• Тұлға
  • 19 Наурыз, 2015

Рухты ақын

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Темірхан Медетбектің 70 жылдығына орай шығармашылық кеш өтті. Кешті Ұлттық кітапхана басшысы Әлібек Асқаров ашты. Темірхан Медетбек есімі жұртшылық қауымға жақсы таныс. Кезінде ел өміріндегі жауапты қызметтерді де атқарды. «Социалистік Қазақстанның» (қазіргі «Егемен Қазақстан») тілшісі болды, Маңғыстау облыстық телеарнасына басшылық етті, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы қызметін атқарды, «Жұлдыз», «Ақиқат» журналдарына басшылық жасады. Бәрінен бұрын ол – ақын. 1970 жылы «Жанымның жас құрағы» атты алғашқы жыр жинағы жарық көрген еді. Одан бері де «Сапар алдында», «Алыс шақырымдар», «Мәртебе», «Эфирдегі толқындар», «Тынышыңды алам дүние», «Көк түріктер сарыны» және басқа да өлең кітаптары оқырман қолына тиді. Өлеңдері бірнеше тілге аударылды. Өзі де бірқатар шетел шайырларын ана тілімізде сөйлетті. Кешті жүргізген белгілі ақын, Қазақстан Жастар одағы және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов жоғарыдағыларды тілге тиек ете келе, мерейтой иесі жөнінде ой білдіріп, пікір айтушыларға кезек берді. Темірхан ақынды жұрттың көбісі, әсіресе әріптес қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері жақсы біледі. Мұның айғағы – азамат ақынның шығармашылығы жөнінде пікір білдіргісі келетіндер көп болды. Бәрі де сөздерін үлкен сүйіспеншілікпен жеткізді. «Бүгіннің Махамбеті секілді» десе жазушы-драматург Дулат Исабеков, ақын Ұлықбек Есдәулет «Біздің буынның көшбасшысы» деген жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Сөз сөйлегендер ішінде халық артисі С.Оразбаев, академик Ө.Айтбайұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары М.Райымбекұлы, қарт қаламгер С.Ақтаев, әдебиет сыншысы Ә.Меңдеке, жазушы Қ.Құрманәлі, ақындар Р.Ниязбек, Ә.Қайырбеков, А.Әлім, З.Тілеужанов, Б.Жақып және басқалар болды. Олар ақын Т.Медетбек жырлары өзге ақындар туындыларына ұқсамайтынын, ең бастысы рухты көтеретін жырлар болып келетінін айтты.

Нұркен Жандәулетұлы

3427 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы