• Қоғам
  • 02 Сәуір, 2015

«Мәңгілік Ел» – келешекке бастар жол

Астанадағы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Мәдениет және спорт министрлігі бастамасымен «Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші» атты форум өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық зиялы қауым өкілдері қатысты. Басқосуда Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, «Мәңгілік Ел» идеясының маңызына тоқталды.   Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев «Мәңгілік Ел» идеясы құрғақ ұран емес, қоғамдық жүйені бекіте түсерлік  іс-қайратымыз екенін, бұл орайда  мәдениет пен өнер қызметкерлерінің алдында бірқатар маңызды міндеттер тұрғанын тілге тиек етті. Сондықтан патриоттық рухтағы туындылар жасау шығармашылық адамдары үшін бүгінгі күннің мәселесі болып табылатынын айтты. Мұнан кейін мінбеге Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы көтеріліп, форумды өткізудегі мақсатқа тоқталды.  «Мәңгілік Ел» идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар – азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық пен білімді қастер тұтудың рөлі «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде ерекше атап өтілді.  «Саланы институционалдық қайта құру, басқарушылық мәселелерді үйлестіру мақсатында елімізде алғаш рет Қазақстан Президенті жанында Әдебиет, өнер бойын­ша ұлттық кеңесті құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанында салалар бойынша көркемдік кеңес құру қарастырылуда» деді ведомство басшысы. Осы орайда министр Ұлттық кеңес мәдени саясатты жүзеге асыру мәселелерінде кеңес берудің бас органы болатындығын атап өтті. Оның құрамына депутаттар, Үкiмет өкілдері, шығармашылық одақтар мен мәдени ұйымдардың жетекшілері, қоғам қайрат­кер­лері, бизнес-қоғамдас­тықтардың өкілдері кіретін болады. «Жаңа алқалық орган репертуарлық саясатты таңдайды, гастрольдiк қызметтi реттейдi, сахналық шеберлiктi арттыруға күш салып, мамандарды таңдауға атсалысады» дейдi министр. «Мәңгілік Елдің» жеті қағидасы біздің дамуымыздың арқаулық құндылықтарын, Қазақстан халқының ортақ мүддесі мен тарихи тағдырын айшықтайды. Себебі Мәңгілік Ел мұратына жету ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының көрінісі арқылы жүзеге асатындықтан да Мемлекет басшысының халықтың үш буынына сөз арнауы кешегі тарих қойнауындағы бабалар үнін тағы да жаңғыртқандай әсер қалдырды» дей келіп, бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, Мәңгілік елге даңғыл жол ашылатынын айтты. Министр Қазақстанның мәдениет саласындағы ұзақ мерзімді дамуының негізгі бағытын өткен жылы Елбасының Жарлығымен қабылданған Мәдени саясаттың тұжырымдамасы айқындайтынын, мұндай маңызды құжат тәуелсіздік жылдарында алғаш рет қабылданып отырғанын жеткізді. Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин қаламгерлер «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру мақсатында аянбай тер төге беруге тиіс екенін тілге тиек етсе, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, ғалым Асылы Осман қазақ тілі келешекте өзге этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына топтастыратын бірлік күшіне айналарына сенім білдірді. Өнер университетінің ректоры, Еңбек Ері Айман Мұсақожаева бүгінде Қазақстанды өнері арқылы бүкіл әлем мойындай бастағанын айтты. Республикалық «Казахстанская правда» газетінің басқарма басшысы Александр Тараков «Мәңгілік ел» идеясын ауылшаруашылығындағы бүгінгі жетістіктермен сабақтастырып ой өрбітті. Тарих ғылымының докторы, профессор Виктор Зайберт, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Әшірбек Момынов, мемлекеттік «Есік» тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Гүлмира Мұхтарова Елбасы идеясының Қазақстан келешегімен байланысты тұстарын тарқата әңгімеледі. Алдағы ел Президентін сайлау қарсаңында форумға қатысушылар еліміздің зиялы қауым өкілдері атынан Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді.

Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ

4162 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы