Үздік режжиссура», «Үздік сценарий», «Үздік ер адам рөлі» сияқты үш бірдей жүлдені жеңіп алды. «Бір­ақ күнде атақты болып оянған» Теменов «Қазақфильмге» қабылданады. Осы кезде оның өміріндегі тағы бір маңызды оқиға болды. Киностудияның жатақханасында тұрып жатқанда бір күні оны телефонға шақырады. Мәскеуде Роллан Быков «Юность» шығармашылық бірлестігін құрып жатқан кез. «Сәлеметсіз бе, Роллан Быкович!» дейді телефон тұтқасын көтерген ол. «Біріншіден, Роллан Антонович» дейді арғы жақтағы сабырлы дауыс. «Ертең кешкі төртте маған картинаңды көрсете аласың ба?». «Иә!». Осы жерден аялдайықшы. Жағдайды сараптап, ақылға салып сөйлейтін басқа адам, бәлкім, кідіріп қалатын еді. Ол –  Алматыда, Быков – Мәскеуде. Ұшаққа билеттердің апта бұрын сатылып кеткені айдан анық. Бірақ ол «иә» деді. Өйткені бұл өмірде адамға бір­ақ рет берілетін мүмкіндік еді. Оны пайдаланбаған болса, Теменовтің өзі ертесіне әуежайдағы тіркеуші қызға айтқанындай, «ешқашан режиссер бола алмай, ішіп кетер» ме еді... Ол мүмкіндікті пайдаланды. Мәскеуге бір күнде ұшып кету мүмкін емес еді. Ол кетті. «Роллан Быкович» қаланың өзінде емес, Болышеводағы кинематографистердің шығармашылық үйінде еді. Соңғы электричкаға үлгеріп, «Торосын» арқалап, сонда жетті. Никита Михалков, Глеб Панфилов, Эльдар Ряза­нов, Элем Климов, Григорий Чухрай… Оның киносын кеңес киносының барлық жұлдыздары көрді, көрді де шапалақ соқты. «Менің өмірімдегі ең үлкен кинематографистік марапат сол болды» дейді кейін Т.Теменов. Не керек, ол шығармашылық бірлес­тікке қабылданып, тұңғыш толықметражды жұмысы «Адамдар арасындағы бөлтірікті» түсірді. Франкфурттағы фестивальде Гран При, Италияда күміс жүлде, Португалия­да арнайы жүлде... «Советский экран» басылымы көлдей мақала жазды, «Жас режиссер Талғат Теменов экрандағы жануар ­ адам мен табиғат арақатынасының айнасы ғана емес,  адамның жан дүниесіне үңілудің таптырмайтын тәсілі екенін көрсетті» деген еді сыншылар. Расында, «Мосфильмде»  түсірілген «Бөлтірік» қай кезде де, кімнің алдында да көрсетуге ұялмайтын сәтті картина болып шықты. Образдарының айшықтығы, оқиғаның тереңдігі, пәлсапалық түйіндері бір бөлек әңгіме. Бұл 1989 жыл, Талғаттың Желтоқсан оқиғасына іші қыз­-қыз қайнап жүрген кезі. Ол заманда бұл тақырыпқа кино түсіру туралы ойлаудың өзі мүмкін емес еді. Бірақ ол халықтар достығы туралы, «орыс кемпір мен қазақ баласының түсіністігі туралы» деп жүріп, цензурадан саңылау тауып өтті. Орыс кемпірдің рөліне атақты Нонна Мордюкованы көндірді, сол кездегі Республикалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы И.Тасмағамбетовтің көмегімен Мәскеуден КГБ-­нің құпия кадрларын алдырып, фильмге пайдаланды. «Қазір әр жерде көрсетіліп жүрген Желтоқсан оқиғасының деректі кадрлары, сол кезде «Қызғышқұстың» сақтап қалған материалдары. Сол өліара шақта оларды біз экранға шығармасақ, әлі күнге дейін құпия күйінде жатар ма еді» дейді режиссердің өзі. Сол кездегі ең басты мақсат халықтың жанға батқан жарасын экраннан көрсету еді. Айтпақшы, қазақтың қос азаматы Иманғали Тасмағамбетов пен Талғат Теменовтің достығы да осы негізден, елге қызмет етуге даярлықтан, және болса, қазақта болсын деген, туған ұлтына деген сүйіспеншіліктен бастау алса керек. Кейін «Көшпенділер» түсірілетін кезде де Тасмағамбетов: «Осы кино сәтті шықса, сені елдің ең соңында құттықтайды, егер сәтсіз шықса, жұдырықтың бәрі саған тиеді» дейді. Расында да, солай болып шықты. «Мен картина халықаралық резонанс тудырса дедім, сондықтан Рус­там Ибрагимбековты шақыртқан өзім едім. Бастан-­аяқ картина менің қолымда болмағаны бәріне мәлім. Өз басым кейін «Рэкетирге» түскен Саят Исембаевты Мансұрдың рөлінде көргім келіп еді, бірақ басқасын былай қойғанда, актерлерді бекітуде ерікті маған берген жоқ. Ең соңында, фильм түсіреді деп үміттенген көкелеріміз кетіп қалғанда, қолдағы бар дүниемен киноны түсіру менің мойнымда қалды. Қалай болғанда да, мен «Көшпенділерді» түсіргенім үшін өкінбеймін» дейді режиссер. Кинематографистердің өздері біледі, сол фильмнің арқасында «Қазақфильм» техникалық тұрғыда жаңарып қалды. Теменов қай жерде жүрсе де, мұзжарғыш сияқты әрекет етеді. Ол үшін «болмайды, қаражат жоқ, қиын» деген сөз жүрмейді. Өйткені ол рефлексияның емес, әрекеттің адамы. Мысалы, «Көшпенділерге» дейін Өнер академия­сыда ректор болған жылдары бұрын Қазақстанда оқытылмаған он шақты мамандық ашты. Ғ.Мүсірепов теат­рына басшылыққа келгенде оны түгелдей жөндеуден өткізді, актерлерді жатақханаға орналастырды, театрды бірнеше мемлекетке гастрольге апарды. Қ.Қуанышбаев театрына келе салып, жаңа ғимараттың салынуына мұрындық болып жүр, театрдың бюджетін көбейтті. Бізге  ұнаса да, ұнамаса да, елімізде талантты адамның тағдыры биліктің қолында болып тұр. Бұл жағдайда, өкінішке қарай, шенеуніктердің «шәпкісін шыр айналдыра алмайтын» адам дегеніне жете алмайды. Т.Теменовтің кейбіреулер жақтырмайтын ұр да жық мінезі осындайда пайдалы болып шығады. Ол тұтығып сөйлеп кеп бергенде сөзінің ойына ілесе алмай жатқанын байқайсыз. Керек деп тапса күлмесханды күлдіріп, шығайбайдың өзін Алдардан бетер шыр айналдырады. Оның шығармаларында музыкалық қатардың дәлдігін айрықша атап айтуға болады. Оны жүректі шымырлатар нәзік сезімдерді берудің шебері деуге болады. «Махаббат бекетінен» бастап, кешегі «Менің күнәлі періштем» фильміне дейін немесе театрдағы «Бұлбұлдар түні», «Көгілдір такси», «Қызыл орамалды шынарым», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Карменсита», «Ай Қарагөз» сияқты кез келген туындысын қарасаңыз, экрандағы не сахнадағы оқиға көрермен көңіліндегі әлдебір құпиялы пернелерді шым-­шым еткізіп басып жатады. Айтпақшы, «тырнағының ұшына дейін киношник» болған адамның театрға келуінің өзі қызық. Алғаш театрды басқаруға ұсыныс түскенде оның тәуекелге бел буғаны да дұрыс шешім болғанын уақыт көрсетті. Қазірге дейін он беске жуық қойылым сахналады, олардың ішінде өзі жазған пьесалардан бастап, орыс, әлем драматургтарының шығармалары және қазақ драматургиясының классикасы, М.Әуезовтің  «Қарагөзі» бар. Оның театрдағы ізденістері, бейнелеу құралдарын пайдалануы өзінше бір зерттеуді қажет ететін тақырып. теменов Платон айтатын ба еді, «Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды». Теменов кейде «ыңғайсыз» адам болуы мүмкін. Өйткені ойын іркіп қалмайды, бар күйінде лақылдатып төге салады. Және ойға алған ісін жасамай қоймайды. Ешкімге және ештеңеге, ешқандай кедергіге қарамастан. Оның осы өмірге құштарлығы, қашан көрсең қайнап жатқан шығармашылығы, қандай кедергіде де мұқалмайтын күш­жігері, тәуекелге баруға қорықпайтын батылдығы ­ үйренуге тұратын қасиеттер. Өнерге, тіпті әсіресе өнерге сондай мұзжарғыш тұлғалар керек. Бізде өнер адамдарын бір­-бірімен салыстырғанды, бәрін бір қалыпқа салып қоюды қалап тұрады ғой. Шығармашылық адамын біреумен салыстырып, біреуден жоғары не төмен қоюдың қажеті шамалы, оның аты мақталғанда қызғанудың қажеті жоқ. Өйткені әркімнің өзіне тиесілі орны бар. «Алуан-­алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады». Өнер деген дарқан кеңістік. Оған бәрі де сыяды. Бүгінгі алпыс жасына Т.Теменов елеулі шығармашылық жетістіктерімен жетті, бүгінгі қазақ өнерінің кеңістігінде өзіне ғана тән қолтаңбасымен, өзіне ғана тән орнын иеленіп тұр деуге әбден болады.

А.Мейрамбек

4108 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы