• Тіл
  • 29 Сәуір, 2015

Құнды кітап қолға түспейді

оған сөздік пен энциклопедия таралымының аздығы себеп болып отыр

Сулейман Демирел атындағы университетте «Мәдениеттер тоғысындағы тіл, әдебиет, аударматану, журналистика, экономика және бизнес мәселелері» атты VІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференция  өтті. Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған конференцияға әлемнің түкпір-түкпірінен, атап айтсақ, Канада, АҚШ, Үндістан, Қытай, Түркия, Малайзия, Анг­лия, Франция, Румыния, Ирак, Сербия, Босния, Қырғызстан, Өзбекстан, т.б.  елдерден ғалымдар қатысты. Шараның  ашылу салтанатында  университет ректоры, профессор Месут Акгюл: «Сулейман Демирел университеті халықаралық оң тәжірибелерді барынша тиімді пайдаланатын, көп мәдениетті, көптілді және көп салалы бір университет болып табылады. Жергілікті құндылықтарға аса мән беретін, алайда сол жергілікті құндылықтарды жаһандық сүзгіден өткізе отырып, халықаралық платформаларға шығару арқылы рухани байлыққа айналғанын құптайтын бір университет. Осы орайда ұйымдастырылып отырған конференциямызды тиімді әрі тұрақты түрде өткізіліп тұратын ғылыми іс-шараға айналдыратын боламыз» деп конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан әрі қарай конференция жұмысы «Тілдік тұлға және этникалық ренессанс», «Сөз бостандығы – ел болашағының кепілі, ЮНЕСКО-ның 70 жылдығы аясында», «Ұрпақтардың мәдени сабақтастығы: тарихи сана және қоғам», «Транзиттік кезеңдегі қоғамның этномәдени мәселелері»  атты дөңгелек үстелмен жалғасын тапты. Осы конференция аясында Қолданбалы лингвистика зертханасы ұйымдастырған «Тілдік тұлға және этникалық ренессанс» атты дөңгелек үстел этникалық ұғымдарды қолданысқа енгізу, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеудегі ұлттық атаулардың маңызы және осы орайда шығарылған сөздіктер жайына арналды. Бұл дөңгелек үстелге филолог-ғалымдар, ҚР Мемлекеттік Орталық мұражайының ғылыми қызметкерлері, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл институтының ғалымдары мен студенттер қатысты. Расында, бүгінгі күндері жастар тұрмақ, беделді қызмет атқарып жүрген апталдай азаматтардың сөз саптауы жұтаң, ал кейбір қазақы ұғымдарды тіпті дұрыс қолданбайды. Осылайша байырғы заманнан келе жатқан қаншама ұлттық атаулар ұмыт қалып бара жатыр десек жаңсақтық болмас. Тақырыптың өзектілігі де осында. Дөңгелек үстелді филология ғылымының докторы Құралай Күдеринова ашып, жүргізіп отырды. Ол «Бүгіндері ұлттық құндылықтарымыз ұмыт болып бара жатқаны жасырын емес. Алайда ата-баба аманатын бүгінгі күнге жеткізуді мақсат тұтқан еңбектердің дүниеге келуі қуантады. Осы орайда «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты 5 томдық энциклопедияны ерекше атап өтер едім. Бұл энциклопедия арқылы баяғы дәстүрлі тұрмыс-тіршілікті әр қазақ өз отбасына таныстыра алады. Алайда біздің сөз етпегіміз, сол еңбекті бүгінгі қоғамға қолданысқа енгізу» деп әңгіме арқауын айқындап берді. 2012 жылдан бері қолға алынған «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясының биыл 5-томы жарыққа шықты. Аталмыш еңбекте салт-дәстүрлер мазмұны, себебі, салдары мақал-мәтелдер, фразеологизмдер арқылы бір­тұтастыққа келтірілген. Он мыңнан астам атау мен ұғымдарды қамтыған еңбектің бір ерекшелігі мұнда жойылуға айналған, мағыналары солғын тартқан атаулар топтастырылған. Осы еңбекті шығаруға мұрындық болған, ғылыми жетекшісі әрі редакторы ҚР Мемлекеттік Орталық мұражай директоры Нұрсан Әлімбай сөз алып, сөздіктің мән-маңызына тоқталды. «Бұл еңбекті жасауда антропологиялық қағиданы негізге алдық. Яғни сөздік адами-кісілік іс-әрекет тұрғысынан құрастырылды. Дәстүрлі қазақы ортада тікелей қолданыста және өзара себеп-салдарлық байланыста болған бірыңғай жүйелер – қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларын, яғни когнитивтік түзілістерді дүбәра болып бара жатқан бүгінгі ұрпаққа түсіндіру, ертеңгіге жеткізу, өзге мәдениеттілерге таныстыру, америкалық мәдениетке жұтылу үстіндегі аз ұлттардың мәдениетін алып қалу басты мақсат болды. Сондықтан сөздіктің көпшілік қауымға ұғынықты болып жеткізілуі, функционалдық тиімділігі, қандай нәтиже беруі назарға алынды. Сөздерді жинақтауға 20 жылдай уақыт кетті. Ойымыз іске асып, 2012 жылдан бастап алғашқы томын, міне, жуықта 5-томын жарыққа шығардық» деді Н.Әлімбай. Расында, аталған еңбекті ашып, аба, абадан, адақ арба, аран, арда, ебе, ергенек, андаспан, алакүшік, ақдабы деген сөздерді оқып, бүгінгі қазақ осылардың қайсысын біледі екен деген ойға қалдық. Тіпті адал, адал ас, абырой, қонақжайлық, құдалық, су, жылқы, түйе, дастарқан, ас, сөз, тіл, тағдыр, пенде, өңір, ауыл, бай, әйел, келін сияқты тірек категориялардың терең мағынасын арзандатып алғанымыз өтірік емес. «Абылай аспас сары бел», «Абылайдың асында шаппағанда атаңның басында шабасың ба?», «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Алаштың бөлінбеген еншісі», «Абылай жолы», «Төртеу түгел болса», «Ақ баталы жесір», «Ақ бұйрықты өлім», «Қайың сауған күн» сынды тіркестердің қандай жағдайда пайда болуы жайлы тарихи тұрғыда түсіндірілген. Осы орайда тұтас бір халықтың дәстүрлі этно­графиялық, антропологиялық, әлеу­меттік, экономикалық және мәдени болмысын бере білген Нұрсан Әлімбай, Нұргелді Уәли, Бабақұмар Хинаят, Досымбек Қатран, Рүстембек Шойбеков, Қалиолла ­Ахметжан және Бейбітқали Қақабаев сияқты зерттеуші-ғалымдардың еңбегі орасан зор. Бүгінгі мынау ұлттық құндылық­та­рымызға сусап тұрған заманда әрбір қазақ үшін таптырмас оқулық та осы болуы керек емес пе деген ойға қалдық. Алайда таралымы аз болғандықтан, сіз оны кітапханалардан ғана тауып оқи аласыз. Міне, осы мәселе дөңгелек үстел тақырыбының негізгі арқауы болды. Кез келген еңбек түпкі нәтижесін бермесе, яғни өз оқырманын таппаса, еңбектің зая кеткені ғой. Ал саралап қарасақ, тәуелсіздігімізді алған жылдардан бері ұлттық дүниелерімізді жаңғырту жолында қаншама сөздіктер, ғылыми еңбектер шығарылып жатыр. Олардың қайсысын алсақ та не таралымның аздығынан, не насихаттың жоқтығынан қалың жұртшылыққа жетпей жатады. Осы орайда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор  Әлімхан Жүнісбеков аталмыш кітапты оқырманға қолжетімді етудің ұтымды жолдарын ойластыруды ұсынды. ҚР Мемлекеттік Орталық ­мұража­йы­ директорының бірінші орынбасары Бейбітқали Қақабаев, орынбасары Ба­бақұмар Хинаят кітапты дайындау барысында жүргізілген экспедициялар туралы, ұмытылып бара жатқан халықтық өлшем атаулары хақында сөз қозғады. Ал Антропология және этнология орталығының жетекшісі Досымбек Қатран көкейкестілігін жоғалтпаған мынадай мәселелерге тоқталды: «Бүгінгі ұрпақтың тілі неге жұтаң деген сауал алдымыздан үнемі шығып отырады. Иә, бүгінгі қазақтың сөз саптауы орыстанып, тіпті батыстанып бара жатқаны рас. Қазақ халқы мәселен, ешқашан «Қайырлы кеш» деп айтпаған. Бұның барлығы тіл тазалығының, сөз қолданысымыздың өзгелерге еліктеп бара жатқандығын көрсетсе керек» деді. Айтылған пікірмен толық келісуге болады. Қазіргі қазақтың ойлауы да, сөз саптауы өзгергенін аңғару қиын емес. Бүгінгі қазақ тілінен ұлттың тінін сезінбей келеміз. Санадан өшуге айналған қазақы атаулар мен ұғымдарды қазір сақтап, бүгіннен ұрпақ санасына сіңірмесек, ертең тіліміздің тұнығынан  айырылуымыз ғажап емес. Конференция аясында өткізілген тіл біліміндегі жаңа үрдістер мен дәстүрлі бағыттар секциясының жұмысы да көңілден шықты. Мұнда тілші-ғалымдар қазақ тілін оқытудың жаңа әдістері хақында өз ойларымен бөлісті. Профессор Әлия Құрысжан жаңа технологиялар қарыштап дамып келе жатқан уақытта қазақ тілінің заман ағымына ілесе алмай келе жатқанын басты назарға алды. Оның айтуынша, интернет желісіндегі қазақ тілінің сөздіктерін зерделеп, жаңалау қажет. Себебі бүгінгі жастар бірінші кезекте керекті мағлұматты интернет желісінен оқып, сондағы сөздіктерді пайдаланады. Міне, осыдан сақау аудармалар пайда болып жатады. Ғалымның айтуынша, Microsoft базасын қазақ тілінің сөздік қорымен әлі де толықтыру қажет. Ал ғалымдарға тіптен қиын екен. Себебі қазақ тілінде әлі күнге дейін антиплагиат бағдарламасы жоқ. Осы мәселелерді қазірден бастап қолға алмасақ, қазақ тілін толыққанды ғылымның тіліне айналдыра алмайтынымыз анық. Ал педагогика ғылымының кандидаты Шырынхан Абдиева бүгінгі қазақ тілін оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдердің маңызын ерекше атап өтті.

Ақбота ИСЛӘМБЕК Алматы

18970 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы