• Тұлға
  • 16 Сәуір, 2015

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...»

Жуырда Алматы қаласында «Ұлы Жібек жолымен» атты VIII Халықаралық кітап және полиграфия көрме-жәрмеңкесі өтті. Рухани-мәдени шараға еліміздің танымал баспалары қатысып, өздерінің кітап өнімдерін жұртшылыққа кеңінен таныстырды. Бүгінде сапалы безендірілген, мазмұны ерекше кітаптары арқылы талғампаз оқырманның көңілінен шығып жүрген «ҚазАқпарат» баспа корпорациясының кітаптары да жәрмеңкеге жаңадан шыққан кітаптарын ұсынған екен. Белгілі баспагер, қарымды қаламгер Қонысбек Ботбай басшылық жасайтын баспа корпорациясынан жарық көріп жатқан кітаптардың қатарында ел ішіндегі ақындардың туындыларына да мән берілетінін байқадық. Мұны айтып отырған себеміз, дәл осы шара аясында Ақтөбе қаласының тұрғыны, бұрын Ішкі істер саласында қызмет жасаған, қазіргі таңда құрылыс компаниясының директоры Өтеген Нұрмағамбетовтің «Шоқ жұлдыз» деп аталатын жыр кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл шараға белгілі қаламгерлер, өнер және мәдениет қайраткерлері қатысты. Автор туралы айтатын болсақ, ол өзге ақындар сияқты әдеби ортада жүрмесе де, өлең-жырға жақын азамат екен. Белгілі ақын Аманхан Әлімұлы сөз сөйлеп, Өтеген Нұрмағамбетовтің өлеңдері қарапайымдылығымен, табиғилығымен ерекшеленетінін атап өтті. «Шоқ жұлдыз» кітабының тұсаукесер лентасын  «Мұқағали Мақатаев атындағы Халықаралық қордың» президенті Бақыткүл Қайдарова мен жазушы Қуандық Түменбай қиды. Мектеп оқушылары ақынның бірнеше өлеңдерін оқыды. Біз бұл кеште Өтеген Нұрмағамбетовпен жолығып, аз-кем сұхбаттасқан едік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. – Ақындық өнерге қадам басуыңызға не себеп болды? – Мен өзі жастайымнан журналист немесе әдебиет пәнінің мұғалімі болуды армандадым. Өйткені отбасымызда әдебиетке жақын болып өстік. Анамыз бізге бала кезімізде «Жұлдыз» журналынан көптеген әңгімелерді, ақындардың жырларын оқып беретін. Өлеңге деген құмарлығым сол кезден бас­тап пайда болды. Алайда біз анамыздан ерте айырылып қалдық. Мен ол кезде 11 жасар бала едім. Жан қалауым әдебиет болса да, тағдырдың жазуы шығар, менің мамандығым Ішкі істер саласымен байланысты болды. Бірақ ол қызметте жүрсем де, өлең менің жансерігіме айналды. Әрине, мен өзімді ешуақытта ақынмын деп айтқан емеспін. Өйткені менен он есе, жүз есе мықты ақындарымыз бар ғой. Олармен өзімнің өлеңдерімді жарыстыру санама да кіріп шықпайды. Менікі – өзімді толғандырған, көкейіме ой салған дүниелерді ақ параққа қондыру ғана. Өлеңдерімді көбінесе өзім үшін ғана жазып келдім. Күндердің бір күнінде әдеби ортада аты бар ақындардың ұсыныс жасауымен бір-екі өлеңім облыстық газетте жарық көрді. Бұған шексіз қуандым. Өйткені өзіңнің жазған жырыңды газеттен көру өте керемет сезім екен. Бірақ газетке шығуын шыққаныммен ақын ағаларымыз не айтады екен, қандай пікір білдіреді екен деген ойда болдым. – Дегенмен, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтқан ғой. Ақын деген міндетті түрде әдебиет институтын тәмамдау керек деген заңдылық тағы жоқ. – Ондай заңдылықтың жоқ екені рас. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген ұлы Абайдың сөзі де маған бір жағынан демеу болғандай. Әйткенмен, поэзия деген құдірет қой. Оның құдіретін түсіну үшін біз Абайды оқимыз, Мұқағалиды оқимыз, Жұмекенді оқимыз. Қазақтың поэзиялық өнеріне шын таланттар ғана келу керек шығар деп ойлаймын. Бұл тұрғыдан алғанда менде әдеби орта болған жоқ. Бәлкім, әдеби ортам болып, ақын-жазушылармен араласып жүрсем, өзімнің өлеңдерімнің кемшін тұстарын, техникалық мүмкіндіктерін басқаша бағдарлай бастаған болар едім. Мұндай ортадан алыс жүргендіктен, мен поэзияны өзімше қабылдадым. Әрине, біреулер менің өлеңдеріме сын көзбен қарайтын шығар. Бірақ мен бар болғаны өзімнің жан сырымды, қайғым мен мұңымды, сезімімді өлең арқылы ғана жеткізгім келді. – Бәрекелді! Ақын адам Мұқағали айтпақ­шы, алысқа аттану керек қой. «Ақын болу – міндет емес, азамат болу – міндетің» деген де сөз бар. – Дұрыс айтасыз, «Ақын болу міндет емес, азамат болу – міндетің». Мен  өлеңдеріме осы тұрғыдан қараймын. Егер менің өлеңдерім біреуге ұнап, бағаланып жатса қуанамын. Өйткені қанша жерден өзім үшін жазамын дегеніммен, поэзия да бір халықтың қазынасы ғой. Менің бір өлеңім ел аузында жүрсе, маған одан артық бақыт болмас еді. –  Дегенмен, сіздің бүгінде үшінші кітабыңыз жарық көріп отыр. Мұның өзі ақын үшін аз олжа емес. – Мен бастапқы кезде өлең жазып жүргенімде шығармашылығыма онша мән бермейтінмін. Содан бір күні ой келіп, жазғандарым әр жерде қалып қоймасын, бәлкім ұрпақтарыма керек болар деген мақсатпен оларды бір шағындау кітапшаға айналдырдым. Жыр кітаптарымның жарық көруіне келетін болсам, бұған қолдау көрсеткен «ҚазАқпарат» баспа корпорациясының басшысы Қонысбек Ботбай. Алғашқы кітабым «Өлең елі – тұрағым» деп аталды. Екінші кітабым – «Үміт» деген тақырыппен жарық көрді. Ал үшіншісі бүгін тұсаукесері өтіп отырған кітабым – «Шоқ жұлдыз». Бұл кітап мемлекеттік бағдарлама бойынша шығарылды. «Өлең елі – тұрағым» жыр жинағыма Мұхтар Шаханов ағамыз жылы пікір жазды. Қазақтың белгілі ақындары Ғалым Жайлыбай, Маралтай Райымбекұлы өлеңдерім туралы өздерінің жақсы пікірлерін айтты. Мұның барлығы мені, әрине, шабыттандырады, қанаттандырады. – Өлеңдеріңізге арқау болып келе жатқан тақырыптарыңыз қандай? – Біз ауылдан ерте кетіп қалдық. Сол ауылға деген сағыныш, махаббат жүрегімізде қалып қалды. Өкінішке қарай, қазір ауылымның орны ғана сақталған болмаса, онда қазір елді мекен жоқ. Анамның зираты сонда. Сондықтан менің өлеңдеріме арқау болып жүрген негізгі тақырып ол – туған жер, әке, ана тақырыптары. Ауыл тақырыбы жаныма жақын. Себебі біз қазақтың ауылын сақтап қалуымыз керек. Өйткені әдебиеттің де, мәдениеттің де, салт-дәстүрдің де мәйегі ауылда ғой. Ауылды сақтай алмасақ, қазақылығымыздан айы­рыламыз. Қазір көпшілігі қалаға көшкісі келеді. Қалада тұрғысы келеді. Ауылдар азайып бара жатыр. Тек зираттар ғана қалған ауылдар қаншама. Осының бәрі мені ойландырады. Біз ауылдан тамыр үзбеуіміз керек қой. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Ауылдан біз рухани нәр, рухани қуат аламыз. Олай болса, мен ауылды жырлағым келеді, тауы мен тасын, ойпаңы мен қыратын, кеңдігін жырларыма арқау еткім келеді. – Ішкі істер саласында емес, мамандығым әдебиетпен байланысты болғанда, әттең...деген өкініш жоқ па? – Өкінішім жоқ дей аламын. Ішкі істер саласы мені қалыптастырды. Ол жерде өмірді үйрендім. Ерте жоғары шендерге қол жеткіздім. Марапаттарға ие болдым. – Еңбек жолыңыз туралы тарқатып айта кетсеңіз? – Әкеміз бес баласын бір өзі жүріп, ержеткізді, аяқтандырды. Біз әкеміздің қас-қабағына қарап өстік. Шешеміз қайтыс болған соң, біз мектептегі оқуымызды Ақтөбе қаласындағы интернатта жалғастырдық. Әрине, шешесіз қалғаннан кейін баланың жағдайы қандай болатыны белгілі ғой. Жоғары оқу орнына түсер кезде,  мектеп басшылығы мені мемлекеттің қамқорлығында болуым үшін Қарағандыдағы Жоғары милиция мектебіне оқуға жіберді. Осылайша менің мамандығым Ішкі істер саласымен байланысты болды. Оқуды аяқтаған соң туған жерім Ақтөбе облысының Ішкі істер саласында еңбек еттім. 1990 жылы Мәскеу қаласында милиция академиясының 11 айлық курсын оқып келдім. 8 жыл Қылмыстық іздестірудің бастығы болдым. Аудандық милиция бөлімін басқардым. Ақтөбе облыстық ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы болдым. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысудамын. Құрылыс компаниясын ашып, 8 жылдай осы салада еңбек етіп жатырмын. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Дәуіржан Төлебаев

4629 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы