• Білім және ғылым
  • 26 Ақпан, 2015

Арманыңа жақында»

«Нұр Отан» партиясының және Орталық Азиядағы көшбасшы отандық компаниялардың бірі «RG Brands» компаниясының тікелей қолдауымен «Бауыржан» қайырымдылық қоры жетімдер үйіндегі балаларға үлкен қуаныш сыйлап, «Арманыңа жақында» жобасын ұйымдастырды. Жоба барысында футболға бейімі мен қабілеті бар балаларды іріктей отырып, команда жинақталады. Командамен бір жылдай уақыт арнайы жаттықтырушы жұмыс істейді. Бұдан кейін республикалық деңгейде футбол чемпионаты өткізіледі. Ал турнирде оқ бойы озып шыққан үздік футбол командасына әлемдік деңгейдегі танымал футбол клубтарына жолдама беріледі. Бұл шараны «Бауыржан» қайырымдылық қоры осымен үшінші жыл өткізіп отыр. Бұған дейінгі чемпионаттарда балалар үйінің дарынды жас жеткіншектері футбол мекені Барселона және Милан қалаларына жолдама ұтып алып, шетелге саяхаттады. «Арманыңа жақында» футбол чемпионаты балаларды салауатты өмір салтын ұстануға, өз дарынын ашып, армандарына жетуге демеу болатын бастама. Бойындағы ерекше қабілеттерін дамытып әрі кәсіби спортқа бір табан болсын жақындай түсу, өзін үлкен ортада көрсету – жетім балалар үшін үлкен бақыт екені рас. «Бұл жобаның жағымды тұстары өте көп. Біріншіден, біз балалардың өмірге деген құлшынысын оятып, оларды белсенді өмір­ге, спортпен айналысуға шақырамыз. Ал екін­ші жағынан, бұл әр баланың өзіне деген се­німділігін арттырады, болашақ чемпион бо­луға шабыттандырады. Кез келген адамның үл­кен биікке көтеріле алатынын тағы бір дә­лелдейді» дейді «Бауыржан» қоғамдық қо­рының негізін салушы Жұлдыз Омарбекова. Балалар үйінде тәрбиеленген жас жеткіншектердің қабілеттерін ашуына, өз-өзіне сенімді, алғыр болып өсуіне осындай жобалар септігін тигізеді. Ал бұл жоба арқылы спорт, оның ішінде футбол спорты жеңіс пен жеңілістің дәмі қандай болатынын көрсетіп қана қоймай, өздігінен дамуға, дос бола білуге үйретіп, балалардың өмірге деген құлшынысын арттырады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген тағы бар. Мейірімге шөлдеген жетімдердің де бір уақыт күлкіге қарық болып, алаңсыз ойнауына жағдай жасау, олардың тағдырына алаңдай отырып, болашағына мән беру – адамгершілік көрінісі.

Айзере ШЫНАТ

2521 рет

көрсетілді

43

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы