• Білім және ғылым
  • 14 Қаңтар, 2015

Америкалықтар сөз қадірін біледі

Анар Салқынбай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Материктердің арасын мұхиттар әрі бөліп, әрі байланыс­тырып жатады екен... Әңгіме мұхиттың мінезін, қасиетін, келбетін, жалпы болмысын қалай қабылдауда, түсінуде және соған қарай бағалауда жатыр...

Америкалық ғалымның кісілігі мен кішілігі

Халықаралық «Болашақ» бағдарла­масының грантымен АҚШ-тың Вис­консин-Мадисон университетінде бір жылдық тағылымдамадан өтудің мүмкіндігі туды. ТМД елдерінің ішінде мұндай бағдарлама арқылы жастарын оқытып, жасамыстарын тағылым алуға жіберіп жатқан ел – Қазақстан екенін америкалық ғалымдар да жоғары бағалапты. Біздің, ҚазҰУ профессорларының  АҚШ университетіне баруымызға, ғылыми кітапханасында тегін жұмыс істеуімізге, дәрістерге ақысыз кіруімізге мүмкіндік туғызған осы университет профессоры, атақты түркітанушы ғалым Юлай Шамилоғлы екенін айта кеткенім жөн. Нью-Йоркте туып-өскен америкалық Юлай Шамилоғлының Қазақ елімен терең байланысы бар екенін, қазақ тілін жақсы білетінін, түркі мәдениеті мен әдебиетін, тарихы мен дінін, ділін терең меңгергенін, күрделі ғылыми зерттеулер жазғанын айтпағанның өзінде, оның кісілігі мен кішіпейілділігі, адамгершілігі мен адалдығы, тектілігі мен табандылығы, түркілік мәдениетті алыс Америкада барынша таза сақтауға деген ұмтылысы көңілімізге ерекше жылылық ұялатты. Біздің ірілі-ұсақты таусылып бітпейтін шаруаларымызды тындырып беріп, әрі істегенін ешқашан міндет етпейтін мұндай зиялылық бұл азаматтың тегінен болар деп ойладым. Ал сол жерде туып, өсіп келе жатқан профессордың өз балаларының да түркі тілдерінде еркін сөйлетінін көріп таңдандық, таңырқадық, риза болдық. Өз балаларымызға деген талабымызды күшейте түсу керек болар деген ойға келдік...

Адамдардың айырмасы мен ерекшелігі – тілде ғана...

Балам екеуміз Мадисон қаласын аралап, танысуға шықтық. Біраз жүрген соң, жан-жағына таңырқай қарап келе жатқан балам, «Анашым, мына жер де, аспан да, күн де, ағаштар мен олардың жапырақтары да, құстар да, үйлер де бәрі-бәрі біздегідей» демесі бар ма?! Шынында да, солай. Алла жаратқан табиғат – ортақ, ұқсас. Ұқсамайтын тіліміз ғана. Адамдардың бір-бірінен айырмасы олардың түрінде, мінезінде, кескін-келбетінде емес. Негізгі айыр­машылық – тілде ғана! Ал тіл – түсіністік кепілі. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше». Қарапайым­ды­лығымен ақылдыны мойындататын, бәзбіреулер «мән бермейтін» (мүмкін мән бергісі келмейтін) мұндай сөздер көп-ау, шіркін, біздің қасиетті қазақ тілінде! Пауло Коэльо «Алхимик» повесінің алғы сөзінде: «Я открыл Свою Стезю и Знаки Бога — истины, которые мой интеллект прежде отказывался принимать из-за их простоты. Я узнал, что задача достичь Великого Творения стоит не перед немногими избранными, а перед всеми, кто населяет Землю!» деп жазыпты. Тілдің қасиеті, сөздің күші ерекше! Сөз де адам баласының арасын дәл мұхит сияқты әрі бөліп, әрі байланыс­тырып жатады. Мәселе, сөздің мәнін, мағынасын, қасиетін, болмысын, қалай қабылдауда, түсінуде, бағалауда... бұл бүкіл ғылымның ішіндегі ең күрделісі. Кез келген ғылымда қалыптасқан ортақ метатіл бар. Мәселен, математика ғылымы үшін ұлттық тіл жоқ, тек математиканың заңдылықтары мен оны белгілейтін ортақ метатіл бар. Ал тілде бәрі басқаша. Әр тілдің өзіндік сөйлеу мәнері, сөз мағынасының өзіндік оралымдары, өзіндік қалыптасуы, даму болмысы, бағыттары бар. Сөздің байыбына бару үшін осыны аңғару қажет болады. Адам баласы үшін оның ең басты тірегі, тұғыры – тіл. Тек тіл арқылы ғана адам баласы бір-бірімен түсінісіп, қоғамдасып, қауымдаса алады.

Сөзді қадірлей білетін халық

Әр жердің өзіндік ерекшелігі болатыны белгілі. Біз келген Мадисонның да өзіндік ерекшелігі ол тыныштығы, жайлылығы. Көшелерде көлік аз, елеңдесе де, жүргіншілерден аса қорқа қоймайтын қояндар көп-ақ, ағаш сайын секеңдеген тиіндер. Суда үйректер көп. Көл иесіміз дегендей мамыра-жай қалыпта көлбеңдей жүзеді. Жарасымды-ақ. Олар көлдегі тыныштықты сақтап, бейбіт өмірдің жайлылығын паш еткендей. Ал америкалықтар қазақтың «Сәлем – сөздің анасы» дегенді іс жүзінде нақты іске асырған екен. Кездескен кісі танысын, танымасын «hi», «hello» деп күле сәлемдеседі. Сіз де сәлемдесе кетесіз, жақындық, жылылық сезініп, кәдімгідей жеңілдеп қаласыз. Бұған үйреніп алған соң, елге келген бетте біраз  ыңғайсыздық сезіндік. Адам баласының ғұмыры сөзбен өріледі, өмір бойы сөйлейді, ойын сөзбен жеткізеді. Кейде үнсіз армандайды, қиялдайды, ойланады, толғанады. Өзімен өзі сырласады, жүрек үнін тыңдайды, толқиды...Сөзсіз адамның күні бар ма?! Сөйлеу соншалықты табиғи болғандықтан оны бірде бағалаймыз, көбіне бағаламаймыз. «Ауыз өзімдікі» деп, сөзді қойыртпақтап, «дөп тигізбей» қалып жататынымыз тағы бар. Алла адам баласына тілді берген соң, кім қалай сөйлейді, өз еркінде. Дүниенің бәрі сатылып, құны белгіленіп қойған заманда, сөз құнсыз болып қалды, содан ба, «сөзге сену», «сөзінде тұру» деген күн тәртібінен түскелі қашан. Бірауыз сөзден бір жапырақ қағаз сенімді болып, ата дәстүрінен келе жатқан «сөз беру», «серт беру» деген ұғымдар ескінің көзіндей болып, кейде көшке ілескен тайлақтай күйкі күйге түсіп, кейде анда-санда ғана жайсаңдардың аузында қылаң береді. «Айтқан сөзден таймау», «сөзбен берілген серттен таймау», «сөзбен ойнамау», «жалған сөйлемеу» деген заңмен әдіптелмеген. Баяғы әдет заңының сиясы кеуіп құрғаған, ұмытылған, ал жаңа заманның өз әдеті мен әдебі бар.  Мұнда бұрыс сөзге сот жоқ, сот болмаса тыю жоқ. Содан да сөзден, сөздің киесінен қорқу ұмытылып барады. Осылайша сөзден қадір қашып, киесі кетіп баратқандай. «Қазақ тілінде ойды нақты жеткізе алмайсың, көп сөз қажет, толған метафора мен фраза, орысша бір сөзбен жеткізетін ойды, қазақша он сөзбен жеткізу керек болады» дегенді естіп, кейде «кінәлідей» болып жүретініміз тағы да рас. Ал америкалықтар сөзге сенеді. Сөздің бағасын біледі, қадірлейді. Мәселен, америкалық сізге көлік сатар болса, оған құжат толтырып, нотариус жағаламайды, қолхат жазып, қол қойса, сол заңды саналады, сенеді. Бізге ғылыми пікір жазған, пікір айтқан кісілердің қойған қолына сенбей, ресми орындардың мөр талап еткенін, ал америкалықтарда мөр емес, сөз бағалы.

Көркем әдебиет оқымаймыз ба, оқыта алмаймыз ба?

Балам барған «RANDALL» мек­тебінде кітап оқытудың өзіндік жүйесі бар екен. Мұғалім екі аптада бір рет барлық оқушыларды кітапханаға ертіп барып, екі-үш кітап алдыртады, әрі оған арнайы уақыт бөлінеді. Содан соң әр баланың қолына бір аптаға арналған есеп парақшасы үлестіріледі. Аптада бала тоқсан минут кітап оқуы керек те, оқылғанын растап ата-анасы қол қойып беруі қажет. Осы жолмен оқушы аптада бір-екі кітап оқиды, қызығады, дағдыланады. Ал бізде бала кітап оқымай ма, әлде оқытуға үйрете алмай, оқудың жолдарын көрсетіп, мүмкіндік жасай алмай жатырмыз ба деген ой мазалайды. Мектеп кітапханасына апарып, кітап алдыртып, оқығанымызды қадаға­лап жүретін өзімнің мұғалім­дерім көз алдыма келді... Оқулық жазуда қандай бағыт ұстау мақұл...

Тіл – тілдік таңбалар қоймасы

Алайда тілді абстрактілі граммати­калық жүйе ретінде қабылдап, оны қазіргі оқулықтарымыздағы сияқты топтап, таптастырып, есімі мен етістігіне бөліп, атауыш сөздері мен көмекші сөздеріне ажыратып, жанында жүретін грамматикалық көрсеткіштері саналатын жалғаулары мен жұрнақтарын бөліп алып, оларды тағы да іштей жіктеп, сөз тіркестері мен күрделі сөздерді де бөлек бөліп, сөйлемді  мүшелеп қойсақ, оның еш қуаты да, қасиеті де көрінбейді. Біз студент болып жүргенде әдебиетші-ғалым Сейділдә Ордалиев тілді зерттеп жүрген ғалымдарды «ыңқыра, іңкірәмен» (айтыңқыра, жүріңкіре сияқты) айналысатындар деп ұнатыңқырамай отыратын. Онысын көп түсіне бермейтінбіз. Ойлана отырып зерделесек, шынында да, тілдің тек формальді жағын ғана айқындап, жіктеп, бөліп оқыту сөз мағынасын, мәнін анықтауға мүмкіндік бермейтіні рас. Біздің оқулықтарымыздың кемшілігі де осында. Грамматист маман ретінде мен мұны жақсы білемін. Бай­қап қараңызшы, қазақ тілі оқулықтарында тұлғаларды бөлуден, ажыратудан басқа біз не жасадық? Ды­быстарды бөлдік, оның ішінде дауыстыны алтыға, дауыссызды алдымен үшке, кейін тоғызға бөлдік; сөздерді тоғыз, кейін он сөз табына бөлдік, сөз тіркестерін беске, сөйлемді сөйлем мүшелеріне, т.б. бөлдік. Осылай жалғаса береді. Бұл құрылымдық грамматиканың жемісі. Керек пе? Керек. Оған сөз жоқ. Тілдік құрылымды жүйеледік. Қыздың жиған жүгіндей етіп, бөліп-бөліп жинадық, көз алдымызда тұр. Бірақ бұл грамматикалық құрылымда күш, қуат, сезім жоқ. Еш ақпарат бере алмайды. Ол сөйлемейді, сөйлей алмайды, сөйлете де алмайды. Өйткені олар бөлек-бөлек тұр ғой. Осы жүйемен оқушыларды оқытып келе жатырмыз да, біздің балалар шешен сөйлемейді, олар лебізде мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді, тұрақты тіркесті қоспайды дейміз. Ал мақал-мәтел ше? Оларды да үйретеміз. Мақал-мәтелді жаттатамыз, мектепте, үйде, университетте. Алайда мақалдатып, тұрақты тіркестермен термелеп сөйлейтіндер  көп пе? Бұл кеңестік кезеңдегі фор­маль­ді грамматиканың жемісі. Неміс лингвисі Август Шлейхер (1821-1868) «тіл – тірі организм» деп атап, оны биологиялық құбылыстардың қатарына жатқызып, тіл ғылымын жаратылыстану ғылымдарының қатарына қосты деп, оны сынадық, қате түсінік деп қабылдадық. Сөйтіп, тіл білімін қоғамдық ғылымдар қатарына қосып қойдық. Мәселе бұл жерде тіл ғылымының қай ғылым қатарына жатуында емес, (оны әл-Фараби бабамыз ғылымдар жүйесінде логиканың алдына бірінші орынға қойған, одан асып жүйе жасаған ғалым аз), мәселе сөздің құрылыс ішінде қамалып оқытылуы мен оны он-он бес жыл оқып-біліп шыққан ұрпақтың сауатсыздығында, әдеби тілде көсіліп сөйлей алмағанында, сөйлете алмағанымызда. Себебі сөз өзінің бас­ты қасиеті, күші саналатын лебізден бөлініп қалды. Тілді құрылымдарға жіктеу арқылы, оны пропозициядан бөліп алдық. Яғни мағына арқылы берілетін мән ескерілмеді. Сөздің бас­ты қызметі – лебізде ақпарат беру, ақпараттың ішкі мәнін түсіну десек, оларды бөліп, жіктеп емес, керісінше, сөздер мен сөзтұлғалардың басын қосып, лебіздегі мәнін үйрету қажет еді. Қазіргі ағылшын тілі грамматикалық құрылымды оқытпай-ақ, яғни зат есім, етістікке, жалғау мен жұрнаққа бөлмей, лебіздегі мәнді оқытып, дүниенің бәріне таратылып отыр. Август Шлейхер айтқандай, тірі тілді бөлмей, тірі тілді сол қалпында бағалай оқыту арқылы жетістікке жеткен.

Баланы «үзіндімен» үздіктірмесек...

Мектепке арналған қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқулықтары және  хрестоматияларда романнан үзінді беріп, тіпті өлеңдерді «үзіп-жұлып» беріп жатамыз. Тегінде, үзінді беріп үздіктірмей-ақ, шығармашылығынан сыр тарту үшін шағын әңгімелерін, өлеңдерін толық беру мақұл ма деймін. Әсіресе, қазақ тілі оқулығын жазушылар тілдік тұлғаға сәйкес келтіру үшін мысал қуып, Абайдың бір өлеңін он бөліп, әр жерінен бір «үзіп» беріп жатады. Мәтінді беру сән үшін немесе бет толтыру үшін емес, мән үшін, сөз арқылы берілетін ойды түсіндіру, ойланту үшін болса керек. Аз үзіндіде ой үзіледі, үзік ой өзінің бүтіндігінен айырылып, жарым-жартылай болып қалады да, оқушысын ойланта алмайды, қызықтырмайды. Бүгінгі көркем әдебиет оқитындар санының соншалықты күрт азаюының бір себебі үзінділерде бүтін бітімінен ажырап, толық ойынан үзіліп қалған шығармаларды хрестоматияларда көп оқытып, ажарын тайдырдық па, кім білсін. Яки, теорияда жасалған тұжырымдарымыз үнемі тәжірибеде қолданылмай, қолданысқа жетпей жататыны кім-кімге де жаңалық емес. Мәтіннің басты қасиеті де, ондағы мәннің танылуы, түсінілуі де – ең алдымен, бүтіндікке келіп тіреледі. Лебіздік бірлік ретіндегі мәтіннің басты ерекшелігі де – бүтіндігі. Демек, оның негізгі ерекшелігінен – бүтіндігінен айы­рып, логикалық құрылымына нұс­қан келтіріп, құрылымдық-семантикалық параметрлерін өзгертіп, жа­рымжан мәтінді оқырманға ұсыну – қателік. ХХ ғасырдың басындағы, орта­сын­­дағы тіл білімі ғалымдары мәтін­дерді қалай пайдаланғандығына, дағдыландыру жұмыстарына қандай мәтіндерді ұсынғанына ерекше назар аударып, сабақ алар уақыт келгендей. Басқаны былай қойғанда, Ахмет Байтұрсынұлының, Сәрсен Аманжоловтың дағдыландыруға берген жаттығулары мен мәтіндерінің ерекшелігіне көңіл бөлу ғана емес, олардан үйренетін де уақыт жетті.

Өз қолыңызбен егілген баққа барғыңыз келе ме?

Кешке қарай Мадисондағы еркін баққа барамыз. Өздері обсерватория деп атайды екен. Аумағы шамалы ғана жер болғанымен, студенттер үшін, әсіресе биология мамандары үшін, студенттер үшін таптырмайтын жаңалық. Әркімге аздаған жер бөлініп берілген, соған өздері егін егеді, күтіп баптайды, аттарын тасқа қашап, ағашқа кертіп жазып қояды. Сан алуан, ішкі гармонияға негізделген бақ көздің жауын алып, көңіл көншітеді. Жақсы  саябаққа айналған. Бастысы, ішіндегі егілген өсімдіктер мен гүлдер әрқилы, әртүрлі нақышта, өзіндік өрнекте, алайда барлығы жиналып келіп, өсімдік әлемі атты жиынтықты құрап, өзіндік ішкі гармониясы бар сұлулыққа айналған. Көз алдыма ҚазМУ-дың ұлан-ғайыр бос жатқан жері елестеді. Шағын жерді ғана қоршап, осындай бақ жасауға болады екен. Бәрі табиғи қалыпта.

Футболдың жанкүйері болуда алдына жан салмайтын мадисондықтар-ау деп қалдым...

Көшеге шыққанда бүгін мереке болар деп ойлайсыз. Мадисон халқы өздерінің қып-қызыл жейделерін киіп алып жүгіріп бара жатады. Бұл мереке емес, апта сайын болатын футбол ойыны. Халық түгел қызыл киімдерін киіп (спортшылар киіміне ұқсас), стадионға асығады. Біз ойлайтындай, тек жас­тар емес, ішінде жасы да, жасамысы да, әйелі де, еркегі де бар. Бүкіл қала көшеде дерсің. Бір түсте. Бұл – футбол жанкүйерлері. Сыйғаны – стадион ішінде, сыймағаны – сыртта қалып «party» жасап, ойыншыларға жанкүйер болып, тілекші болатынын сездіреді. Материктердің арасын мұхиттар әрі бөліп, әрі байланыстырып жатады екен... Әңгіме мұхиттың мінезін, қасиетін, келбетін, жалпы болмысын қалай қабылдауда, түсінуде және соған қарай бағалауда жатыр...

7322 рет

көрсетілді

202

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы