• Мәдениет
  • 19 Ақпан, 2015

Қазақ өмірі қызықтырған...

Қазақ халқының ұлттық болмысын, салт-дәстүрі мен тыныс-тіршілігін зерттеп, оны өзіндік қырымен танытуды мақсат еткен суретшілер аз емес. Орыс суретшісі Валерий ­Всевоволодович Каптеревті осындай қылқалам шеберлерінің қатарына жатқызуға болады. ҚР Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде «Алматы Барбизонының негізін салушы» атты суретшінің 115 жылдығына арналған көрме ашылды. Бұл суретшінің қазақ жеріндегі 70 жылдан кейін өткізіліп отырған екінші көрмесі. 

В кочевке

Барбизон қылқалам әлеміне ХІХ ғасырдың екінші жартысында келген пейзажды рухтандырып, адамдардың күнделікті тіршілігі мен табиғат арасындағы рухани байланыс­ты жеткізуге ұмтылған пейзаждық бағыт. Ал В.Каптерев ең алғаш Алматы барбизон мектебінің негізін қалады. Расында, В.Каптеревтің бұл бағытқа келуінің өзі кездейсоқ емес. Қазақтың кең-байтақ жазиралы даласы, нулы орманы, дала мәдениетімен біте қайнаған әдет-ғұрыптары – осының барлығы суретші шығармашылығына еркіндік сыйлады. В.Каптерев Қазақ еліне алғаш Торғай экспедициясымен келіп, сол сәттен халықтың қонақжайлығы мен жергілікті жердің табиғатының сұлулылығына тамсанған екен. 1920 жылдары «Үйлесім және ырғақ», «Кескіндемешілер цехы», «Тұрмыс», «Жас суретшілер қоғамы» сынды бірлестіктердің жұмысына белсене араласты. Ол үнемі кескіндеменің жаңа тәсілдерін іздеумен болды. Әуелі Балқаш жағалауынан бастап, Петропавл, Ақмола, Қарқаралы, Семей, Түркістан қалаларын аралаған суретші әр елді мекеннің көз тартар табиғаты мен қарапайым халықтың өмірін мейлінше шынайы бейнелеуді тырысқанын ұғынуға болады. Осылайша он жылдан астам уақытын қазақ жерінде өткізген В.Каптерев, тіпті жергілікті тұрғындармен бірге көшіп-қонып жүрді, түрлі ғылыми экс­педицияларға қатысты. Мұндағы бас­ты мақсат – шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ халқының өмірін қылқалам арқылы таныту. Қай туындысын алып қарасаңыз да, көз алдыңызға көшпелі қазақтың тұрмысы келеді. Қазақ әйелдерінің портреттері, бүркіт ұстаған аңшы, мақта көтерген қазақ әйелінің бейнесі, барлығы этюд түрінде болса да, түпкі бір философиялық мағынасы терең аяқталған шығармадай әсер береді. Бұл да суретшінің өзгелерге ұқсамайтын даралығын көрсетсе керек. Әсіресе, графикалық суреттің түріне жатқызылатын монотипияларын нағыз көркем суреттен айыру мүмкін емес. «Терек қасындағы үй», «Ауыл», «Тұнжыраған күн», «Жауын жауар алдында», «Тау жазы», «Желді күн» сынды суреттері табиғат көріністерінің жанға жайлы тылсым тыныштығын аңсатып, кең қиялға жетелейді. Сол заман тынысын қаз қалпында жеткізуде этюд жанрының орны айрықша болды. В.Каптеревтің қазақтың әлеуметтік өмірін, салт-санасын айғақтайтын монотипиялары өз алдына бір төбе. Бұл туындылар 1936-1938 жылдары суретшінің өз қолынан алынды. В кочевке-1 Аяғын асықпай басып, су әкеле жатқан қыздың бейнесі ерекше. Саратан-маусымның күні де сол қыздың көңіліндей жайдары, ашық. Бұл 1930 жылы салынған «Қазақ қызы» туындысы еді. Суретшінің барлық туындысынан табиғатпен үйлесім тапқан адам бейнесін аңғаруға болады. «Үйрек ұстаған қыз», «Мақта көтерген қазақ әйелі», «Шығыс әйелі» атты монотипияларынан кейіпкердің мінез-құлқын аң­ғару қиын емес. Қазақ әйеліне тән ұяң­дық пен қарапайымдылық бірден байқа­лады. Ақшаңқан киіз үйлер. Қара ошақта ас пісіріп жатқан қазақ әйелдері. Киіз үйден беріректе үйдің отанасы ақ жаулықты ана терең де мұңлы ойға батқан. Оның көз жанарынан еліне деген сағынышы, қимастық сезім байқалады. Бұл суретшінің 1937 жылы салған «Көші-қонда» деген туындысы. В.Каптеревтің көпшілік туындылары шынайылығымен ерекшеленеді. Сондықтан болар қара қарындашпен бейнеленген кейбір суреттер майлы бояумен салынғандай әсер қалдырады. 1930-жылдары қазақты танытқан өзге елдің суретшілері көп болмады. Ал 1934 жылы Мәскеу қаласында Қазақ еліне арналған көрмеде В.Каптерев ең алғашқылардың бірі болып өз туындыларын көпшілікке ұсынды. Міне, содан 1936-1937 жылдары суретшілер галерея­сы құрылып, кейіннен бұл Ә.Қастеев атындағы мұражайға айналды. Сол галереяның алғашқы туындылары ретінде В.Каптеревтің этюдтары қойылды. Қазақ халқын, оның ұлттық бет-бейнесін, ұлттық мінезін ашуда, салт-дәстүрін қалың көпшілікке танытуда В.Каптеревтің еңбегі ұшан-теңіз. Сурет­ші­нің көп шығармалары бүгінгі күнге дейін сақталмағаны өкінішті. Қазірде суретшінің екі туындысы Третьяков галереясында сақталса, 34 суреті Ә.Қастеев атындағы мұражайда орын алған.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

6309 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы